Білімділер насихат көп жазады,
Адам үшін уайым жеп жазады,
Байқап оқып отырсам, соның бәрі:
«Дүниені дүм, алдамшы» деп жазады.
Мен-дағы тіршілікке қадам бастым,
Рахат, бейнет, әр іске араластым.
Өмір бойы қуанбақ жынды ісі ғой,
Кейде асып, кейде қашып, кейде састым.
Рахат көрсем, сыйдырып мақтаныма,
Таласы бар кімнің деп тапқаныма,
Қарсы жалдап, қайрандап шыға бердім,
Көнбедім деп жалғанның қаққанына.
Қайғы көрсем: «дүниенің жалғандығы,-
Дедім- алдап, мінеки, алғандығы».
Ол не десең, бұрынғы жазғандардың
Сөзі орнығып көңіліме қалғандығы.
«Мен де соққы жедім - деп - сұм дүниеден
Көп жазып ем, оныма өкіндім мен.
Ойласам, көрген бейнет, тартқан қайғы
Болыпты не біреуден, не өзімнен.
Дүниенің ол туралы жазасы жоқ,
Біз сөкті деп тоқтай ма алла атқан оқ.
Пәрменімен айналған шархи фәләк-
Күн мен ай, жұлдыз, әуе, жер менен көк.
Кімде-кім қайғы тартып, бейнет көрсе,
Сұм жалғанның қылғаны бұл дей берсе,
Әлбетте, бұл - тағдырға наразылық,
Түбі аллаға қарсылық, ондайға ерсе.
Кім үйретті дүниені жамандатып,
Оны сөгіп, өзіңді амандатып?
Мұны үйреткен - білімсіз шала молда,
Қу қазыққа байлаған табандатып.
Кейбіреулер жазады «қу өмір» деп,
«Тұрағы жоқ, алдамшы, су өмір» деп.
«Көрген қызық, қылған іс - бәрі де ұмыт,
Иә, көлеңке, яки түс, у өмір» деп.
Бұған да еріп көп жаздым түшіркеніп,
Білімділер сөзі деп ентеленіп.
Өмір емес, алдаған өзіңді-өзің,
Пәленшекем айтты деп қалма сеніп.
Бұл екі сөз айтуға тым орайлы,
Жүрекке әсер берер сонша жайлы.
Терісті де дұрыс деп сендіретін
Шешендердің келеді тілі ыңғайлы.
Дүние деген қызыққан ісің болса,
Қызықтырған кім сені оған онша?
Пайдасыз, баянсызын біле тұра,
Қуа бердің ойланбай неге сонша?