Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев 1998 жылдың 25-қазанында Қ.И.Сәтбаевтың 100 жылдық мерейтойында дайындықтың барысы жөнінде өзі өткізген кеңесте: «Менің ойымша, Қ.И.Сәтбаев – кешегі өткен Кеңестер Одағының ғана ұлы адамдарының бірі емес, ол өтіп бара жатқан ғасырдың ұлы перзенті. Тап осындай заңғарға Қазақстаннан да, қазақтардың арасынан да ешбір адам көтерілген емес» деп атап көрсетті. Президент өз сөзінде академиктің тойын оның дүниежүзілік ғылымға қосқан үлесіне сай, Сәтбаев даналығын әлем жұртшылығы танитындай дәрежеде өткізу дүниежүзі халықтары арасында Қаныштай ғұлама ұл туған қазақ елінің мерей-мәртебесін биіктетеді деген тамаша тұжырым жасады. Н.Ә.Назарбаевтың Қ.И.Сәтбаевқа берген бағасы – шын жүректен туған әділ баға. Академик В.А.Амбарцумянның сөзімен айтқанда, «Қ.И.Сәтбаев таңғажайып құбылыс болған». Қазақстанның индустриялық даму жолындағы кемеңгерлігі, ғылыми жан-жақтылығы, әлемдік дәрежедегі ойшылдық қабілеті, елдің күш-қуатын арттырудағы орасан еңбегі, үлкен ұйымдастырушылық дарыны, сирек кездесетін адамгершілік қасиеттері оны Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов, Мұхтар Әуезовтермен қатар халықтың шексіз махаббатына, өшпес құрметіне бөледі. Дарынды қазақ халқы ғасырда көптеген ғалымдарды өмірге әкелді, солардың арасында Қаныш Имантайұлының тұлғасы құзар шыңға ұқсайды. Қ.И.Сәтбаевтың арқасында Қазақстан геологиясы өндірістік және іс жүзінде ғана қолданылатын ғылым өлшемі шеңберінен шығып, адамзаттың ой әлемін қозғайтын биік дәрежеге жетті. Сондықтан да оның жарқын бейнесін XX ғасырдың ойшыл ғұламаларының арасынан көреміз. Ол біздің, қазақ деген халықтың, адамзат құрылымының арасында берік тіркелген паспортымыз, мәңгі мақтанышымыз болып қала бермек. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ұсынысымен ғалымның 100 жасқа толған мерейтойын атап өту ЮНЕСКО-ның күнтізбегіне енгізіліп, 1999 жыл дүниежүзінде Қ.И.Сәтбаев жылы болып аталып өтті. Егер адамзат күннен-күнге гуманизмнің ең жоғарғы сатысына аяқ басса, Қ.И.Сәтбаев гуманизмі сол үрдіске үлкен үлес қосты. Оның бар болмысы, жан талабы, азаматтық құштарлығы, ғылыми арманы барлық халықтардың өркениетті өмірге жету жолына арналды. Сондықтан да ол дүниежүзілік деңгейдегі ғалымдар қатарына қосылып, қазақ елінің маңдайына біткен шоқ жұлдызының біріне айналды. Биыл Қаныш Сәтбаевтың туғанына 115 жыл, қайтыс болғанына 50 жыл толып отыр. Көкейде бір өтінішіміз де бар. Біз жақсы білеміз, Алматыдағы Ғылым Академиясының ғимаратын салдыруда Қанекеңнің еңбегі ұшан-теңіз. Қазір оған «Ғылым ордасы» кәсіпорны ие. Осы «Ғылым ордасына» неге Қаныш есімін бермеске? Мұның өзі туған елі үшін жан-тәнімен еңбек еткен ұлт перзентіне көрсеткен елеулі құрметіміз болар еді.
Толығырақ: http://anatili.kazgazeta.kz/news/22236