Жұмыскер өндірісте жарақат алса
Қызметкер жұмыс уақытында, жұмыс орнында өндірістік жарақат алса немесе денсаулығына зиян келсе, жұмыс беруші әлеуметтік жәрдемақы төлеуге жауапты. Басқаша айтатын болсақ, "уақытша жұмысқа жарамсыздығына байланысты төленетін жәрдемақы" деп аталады.
Еңбек кодексінің 133-бабына сәйкес жұмыс берушіні өз қаржысы есебінен уақытша еңбекке жарамсыздығы бойынша әлеуметтік жәрдемақыны төлеуге міндеттейді.
Ол үшін жұмыскер есептеу бөліміне еңбекке жарамсыздық парағын, оны жоғалтып алған жағдайда – көшірмесін ұсынуы қажет.
Уақытша еңбекке жарамсыздығы бойынша жәрдемақы қандай жағдайда төленеді?
Жұмыс беруші өз қаржысы есебінен жұмыскерге еңбекке жарамсыздығы бойынша әлеуметтік жәрдемақыны төлеуге міндетті.
Еңбекке жарамсыздық бойынша әлеуметтік жәрдемақыны төлеуге денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен тәртіпте берілген еңбекке жарамсыздық парағы негіз болады.
Еңбекке жарамсыздық бойынша әлеуметтік жәрдемақы жұмыскерге еңбекке жарамсыздықтың бірінші күнінен еңбекке қабілеттілігін қалпына келгенге дейін немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мүгедектігі анықтағанға дейін төленеді.
Қандай жағдайларда жәрдемақы төленбейді?
- Заңды күшіне енген сот үкімімен айыптылығы анықталған жағдайда, қылмыстық құқық бұзушылық жасау барысында алған жарақаттары салдарынан еңбекке жарамсыз болған қызметкерге;
- Соттың анықтауы бойынша мәжбүрлі емдеу кезінде (психикалық науқастардан басқа);
- Заңды күшіне енген сот үкімімен немесе қаулысымен жұмыскердің айыптылығы анықталған жағдайда сот-медициналық сараптамасы кезінде және қамауда болған кезде;
- Алкоголь, есірткі немесе уытты заттарды пайдалану салдарынан жарақаттар алғанда немесе аурулардан жұмыскер уақытша еңбекке жарамсызд болғанда;
- Жыл сайын төленетін еңбек демалысына келген уақытша еңбекке жарамсыздық күндері үшін.
Әлеуметтік жәрдемақы мөлшерлері қалай анықталады?
Бір айға төленетін жәрдемақының мөлшері тиісті жылғы айлық есептік көрсеткішпен есептеледі.
Нақты жұмыскердің жәрдемақы мөлшері уақытша еңбекке жарамсыздық парағына сәйкес төленуге жататын жұмыс күндерінің санына оның орташа күндізгі еңбекақысын көбейту жолымен анықталады.
Мысалы, жалақыңыз 100 мың теңге болса, оны бір айдағы жұмыс күндер санына (бір айда шамамен 22-23 жұмыс күні бар, мереке күндер болса алып тастайсыз) бөлесіз. Осылайша, орташа еңбекақыны есептеп аласыз.
100 000 : 22 = 4545 теңге шығады. Осы соманы жарамсыздық парағына сәйкес төленуге тиіс жұмыс күндердің санына көбейтесіз. Мысалы, аптаның төрт күнінде ауырған болсаңыз: 4545 х 4 = 18180 теңге шығады.
Егер уақытша еңбекке жарамсыздық алдыңғы жылы басталып, ағымдағы жылы аяқталса, онда жәрдемақыны есептеу және оның мөлшерін айлық шектеу тиісті жылдағы айлық есептік көрсеткішті қолданумен, екі тәсіл арқылы жүргізіледі.