+2 дауыс
69.0k қаралым
Құтты білік туралы қысқаша мазмұн қажет. 8 сынып үшін көлемді етіп жазу керек еді.

3 жауап

+1 дауыс
 
Жақсы жауап

Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастаны – Ислам ахлағы мен діни құндылықтарын насихаттайтын шығарма. Бұл шығармада түрлі қоғамдық топқа жататын адамдар арасындағы қарым-қатынас мәдениеті адамгершілік, әдептілік мәселелері көтеріледі.

«Құтты білік» - адамгершілік құндылығы жайлы жазылған бірден бір діни философиялық шығарма болып табылады. Ол еңбекте адам өмірінің мәні мен мағынасы талданып, адамның белгілі бір қоғамдағы атқаратын міндеті мен мінез-құлық нормалары жазылады. 

Бұл шығарманың ең басты идеясы негізгі төрт ұстанымға негізделген:

Бірі оның – шындық жолы, әділет.

Екіншісі – құт пен ырыс, дәулет.

Үшіншісі – Ақыл менен парасат.

Төртіншісі – ұстамдылық, қанағат.

Ж.Баласағұн адам мен Жаратушы арасындағы байланысты Құран кітабы аясында түсіндірді. Мысалы, Алла адамға ақыл, ерік пен таңдау берген. Ақыл мен ерікті бірдей дамыта білген адамға Алланың құты тұрақтайды, сондықтан нағыз мұсылман әрдайым Аллаға құлшылық жасап, одан жол көрсетуін тілеуі қажет. Адам Алланың құты арқылы жақсылыққа жетіп, оның көркем бейнесін көре алады. Жақсы, дұрыс, адамгершілігі мол адам ғана қоғамда сенімді орнығады деп баяндаған.

Ойшыл мұрасында «дүниеқұмарлық, ашкөздік, пендешілік және де жаман істер  адамды түрлі пәлекетке ұрындырады, Алланы ұмыттырады. Адамның ең басты үш дұшпаны бар: дүние, тән және шайтан. Алланы аузыңа алсаң, шайтан қашады, дүниеден бас тартсаң, құтыласың, ал тәннен қалай бас тартасың? Өле-өлгенше біргесің. Өліп барып құтыласың. Сондықтан тәннен, яғни оның қажеттілігі мен құмарлығын тежеу арқылы тән дұшпандығынан құтылуға болады» деп түсіндірген. Және де ол: «Алла әр нәрсені мақсатпен жаратқан. Соның ішінде адамды Алла жердегі өзінің орынбасары еткен. Әрбір жаратылғанның өзіндік қызметі бар. Барлық жаратылғандар Жаратушыға ұмтылады, оған қайта оралады. Себебі, әлем Жаратушысымен ғана мәнді. Адам, табиғат, рух, қоғам өзара үйлесімділікпен жаратылған. Сондықтан олардың арасындағы тепе-теңдікті сақтау адам баласының парызы болып табылады» деген. Баласағұн табиғаттың төрт элементін от, су, ауа, топырақты Әбу Бәкір, Омар, Осман, Әли сияқты төрт халифке ұқсатады.

Сонымен қатар, «Құтты білік» шығармасында биліктің тек адамгершілік және имандылықпен санасқанда ғана абыройлы болатынын дәлелдеген және сол жолға апаратыны көрсетілген. Осы «Құтты білік» шығармасы туралы А.Кононов былай дейді: «Өзінің насихаттық уағыздық мәтелдерінде Жүсіп ойдан шығарылмаған, нақты өмірден алынған өмірдің жарқын шынайы бейнелерін берді». 

Қорыта келе, Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік» еңбегі ислам дінінің бар қағидаларына сай келеді. «Құтадғу білік» шығармасы адамдарды адамгершілікке, әдептілікке және имандылыққа шақырады. Әр адам Баласағұнның бұл шығармасын оқуға міндетті деп білемін.

+1 дауыс

«Құтты білік» дастанында соншалық мол мазмұнды арқау еткенімен, негізгі айтар ойы - адамның адами жетілуі мен кісілік кемелденуі, сол арқылы мемлекет пен қоғамды қуатты, құтты ету. Дастан мазмұны өте астарлы, танымы терең де тұңғиық ұғым-түсініктерге толы. Оған ерекше үңіліп, зерттей қарар болсақ, шығарманың өзегі - толық адам екенін танимыз. Дастандағы құт-береке бақ - толық , жетілген адамның  еншісі. Ақынның айтуынша  құттың кілті - кісінің ділі,  тілі, қылығын бірдей қамтыған жан-жақты жетілуі мен кемелденуі. Түптің түбінде, дастан мазмұнынан  құт-береке, бақытқа өз әлемін асыл етумен ғана жетуге болатынын ұқтырады. Адамның адами жетілуі мен кісілік кемелденуі - дастанның ең басты идеясы.

