Үлкендер бұрын «сайтан» деген сөзді дауыстап айтуға болмайды, олар көбейіп кетеді» дейтін. Жалпы, сайтан деген не деген сұраққа біреулер «сайтан деген көзге көрінбейді, ол адамның бойында болатын жаман қасиеттер ғана» дегенін де сан мәрте естідік. Десе де, көрген ертегілердің әсерінен бе, әйтеуір көпшіліктің сайтанның келбетін мүйізді хайуан (екі аяқты) ретінде елестететіні рас. Біздің ауылда сайтанды көрген адамдар көп. Соларға қатысты оқиғаларды «Алаш айнасының» оқырмандарына әңгімелеп бергім келеді.
Аулымызда «Төрт сақау» деген ферма бар. Неге екені белгісіз, онда қазір ешкім тұрмайды. «Төрт сақау» деген атауды біреу ол жерде сақау адамдар тұрған деп түсіндірсе, енді біреулер төрт көрші сақау адамша бір-бірімен араласпапты деген дерек айтады. Десе де, бұл мекеннің иесіз қалу себебі мен айтқалы отырған оқиғаға байланысты болса керек.
«Төрт сақаудағы» иесіз қалған үйге біздің ауылдан Мағаш деген қария ат-арбасымен барып, ескі-құсқы шегелерін суырып, қалған құрылыс материалдарын бұзып алып жатса керек. Сонда биікте тұрған оның бетіне күн сәулесі түсіп, күн түскен жақтан жеткендей болған дауыс: «Не алып жатсың, ей, Мағаш? Тиіспе!» – деп, жақындап келген бір пәлекет жағасына жармаса кетіпті. Мағаш ақсақал алыса кетіп, ақыры әлгінің маңдайынан балғамен соғып, тілін кәлимаға келтіріп, сайтаннан басым түсіпті. Бір көзі ағып түскен сайтан: «Ә-ә-ә-ә, мені жеңдім деп барасың ғой, шіркін, жеңілсем де, үрім-бұтағыңды оңдырмаймын!» – деп кетіпті. Бұл оқиғаны ауыл адамдары бертінге дейін майын тамызып айтып жүрді. Бірақ содан бері «Төрт сақауда» ешкім тұрған емес.
Екінші оқиға Қанапия мұғалімнің басынан өткен. Қанапия мұғалім ішімдік ішіп жүріп бірде Қорабай атты молдаға тіл тигізіп алады. Күндердің күнінде ол мал жайғауға қорасына кіріп, кіре беріc есікті даладан жарық түссін деп шалқасынан ашып тастайды. Бір уақытта есік жабылып, қора ішін қараңғылық басады. Қанекең серіппесі тартылып қалған шығар деп ойлап, есікті шалқасынан қайта ашып, ауыр ағашпен тіреп қояды. Бір уақытта ағаш орнынан өз-өзінен қозғалып, есік тағы жабылады. Қанапия мұғалім қорқып үйіне келеді. Келсе, өзі жататын бөлмеде шаштарын жайып неше түрлі шаштары жалбыраған албастылар би билеп, мәз-мейрам болып жүр. Үйдегі басқа адамдар өз беттерімен жүр, ештеңе елер емес. Сөйтсе, әлгі пәлекеттер тек Қанапия мұғалімге көрінеді екен. Қай бөлмеге барса да артынан қалмай, топтасып әндеткен олардан зәрезап болған Қанапия Қорабай молдаға келіп: «Ата, өткенде сізге тіл тигізіп алып осындай пәлеге ұшырадым. Кешіріңіз! Құтқарыңыз мені мыналардан!» – деп жас балаша жылапты. Қорабай ата оған ішірткі жазып, дұға оқып, не істеу, қандай сөздер айту керектігін үйретіпті. Оның айтқандарын орындаса, әлгі сайтандардың бәрі Қанапияның көз алдында буынып-буынып кішкентай ғана затқа айналып жоғала бастапты. Тек арасындағы бәрінен кәрі, жап-жасыл түсті албастыға дұғаның күші жетпей қалған көрінеді. Басқасынан құтылса да, әлгі артынан қалмай қойыпты. Қанапия мұғалім Қорабай атаға қайтадан барып, мән-жайды айтып, ата тағы да құран оқиды. Қанапия үйіне барса, әлгі шашы ұзын, жасыл албасты «Құртты-ау мына Қорабай!» деп жанұшыра айғайлап, Қанапияның көз алдында өз-өзінен буынғандай күйге түсіп, жарылған шардай кішірейіп, жоқ болып кетіпті. Сол оқиғадан кейін Қанапия ағайдың Қорабай молдаға деген құрметі ерекше болды.
Осы ауылдық округте Сарыөлең деген жер бар. Ол жерді заманында жеті әулие мекен еткен. Сондағы Әулиебұлақтың жанындағы төбеде олар дұға оқыған дейді. Тіпті бұл жерді мекен еткен әулиелердің бірі – Лекер диуана Меккеден оралмай, ұрпақтарына сол жақтан оның асатаяғы жеткен. Қазір ол асатаяқ бар, көзіміз көрді. Міне, сол Сарыөлең жерінде жындардың ордасы болыпты. Ауыл ақсақалдарының айтуынша, Лекер диуананың баласы Айтмағамбет қажының жындармен тілдесетін, оларды ықтыратын құдіреті болыпты. Ауылда әлгі жындарды көздерімен әртүрлі кейіпте көрген адамдар науқасқа шалдығып қалады екен. Оларды Айтмағамбет қария әкесінен қалған асатаяғымен ұшықтап емдеп жазатын көрінеді. Осы Айтмағамбет атаның көзін көрген, бала кезінде сол үйде болған Нығмет деген ақсақал мынадай хикая айтқаны бар: «Бір күні қой қайырып жүрсем, қияқтың арасында бір көркем келген әйел адам гүл теріп жүр екен. Күлімсіреп маған жақындай берді. Одан соңғысын білмеймін. Есімді жисам, Айтмағамбет ата таяғымен ұшықтап, «ештеңе етпейді, балам, жазылып кетесің» деп отыр екен. Біраздан соң: «Мен оларға кетіңдер деп едім, соңғы кәрісі кетпей қалған ғой» деп, сырт жаққа барып, дұға оқып, әлгілермен тілдескен көрінеді. Кейін Нығмет ақсақал «Олар енді бұл жақта жоқ. Соңғысын да құрттым» дегенін естиді атаның.
