Француз жазушысы Луи Арагон «Абай жолын» оқығаннан кейін мынадай ой түйіпті: «Әлемнің басқа елдерінен онымен тең түсетін шығарма табу қиын. Менің ойымша, бұл ХХ ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі». Автор эпопеяда суреттеу шеберлігін танытқан. Эпопеяда адам образдарын жасайтын штрих, детальдар толып жатыр. Мінездеу, мүсіндеу, жинақтау – бәрі бар».
Кейіпкердің сөзбен бейнеленген суреті І томда көптеп кездеседі. Рахманқұл Бердібаев шығармадағы портреттердің кескінделуі туралы былай деді:
1. Қаһарманның сырт келбетін толық келтіру.
2. Адамның бірер белгісін ерекше атап өту.
3. Адам портретін қайталап, әрбір қырынан толықтырып отыру.
4. Қаһарманның бет-жүзіндегі, денесіндегі ерекшелікті екінші бір адамның көзімен бағалату.
Осы төрт белгіге тоқталсақ, біріншіге Абайдың Ділдәға үйленгеннен кейінгі бейнесі жақсы келеді. Екінші ерекшелікке Ұлжан портретін алуға болады. Оспан «Ойбай, баурем деп» келгенде, толық денесін қозғағанынан оның денелі екенін білеміз. Ал Құнанбайдың бейнесі әр қырынан көрінеді. Қатал кескін оқиға барысында қайталанып отырады. Бұл үшінші ерекшелікке келеді. Ал соңғысына Абайдың бейнесін алайық. Әке сәлемімен Байдалыға барып тілдесіп, оның сөзін мырзаға жеткізуге асыққан Абай бейнесі Құнанбайдың көзімен көргенде, «екі көзі от шашып, беті қызғылттанған». Бүгін эпопеядағы арулар мен аналардың бейнесін топтастырып отырмыз.
Зере.
Абайдың сүйікті әжесі. Құлағы мүкіс тартқан кәрі әжей. Автор қарттық дендеген әженің бейнесін күрделі эпитетпен көрсетеді: «Құлағы көптен мүкіс тартқан кәрі әжей». Құнанбайдың бұйрығын әкелген Жақыптың сөзін әжесіне Абайдың жеткізген тұсы. Әже бейнесі: «Әжесінің бұл күнде өңі қуарып, қатты жүдеген. Әжім атаулысы бір түрлі молайып кеткен. Абай жақындағанда ол құлағын түрді». Бұл үзіндіде автор бір оқиғаны сипаттап отырып әженің бейнесін қоса суреттеген. Кәрі әже қатты сырқаттанды. «Басында ыңқылы күшті боп, тынысы ауырлап келіп еді. Келесі күні дәрмен азайып, өздігімен қозғала алмайтын болды. Алақандары кішкентай әрі тым әлсіз. Оның дене күші бітсе де, ойы сап-сау. Тек үні әлсіз». Өмір мен өлім арасында арпалысып жатса да, ойы сап-сау әженің бойынан қуат кеткен. Автор кейіпкердің динамикасы мен бейнесін астастырып, байланыстырып, қарт ананың әлсіздігін дәл суреттейді.
Күңке.
Күздеуден жеті көшіп отырып, Қызылшоқы, Қыдырға, Көлқайнарға жеткен Құнанбай ауылдары енді осы аралардағы қыстау-қыстауына тарамақ болатын. Бірақ Құнанбай «тарамасын» деген бұйрық беріпті. Үлкен бәйбіше Күңкенің үйіне түсіпті. Күңке – Құнанбайдың үлкен бәйбішесі. Ұзын бойлы, қара сұр, ашаң жүзді. Автордың тілдік шеберлігінде сөз жоқ. Әңгімені алыстан әкеліп, кейіпкердің бейнесіне тоқтайды. Кішкене анықтама беріп, таныстырып, жүзінің ашаңдығын, бойының ұзындығын бір ауыз сөзбен қайырады.
Ұлжан.
Абайдың анасы. Ұлжан үлкен, толық денелі адам. Мұны қалай анықтадық? Абай ауырып жатқанда Оспан «Ойбай баурем!» деп келгенде, Ұлжан Абайдың сырқатының үстінде өзін жаман шошытқан Оспан мінезіне қатты ашуланды. Оспан жинаулы тұрған жүк үстінде жатып алып «Ойбау, Абай!» деп жынды ұлғайтты. Мәтінге сүйенсек: «Оспан енді байқады. Шешесінің үлкен, толық денесі қайта қозғала бастады». Міне осы жерден денелі екендігін байқаймыз. Демек, автор кейіпкердің бейнесін оқиға желісінде қарапайым суреттеп береді.
Нұрғаным.
