Даму хронологиясы. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 1996 жылғы 23 мамырдағы бастамасымен екі ЖОО – Целиноград инженерлік-құрылыс институты мен Целиноград педагогикалық институтының бірігуінің негізінде құрылды.
2001 жылдың 5 шілдесіндегі «Жеке мемлекеттік жоғары оқу орындарына ерекше статус беру туралы» Қазақстан Республикасы Президенті Жарлығына сәйкес университетке «Ұлттық және жалпыадамдық құндылық, ғылым мен техника жетістіктері негізінде тұлғаларды дамыту мен кәсіби қалыптастырудағы елеулі үлесі» ерекше мәртебесі берілді.
2002 жылдың қазанында Лев Николаевич Гумилевтің мұражай-кабинеті Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ базасында ректор М.Ж. Жолдасбековтың бастамасымен ашылған (2000-2004 жж.).
2009 жылдың 10 наурызында ЕҰУ-де Университеттердің еуразиялық қауымдастығының XI съезі өтті.
2012 жылы еуразия ұлттық университеті XX ғасырдың көрнекті ғалымы, түркі, славян, азиялық және еуропалық халықтарының тарихы туралы ірі еңбектердің авторы, тарихи этнология және тарихи география салаларының атақты маманы Лев Николаевич Гумилевтің (1912-1992) 100 жылдық мерейтойы бүкіләлемдік дәрежеде атап өтілді.
Тарихы. Еуразия ұлттық университеті екі бұлақтан құралған өзен болса, оның бір қайнары - Целиноград педагогикалық институты, екінші қайнары - Целиноград құрылыс инженерлері институты. 90-жылдардың аса қиын кезеңін біздің институтта басынан кешірді. Ол уақытта оқытушылар - жалақы, студенттерге стипендия ала алмай, жылу мен электр қуаты жетпей, тіпті төлемақыға қаржы табылмай жатты. Целиноградта төрт институт болса, соның әлеуметтік-экономикалық жағынан әлжуазы пединститут еді. Өйткені нарық пен шаруашылық педагогиканы айналып өтетін.
Аз жылда пединституттың негізінде аймақтық Ақмола университетін құруға қол жеткіздік. Бұл тарихи университеттің ерекшелігі - барлық мамандықта қазақ тілімен қатар шет тілін оқытуды қолға алуы еді. Шет тілін екінші мамандық етіп оқыту, осыған орай оқу-әдістемелік бірлестік (УМО) ашу, түлектерге дипломына екінші мамандық ретінде «шетел тілінің маманы» квалификациясын беру идеямыды министрлік қолдады.
1996 жылы 23 мамырда Тұңғыш Президент жарлығымен Еуразия университеті болып қайта жаңғырды.
2001 жылдың 29 маусымындағы N 892 «Жекелеген мемлекеттік жоғары оқу орындарын қайта атау туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес университетке Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті атауы берілді.
ЕҰУ құрамына Дипломатиялық академия және әр саладан білім берумен шұғылданатын 5 институт (жаратылыстану технология, гуманитарлық, құқық, экономика, білім беру), сондай-ақ «Еуразия» гуманитарлық зерттеулер ғылыми-зертхана орталығы, Жоғары мектеп проблемаларының ғылыми-зертхана орталығы, Дүниежүзүлік экономика және конъюнктура ғылыми-зертхана институты, Геотехнологиялық ғылыми-зертхана институты, ҚР Ұлттық ядролық орталығы ядролық физика институтының бөлімшесі, Ақпараттық-есептеу орталығы, т.б. енеді. Ресей, Беларусь, Испания, Германия, т.б. елдер оқу орындары ғылыми орталықтарымен тығыз байланыс орнатылған. Күндізгі бөлімде 85 мамандық, ал сырттай бөлімде 25 мамандық бойынша студенттер білім алады (2001). Университетте 669 білікті маман дәріс береді. Оның ішінде 70 ғылыми доктор, професор, 214 ғылыми кандидат, доцент бар. Кандидат және докторлық диссертация қорғайтын 9 ғылыми кеңес және 20 мамандық бойынша аспирантура жұмыс істейді. Университеттің 5 оқу ғимараты, 12 лингафондық кабинеті, 1 250 000 қоры бар кітапханасы мен 500 орындық компьютерлік оқу орталықтары бар. ЕҰУ базасында 2000 жылы Ломоносов атындағы ММУ (Мәскеу Мемлекеттік Университеті) Қазақстандық филиалы құрылған.