Пай, пай, пай!
Киелі неткен жер!
Батырлар дүрілдеп өткен жер,
Тұлпарлар дүбірлеп төккен тер,
Ғашықтар бір-бірін өпкен жер.
Сарылып сал-сері кеткен жер.
Бас иіп, иіскеп топырағын,
Тағзым жасамай өтпеңдер!
М.Мақатаев.
Қазақ Елі! Бұл менің – туып-өскен, кір жуып, кіндік қаным тамған туған жерім. Бұл менің – алғаш рет бесік жырын тыңдап, ана тілін үйренген құнарлы топырағым! Қасиетті де шешен ана тілім менің көкейіме тап осы өлкеде сіңді. Бала кезімде, жалаңаяқ жар кешіп тыныш таппай аласұрып жүргенде, абайсызда жарақаттанып қалсам, жаныма шипа болар туған жердің қара топырағы бұл.
Тұңғыш рет сезімімді тербетіп, мейірімді молайтып, қиялыма қанат қақтырып, жігерімді шабыттандыратын әнін естіген туған өлкем. Сайын дала ырғағы менімен бірге болмаған,менің көкейімде тұрмаған, бірде-бір күні, бірде-бір сәті жоқ өмірде. Бұл ән – бас ауырып,балтырым сыздағанда өмірге деген құштарлығымды арттыратын қуатым. Бұл саз – ернім кезеріп сусаған кезде шөлімді қандыратын кәусар бұлағым. Бұл
ырғақ – аптап ыстық пен қақаған аязда қорғайтын шаңырағым. Мына өмірде еңсемді тіктеп жүргенім, риясыз күлгенім сол шаңырақтың құдіреті.
Таңертең теледидардан: «Өскемен мен Семейде қар бораған бұрқасын, Орал мен Ақтөбе жаңбырлы. Ал Тараз бен Қызылордада шие гүлдеп тұр. Шымкентте аспан айналып түскендей ыстық» деп хабарлады. Мұны естіген испандық турист: «Мен әлемнің 141 елінде болдым. Мұндай жылдың төрт мезгілі қатар келетін бірде-бір елді көрген емеспін», – деп жағасын ұстапты дейді көргендер.
Жері бардың елі бар, айдыны мен белі бар. Күлкісі жарқын, жүрегі жылы, санасы салқын. Сондықтан қазақта: «Келген қадамдарыңа гүл бітсін», «Егінің бітік шықсын!» дегендер ең асыл тілек. «Жер жастан!», «Жер жұтсын!» дегендері ең ауыр қарғыс.
Ауылда ең қонақжай отбасы жайында: «Ой, шіркін, олардың дастарқаны қазақтың кең даласындай ғой» деп үнемі ризашығын білдіреді. Қария баласына: «Алтын тағың болғанша, алақандай жерің болсын!» деп отырады.
Тағдыр талқысымен жат жерде өмір кешкен қария асыл арманы мен соңғы тілегі: «Жаратқан Ием, соңғы демім біткенде, туған жердің бір уыс топырағын бұйырта гөр» деп сәждеге басын қойған сайын Жаратқанға жалбарынады.
Қазақтың бітіспес екі дауы бар. Бірі – жер дауы болса, екіншісі – жесір дауы. Жесір дауынан жер дауы алғаш айтылу себебі – жер деген қазақтың ырыс-несібесі, тіршілігінің көзі, береке-молшылығы, өміріне нәр берер киелі топырағы. Қазақ үшін жерден айырылып қалу деген – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан тарихынан, тілі мен дінінен, салт-дәстүрінен, ұл-қызының бүгіні мен ертеңінен айырылу деген сөз.
Алыс сапарда жүрген жандар жөн сұраса келе бір өлкеден болып шықса: «Жерлес екенбіз!» деп, олардың арасында бір-біріне деген, қандай құдіретінің бары қайдам, жылы сыйластық, жақындық пейіл туындайды.
Жер төсін еміп өскен шаруа: «Жақсы адам – елдің ырысы, Жақсы жер – жанның тынысы» деп отырғаны.
– Ей, қазақ, неге сонша мейманаң тасып шаттанасың?
– Ұлан-байтақ, сахи далам болғандығынан.
– Ей, қазақ, әуелете әндетуіңе жол болсын?
– Ана-Отаным болған үшін шырқата ән саламын.
– Ей, қазақ, әндерің неге мұңлы?
– Ұлы Даламды қорғауда көп қиындық көргеннен болар.
– Ей, қазақ, неге күйлеріңде жер танабын қуырған тұлпар тұяғының дүбірі жаңғырып тұрады?
– Қазақтың ару өлкесін көз алартқан дұшпандардан қорғауда ауыздықпен алысқан сәйгүліктер ер қанаты емес пе? Күйімізден тұлпар тұяғының дүбірі, қылышының сыңғыры, жебесінің зуылы естілетіні сондықтан.