«Бұл дастанда «Өзіңді сақта» дегені кісінің өзін танытар қасиеті - адамдығы мол кісілігіне байланысты айтылған. Затың - адам, атың - адам болған соң, қасиетіңе лайық  бол, діліңе дақ түспесін, адал бол, адам бол деп жар салудан ақын жалыққан емес. Адамның өзі адамдық, кісілік қасиетінсіз қаңырап бос қалады. Оның адам атанып жүруі де қасиетін танытар адамгершілігінің бар кезінде ғана болатын жағдай. Дастанда шын мәніндегі көңіл тоярлық кісіліктің сиректігі, жоқтығы жиі айтылады. Ақын шығармасы да осы зәрулік пен қажеттілікке байланысты туса керек. Дастан мазмұны кісіліктің қадір-қасиетін жан-жақты танытуға құрылған. Өйткені адам да, қауым да кісілікке зәру»,-дейді М.Әліпханов өз еңбегінде. [3,3].

Кісілер көп, кісілікке кендеміз

Адалы - аз адам атты пендеміз

Толып жатыр жүрген жандар жер басып,

Көңілі ашық, әділ ерге - ел ғашық.

Кісі сирек емес, сирек - кісілік,

Кісіліктің қадірін біл, түсі

«Құтты білік» дастанының  мазмұнынан ұғарымыз кісі өзін-өзі құрметтеп, кісілікті болып көрінсе, өзіне ғана тән қасиеті мен тірлігін танытады, кісілерге жақсылық жасап,адамдығын асырады. Әйтеуір тірі жүріп кісі атана қою қиын, әркім де кісілік жасап қана адам атанады. Тірліктің де, адам болудың да ақтауы мен кепілі - кісілік пен адамдық.  Ал, кісілік пен адамдық Әл-Фараби айтқандай, даналық пен қайырымдылықтан,яғни ізгілік пен танымнан тұрады. Адамдағы барлық асыл қасиет танып-білу мен ізгі болудан бастау алады. Жүсіп Баласағұнның адамдық пен кісілікті шексіз құрметтеп, дәріптеуі осы танымнан туса керек. Дастанның бүкіл мазмұны кісіліктің қадір-қасиеті, мән-мағынасы, қыр-сырын әңгімелеуге  құрылған.              Сөйтсе де, ақын шығармасының әр-әр тұсында түпкі ойын тыңдаушысына соншалық жалаңаштап, жеңілдетіп, ашық айтып жеткізуге тырысады.  Көбіне қат-қабат  қыртысты, күрделі күйде келетін астарлы асыл ойларын  әр түрлі әдеби  тәсілмен онан сайын тура, ашық айтады [3.21].

Дастандағы  өзіңді ұмытпай, қасиетіңді сақтап жүру қағидасының  ең биік шыңын басты бағыт, нысана саналған құт, береке, бақытпен байланысты танимыз. Ақын әр адамның аты мен затына  лайық кісілік, адамгершілікпен өмір сүруін  құт-береке, бақыт деп біледі.  Ақиқатты  әркім өз ақыл ойымен, өресінің жеткен әсеріне дейін ғана танып келеді десек те,  ақынның адамдық пен кісілікті құт көруі - көпшілік көңіл қойып қабылдай қоятын шындық.

Ақын үнемі асыл қасиеттер мен кеселді қасиеттерді қатар алып, салыстырып, жарыстырып суреттейді. Алғашқысы адамдарды асқақтатып, ардақты етсе, құтты  етсе, кейінгісі  төмендетіп, арзандатып, күлкі  күйге  түсіреді. Дастанның бүкіл мазмұны осы асыл қасиеттер мен кесел қасиеттердің қыр-сырын ашуға құрылса да, теңіздей танымның тамшыдай  түйінін  байқаймыз.

