0 дауыс
732 көрілді
1. «Кенжетай» роман үзіндісін оқыңыз.Мазмұның жазыңыз. 2.Қазақтың Қанышы дегенде көз алдыларыңызға кім елестейді?

1 жауап

0 дауыс

Қазақ өзінің тарихын жеке тұлғалары арқылы парықтауды дәстүр еткен халық. Байырғы заманнан бастау алатын бұл дәстүр Жолды-тегіннің тас қашау жазбаларында, “Құпия шежіреде”, сондай-ақ Бабырдың, Мұхаммед Хайдардың, Әбілғазы Баһадүр-ханның, Ұлықбектің, Қадырғали Қосымұлының, Өтеміс-қажының, Шәкәрім-қажының, Құрбанғали Халидтің, тіптен берідегі Мұхаметжан Тынышбайдың еңбектерінде айқын көрініс тапқан. Әрі-беріден соң, қазақтың шежірешілдігі де тарихты жеке тұлғалар арқылы танудың, тарихты жеке тұлғалардың өнегелі өмірі арқылы парықтаудың орныққан дәстүрі болып табылады. Түптеп келгенде, бұл дәстүр әрісі Еуразия көшпелілері, берісі қазақ халқы тарихының философиясы екені ден қойдыруға тиіс. Қазақтың дәстүрлі философиялық пайымында өмірді өзгертуден бұрын, алдымен адам сапасын шыңдауды нысана етеді. Шежірешілдік дәстүрде де өмір туралы жалпылама деректен бұрын, алдымен адам туралы мағлұмат беру басты шарт. Яғни, қазақтың дәстүрлі тарихи танымы бойынша адам бар жерде ғана тарих бар. Адам тарихтың негзігі тұлғасы, ал адам сапасы тарихтың қозғаушы күші. Әрбір адам әкесі мен шешесінің ғана перзенті емес, сонымен бірге этностың да бір мүшесі. Қазақ үшін этнос тарихы жеке адамнан тыс қарастырылмайды, керісінше адам әулетінің өмірбаяны ретінде қарастырылады. Сонда, қазақтың тарихнамалық зердесі дегеніміз тек қана саясатқа, шаруашылық-мәдени ахуалға немесе қоғам дамуының заңдылықтарына қатысты жалпылама сөз емес, ең алдымен сол тарихтың субъектісі болып табылатын нақты адам туралы пайым болып шығады. Мұның өзі тарих ғылымында ертеден төбе көрсеткен, әсіресе соңғы кезде француз тарихшыларының арасында тұтас дәстүрге айналған “әлеуметтік тарих” немесе “тарихи антропология” деп аталатын үрдіспен үндес екенін атап өткен жөн.

Осынау өміршең үрдіс жалпы қазақ өнерін де, соның аясында сөз өнерінде де өзінің тамырын тереңнен тартып, сабақтастығын үзбей жалғап келе жатқан орнықты дәстүр деуге болады. Тек көркем проза тілінде ғана сомдалған қазақтың тарихи тұлғалары бүгінгі таңда тұтас галереяға айналған. Этностың қордаланған тарихы бар мәдени-рухани жады дейтініміз осы. Міне, қазақтың осындай текті дәстүрінің соңғы кезде өрісін ұзартқан тегеурінді  туындыларының бірі жазушы Медеу Сәрсекенің “Қазақтың Қанышы” атты ғұмырнамалық роман-эссесі.

Тарих еншісіне айналған ұлы тұлғалар, олардың ұлағатты өмірі жер басып жүрген тірілер үшін мерей-мәртебе ғана емес, ең бастысы  ұлттың мәдени-рухани деңгейінің тарихы көрсеткіші, халық өресінің бедерлі айғағы ретінде ден қойдыруға тиіс. Өйткені, ұлы тұлғалардың өзі тарих еншісіне айналғанымен, олардың өнегелі өмірі бүгін мен болашаққа қызмет етеді. Қазақ халқының бүгіні мен болашағының мақтанышы да, қызметшісі де болып тарих төрінен орын алған біртуар тұлғалардың бірегейі Қаныш Имантайұлы Сәтбаев. Оның адам ретіндегі қасиет-болмысы парасаттылық пен кемелдіктің үлгісіндей болып ұрпақ жадында сақталса, ол тындырған ұлан-ғайыр істер Қазақстанды тарихи дамудың жаңа сапалы белесіне шығарып, ғылымы мен экономикасының тұғырын бекемдеп берді. Тарихи тұлғаның осы қасиеттерін М.Сәрсеке өз романына тұжырымдамалық өзек етіп алған, айнымас темірқазық етіп ұстанған.