– Ей, қазақ, көк байрағыңдағы қандай құс?
– Қыран! Бізге сол құс ұнайды. Басқа құстар күн суыды дегенше-ақ туған өлкесін тастап, жылы да жайлы жаққа бет түзейді. Ал мұзбалақ бүркіттер қаншама аяз қысқанмен, қаншама теперіш көргенімен, туған шыңын еш уақытта тастап кетпейді. Қиямет қайым болса да. Жас жеткіншек сол қыраннан үлгі алсын деп, туымызға бедерлегенбіз.
Ата-баба аманат етіп қалдырған қиян өлкеге зерделей үңілер болсақ, ғасырлар бойы қатталған естелігі іспетті. Олай дейтінміз, көшпенділер ең бір аяулы есімдерді өзен-көліне, тау-тасына, жазығы мен қырына «жазып» кеткен.
Жетісу, Сарыарқа, Байқоңыр, Маңғыстау, Атырау.., япырау қандай атаулар десеңші, жүрекке жылы, жанға жайлы, әсем де көркем емес пе?
Қазақ әні мен күйінің, өлеңі мен жырының ең әрлісі мен нәрлісін осынау кең даласына арнаған.
Қазақ жерден көз жазып қалса, айдарлысының құл, тұлымдысының күң болатынын ежелден-ақ білген. Қиян өлкесі мен құлан жортқан атырабын жат жұрттыққа таптатудан өткен қорлық жоқ екенін түсінген менің данышпан ата-бабам. Сондықтан жаугершілік заманда рухы биік, намысты ата-бабамның қылышы қайраулы, найзасы ұштаулы, қазанаты ерттеулі тұрған.
Айтқан жерден аулақ, туған жер, атамекенім болмаса, онда мына дүние мен үшін басы болса да миы жоқ, кеудесі болса да жүрегі жоқ, көзі болса да жанары жоқ, арнасы болса да суы жоқ, әйтеуір бір күлдібадам болары хақ.
Иә, қазаққа сайын даласынан көз жазып қалудан өткен қорлық жоқ. Ол тағы қандай дала десеңші! Қанда-а-а-й?.. Асты кеніш, үсті пейіш жер жаннаты ғой қазақ даласы!
О-о, қазақтың қасиетті қара топырағы! Менің ата-бабамның асылы, ұрпағына қалдырған баға жетпес мұрасы, ең аяулы дұғасы, енді менің балаларыма ақтық тапсырар аманатым, баға жетпес байлығым. Егемендігім мен елдігімнің тұғыры.
Жақында бүкіл Еуропаның көрікті жерлерін аралап келген «жаңа қазақ» ініммен сұхбаттасқаным бар. Ол кәрі континентте көрген кереметтерін: салтанатты сарайларын, аспанмен тілдескен ғимараттарын, аспалы көпірлері мен көз жауын алар көрмелерін, мұражайлары мен мұрағаттарын… әйтеуір қойшы, бәрін-бәрін таңдайын қаға таңданысын жасыра алмай сөз етті. Сөз соңында әлгі: «Басқа халықтың ұрпағына қалдырған асыл мұраларын көре жүріп: «Құдайым-ау, біздің ата-бабаларымыз екі-үш әйел алып о төбеден бұ төбеге мал соңынан салпақтап көшіп-қонғаннан басқа не бітірген? Ұрпағына, мына бізге, бөгде жұртқа мақтан етер не қалдырған? Немізбен мақтана аламыз?», – деген өкпелі ойда болдым дегені.
Әсем қалалар мен көрікті көпірлер салып келешегіне мұра етіп қалдырмағанына кейінгі ұрпақтың алдыңғы ұрпағына ойлы көз, ояу жүрек талқысынан өткізілмеген өкпесі еді бұл.
Мен оған: «Қарағым, ата-бабаға бекер өкпе артасың. Оңтүстігінде сан жұмбағын ішіне жасырған, айдаһардай ысқырған, алпыс айлалы, кұрттай құжынаған Қытай, солтүстігінде жерің мен еліңе көз алартқан аюдай Ресей, екі алып империяның қыспағында ат төбеліндей аз ғана қазақтың өмір кешкенін тарихтан білесің. Егер екі-үш әйелден некеге отырып, ұрпақ өрбітіп отырмаса, біздің тарих бетінде қалар-қалмасымыз неғайбыл еді ғой. Бұл көрегендік емей немене?
