-Қазақ (этноним)
Уикипедиядан алынған мәлімет, ашық энциклопедия
Қазақ — Қазақстан Республикасы жергілікті халқының атауы. Екі жүз жылдай уақыт бойы зерттеушілер “қазақ” терминінің шығу төркінін түсіндіруге және оның семантикасын ашуға әрекет жасауда. Алайда, Қазақ сөзін түсіндіретін түпкілікті пікір қалыптаса қойған жоқ. Қазақ сөзіне үндес терминдер Қазақстаннан шалғай аймақтардан да кездескен. Ғалымдар Византия императоры Константин Багрянородныйдың (10 ғ-дың орта шені) Кавказдың солт.-батысында жатқан “Казахия елі” деп айтқан мәліметтерін келтіреді (Н.М. Карамзин, А.Вамбери, т.б.). Осының негізінде Қазақ халқы 10 ғ-дан бастап белгілі болған деген тұжырым жасалды. Бірақ, түпнұсқада (грекше) “з” әрпі емес, “с” әрпі берілген. Демек, ел атауы касахия деп оқылуға тиіс. В.Минорский Константин Багрянородный хабарын түсіндіре келе, Касахия деп касогтар айтылатынын дәлелдеді. Қазахия және Қазақ халқы атауына зерттеушілер мұсылман дүниесінің жазба деректемелерін де тартты. Мысалы, араб тарихшысы Әбу-л-Хасан Әли әл-Масудидің “Өсиет және қайта қарау кітабы” деген шығармасында Кубань өз. маңындағы кавказ халықтары мен тайпаларының атаулары арасында кашак этн. қауымы – әл-касакия жазылған. Неміс шығыстанушысы И.Маркварт бұл екі терминнің бір ғана этнос – касогтардың атауын беретіндігін анықтады. Авторы белгісіз парсы тілді “Худуд әл-алам” деген геогр. еңбекте Қара т. жағалауында орналасқан Касаг қ. туралы (этн. қауым емес) деректер келтірілген. “Повесть временных лет” шығармасында Святослав (965) пен Мстиславтың (1022) касогтармен жүргізген соғыстары туралы мәліметтер бар. Касог термині алғаш 8 ғ-дың аяғы – 9 ғ-дың басында монах Епифанийдің шығармасында ауызға алынады. Бұл ақпардан касах, касахия, касак, кашак, касог атаулары алдыңғы орта ғ-лардағы белгілі бір шағын кавказ тайпасын (немесе тайпалар бірлестігін) білдірудің әр алуан түрлері болғаны байқалады. Қазақ этнонимінің касог, касахия (казахия) атауымен байланысы туралы пікір мейлінше декларативтік сипатта, олардың арасындағы тарихи сәйкестік әлі де болса зерттелуі тиіс.
Қазақ этнонимының туу тарихы ұзақ уақыт бойы зерттеушілердің қызу айтыстарына айналды. Түсіндіретін түпкілікті пікір алайда қалыптасқан жоқ. Қазақ сөзіне үндес терминдер Қазақстаннан шалғай аймақтардан да кездеседі.
Қазақ деген термин ертедегі екі тайпалық (каза және саха) одақтардың атынан шыққан. Олар сонау ықылым заманда алып одақ құрып сонау Мысырға дейін жаулап алған. Сонда Каза-саха деген қала салынған.
Моңғол болжамы
Фин алтайшысы Г. И. Рамстедт және А. А. Семёнов қазақ терминін «Қасиетті жылнамада» (13 ғ.) моңғ. хасаг-терген арба ұғымы бар сөз тіркесінен шығарады. Ал Қазақстанды қоныстаған түркі тайпалар осы қоссөзді пайдаланғанына ешбір тарихи мағлұмат табылмаған.
Енесай болжамы
Әйгілі түркітанушы В. В. Радлов Енесай өзенінің төңірегіндегі көнетүркі мұраларынан көнетүркіше: қазғақым оғлым — «менің асырап алған ұлдарым» деген тіркесті тапқан. Қазғақ және қазақ сөздерінің дыбыс және мағына ұқстастығына сүйеніп, В. П. Юдин ғ дыбысы соңыра түсіп қалып, қазақ терминіне айналды деп болжам шығарған. Бұл көзқарас түркі тілдерінің тарихи фонетикалық заңдылықтарымен үйлеспейтідіктен, мамандар тарапынан қолдау табылмады.