Невроздарды емдеуде қатып қалған үлгі болуы мүмкін емес, өйткені ол негізінен әр ауру адамның жеке өзіне тән ерекшеліктеріне, оның жоғары нерв қызметінің типіне байланысты
Невротикалық жағдайлардың пайда болуына нерв-психика процестеріне артық күш түсу жататындықтан, емдеудің негізгі принципі - ми нерв клеткаларының демалысы мен тыныштығын қамтамасыз ететін жағдай туғызу болмақ.
Ауру адамдар көбінесе өзін-өзі емдеумен айналысуға тырысады, «олар дәл осындай ауруы бар таныстарыма көмектесті» дегенді сылтауратып, әр түрлі дәрілерді ішіп көреді.
Соңғы кезде нерв жүйесіне әсер ететін сан алуан дәрілік препараттар пайда болды, оларға нерв жүйесін тыныштандыратын транквилизаторлар (француздың «транквиль» - ұстамды деген мағынадағы сөзі) жатады. Бұл триоксазин, элениум, седуксен және т. б. Міне, осындай «модаға кірген» дәрілерді көптеген ауру адамдар дұрыс пайдаланбайды.
Өзін-өзі емдеу өте қауіпті: біреуге жаққан ем біреуге жақпайды, ал үшінші біреуге пайдасыз. Ауру адамды мұқият тексергеннен кейін дәріні тек дәрігер ғана белгілеуге тиіс.
Невротикалық жағдайларды тек дәрілердің көмегімен ғана емдемейді. Невроздардан зардап шегетіндерді көбінесе жоғары нерв қызметіне артық күш түсіретін жұмыстың бір түрінен екінші түріне ауыстырады. Кейде бұл ой еңбегін дене еңбегімен ауыстыру, немесе керісінше болуы мүмкін. Невроздардың өте-мөте ауыр түріне ұшыраған ауру адамға толық тыныштық беру керек - жұмыстан мүлдем босатып, санаторийге немесе ауруханаға жіберген жөн.
Бізден мидағы қозу және тежелу процестеріне қандай дәрілер әсер етеді, деп жиі сұрайды. Олар көп. Кейбіреулері, мысалы, бром, валерьяна, бес салалы сасық шөптің тұнбасы сияқтылар тежелуді күшейтеді, басқалары қозу процестерін нығайтады. Бұл топқа кофеин, фенамин, женьшеннің тұнбасы, қытай лимоны жатады.
Ауру адамның миында қай процестің: қозудың немесе тежелудің басым екендігіне қарап барып, нерв жүйесіне күш-қуат беретін немесе оны тыныштандыратын дәрілерді дәрігер ғана белгілейді.
Стационар жағдайында ұзақ ұйықтату арқылы емдеу тәсілі кең қолданылып келеді. Ұйқы кезінде ми қабығында жайыла тежелу пайда болып, ол төменде жатқан ми қыртысының аймағына таралады. Сейтіп, мидың барлық клеткалары тынығады және одан әрі жұмыс істеуге қажетті күш-қуат жинайды.
Ұзақ ұйықтату үшін шартты рефлекс тәсілдерін қолданады. Оның мәні ауру адамның ұйықтауы үшін қолайлы жағдай туғызу. Бөлме қараңғы немесе қара көлеңкелі болса, айнала тып-тыныш әрі терезенің сыртынан жаңбырдың тырсылдаған дыбысы естіліп тұрса, адам тезірек ұйықтап кетеді. Палатада мұндай жағдай қолдан жасалады.
Бұл арада емдеу арқылы ықпал ететін объект аурудың артық күш түскен психикасы болғандықтан невроздарды емдеуде психотерапияның ролі ерекше зор. Психотерапия дегеніміз - көзін жеткізу арқылы ауруға ықпал ету. Егер дәрігер невротикалық жағдай кезінде мида өтетін процестердің сипатын ауру адамға түсіндіре алса, егер ауру адам дәрігерді дұрыс түсінсе және оның кеңестерін орындап отырса, оған сенетін болса, емдеудің иәтижелі болары сөзсіз.
Гипнозбен емдеу немесе гипнотерапия - психотерапияңың ерекше түрі болып табылады. Гипноз сонау көне дәуірден бері белгілі. Ежелгі Грецияда оны емдеу тәсілі ретінде қолданған. Алайда гипнотерапия медицинаға XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында ерекше кең әрі мықтап енді.
Гипноздық жағдайдың негізінде ми қабығының жайыла тежелуі жатыр. Басқаша айтқанда бұл да ұйқы, бірақ жасанды ұйқы (грекше «гипнос» - ұйқы).
Ми қабығы жайыла тежелетін гипноз кезінде «ояу» орталық болады. Дәрігер мен пациенттің өзара байланысы осы орталық арқылы жүзеге асырылады. Сендіруге - гипнозға адамдардың бәрі бірдей берілмейді. Гипнозға берілу олардың жоғары нерв қызметтерінің типіне байланысты. Әдетте истерияны емдеу жақсы, неврастенияны емдеу нашар нәтиже береді, ал психастениямен ауыратындар гипнозға берілмейді деуге болады.
Невротикалық жағдайларды емдеудің басқа әсерлі түрі - физиотерапия. Тұзды-қылқанды немесе тұщы сулы жылы (37-38°) ванналар нерв жүйесін тыныштандырады, салкын душ - сергітеді.
Невроздарды емдеуде емдік физкультураға ерекше орын беріледі. Невротикалық жағдайларды емдеудің бұл тәсілінің мәні - сырқат адамдардың назарын ауруын уайымдаудан дене жаттығуларын орындауға аудару. Тек денешынықтырумен айналысу сабағына жарыс элементтерін енгізуге болмайды, өйткені бұл ауру адамды қоздырыңқыратуы және мазасыздандыруы мүмкін.
Невротикалық жағдайлардың дамуын алдын алу дегеніміз кең көлемдегі медициналық және әлеуметтік-экономикалық сипаттағы әлеуметтік-гигиеналық шаралардың жиынтығы, яғни сыртқы ортаны жақсарту мен организмнің өзін нығайту болып табылады.
«Ауруды емдегеннен гөрі, алдын алған оңай» деген мәтел жұрттың бәріне белгілі. Невроздарға қарсы профилактика баланың мінез-құлқы қалыптаса бастайтын сәби кезден, ол өзін қоршаған ортадағыны, жақсы, жаманның бәрін талғамай қабылдай беретін кезден басталуға тиіс. Бала кезде невроздардың дамуын алдын алу сонымен бірге ересек адамдардың да невротикалық жағдайларының профилактикасы болып табылады, өйткені бала кезден қаланатын негіз адамның мінез-құлқын айқындап, өте күшті сыртқы ықпалдың әсерінен ғана өзгере отырып, өмір бойы қалады.
Толығырақ: https://www.uniface.kz/index.php?post=article§ion=2&id=679