Салтанатты сарайлар мен аспанмен тілдескен ғимараттар салмаған деп кінә артасың. Өткен ата-баба тарихына ақыл көзімен қарайықшы. Сонау жаугершілік заманда Күлтегін баба қала салып, көп қабатты қорғанмен бекінеміз дегенде дана кеңесші Тоныкөк: «Хан ием, саны аз халқыңның басын қосып, қорғанды қалаға жидың делік. Ал құмырсқадай қаптаған тобгачтар қалаңды қоршап алып, ары кеткенде бес-алты айда қорғаныңды да, халқыңның да күлін көкке ұшырады, қашанғы шыдарсың. Інге кірген қасқырдай қан қақсатады. Біз сияқты аттың жалында, түйенің қомында өсіп, шыныққан жамағатқа ат үстінде жүріп тиіп-қашып қапылыста тап беріп, айламен соғысқан тиімді. Белі бесіктен шыққаннан ат жалын ұстап өскен біздің жұрттың бір сарбазы он тобгачтарыңа дес бермейтінін білесің», – деп қала салуға оны берік қорғанмен қоршауға үзілді-кесілді қарсы болады. Осылайша жүйелі сөз өрісін тауып, Күлтегін баба да парасатты сөзді хош көріп, қала салудан бас тартады.
Санының аздығына қарамай, шойын білекті, арыстан жүректі бабаларымыз «еңку-еңку жер салып, егеулі найза қолға алып», ұлан-ғайыр сар даласын сан ғасыр жаудан қорғап бізге, мына саған, мұра етіп қалдырған. Дала болғанда тағы қандай дала десеңші! Түгін тартса май шығатын, қойны қазыналы, үсті жазиралы құнарлы дала! Ата-бабаның бұл мұрасы аз ба? Жоқ, аз емес, көп дер едім. Көп болғанда да досың сүйсініп, дұшпаның күйінетіндей мол мұра, үлкен сыбаға.
Ал енді сол далаңа саялы «Бәйтеректеріңді» тігіп, келер ұрпақ мақтан етерлік, көз жауын алатын әсем қалалар салу, пирамидалар тұрғызу бүгінгі ұрпақтың, яғни біз бен сенің міндетің», – дедім.
Менің айтқанымнан «жаңа қазақ» баһра алды ма, жоқ әлде алмады ма, ол жағы маған белгісіз.
«Жаңа қазақ» қалай қабылдаса, солай қабылдасын, батыр бабаларымыз мұра етіп қалдырған мына Ұлы Дала біз үшін алтын сарайлар мен аспалы көпірлердің бәрінен де қымбат. Өйткені, бұл топырақ қан майданда мерт болған қазақ сарбаздарының қаны мен оны жоқтаған қара көз арулардың көз жасына суарылған. Сондықтан елімнің әр уыс топырағы қазақ үшін қасиетті де қастерлі.
Таулардың етегінде, мидай жазықта, жота мен қыратта, өзен аңғарында қазақтың небір апайтөс өрендері, қуатты да ер жүрек сан мыңдаған ұландары опат болды. Сан мың малшы, сан мың диқан, сан мың әке қыршынынан қиылды. Қан қасап майдан жесірлер мен жетімдерді қаптатты. Қазақ топырағы сан мың перзентінің алқызыл қанына, төгілген теріне малшынды. Қан мен терін босқа төккен жоқ, өзінен он есе, жүз есе көп жауларын баудай түсіріп, жайратып салды. Ұлтарақтай жерін де жат жұртқа таптатпады. Қасиетіңнен айналайын, қайран ғана менің батыр бабаларым-ай!
Міне, осылайша, ару даласын қазақтың хас батырлары «егеулі найза қолға алып, еңку-еңку жер шалып», «халқы үшін түн ұйықтамай, күндіз отырмай, қара терін төгіп, қып-қызыл қанын жүгіртіп», «басы барды еңкейтіп, тізесі барды бүктіріп» аттың жалында, түйенің қомында жүріп сақтап қалған. Өз ұрпағының болашағы үшін өмірлерін құрбан еткен, тағдыр тәлкегіне мойымай, рухтарын биік ұстап, намыстарын жауына таптатпаған. Қайран менің намысты да ержүрек бабаларым! Пайда ойламаған, ар ойлаған. Бар мақсаты – Қазақ Елі, қазақтың сайын даласы. Ұрпағының қамы мен амандығы.
Ал біз ше? Иә, шынында да… Дегелең! Қайраң ғана қазақтың қиян өлке, құба жоны! Күллі қазақтың жазылмас бітеу жан жарасы! «Жуас түйе жүндемекке жақсы». Дегелең – біздің жуастығымыздың жазасы. Уланған дала, уланған шөп, уланған… Дегелең дел-сал, жазылмас дертті. Жер ана кірпік қағуға дірмәнсіз. Басын сүйеп, аузына су тамызуға перзенттері біз де қауқарсызбыз. Дәрменсізбіз. Өкінішке орай солай. Дегелеңге келгенде шықпайды үнім. Үнім шықпайды… Қайтейін…
Он сегіз мың әлем жаралғалы бері тіршілік иелеріне нәпақа беріп келген жер ана бүгінде көкірегінен нәрлі сүт орнына зәрлі у ақтарып, әл үстінде сазарып жатқаны мынау. Жазылмас ауыр дертті. Кезінде хакім Абай, қажы Шәкәрімдерді дүниеге әкелген ару дала еді ғой бұл!