Ақын дастанның әр-әр тұсында ебін тауып, кеселді қасиеттерді жекелеп, я тобымен  аптап  отырады. "Біраз нәрсе кісінің қас дұшпаны" деп мыналарды тізіп айтады: тілдің жалған айтылуы, айтқан сөзден қайтуы, шарапқа аңсары ауғаны, жүгенсіз іс-қылық, зымияндық, ашулы тіл. Осы тобымен бұл қасиеттердің дастанның әр-әр тұсында қайталанып келетіні бар. Әсіресе жалған айту, өтірік сөз кісілікке артықша зиянды болып көрінеді [3.27].

«Құтты білік» жазбасының мәдени мәні орасан зор. Х-ХI ғасырларда араб-парсы Орта Азиядағы түркі тайпаларының тілін жұтып қоюға дейін барып тұрғанда, Жүсіп Баласағұнның түркі тілінде көлемді де күрделі дастан жазуы өз кезеңі үшін үлкен тарихи жаңалық болды. Дастанның көркемдік ерекшеліктері айтарлықтай биік болмаса да, осы тарихи қызметі жағынан жазба биік бағаланады. Өйткені, «Құтты білік» Х-ХI ғасырдағы Жетісу жерінде тұрған түркі тайпаларының барлық салт-санасын, әдет-ғұрпын, олардың арасындағы түрлі жіктерді, қарым-қатынасты, мәдениетін және тілін толық қамтыған шығарма. Бұл реттен дастанды бір ғана хан-хақандар салтын жырлайтын шығарма деп бағалауға болмайды. Онда түркі тайпаларының салт-санасы да көрініс тапқан. Кейбір жыр деректеріне қарағанда Қарахандар мемлекетінде тап теңсіздігінің үлкен орын алғаны байқалады. Бір жағынан хан сарайы, екінші жағынан бұқара халықтың өмірі суреттеледі. Сол себепті, Е.Бертельс Жүсіп дастанындағы әділдік идеясын халық арманынан туған тілек деп дұрыс бағалайды. Жүсіптің өзі де ақсүйектерден шыққан үстем тап өкілі емес, көбіне бұқара халыққа арқа сүйеген ақын. Оның ақындар туралы сөзінде көшпелі елдерге тән ақындық өнерді дәріптеу салты да бар. Ақын өзін хандарға ақылшымын, халық өкілімін деп ұғындырады.

Ақындар келер алдыңа,

Сөз шебері сәуегей.

Сөздері өткір қылыштан,

Қылдан нәзік қиялы,

Тыңдасаң тыңда ақынды,

Нәзік сөздің бұлағы.

Ақындарды сыйлай біл,

Даңқыңды жұртқа жырлайды,

Қабағы қатса қуандыр,

Қарны ашса тойындыр.

Ақындардың сөзінен,

Пайдалы нәрсе болмайды,- деген Жүсіп ақындық өнерді шабыттана жырлайды, оған үлкен әлеуметтік баға береді. Бұл жолдарда ақынның хан сарайына деген көзқарасы да ашылған. Жүсіп өзін олардан бөлек ұстайды. Тіпті, хан-хақандарға сатира элементін қолдануға да бар. Е.Бертельс Жүсіптің осы сөздерінің арғы тегінде Фердаусидің Махмұт Ғазнауи сұлтанға жазған сатирасының рухы бар деп бекер айтпаған [4,74].

Сонымен, өз дәуірінің көкейтесті мәселелерін қоғамдық әлеуметтік тұрғыдан терең  түсінген ғұлама ақынның «Құтты білік» дастанында көтерген ең басты мәселелердің бірі - ел басқару мәселесі. Елді, мемлекетті қалай басқару керек, ел басқаратын адамда қандай қасиеттер болуы шарт. Міне, автор осы сауалдарға өз заманының оқыған, көзі ашық, ойшыл азаматы ретінде әрі феодал табының мүддесін қорғайтын өкілі ретінде жауап береді.

«Құтты білік»  дастаны Қарахан әулеті үстемдік жүргізген орта ғасырдағы аса маңызды қоғамдық-саяси мәселелерге арналған. Жүсіп Баласағұн мемлекет пен патша, әкімдер мен қарапайым халық, патша сарайының қызметкерлері, олардың құқықтары мен міндеттері, феодалдық топ пен  қалың бұқара арасындағы қарым-қатынас туралы оқырманға ой салады.

