0 дауыс
762 көрілді
Энциклопедия галамтор баспасоз куралдарынан казакстаннын корикти жерлери такырыбында малеметтер тауып кесте сыз

1 жауап

0 дауыс

Бүгін біз сіздердің назарларыңызға Қазақстанның қайталанбас сұлу табиғаты бар өңірлер мен ғасырлар қойнауынан сыр шерткен мекендерінің 25 үздік топтамасы.

1. Астана

Астана – Тәуелсіз Қазақстанның символы және бас қаласы. Дәл осы жерде ең маңызды саяси және экономикалық оқиғалар өтеді. Мұнда ҚР Президентінің резиденциясы – Ақорда, елдің ең басты монументі – Бәйтерек, сондай-ақ танымал «Атамекен» этно-мемориалдық кешені бар. Ашық аспан астында орналасқан кешендегі шағын макеттер сізге қалада серуендеп жүргендей күй кештіреді. Ал 2017 жылы Астанада EXPO-2017 халық көрмесі өтеді. Бүгінгі Астана – Қазақстанның мақтанышы.

2. Алматы

Алматы үлкен іскерлік және мәдени орталық десек те болады. Ұзақ жылдар бойы қала Қазақстанның астанасы болған. Ол өзінің архитектуралық ескерткіштері және сұлу табиғатымен де танымал. Онда «Медеу» мұз айдыны, Көктөбе, 28 гвардиялық-панфиловшылар саябағы, Тәуелсіздік монументі, тағы өзге де көрікті жерлер көп. Биік тау баурайындағы қала бүгінде мәдени, тарихи, өндірістік ортаға айналған.

3. Шымбұлақ

«Шымбұлақ» тау шаңғы курорты – Іле Алатауы шатқалында 2510 метр биіктікте орналасқан. Жайлы климат, шуақты күндердің көптігі, тұрақты қар жамылғысы және табиғаттың таңғажайып көрінісі бұл жерге қысқы спорт түрлерін жақсы көрушілерді ғана тартып қоймайды. Сонымен қатар табиғат аясында, таза ауамен тыныстауды жақсы көретін жандар үшін де таптырмас орын. Онда келушілерге арналған үлкен шаңғы трассасы бар. Шаңғыға алғаш тұрған адамдар да, бұл спортпен кәсіби айналысатын жандар да сол жерден табылады. Шымбұлақтағы қалың қар қабаты желтоқсаннан сәуір айына дейін жатады.

4. Түркістан

Қазақстанның ең көне қалаларының бірі. Оның ең басты көрнекті жері V ғасырда іргесі қаланған Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. Ол сол заманның ерекше сәулет туындысы болып табылады. Күмбезі қыштан соғылған ғимарат ішінде үлкенді-кішілі 35 зал мен бөлме бар. Олардың барлығы бір-бірімен қос қабатты 8 дәлізбен және әртүрлі өтпелі баспалдақтармен жалғасып жатады. Орталық залда үлкен қазан орналасқандықтан ол жер «қазандық» деп аталады. Қазан түркі халықтарының қонақжайлылығы мен бірлігінің символы болғандықтан оның көлеміне аса мән берілген. Диаметрі 2,45, салмағы 2 тонна. 7 металдың қоспасынан жасалған дүние.

5. Шарын шатқалы

Бұл Қазақстанның өте көне және көркем жерлерінің бірі. Алматыдан шамамен 200 шақырым жерде орналасқан. Ұлттық паркінің құрамына кіретін Шарын шатқалы отандық және шетелдік туристерді таңғажайып көріністерімен тамсандыратыны рас. Шатқал 12 миллион жылға жуық шөгінді тау жыныстарынан қалыптасқан. Оның құздарының биіктігі 150-300 метрге жетеді. Мұнда өсімдік атаулының 1500 жуық түрі бар, 17-сі Қазақстанның Қызыл кітабына енген.

6. Балқаш көлі

Балқаш көлі – Қазақстанның оңтүстік-шығысында орналасқан тұйық көл. Аумағы Алматы, Қарағанды, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарын қамтиды. Каспий және Арал теңіздерінен кейін аумағы бойынша 3-орында. Көлдің батыс бөлігіндегі суы тұщы, ал шығыс бөлігіндегісі ащы болып келеді. Тіпті оның әртүрлі болуы ғарыштан да байқалады екен. Көлде балықтың 20-ға жуық, ал құстың 120-ға жуық түрі мекендейді. Оның 12-сі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.

7. Бурабай курортық аймағы

Бурабай Көкше өлкесіндегі ғажап мекен. Мұндағы ең танымал жер Жұмбақтас десек, артық айтпаймыз. Оның тұрпаты бір қарағанда египеттік сфинксті, енді бірде кемпір кейпін, кейде сұлу қызды көргендей әсер қалдырады. Бурабай және Үлкен Шабақты көлдерінің арасындағы қылтадан табиғаттың керемет сұлулығын көре аласыз. Жаныңызды жадыратар жазда көл жағасында демалсаңыз, қыста көңіліңізді сергітер спорттық сауықтарға аударуға болады.

