0 дауыс
917 көрілді
Қазақстан Президентін бүкілхалықтық сайлау және Қазақстанның Тәуелсіздігін жариялау

1 жауап

0 дауыс
Қазақ КСР президенті қызметіне кіріскеннен кейін бір жарым жылдан соң 1991 жылдың күзінде мен Жоғарғы Кеңеске республиканың сайлау жүйесін реформалауды ұсындым. 1991 жылы 16 қазанда Қазақ КСР президентін сайлау туралы заң қабылданып, соған сәйкес ұлт көшбасшысы болуға кім лайықты екенін депутаттар емес, елдің барша азаматтары шешетін, яғни, мемлекет басшысы жалпыхалықтық дауыс беру негізінде сайланатын болды.

Мен қалыптасқан әлеуметтік-саяси жағдайда тек отандастарымның сайлау учаскелерінде көрсеткен сенімдері ғана нағыз көшбасшылық құқығын беретініне бек сенімді болдым. Жаңа сайлау егемендік ұғымына шынайы және көңілге қонымды мазмұн беруге, Қазақстанның халықаралық беделін көтеруге және Президент лауазымына кім сайланса да оған аса күрделі жағдайда батыл әрекеттер жасау мандатын беруге тиіс еді. Ол қалайда алға басуға шешім қабылдаған елдің айналып өтуі мүмкін емес, қатаң, ауыр әрі қиын қадамдар жасауға тиіс болды.

Қазақстандағы тұңғыш бүкілхалықтық президент сайлауы 1991 жылы 1 желтоқсанда өтті. Бұл - Кеңес Одағының ақтық демі таусылар кездің қарсаңы болатын, оның экономикасы да біржола күйреп жатты. Қараша айында сайлаушылармен кездескенде проблемалардан қашқақтауға тырысқан жоқпын, популистік уәделер де бермедім, керісінше адамдармен ашық әңгімелестім. Сайлаушыларыма елді ауыр сынақтар күтіп тұрғанын, одан қалайда өту керектігін, себебі тәуелсіздік пен игілікке жетудің ептеп айналып өтетін басқа жолы жоқтығын түсіндірдім.

Сайлау учаскелеріне 8 681 276 адам келді. 98,8 процент дауыс алған сәтте мен елдің президентін ғана емес, болашаққа баратын жолын таңдап, менің маңайыма ұйысқан еліммен бірге айтып тіл жетпейтін тұтастықты сезіндім.

10 желтоқсан күні Алматыдағы Республика сарайында Қазақстан Республикасы Президентінің ант беру салтанаты өтті. Біз дербес өмір сүретін жағдайдамыз - менің ұлықтау салтанатындағы негізгі сөзім осы болды.

Арада жиырма жыл өткен соң бүкілхалықтық сайлау өткізілген мерейлі күн мемлекеттік мерекеге - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне айналды. Саяси күнтізбеде ол заңды және символдық тұрғыда Тәуелсіздік күніне ұласады. Тарихи 1991 жылғы президент сайлауы Қазақстанның тәуелсіздікке қарай жасаған шешуші қадамы болды.

Тәуелсіздікті жариялау. Әлем назары Қазақстанда

1991 жылғы сайлаудан кейінгі бірінші жұмыс аптасында, өзім 1991 жылдың 16 желтоқсанында қол қойған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы заңның мәтінімен жұмыс істедім. Құқықтық тұрғыда әлемнің саяси картасында дәл осы күні жаңа тәуелсіз мемлекет - Қазақстан Республикасы пайда болды.

Осылайша, тарихи әділеттік орнап, бабаларымыздың ұлы арманы орындалды. Бұған дейін декларация түрінде ғана болған мемлекеттік тәуелсіздік енді конституциялық негізге ие болды. Заңдағы 18 баптың біріншісі біздің еліміздің ішкі және сыртқы саясатын дербес белгілейтін және жүргізетін тәуелсіз демократиялық және құқықтық мемлекет деп жариялады.

Осы жерде аздап шегініс жасамақпын. Меніңше, Тәуелсіздік күні тек ресми бекітілген мерекелік дата ғана болуға тиісті емес. Бұл күннің одан анағұрлым маңызы үлкен мазмұны бар. Ол тәуелсіздік жолындағы күрестің нүктесін қоюмен бірге, оның басталған күні де болды. Бүгін әр қазақстандық оны өзінің жеке тәуелсіздігі мен табысты күні есебінде мерекелей алады.

Республиканың барлық халқы үшін маңызды, біздің әрқайсымызға Қазақстанның азаматы болу құқығын сыйлаған Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы заңға арада бірнеше күн өткен соң - 20 желтоқсанда қол қойдым.

Енді ел азаматтарын сыртқы қатерден қорғауды өз әскері қамтамасыз етеді. Менің 1992 жылдың 7 мамырындағы Жарлығыма сәйкес, Қазақстан аймағында дислокацияланған ТМД Қарулы күштерінің әскери бөлімдері республиканың жаңадан құрылған Қарулы күштерінің құрамына енгізілді. Алғашқы Қорғаныс министрі болып даңқты армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов тағайындалды. Соның алдында, қаңтар айында, біз ішкі және шекара әскерлерін құруды бастаған едік.

Рәміздер - мемлекеттіліктің атрибутикасы. Жас республикаға өзінің ерекшелігін айшықты да қысқа, түсінікті бейнеде ұқтыратын символдар қажет болатын. Осынау жауапты міндеттің шешімі көп күш-қуат талап етті. Ұзаққа созылған жұмыс менің белсенді қатысуыммен, 1992 жылдың жазында аяқталды.

Сол жылдың 4 маусымында тәуелсіз Қазақстанның рәміздері бекітілді. Көк байрақта самғаған қыраны бар, күннің нұры мен шаңырақ, қанатты тұлпар кейпіндегі елтаңба бүкіл әлемге танылды. Қазақстанның және бұрынғы одақтас республикалардың ұзақ уақыт аңсаған тәуелсіздікті алу қуанышы біздің халықтарымыздың маңдайына жазған тарих дүбірінің күрделілігін ұғынуға жалғасты.

Әлем жаңа мемлекеттердің қалыптасуына мұқият зер салды. Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқы болып Түркия Республикасы мойындады. Оқиға Тәуелсіздік туралы Заңға қол қойғаннан кейін бірнеше сағат өткенде жүзеге асты және қазақстандықтар түркі ынтымағының мұндай көрінісін жоғары бағалады. Келесі 11 желтоқсан күні Қазақстанды Ресей Федерациясы, 25 желтоқсанда Америка Құрама Штаттары мойындады. 1992 жылдың 3 қаңтарында бұл ұлы державаларға - Қытай, ал жылдың соңына дейін тағы 102 мемлекет қосылды.

Толығырақ: https://www.google.kz/amp/s/www.inform.kz/kz/kazakstan-tauelsizdigi-kalay-zhariyalandy-elbasy-kitabynan_a3098808/amp
...