0 дауыс
913 көрілді
Ұлы жүзден шыққан Мәмбет батыр жайлы не білесіз?

1 жауап

0 дауыс
Мәмбет аталык, Мамбет би – XVIII ғасырда өмір сүрген, өз ортасында шоқтығы биік билердің бірі. Ол кезінде қазақ даласындағы оқиғаларға белсенді түрде қатысқан қайраткер тұлға. Қазақ хандығының одан әрі дамуына аянбай үлес қосқан, өзінен бұрынғы билер мен батырлардың ісін жалғастырушы. XVIII ғасырдағы қазақ билері мен батырларының көбі теңдессіз тұлғалар еді. Ресей патшалығы қазақ даласына еніп, үстемдік құра бастаған сол тұста олардың біразы Әбілқайыр ханның қасынан табылды.

Мәмбет бидің ханға қарсы шыққан би мен батырлардың алдына шыққаны жайлы: «…Уа ағайын! – крикнул он. – Я облил грязью хана Абулхаира и его русского друга досточтимого Кутлумахмета. Теперь вы знаете, кто убил наших родственников. Эти враги совершили свое черное дело, чтобы навсегда поссорить нас с орысами… Его слова мудрые, и мы решили сделать как он говорит – А если согласны, будем присягу принимать! – Крикнул Маймбет.

Присяга была принята, а обряд прощания с погибшими продолжался», – деп жазыпты жазушы Александр Сергеев «Петербургский посол» кітабында.

Бұлғақтан туған балалардың үлкені Бәйімбет бастап, қалғандары қостап Мәмбеттің билікке араласуына ықпал етті. Ел ішінде «Бес Бұлғақ» аталған олар ауызбірлікте бола білді. Сөйтіп Мәмбет жастайынан билікке араласып, оның есімі Кіші жүз қазақтары арасында белгілі болды. Бірінде батыр есебінде қол бастаса, енді бірде би аталып, Әбілқайыр хан отбасына қамқоршы, тәрбиеші ретінде Аталық деген атқа ие болған тұлға.

Аңыз әңгіменің артында шындық оқиғалар тізбесі жатады. Ол өткен тарихымыздың ауыздан-ауызға тарап жеткен шежіресі – жазба тарихтың негізі. Сондықтан да ел аузындағы әңгімелерді ой елегінен, тарихи деректер сүзгісінен өткізіп барып пайдаланғанда ғана мол қазына – рухани байлық болмақ. Ел ішінде есімі аса құрметпен аталатын тұлғаның бірі – шөмекей Мәмбет аталық. Мәмбет аталық есімі Сыр мен қыр арасында жиі айтылып жүрсе де, бүгінде баба айтқан ұлағатты сөздері мен тәрбиеге байланысты кеңестері, атқарған қызметтері туралы үзіліп жеткен сөздер ғана бар. Мәмбеттің адамгершілігі мен ақылдылығына тәнті болған халық оның есіміне аталықты қосып атайды. Аталық Шығыс елдерінде, жалпы, қазақ елінде де камқоршы, ақылшы деген мағынаны береді. Нақты айтсақ, бұл атақ ханның ұлдарын тәрбиелеуші дегенді білдіреді. Кейіннен хан сарайындағы шендік атаққа айналған. Ел басшысының отбасына аталық кеңес беру екінің бірінің қолынан келе бермейтіндігін ескерсек, Мәмбет бабаның ірі тұлға болғанын пайымдауға болады. Мәмбет әрдайым Әбілқайыр ханның қасынан табылып, көрші орыс патшалығымен дұрыс қарым-қатынаста болуына атсалысты.

Мәмбет аталық жөнінде Қазақстанның Халық жазушысы, белгілі қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың «Елең-алаң» атты тарихи кітабында: «…Төртінші күн дегенде тойдың тарағанын паш еткендей тай-тұяқ бастаған тоғызды жетелеген Кедей, Жайылған, Бақа, Киікбай бастаған шөмекейлер тобы Ырғыз бетке жылыстап шыға берді» делінсе, «Хан басын көтеріп, жан-жағына қарады. Қасындағы Мырзатайды шынтағымен қағып былай ығыстырып, ар жағындағы Айбастың Арыстанбайын иек қағып, қасына шақырды:

…Жиырма бес алшынның жанға-малға кенделігі жоқ, ең нуының бірі шөмен еді. Олар нағып тап мұндай жүдеу келгендеріне түсінбедім. Рас, ұсақ үш шөмекейдің қамшысы түгелге жуық. Бірақ, ол үшеуінің – бәрі қосылып, бір Бозығұлдың қарасын толтыра алмай тұр ғой. Сіздің сол көп ауылдан Келдібайдың екі төлі Киікбай екеуіңнен басқа ешкім көзге түспеді. Не ойлағандарың бар еді? Жалтырдың төрт бұйда ұстары – Жәдік, Алман, Шыбынтай, Кенже, Қаратамыр Мәмбет, Балқы Бәйбек шөмен атамның көшін арқар ұрандының қай ауылының күлінің басына апарып шөгерейін деп жүр?… Әйтпесе, іргедегі Ырғызда тұрып, аттарына жем түсе қояды дейсің бе? Әлде, көкіректері көлдеудегі көп жылқының пысқырғанына күпті ме?», – дейді Әбілқайыр (171-бет). Міне, осылайша Әбілқайыр хан көп шөмекейге емес, ел тұтқасын ұстанған азаматтарға өкпесін айтқан.

1738 жылдың 3 тамызында Орынбор шекаралық комиссиясының бастығы В.Н.Татищевтің қабылдауында болған Әбілқайырдың 12 биінің бірі – Мәмбет аталық. Яғни, ант берген ру ақсақалдарының билерінің ішінде (56 адам) Мәмбет аталық Бұлғақ баласы да болған. Оның есімі №4 тізімде тұр. Кіші ордадан: Алшын шөмекей руынан Мәмбет аталық Бұлғақов (Қазалы және Ырғыз уездері атынан) ант беруге қалай қатысқаны жазылған. Ант қабылдау құжатына Әбілқайыр хан мен баласы Ералы сұлтанның мөрлері қойылып, билер таңбаларын басқан. Бұл туралы М.Сералиннің «Айқап» (1913 жылғы – Т.Д) журналындағы «Қазақ қай заманда россияға қосылған?» атты мақаласынан оқып-танысуға болады. Жазба деректерде осылай жазылып қалған болса, ауызша деректер де бұдан алшақ емес.

Мәмбет аталық шамамен 1690-1759 жылдарда өмір сүрді деп топшылауға болады.

Мәмбет туралы айтқанда, жазғанда оның шығу тегі мен жасы ғана емес, қазақ халқы үшін атқарған еңбектерін, халық ісіне араласқан саясаткер, қайраткер болғанын қалың қауымға жеткізу абзал. Біріншіден, Еділ бойындағы қалмақтар мен башқұрттар, түркімендер, Жоңғар Алатауындағы қоңтайшылар елді бүліншілікке ұшыратқан тар кезеңде Әбілқайыр көршілес, іргелі ел Ресейдің қамқоршылығында жүгінбек болғанда, сол тұстағы хан саясатын қолдаған адам. Екіншіден, ханның кейбір саясатына келіспеушілігін де білдіріп отырған. Бұдан Мәмбет аталықтың хан мен халықтың арасында ықпалды адам екенін тани түсеміз.

Әбілқайыр хан қайтыс болғаннан кейін оның орнына Нұралы сұлтанды хан етіп сайлауға генерал-губернаторға арнайы хат жазып, үндеуге қол қойғандардың басы Жәнібек тархан еді. Ал сол үндеуге қол қойғандардың бірі де Мәмбет аталық. Осының алдында (1748 жылдың 21 қыркүйегінде) Бопай ханшаға көңіл айтуға Нұралы сұлтанмен бірге келген жүз адамның арасында қаратамыр Мәмбет аталық та болған. Және ол Әбілқайыр ханның өлімін анықтаған төрт бидің бірі болатын. Ханды өлтіргеннен кейін Барақ сұлтан елден көшеді. Бұлай қашып-пысып жүруді ар санаған Барақ өзінің ісін қарауды ұсынады. Істі қараған төрт бидің біріншісі Бағаналы найман руының бас биі Олжабай (кейде Өтебай деп те жазылады), Әлімнің төртқарасынан Қартоқа, Қозанай билер, шөмекей биі Мәмбет аталық. Олар құн төлетумен шектеліп, істі Барақ сұлтанның пайдасына шешеді. Бұл деректер Орынбор экспедициясының бастығы В.Н.Татищевтің «Экстрак ис полученных известиев о киргис-кайсацких и башкирских обрасеннах» деген жазбасында жазылған. Жалпы, орыс-қазақ қатынастары және де басқа да жазбаларда Мәмет Бұлғақұлының (архивте Булгаков) есімі 1730-1731 жылдардан бастап-ақ көрініс береді.

