Ислам дінінде суицид жасаушылардың күнәсі адам өлтіргеннен де ауыр. Тіпті, ертеден-ақ ата-балаларымыз Ислам дінін ұстанып, ондай адамдардың жаназа намазын оқымаған және мұсылмандар жерленетін мазарға емес айдалаған көмген. Бірақ бұл жағдай халық арасында діннің жоғары мәртебеге ие болған кездерінде болатын Қазіргі кезде мыңдаған өз-өзіне қол жұмсап көз жұмса да жаназа намазы оқылып, мұсылмандар мазарына жерленуде. Шариғат заңдары адамдарға өзін-өзі өлтіруге рұқсат етпейді. Ол туралы хадисте: «Кімде-кім өзін темір қарумен өлтірген болса, ол әрқашан тозақта сол темірді көтеріп жүреді. Ал кімде-кім у ішіп өлетін болса, ол адам тозақта мәңгі у ішіп жүретін болады. Егер біреу өзін өлтірмек болып таудан құласа, ондай адам тозақта мәңгі құздан құлап бара жатады» дейді. Жан – Жаратушының адам баласына берген ең қасиетті аманаты болса, өз өмірін қию – сол аманатқа жасалған қиянат. Дінге сенімі бар адам өмірдің қиындықтарын сынақ деп біледі, өткінші деп қарайды. Әрбір қиындықтан кейін, жеңілдіктің келетініне сенеді. Жаратушыдан үмітін еш үзбейді. Сабыр етеді. Өмірдің ең қиын сәттерінде де өзін өлтіруге бармайды. Ендеше, өзін-өзі өлтірудің себептерін өмірдің қиындықтарынан іздеу дұрыс емес. Мұндағы басты себепті «сенім» деп білген жөн. Өмірді – Жаратушының бізге берген үлкен сыйы ретінде қабылдап, әртүрлі соқпақ жолдардың қиыншылықтарына төзіп, әр қиыншылықтың өзінен бір жақсылық іздеп, өз-өзімізді өлімге қимай, керісінше тығырықтан шығатын жол іздеп, өмірдің қадірін түсіну ол біздің басты парызымыз.
Толығырақ: http://anatili.kazgazeta.kz/news/38359