Әрине, бұл бір айтарға ғана оңай сөз. Әйтпесе, Қаныш Сәтбаев сияқты қиямет заманның оты мен суын белшесінен кешіп, қияпат кезеңнің ызбары мен ызғарын басынан өткеріп, сол заманы мен кезеңі бетін берсе таспай, сыртын берсе саспай, қашанда халқының қамын өмірінің мағынасы деп білген тағдыры күрделі тұлғаның ғұмырнамалық диалектикасын ашып көрсету және терең біліктілікпен, тегеурінді қаламгерлікпен ашып көрсету қиыннан да қиын шаруа. М.Сәрсеке сол қиынның қиынымен беттесе отырып, замана көлденең тартатын мың сан құбылыстың тағдыр қалыптастырғыш тілін зерделеу арқылы “Заман – Қоғам - Адам” проблемасын тұжырымдамалық өреде көрсетіп бере алған. Яғни, заман мен қоғамның ең бір шиеленіске толы ширыққан кезеңінде ұдайы ұлы тұлғалардың сын тезіне түсіп отыратыны және ондай шақта ұлы тұлғалардың тегеурінді әрекет-қарымы керісінше қоғамдық, қажет болса заманалық құбылыстарға ықпал ететіні шеберлікпен суреттелген. Түптеп келгенде, романның өзінде ғана емес, исі қазақ прозасына шырай беретін философиялық толымды идеясын осылай парықтауға болады.

Романда Қаныш Сәтбаев бейнесі қазақ халқының ХХ ғасырда басынан өткерген барша жетістігі мен жеңісінің, қиындығы мен қасіретінің куәгері ретінде ғана суреттеліп қоймайды, сол күрделі кезеңнің бел ортасында жүрген қаһарманы тұрғысында сомдалған. Яғни, Қаныш сынды ұлы тұлғаның ғұмыр шежіресі арқылы тұтас бір тарихи кезеңнің әлеуметтік-саяси, мәдени-рухани болмысы ашылып көрсетілген. Автор тек суреткер ретінде ғана емес, инженер-металлург ретінде де Қ.Сәтбаевтың кәсіби және ғылыми өмір жолын саралай суреттеуге келгенде қаламгерлік қарымдылығына қоса, тақырыпты кәнігі біліктілікпен игерген тереңдік танытып отырады. Ғұмырнамалық романды шынайы көркемдік биікке көтере алған себептердің бірі осы екені шәк келтірмейді.

М.Сәрсеке романда бас кейіпкерді бірыңғай сыдыра  мақтауға бармайды. Өмір шындығын өзек ете отырып, Қанаңның қателескен, сүрінген, шамырқанған, ширыққан тұстарын, сондай-ақ ізденген, күрескен, жеңіске жеткен кезеңдерін шығарманың алтын арқауына айаналдыра алған. Мұның өзі, авторлық қиялға көп ерік бере қоймайтын ғұмырнамалық романның көркемдік өресін биіктетуге кепіл болған. Былайша айтқанда, автор өмір драмасын өнерге айналдырған. Әсіресе, империяның кезекті репрессиялық әрекеті басталып, “ұлтшылдықты іздеу” науқаны қабындаған 50-ші жылдар зардабын, сол кездегі Қ.Сәтбаевтың қатерлі де, қаһарлы сыны мол кезеңді бастан кешуін романның ең бір кульминациялық шыңы деуге болады. Ет жүректі пенденің шыдау-шыдамауы неғайбыл ситуацияда Қанаң шын мәнінде парасаттылық пен даналықтың, азаматтық пен табандылықтың үлгісін көрсетеді. Мұның бәрі романда терең тебіреніспен, тегеурінді суреткерлікпен көрініс тапқан.

Автор Қ.Сәтбаевтың ізімен жүруге, ол болған орындарды көзімен көруге айрықша мән бергені байқалады. Әсіресе, Қанаңның көзін көргендермен сырласып, ұлы тұлғаның өмір майданындағы болмысын тану үшін; дәлірек айтқанда, ұлы тұлға бейнесін сомдау үшін ұрымтал пайдалана білген. Бұл ретте, тарихи деректер, айғақтар, естеліктер, архив материалдары авторлық баяндауы жандандырып, бас қаһарманның өсіп-жетілу жолдарын, ғылыми-кәсіби шыңдалу кезеңдерін барша ақиқатымен аша түсуіне себепші болып отырады.

Қ.Сәтбаев тұлғасын сомдау М.Сәрсекенің қаламгер ретіндегі ең өзекті мұратына айналғанын осындайда атап өтудің артықтығы жоқ. М.Сәрсекенің алғаш Қанаң туралы қалам тартуы мен соңғы роман-эссесінің арасында аттай 36 жыл өтіпті. Осы уақыт ішінде Қанаң жайында үлкенді-кішілі 7 кітап жариялап, бұл кітаптары әлемнің 112 еліне тарапты. Ұлы тұлғаны ұлықтауға қатысты еткен еңбек, төккен тер осындай-ақ болса игі.

Сөз соңында, М.Сәрсеке роман-эссесінің идеологияшыл қыспаққа ұшырамай, жал-құйрығы күзелмей, авторлық ой-тұжырымдар тұншықтырылмай, толық нұсқасында жарық көруі және көз қуанып, көңіл сүйсінетіндей болып басылуы, ең алдымен тәуелсіздігіміздің шапағаты екеніне шәк жоқ. Сонымен бірге, “Атамұра” баспасының да елдік іске шынайы жанашырлықпен, кәсіби біліктілікпен, шығармашылық жауапкершілікпен қарап, кітапты биік талғам деңгейінде басып шығарғанын атап өткен жөн. 


https://adebiportal.kz/kz/retailing/view/348

...