0 дауыс

«Құтты білік» дастанының мазмұны: кейіпкерлері, негізгі оқиғалары мен идеясы

Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастаны — адамгершілік, білім, әділет, ел басқару, өмір мен өлім туралы терең ой қозғайтын түркі әдебиетінің көрнекті мұрасы. Шығармада мемлекетті қалай басқару керек, басшы мен халықтың қарым-қатынасы қандай болуы тиіс, адам қандай қасиеттерді бойына жинауы керек деген мәселелер кеңінен сөз болады.

Дастанның мазмұны төрт негізгі ұғымға құрылған. Олар — Әділет, Дәулет, Ақыл және Қанағат. Бұл ұғымдар шығармадағы төрт негізгі кейіпкердің бейнесі арқылы ашылады:

Күнтуды Елік — Әділеттің бейнесі. Ол — елін ақылмен және әділдікпен басқаратын хан.

Айтолды — Дәулеттің, бақ пен құттың бейнесі. Ол Күнтуды Еліктің уәзірі болады.

Өгдүлміш — Ақыл мен білімнің бейнесі. Ол — Айтолдының ұлы.

Одғұрмыш — Қанағаттың бейнесі. Ол дүниенің қызығынан бас тартып, тақуалық жолды таңдаған адам.

Дастанның басталуы

Жүсіп Баласағұн шығармасын Аллаға мадақ айтудан бастайды. Автор Жаратушының құдіретін дәріптеп, пайғамбарды және оның сахабаларын құрметпен еске алады. Осыдан кейін адам өмірі, білім, ақыл, ізгілік пен мемлекетті басқару мәселелеріне көшеді.

Шығармадағы басты тұлғалардың бірі — Күнтуды Елік. Ол әділдігімен, ақылдылығымен және парасаттылығымен танылған билеуші ретінде суреттеледі. Ханның басты мақсаты — халқының жағдайын жақсартып, елде әділет орнату.

Ол биліктің беріктігі тек күшке емес, ақылға, білімге және әділ заңға байланысты екенін жақсы түсінеді.

Айтолдының Күнтуды Елікке қызметке келуі

Күнтуды Еліктің әділдігі мен даналығы туралы естіген Айтолды оған қызмет етуді қалайды. Ол ұзақ жол жүріп, ханның сарайына келеді. Жолда Көсеміш есімді адаммен танысып, соның көмегімен сарай қызметкерлерімен байланыс орнатады.

Кейін Айтолды Күнтуды Елікпен кездеседі. Хан оның ақылы мен білімін байқап, қызметке қабылдайды. Уақыт өте Айтолды адал еңбегімен көзге түсіп, Еліктің ең сенімді адамдарының біріне айналады.

Айтолды шығармада Дәулеттің бейнесі ретінде көрсетіледі. Ол ханға бақ пен байлықтың табиғаты туралы айтып, дүниедегі дәулеттің мәңгі емес екенін түсіндіреді. Бақыт пен байлық адамға бірде келіп, бірде кетуі мүмкін. Сондықтан адам тек дүниеге сүйенбеуі керек.

Автор шығарманың мақсатын былай білдіреді:


«Кітап атын «Құтадғу біліг» қойдым —

Құтын тұтсын оқушым білікті ойдың.

Жазған кітап, сөйлеген сөздеріммен,

Екі дүниені ұстауды көздедім мен».


Айтолдының ауруы және ұлына айтқан өсиеті

Уақыт өте Айтолды қатты ауырады. Өлімнің жақындағанын сезген ол өзінің өмірі туралы ойланып, дүниенің өткінші екенін түсінеді.

Ол ұлы Өгдүлмішті шақырып, оған соңғы өсиетін айтады. Айтолды баласына адал болуды, Алланы ұмытпауды, тура жолдан таймауды, ізгілік жасауды және жамандықтан аулақ жүруді тапсырады.

Сонымен қатар сабырлы болуға, арам іске жоламауға, дүниеге шамадан тыс қызықпауға және ақылды адамдардың кеңесін тыңдауға шақырады.

Көп ұзамай Айтолды дүниеден өтеді.

Өгдүлміштің сарайға келуі


Айтолды қайтыс болғаннан кейін Күнтуды Елік оның ұлы Өгдүлмішті өз қамқорлығына алады. Өгдүлміш әкесінің жолын жалғастырып, ханға адал қызмет етеді.

Ол өте білімді, зерек және ақылды жас болып өседі. Күнтуды Елік оның қабілетін байқап, әртүрлі сұрақтар қойып сынайды.