8. Байқоңыр қаласы

Бұл қалада өзі аттас алғашқы және әлемдегі ең үлкен космодромдардың бірі орналасқан. Мұндағы көрнекті жердің барлығы осы саламен байланысты. Туристер арасында Байқоңыр ғарыш алаңы тарихының мұражайы, Халықаралық ғарыштық мектеп, Гагариндік ұшу алаңы, ғарышкерлер аллеясы аса танымалдылыққа ие. Сондай-ақ ұшу алдында ғарышкерлер тынығатын «Космонавт» қонақүйі бар. Ұшыру саны бойынша Байқоңыр ұзақ жылдар бойы өзінің алдағы орнын сақтап келеді.

9. Хан Тәңірі шыңы

Қазақстан Республикасының Қырғызстан және Қытаймен шекарасындағы ең жоғарғы биік шыңы болып табылады, шамамен 7 мың метрдей. Әлемдегі ең әдемі шыңдардың бірі. Оның төртқырлы пирамида іспеттес формасы оған ерекше көрік береді. Шыңның бір жақ бетін мәрмәрлі қабырға безендірген. Оны бағындыруды көптеген туристер армандайды.

10. Ақсай сынтастары

Бұл қола дәуірінен сақталған ескерткіштер тобы. Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының Ақтау станциясынан солтүстік-шығысқа қарай 15 км жерде орналасқан. Саны 10-нан асады. Бірінің жоғарғы жағында адамның екі көзі, мұрны, аузы бейнеленген. Басқаларының басы үшкірленген қой мен жылқының тұмсығына ұқсас. Бұлар қола дәуірі бақташыларының киелі жануарлары — қой мен жылқының құрметіне қойылған сияқты. Зерттеулер Ақсай сынтастарының б. з. б. IX-XI ғасырларда қашалғанын көрсетеді. Оны алғаш Ә.Х. Марғұлан басқарған Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы зерттеген.

11. Сақ қорғандары

Бұл қорған қазбалары Қазақстанды V-VI ғасырларда мекен еткен ежелгі тайпалардың мәдениеті, өнері, діні жайлы құнды деректер берді. Мұндай қорғандар елімізде көп болғанымен, басты шоғырланған жері Есік өзенінің маңы болып табылады. Көп қорғандар өткен заманнан бері тоналған. Алайда атақты «Алтын адам» табылған «Есік» қорғаны аман қалған. Ол жерден алтын киімді сақ жауынгерінің мүрдесінен бөлек, 4000 мыңға жуық түрлі әшекей-бұйымдар табылды. Бүгінде онда «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы бой көтерген.

12. Тамғалы тас петроглифтері

Өткен ғасырдың мәдени ескерткіштері, тасқа қашалған жазбалар Қапшағай қаласының аумағында Іле өзені маңында орналасқан. Оларды «жазба тастар», «қызыл тастар» деп атайды. Ал жергілікті тұрғындар «тамғалы тастар» деп атайды. Тамғалыны ежелгі шығармашалық көрме десек те болатын шығар. Себебі тас бетінде қашалған суреттер тарих қойнауының тереңде жатқандығын айғақтайды. Онда жануарлар мен адамдардың ежелгі өмір сүру салты бейнеленген.

13. Бекет ата жерасты мешіті

Маңғыстау облысындағы Үстіртте орналасқан Бекет ата жерасты мешітіне арнайы зиярат етіп келушілер көп. Облыс орталығы Ақтау қаласынан Қарақия ойпаты арқылы Жаңаөзен қаласына жетіп, әрі қарай міндетті түрде Шопан ата қорымына соғады. Кей аңыздарға қарағанда қорым, Қожа Ахмет Ясауидің шәкірті Шопан ата салдырған жерасты мешітінің төңірегіне салынған.

14. Іле-Алатау ұлттық паркі

Бұл жер өзінің қайталанбас көркемдігімен, мәңгі мұз басқан шыңдары, биік таулары және жасыл ормандарымен ерекшеленеді. Ол теңіз деңгейінен 600-4540 м биіктікте орналасқан. Саябақтың флорасында 1 мыңнан астам өсімдік түрі бар. Олардың 36 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына тіркелген. Сондай-ақ аумағында Талқыз және Түрген ескі қалашықтарының орны сақталған. Түрген шатқалында ертедегі темір дәуірінің зираттары мен Есік өзенінің бойында сақ қорғандары бар. Бутаков сарқырамасы, реликті мүк басқан Шыңтүрген шыршалары да табиғат ескерткіштері болып саналады.

15. Баянауыл ұлттық паркі

Бұл Қазақстан аумағында ерекше қорғауға алынған жерлердің бірі. Табиғи флора мен фаунаны сақтау мақсатында 1985 жылы құрылған. Онда сізді таңқалдыратын әртүрлі пішіндегі жартастарды кездестіруге болады.

