42-5-бап. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарға жүгіну
1. Тұтынушы тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарға жазбаша нысанда өтініш беру жолымен не Тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы өтінішпен не шағыммен жүгінуге құқылы.
Тұтынушы жазбаша нысанда жүгінген кезде тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар немесе уәкілетті орган мұндай өтінішті Тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың бірыңғай ақпараттық жүйесіне енгізуді және оны құзыретіне сәйкес тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы функцияларды жүзеге асыратын тиісті мемлекеттік органға жіберуді қамтамасыз етеді.
2. Тұтынушы сатушының (дайындаушының, орындаушының) ерікті түрде құқықтар мен заңды мүдделерді бұзушылықтарды жоюы, тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) кемшіліктері салдарынан залалды (зиянды) өтеуі туралы наразылықпен оған жүгінген кезден бастап, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше мерзім белгіленбесе, екі айдан кешіктірмей тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарға жүгінуге құқылы.
3. Тұтынушының өтінішіне:
1) сатушының (дайындаушының, орындаушының) тұтынушының өтінішіне жауабының көшірмесі, ал егер осы Заңда белгіленген мерзім ішінде сатушының (дайындаушының, орындаушының) жауабы алынбаған болса, – тұтынушының сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға) өтінішінің көшірмесі (бар болса);
2) өтініште жазылған мән-жайларды растайтын өзге де құжаттар (бар болса) қоса тіркеледі.
4. Тұтынушының өтінішінде:
1) жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), жеке сәйкестендіру нөмірі (ол бар болса), пошта мекенжайы;
2) өзіне қатысты тұтынушының талаптары қойылған сатушының (дайындаушының, орындаушының) деректері (заңды тұлғаның атауы, пошта мекенжайы, бизнес-сәйкестендіру нөмірі (ол бар болса);
3) тұтынушының талабы және тұтынушылық даудың мән-жайлары көрсетілуге тиіс.
Өтініште байланыс деректері (телефон, факс нөмірлері, электрондық пошта мекенжайлары және өзге де мәліметтер), сондай-ақ тауарларды (орындалған жұмыстарды, көрсетілген қызметтерді) және сатушының (дайындаушының, орындаушының) әрекеттерін фото-, аудио-, бейнетіркеуді қоса алғанда, өтініш дұрыс және уақтылы қаралуы үшін қажетті, тұтынушының құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылғандығын растайтын материалдар көрсетілуі мүмкін.
5. Өтініш Тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы берілген жағдайда өтінішке қажетті құжаттардың сканерленген көшірмелері қоса тіркеледі.
Қажет болған жағдайда, тұтынушының өтінішін қарайтын, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік орган ұсынылған құжаттар көшірмелерінің түпнұсқаларын құжаттарды сұратуға құқылы.
Толығырақ: https://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z100000274_