Сонда Өгдүлміш ақыл мен білімнің адам өміріндегі орнын түсіндіреді:


«Ақыл — шырақ, қара түнді ашатын,

Білім — жарық, нұрын саған шашатын.

Ақыл қолдап, біліммен ер жетілер,

Екеуімен қадірі артып, бекінер».


Өгдүлміштің даналығына риза болған Күнтуды Елік оған үлкен сенім арта бастайды.

Ел басқару туралы өсиеттер

Шығарманың маңызды бөлігі Күнтуды Елік пен Өгдүлміш арасындағы сұхбаттарға арналған.

Хан Өгдүлміштен жақсы басшы қандай болуы керек деп сұрайды. Өгдүлміш билеуші ақылды, батыл, әділ және халықтың қамын ойлайтын адам болуы керек деп жауап береді.

Сондай-ақ ол мемлекетті басқаруда уәзірдің, әскер басшысының, елшінің, хатшының, қазынашының және басқа да қызметкерлердің міндеттерін түсіндіреді.

Өгдүлміштің айтуынша, жақсы уәзір ақылды, білімді, адал, сақ, турашыл әрі ұятты болуы қажет. Өйткені жақсы уәзір — билеушінің тірегі, ал әділ басшы — мемлекеттің беріктігінің кепілі.

Дастанда:


«Біл, әділ заң — басшылықтың тұғыры,

Бегі әділ ме?! Берік елдің жұлыны!» —

деп әділдіктің ел басқарудағы орны ерекше көрсетіледі.

Одғұрмыштың шығармаға келуі

Бір күні Күнтуды Елік Өгдүлміштен өзі сияқты тағы бір ақылды әрі парасатты адамды табуды сұрайды.

Өгдүлміш Одғұрмыш есімді туысын ұсынады.

Одғұрмыш — дүниенің қызығынан бас тартып, оңаша өмір сүріп жүрген тақуа адам. Ол шығармада Қанағаттың бейнесі болып саналады.

Күнтуды Елік Одғұрмышты сарайға шақырып, хат жібереді. Өгдүлміш оны іздеп барып, ханның ұсынысын жеткізеді. Алайда Одғұрмыш сарайға барудан бас тартады.

Ол адамның дүниеге тым қатты берілмеуі керектігін, байлық пен мансаптың уақытша екенін айтады. Оның ойынша, адам өлімнің ақиқат екенін ұмытпай, нәпсісін тежеп, рухани тазалыққа ұмтылуы керек.

Өгдүлміш пен Одғұрмыштың сұхбаттары

Өгдүлміш Одғұрмышты бірнеше рет елге оралып, адамдарға пайдасын тигізуге шақырады.

Екеуінің әңгімесінде адам өмірінің көптеген мәселесі қозғалады. Олар жақсы мен жаман, достық, отбасы, бала тәрбиесі, білім, қоғамдағы қарым-қатынас, қонақ күту, тамақтану, денсаулық және адам мінезі туралы пікірлеседі.

Өгдүлміш әртүрлі кәсіп иелерімен және қоғамдағы түрлі топтармен қалай қарым-қатынас жасау керектігін де түсіндіреді. Ол ғалымдармен, дәрігерлермен, ақындармен, диқандармен, саудагерлермен, қолөнершілермен және мұқтаж адамдармен дұрыс қарым-қатынас орнатудың маңызын айтады.

Шығармада адамның сөзіне де үлкен мән беріледі:


«Тіл қадірлі етер, ерге бақ қонар,

Қор қылар тіл, кететұғын бас болар.

Тіл — арыстан, есік баққан ашулы,

Үй иесі, сақтан, жұтар басыңды!»


Яғни адам айтқан әрбір сөзіне жауапкершілікпен қарауы керек. Жақсы сөз адамды биікке көтерсе, орынсыз айтылған сөз қиындыққа ұрындыруы мүмкін.

Одғұрмыштың Күнтуды Елікпен кездесуі

Күнтуды Елік Одғұрмышты бірнеше рет сарайға шақырады. Алғашқы шақырулардан бас тартқан Одғұрмыш ақырында Өгдүлміштің өтінішін қабылдап, ханмен кездесуге келіседі.

Күнтуды Елік оны үлкен құрметпен қарсы алып, ақыл-кеңес сұрайды.