Әбілқайыр хан орыс елшісі, полковник Тевкелевті қабылдаған тұста басқа да би, батырлармен бірге Мәмбет те болған. 1736 жылы ағылшын суретшісі Джон Кэстльдің Орынбор экспедиция мүшелерімен бірге Әбілқайыр хан ордасында болған жазбалары 1741 жылы Санкт-Петерборда жарияланған. Толық нұсқасы 1784 жылы неміс тілінде Ригада басылған. Бұл еңбек 1996 жылы қазақшаға аударылды. Осы кітаптың 32-бетінде 1736 жылдың 22 шілдесіндегі жағдай жазылыпты: «… Содан төрт-бес сағат бойы киіз үйлі ауылдар арқылы жүріп отырдық. Қасыма еріп келе жатқан елшілер саны он төрт кісі болатын. Олардың есімдері Байбек батыр, Шағырбай батыр, Жандәулет, Құрманбай, Ақмолай, Лақа, Мамыт (Мәмбет), Алтай, Әбілқайыр ханның жасауылы Қалыбек, Жәнібек батырдың елшісі Лепес және басқалар». Осы кітаптың 47-бетінде «Осы айдың алтысы күні (тамыз айы) Байбек пен Мамет Әбілқайыр ханның маған жіберген сыйлығын алып келді, ішінде барқытпен тысталған бір малақай (тымақ), бір пар ақ сисадан тігідген шалбар бар, тағы бір пар қара шегрен етік, бір қылыш және ұзындығы үш жарым аршын цилиндерлі түтік, бір оқшантай жіберіпті… Сол күні кешке қырғыздың (қазақтың) барлық елшілерін, ханның ұлын, Ташкенттің елшілерін (бәрі қырық кісі болды) қонақ еттім, сыйладым», – деп жазады Джон Кэстль.

Ағылшын суретшісі қазақ ханының отбасын, айналасындағыларды және қазақтың салт-дәстүрлерін жаза отырып, хан қасындағы би-батырларды да естен шығармаған. Соның бірі Мәмбет аталық. Тіпті Мәмбет Бұлғақұлы Джон Кэстльді Самарға дейін шығарып салып, обер-секретарь Кирилловпен кездесіпті.

1738 жылғы В.Н.Татищевтің жазбаларында: «…10-го число явился посыланной по указу тайного советника в Киргиз-кайсацкую орду башкирской старшина Таймас-тархан с ним присланные от Абулгаир-хана Средней орды Женыбеков родственник, Букенбай-батырь да Малой орды Байрак-бий с товарысчи 9 человек». Осындағы 9 адамның бірі Мәмбет аталық (23-бетте).

… «Спрашивали у него Таймаса Жанбек, Сенкул, Кунай, Букей батыри, Байшав, Байрак, Сюрюк-бий, Маметь-аталык да Кара палван что де генерал и мурза отдадут ли нам ханского сына. (25-бет).

1748 жылдың 5 қазанында патшайым Елизаветаның атына ұсыныс жолдағандар туралы «Сношения России с киргиз-кайсаками» атты істе сақталынған, осы құжаттың №1 тізімінде Тұлақ би, екіншісінде Кедей би, үшінші болып Мәмбет аталық таңбасын басқан. 1748 жылдың қазан айында қазақ елінің хан-сұлтандары, би-батырлары бас қосып, жоңғарларға қарсы ұрысты аяқтау туралы кеңес өткізеді. Осы жиынға Мәмбет батыр да қатысқан. Мәмбет би 1748 жылдың қараша айында Батыр сұлтанды ақ киізге көтеріп, хан сайлағандардың қатарында болады. Бұл деректі Смайыл молда Әбдіразақов жазып қалдырған. Демек, Мәмбет аталық кейде екіұшты бағыт ұстағанын байқаймыз. Мұның алдында ғана ол Кіші жүздің көптеген билерімен бірге Әбілқайырдың үлкен ұлы Нұралы сұлтанды хан етуге ұсыныс жасағаны белгілі.

Сонымен қатар Мәмбет аталық Бұлғақовтың есімі Ресей құжаттында 1730-1748 жылдар аралығында жиі кездеседі. Демек ширек ғасырға жуық қазақ жұртшылығының өркендеп, өсуіне белсенді қызмет еткен тұлға. Кейде Мәмбетті батыр деп те атайды. Оның Әбілқайыр бастаған жасақта «Бұланты», «Білеуті» Аңырақайдағы ұрыстарға қатысқаны жайлы аңыз-әңгімелер бар. Ақкете Алтай батыр Ибескіұлымен бірге, әрқайсысы бес жүз, мың кісілік жасақты басқарғандары айтылып, жазылып та жүр. Орынбор архивін ақтарған жазушы Жұбатқан Мұратбаев «Мәмбет батыр» (2000 ж.) мақаласында 500 жасақты басқарып, жоңғарларды жеңуге үлес қосқанын жазады. Тағы бір ел аузындағы әңгімелердің бірінде Мәмбет аталықтың 1692 жылы туып, 103 жасқа келгенде өмірден өткендігі айтылады. Тіпті, Мәмбет бидің 80 жасында Садыр найманның қызына үйленіп, одан Жанқара, Алғара деген ұлдардың туғандығы айтылып жүр.

Ал Жұбатқан Мұратбаев Мәмбет аталықтың 1759 жылы 70 жасында өмірден өтіп, ораза айында Қожа Ахмет Яссауи мавзолейінде жерленгенін жазады. Қарт ұстаз Нариман Майқанов (1920-2001) бидің қыс айында қайтыс болып (сүйегін аманатқа қалдырып), кейіннен сүйегін Түркістандағы кесенеге әкеліп койылғанын сөз еткені тағы бар.

Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» мавзолейінде жатқан Мәмбет бабамызға құран бағыштау, оның рухын еске алу мақсатында 2004 жылдың 4 желтоқсанында Түркістанға барып құран оқыттық.

Кесенені аралап, суретке, видеоға түстік. Мавзолейдің кіреберіс қабырғасына осында жерленген хан, сұлтан билер тізімінің арасынан бабамыз Мәмбет аталықтың есімін көріп, марқайып қайттық.

Мәмбет аталыққа (би) Сыр ақын-жыраулары көптеген өлеңдер арнаған. Соның бірі Дүр Оңғар (1859-1902):

…Туыпты Құттығайдан үш арыстан,

Қайраты кем болмапты жолбарыстан.

Ағасы батыр Мәмбет, би Тәтімбет,

Інісі палуан Өтей мен бір туысқан, – деп жырлаған.

Шындығында архив құжаттарында Мәмбетті батыр демей, «Аталық», болмаса «би» деп, ал Тәтімбетті «батыр» деп жазған деректер сақтаулы.

Сонымен қатар Мәмбет Бұлғақұлының соңында билік шешімдерімен қатар қанатты сөздері қалған.

«…Алғашқы тәрбие – анадан, Ел билеуі әкеден», «Сапасы бардың санасы болар», «Бүгінгі бала бүркіт, ертеңгі қыран бүркіт» деген тағылымды сөздерінде үлкен мән жатыр. Ширек ғасырдай билікте болған Мәмбет Бұлғақұлы жайлы жоғарыда аты аталған сирек кітаптарда жазылғаны бекер емес. Өйткені Мәмбет Бұлғақұлы біріншіден, қазақ хандығының берік болуына, екіншіден, сыртқы жаудан қорғаудағы басшылығы, үшіншіден, Әбілқайыр ханның аталығы болуы, төртіншіден, шетелдік А.Тевкелеев, И.К.Кириллов, В.Н.Татищев, ағылшын суретшісі Джон Кэстльдермен сөйлесуі, бесіншіден, Әбілқайыр хан, Бопай ханым, Нұралы, Ералы, Барақ, Батыр сұлтандармен аралас-құралас болуы және хан өліміне әкеліп соққан үлкен дауды бейбіт жолмен шешудегі билік істері оның қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілуіне жол ашты.

Демек Мәмбет осындай атақ-дәрежеге сай адам болған, қазақ елінің бүтіндігіне үлес қосқан XVІІІ ғасырдағы басты тұлғалардың бірі. Сондықтан оның есімін ұлықтау, еске алу, түрлі игі-шараларды өтізуге Сыр елі түгел атсалысуы қажет. Бүгінгі ұрпақты бүгінгі жайма-шуақ заманға жеткізген осындай бабалар.

Толығырақ: https://turkystan.kz/article/83453-ata-y-aspanda-an-m-mbet-ataly/
...