Бұлардың бәрі ескілікті оқиғалар болғанымен, мен қазіргі заманда сайтан көрген адамды да көрдім. Ол – менің досым Азамат.
– Бір күні ұйықтап жатсам, жаман түс көріп қиналып жатыр екем, – деді ол. – Бір уақытта әйелімнің даусынан оянып кеттім. Әйелім: «Жындымысың, мұншама соққаның не?» – деп, ренжіп, аунап түсті. «Мә-ә-ә-ә, мен сені ұрып жатырмын ба? Ренжімей бері қарап жатшы, жаман түс көріп қорқып жатырмын!» – дедім. Әйелім тыңдамай, теріс қараған күйі ұйқыға кетті, маған сенбеген болуы керек. Түсімде шекесінде мүйізі бар, бойы бір қарыс мақұлықты анық көрдім. Әсілі, түсімде деуім бекер, кәдімгідей өңімде көрдім. Көзіме елестетсем, бойым әлі тітіркеніп, жаным түршігеді. Әлгі мақұлық әйелім екеуміздің жастығымыздың ортасына тұрып алып: «Мынаны ұр! Ұр!» – деп, мені әйеліме қарсы қатты айтақтады. Менің ұрмайтыныма көзі жеткен соң, ерегесіп барып әйелімнің аузына тұрып алғаны. Сол мезетте оған ызаланып кетіп, бар күшімді салып жұдырығыммен аямай соққыладым-ай келіп. Сөйтсем, әйелімнің жағын сындыра жаздапын ғой. Әлгі сайтан әйелімді соққызу үшін әдейілеп оның аузына барып тұрып алған екен», – деді Азамат. – Негізі, мен ас ішіп болған соң «бисмилла» деп бет сипауды білмеймін, төсекке жатқанда немесе көлікке мінгенде де Алланың атын аузыма алу деген жоқ. Әлгі оқиғадан соң әйеліммен арамыз оңбай қойды. Ішіп алып қол көтеріп, отбасымды ырың-жырың қылдым. Емшілерді шақырып үйді аластатып та көрдік. Біреулер «бұл дұғалағаннан болған» деп те айтты. Қалай десек те, әлгі пәлекет дегеніне жетіп тынды.
Негізі, иығына сайтан, жын мініп алған адамдар ауру болып қалады. Менің бір апайым соңғы жылдары ауру болып қалды. Ауру болғанда, көрпені бүркеніп жатып алады. Нақ «бұқпа жын» дегеннің өзі. Бірде оған бір көріпкел: «Сіздің жыныс мүшеңізден қара жын ішіңізге кіріп, әбден семіріп отырып алған, сол сізді алға бастырмайды, артқа тартады да тұрады», – депті. Апайым оған сеніп отыр. «Мен ауыр босандым. Ауруханадан шыққан соң іш киім кисем денем ауыратындықтан, көп уақыт үйде жалаңаш жүрдім. Жындар кірсе кіргені рас та шығар», – дейді ол. Негізі, дінімізде ұятты жерлерді үйде жауып жүру керегі айтылады ғой. Баяғыда әжелеріміз «жалаңаш жатуға болмайды» дейтін, сол бекер емес шығар. Дәл жоғарыда айтылғандай бұқпа жын ауру менің тағы бір танысымда бар. Ол да үйде тарс бүркеніп жата береді. Оңашада өз-өзінен шегі қатып күліп жүреді. Былайынша, ақыл-есі дұрыс адам. Кейде түн ортасында әндете жөнеледі. Көріпкелге барғанда оған да «Ішіңе қара жын отырып алған, ол – кәрі жын» дегені бар еді. Мен оның сөзіне әбден сенем. Өйткені танысым кейде жын не істе десе соны істейтіні бар. Кейде өз-өзінен ванна бөлмесіне қамалып алып, қырғышпен қабырғадағы әкті қырып тастайды.
Мен жын-сайтанның барына, тіпті көзге көрінетініне қатты сенем. «Жын», «сайтан», «ібіліс», «албасты» деген атауларының болуы да олардың түрлері, жас ерекшеліктері болатынын аңғартатын сияқты. Сонымен қатар, «ақ жын», «қара жын» тіркестерінің ауызда жүруі тегін емес. Олар жүрген жерде жақсылық, береке болмайтыны белгілі ғой. Ал жындар адам баласының ішіне кіріп алса тіпті жаман екен. Сондықтан олардан сақтанып әрдайым тілімді кәлимаға келтіріп, жүз мәрте «біссімілланы» қайталап жүруге тырысам. Жын иектегендердің кебін кигім келмейді.
Толығырақ: https://alashainasy.kz/gazhaip/saytan-korgen-adamdar-52207/