16. Қатон-Қарағай ұлттық табиғи паркі

Бұл – Қазақстандағы ең үлкен ұлттық парк. Ондағы флора мен фаунаның алуан түрлілігі кімді де болса тамсандырады. Алдын ала алынған мәліметтерге қарағанда, парк аумағында тамырлы өсімдіктердің мыңнан аса түрі өседі. Олардың ішінде 30 түрі Қызыл кітапқа енген. Парктің басты игілігі болып табылатын орман ол аумақтың 34 пайызын алып жатыр.

17. Ұлытау таулары

Ұлытау – Сарыарқаның оңтүстік-батысындағы аласа таулы массив. Қарағанды облысы Ұлытау ауданы жерінде орналасқан. Солтүстіктен оңтүстікке қарай 200 км-ге созылып жатыр. Ұлытауда сақталған ескерткіштер палеолит пен неолит дәуірлеріне жол бастайды. Археолог-ғалымдар өткен дәуірдегі адамдардың мекендерін және еңбек құралдарын тапты. Қаракеңгір өзенінің жағасында палеолит дәуірінің Қазақстандағы ең ірі шеберханасы табылды. Осы күнге дейін «мұртты қорғандардың» құпиясы ашылған жоқ. Бір археологтар бұл мәйіт басына салынған құрылыстар десе, екіншілері көне обсерватория дегенге саяды.

18. Маңғышылақ түбегі

Маңғышылақ түбегі жайлы алғашқы деректер IX ғасырда араб герографының жазбаларында кездеседі. Қазақстан ескерткіштерінің жартысынан көбін осы жерден кездестіруге болады. Орта ғасырларда Маңғышылақ Шығыс пен Батыс арасын байланыстыратын сауда-экономикалық орталығы болған.

19. Үстірт

Ол – батыста Маңғыстау түбегі мен Қарабұғазкөл шығанағы, шығыста Арал теңізі мен Әмудария атырауы аралығын алып жатқан дөңесті аймақ. Қайталанбас табиғаты мұнда келгендерді қызықтырары анық. Өңірде табиғи қазба байлықтары кездеседі. Әрине, олардың қатарында бірінші орында мұнай тұр.

20. Каспий маңы ойпаты

Солтүстігінде Жалпы Сырт қыратымен, шығысында Үстірт және Маңғыстау тауларының етегімен, батысында Ергене қыратымен шектеледі. Ұзындығы батыстан шығысқа қарай 1000 км-ден астам. Каспий маңы ойпаты шөлейт және шөл аймақтарды қамтиды. Сортаң бозғылт қоңыр және қоңыр топырақ сипатты сор мен сортаң кең көлемде таралған. Солтүстігінде жусанды-бетегелі, оңтүстігінде жусанды-сораңды өсімдіктер басым. Жануарлардан ұсақ кеміргіштер – сарышұнақ, қосаяқ, аламан тышқаны, т.б. жиі кездеседі. Еділ мен Жайықтың аралығындағы құмдарда ақбөкен, қарсақ кездеседі.

21. Дегелең таулы массиві

Дегелеңнің ұзындығы 20 км алып жатыр. Оның аумағында 1991 жылы Семей ядролық сынақ алаңы болған. 1961 және 1989 жылдар аралығында 200 ядролық сынақ жүргізілген.

22. Алакөл көлі

Алакөл — Қазақстандағы Алматы және Шығыс Қазақстан облысының аумағында орналасқан тұйық көл. Қазақстандағы ең ғажайып көлдердің бірі десек, артық айтпаймыз. Аумағы 20 мың гектардан асатын бұл өлкеге денсаулығын түзетуге келетін жандар қатары көп. Көл суы минералды ресурстарға, йодқа, тұзға, химиялық элементтерге бай болғандықтан, оның денсаулыққа пайдасы тіпті медицинада дәлелденген.

23. Қайыңды көлі

Қайыңды 1911 жылы орын алған жер сілкінісінің әсерінен пайда болған. Көшкін жылжу нәтижесінде ол жолаушының көз алдында біршама сюрреалистік көрініс тудырады: суға батқан кемелерге ұқсас Тянь-Шань шыршаларының діңгектері тура судың ішінен 15 метрге дейін көтерілгендей.

24. Зайсан көлі

Қазақстанның үлкен әрі ерекше тұщы көлдерінің бірі. Қараңғы түсе көл жағасынан естілетін дыбыстарға байланысты оны кейде «қоңыраулы сыңғыр көлі» деп те атайды.

25. Мойынқұм шөлі

Бұл шексіз кеңістік сусымалы құмнан, кейде құбылмалы құм төбелерден, кейде батпақты төбешік пен ойпаттардан, тіпті бетон тәрізді қатты тақырдан тұрады. Қараған көзге тіршілік нышаны байқалмайтын шөл далада да құрғақ климатқа бейімделген тіршілік иелері бар. Сафариді жақсы көретін жандармен қатар, түйе және атпен серуендеуді қаласаңыз, осында келіңіз.

Толығырақ: https://kaz.zakon.kz/4916381-aza-stanny-25-k-r-kt-zher-n-zd-k.html

...