Намысы үшін жан беріп жан алысқан өжет ұрпақ көкпар шауып, құс салып аң аулаған керме иық жазира емес пе еді Дегелең! Ұшқан құс, жүгірген аң қазір қайда? «Оты жоқ жер жетім, басшысы жоқ ел жетім, елінен ауған ер жетім, тыңдаушысыз сөз жетім…» дегендей, сұраусыз, іздеусіз жетім қалды-ау кәрі
құрлықтың бір елі беймарал сиятын қазақтың құлан жортқан атырабы! Иә, жетім!.. Намысты жұрт өз жерінде бомба түгілі шіріген жаңғақта шақтырмайды. Намысты ел солай етеді. Бөгдеге басындырмайды. Шектен шыға берсе, тұрысатын жерін сұрайды. Не тәубесіне келтіреді, не түгел… Намысты халық біз сияқты «мың өліп, мың тірілгенді» мақтан етпейді. Мақтан етерлік «мың өліп, мың тірілу» ерлік пе, әлде мәртебе ме? Түсінсем бұйырмасын!
Қайран Ұлы Дала, қазақтың алтын бесік Атамекені! Бір шаршы метр жеріңде қазақтың он жігітінің, жүз шаршы метр жерінде жүз жігітінің, барша қасиетті жеріміздің топырағы сан мыңдаған ата-бабамыздың маңдай тері мен алқызыл қанымен суарылған.
Ерте көктемде қазақтың сайын даласы қызылды-жасылды, алқызыл түске бөленеді. Алыстан көз салған жанға жер-ана төсі алқызыл дақтарға малшынып жатқандай, жақындап келіп қарасаң сансыз қызғалдақтар қоңыр салқын самалға еркелей тербетіле сұлулық пен нәзіктіктің қоспасындай көңілге ләззатты сезім ұялатады. Қиялыңа қанат бітіріп, көкірегіңеғажайып сүйіспеншілік сазын құяды.
Жер ананың төсін жарып шыққан нәзік сабақты әсем гүлдер алқызыл түсті қайдан алды екен? Қазақтың сайын даласын қорғап, опат болған батыр бабаларымыздың ағызған қаны емес пе екен бұл?
Жер-ананың әр көктем сайын исі жұпар аңқыған, алқызыл қызғалдақты шешек атқызып, бүгінгі ұрпаққа, бізге, ұлан-ғайыр жерге мұра етіп қалдырған ата-бабаның төгілген қаны мен аққан терін ұмытпасын, жадында сақтасын, естен шығармасын деген үнсіз ишарасы шығар, кім біледі?
Қасиетіңнен айналайын батыр ата-бабаларымыз тұмақтарын жалпылдатып, жан беріп, жан алысып жүріп бізге осынау Ұлы Даланы мұра етіп, көздің қарашығындай сақтауды, жат жұртқа сыйламауды, сатпауды аманат етіп кеткен еді. Сол ата-баба аманатын орындауға лайықты ұрпақ бола алдық па, жоқ, әлде?!
Қазақтың құба жоны мен ару даласына қызықпаған жау кемде-кем шығар-ау, әсте. Елімізге көз аларту, бейбіт тіршілігіне семсер сілтеу дүркін-дүркін қайталанып отырды. Қайсар халық жат жұрттықтардың арамза ниетін білегінің күшімен, найзасының ұшымен, ақыл-парасатымен қайтарумен болды.
Құнарлы қара топырақ… Топырақ демекші… Топырақ болғанда қандай топырақ десеңші! Қураған қу томарды шаншысаң көгеріп, жапырақ жайғызатын құнарлы топырақ қой бұл. Иә, құнарлы да қасиетті… Алысқа кеткенді аңсатқан, жат жерде жүргенді бір көруге армандатқан қасиетті «Темірқазық» ол.
Ұлы Далам болмаса, бүгінде әлемге танылған «КАZАКНSТАN» атты ел болмас еді.
Ұлан-ғайыр жерім болмаса, алтын кірпікті күн астында қалықтаған қыранды көк байрағым болмас еді.
Сайын далам болмаса, қазағым аузы болса да тілсіз, даусы болса да үнсіз мәңгүрттенген тобырға айналар еді.
Ұлы Далам болмаса…
Бегман ЫСҚАҚ,
Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы.