Таза ауаға кешегі кім шанады?!.
Түтін, тұман аспанды тұмшалады.
Кір шалады қанатын аққулардың,
Соны ойласаң көңілді кір шалады.
Сексеуілдің орнында көмір қалып,
Аман ба өзі тұрғаннан өңір налып?!
Ақ мамықтай ақша қар
Шаһарларға
Енді жауса жауады қоңырланып.
Көлдер қайда жататын сұқсыр қонып?
Қайда барсаң бір түтін бықсыр келіп...
Ақ көжек боп өкпеңе кірген самал
Шығарында шығады сұп-сұр болып!
Мұзды мұхит сол, мүмкін, қалпында әлі.
Мән берген жоқ әлі оған жарқын халық.
Мазут жұтып,
Ауырған бидауамен
Көрінбейді бүгінде алтын балық.
Шуда түтін
Шалқыған от төсінде
Шұбап тұрып алады көкке сіңбей.
Айналасы қызарған кейбір бұлттар
Ауру малдың қабарған өкпесіндей.
Бар дейсің бе өмірде азап ондай!
Дүние азса ол енді азады оңбай!
Адам таза болмайды ешқашанда
Айналайын табиғат таза болмай