Одғұрмыш ханға өмірдің қысқалығын, байлық пен мансаптың мәңгі еместігін айтып, ел басқаруда әділдіктен айнымауға кеңес береді.

Бұл әңгімелерден кейін Күнтуды Елік мемлекетті басқаруда әділдік пен ақылға бұрынғыдан да көбірек мән береді.

Әділ елдің негізі

Өгдүлміш пен Одғұрмыштың ақыл-кеңесін тыңдаған Күнтуды Елік елді әділ басқаруға күш салады.

Халықтың тұрмысы жақсарып, мемлекетте тәртіп пен береке орнайды.

Дастанда адамның өзі мәңгі өмір сүрмегенімен, оның жақсы аты мен игі ісі артында қалатыны айтылады:


«Кісі мәңгі болмас, мәңгі — ат, ары,

Мәңгі қалар оның жақсы атағы!

Өзің мәңгі емес, атың мәңгілік,

Атың мәңгі болса, затың — мәңгілік!»


Бұл жолдар шығарманың негізгі ойларының бірін білдіреді: адам өмірінің құндылығы байлықпен немесе мансаппен емес, жасаған жақсылығымен өлшенеді.

Одғұрмыштың соңғы күндері

Уақыт өте Одғұрмыш ауырып қалады. Ол Өгдүлмішті шақыртып, өзінің жағдайын хабарлайды.

Одғұрмыш түсінде елу баспалдағы бар биік әрі тайғақ саты көреді. Ол сатымен көтеріліп, су ішіп, кейін аспанға ұшып кетеді.

Өгдүлміш бұл түсті жақсылыққа жоруға тырысқанымен, Одғұрмыш оны өз өмірінің аяқталуына жақындағанының белгісі деп қабылдайды.

Ол:

«Елу жасым мені де құрсауға алды,

Қарға түстес басымды қырау шалды.

«Кел! Кел!» — деп, шақырды үні алпыс жастың,

Жолымда ажал жатпаса, тартынбаспын!» —

деп өмірдің өтіп бара жатқанын айтады.

Одғұрмыш өлер алдында Өгдүлмішке соңғы өсиетін қалдырады. Ол дүниенің өткіншілігін ұмытпауға, жақсылық жасауға, жамандықтан аулақ болуға және адамдарға пайдасын тигізуге кеңес береді.

Көп ұзамай Одғұрмыш дүниеден өтеді.

Өгдүлміш ағасының қазасына қатты қайғырып, оның қабіріне барып жоқтау айтады. Күнтуды Елік Өгдүлмішті жұбатып, Одғұрмыштың айтқан өсиеттерін еске салады.

Дастанның қорытындысы

Шығарманың соңында Жүсіп Баласағұн өз өмірі туралы толғанады. Ол жастық шақтың өтіп кеткеніне өкініп, адамның ғұмырының қысқа екенін айтады.

Автор:

«Өкінемін — өтті ғұмыр, көнеміз,

Енді қанша қалды дейсің, сөнеміз.

Зая кетті жігіттік шақ, дәуренім,

Келер түнім тек кетпеске, әуремін!» —

деп өткен өміріне көз жүгіртеді.

Ол жастық шақтың қайта оралмайтынын түсініп, Алладан кешірім сұрайды және тағдырға мойынсұнады.

«Құтты біліктің» негізгі идеясы

«Құтты білік» — тек оқиғалардан құралған көркем шығарма емес. Дастан — мемлекетті басқару, адам тәрбиесі және өмір сүру мәдениеті туралы даналық кітабы.

Шығармадағы Күнтуды Елік — әділетті, Айтолды — бақ пен дәулетті, Өгдүлміш — ақылды, Одғұрмыш — қанағатты бейнелейді.

Жүсіп Баласағұн осы төрт ұғымды бір-бірімен байланыстыра отырып, қоғамның да, жеке адамның да үйлесімді өмір сүруінің жолын көрсетеді.

Автордың пайымынша, елдің берекесі — әділ басшыға, мемлекеттің дамуы — ақыл мен білімге, адамның қадірі — ізгі ісіне, ал оның рухани тыныштығы — қанағатқа байланысты.

Сондықтан да «Құтты біліктің» негізгі түйіні — адам ақылды, білімді, әділ, сабырлы әрі қанағатшыл болып, артында жақсы ат пен ізгі іс қалдыруға ұмтылуы керек.

127,990
сұрақ
323,049
жауап
153,170
пікір
73,067
қолданушы
...