Бердіқожа дейтін қожаның қызы, Құнанбайдың тоқалы. «Өзі жас та болса кесек, ірі денелі, нұр жүзді болатын. Әсіресе, толқынды қою қара шашы мен бет бітімі бөлек. Жүзіндегі әдемі қызылымен қатар, бет тұлғасы да сұлу. Шошақтау біткен үлкен қара көздерінде аса бір қайратты ашудың және естіліктің оты болатын». Нұрғанымның бейнесі осы үзіндіден-ақ көрініп тұр. «Толық денелі, дөңгелек жүзді Нұрғаным сұлу да, сәнді екен. Әсіресе, қоңырқай келген, үлкен өткір көздері ерекше ажарлы. Жүзінде жастық пен саулық, тоқтық – баршасы да нұрлана түсіп шырай береді. Ақаусыз бетінде мөлдіреген тұтас қызылы бар. Ерге біткен көрнекті мұрнының оң жағында кішкене, томпақша меңі бар екен. Нұрлы қызыл жүзіне біткен қап-қара мең, өзінше қатты жарасып тұр». «Кесек, ірі дене», «нұр жүз», «толқынды қою қара шаш», «шошақтау біткен үлкен қара көздер», «қоңырқай келген, үлкен өткір көздер», «ақаусыз бет», «мөлдіреген тұтас қызылы», «кішкене, томпақша меңі», «нұрлы қызыл жүз», «қап-қара мең» - осы эпиттердің бәрі Нұрғанымның бейнесін суреттейді. Автор кейіпкердің бейнесін сан түрлі палитрамен (қоя қара, қоңырқай, қызыл түстер) бояған.
Сүйіндіктің қызы – Тоғжан.
«Сылдырлаған шолпысы, әлдеқандай былдырлаған тілі» арқылы Тоғжанның жүріп келе жатқанын сезесің. «Құлақтағы әшекей сырғасы, бастағы кәмшат бөркі, білек толған неше білезіктері баршасы да бұл өңірдан Абайдың көрмеген бір сәні сияқты. Толықша келген, аппақ жүзді, қырлы мұрын, қара көз қыздың жіп-жіңішке қасы да айдай боп қиылып тұр. Қарлығаш қанатының ұшындай үп-үшкір боп, самайға қарай тартылған қас жүрекке шабар жендеттің жебесіндей». Қазақ қызының образын дәл суреттеген автор табиғи сұлулықтың сырын ашып берді. Әдемі өңге сұлулық беретін бояу емес, әшекейлер екендігін айтатындай. Түрлі эпитеттермен қатар, ұтымды теңеу де қолданылған. Арудың қасын «қарлығаш қанатының ұшындай үп-үшкір боп, самайға қарай тартылған» деп суреттейді. «Жүрекке шабар жендеттің жебесіндей» деп қасының үшкірлігін бейнелейді.
«Бір уақытта шегірен шымылдық толқып барып қозғалды да, есік жақтағы шетінен шолпы сылдыры естіліп, Тоғжанның әсем бойы көрінді. Қолына бір торғын көрпені алып, бері шығып келеді екен. Асықпай, тіпті, ақырын қозғалады. Шолпының ендігі сылдырынан өзі қысылған тәрізді» - ал мына бір үзіндіде қимылы мен сәні жарасқан арудың бейнесін көреміз. Тоғжанның сымбаттылығын асырып тұрған шолпының сыңғыры секілді.
Ал Бөжей көшінің кезінде «Өтіп бара жатқан бес қыздың тап ортасында, жібек жал ақ жорға атқа мінген Тоғжан екен. Судыраған қара жібек биқасаптан әдемі жеңіл шапан киген. Басында жап-жаңа қара кәмшат бөрік. Мойнында әсемдеп, кең ораған құбылма түсті торғын шәлі. Құлағында үлкен алтын сырғасы ырғалып келе жатқан Тоғжан, мынау ат үстінде, мынадай топ қыздың тап ортасында, дәл көп жұлдыз арасындағы Шолпандай... Ақ маңдай, аппақ жұмыр мойнына, қолаң жібек шашына бетінің үлбіреген қызылы соншалық жарасып тұр. Қара шапан сыртынан белін шымқай буған сарғыш жібек белбеуге оң қолын сүйеп, мықынын таянған» деп автор тұтас бір мәтінді Тоғжанға арнайды. «Жібек жал ақ жорға атқа мінген Тоғжан», «судыраған қара жібек биқасап», «әдемі жеңіл шапан», «жап-жаңа қара кәмшат бөрік», «кең ораған құбылма түсті торғын шәлі», «ақ маңдай», «аппақ жұмыр мойын», «қолаң жібек шаш». Мына тұста жазушы кейіпкердің бейнесін киімдерімен қоса суреттейді. Оны өзгелерден ерекшелеп тұрған үлкен алтын сырғасы көш жүрген сайын ырғалып келе жатқаны көз алдыңа елестейді.
Сүйіндік ауылына Абай мен Ербол бастаңғы кезінде қонақтатып келгендегі Абай мен Тоғжанның алтыбақан теуіп, қосыла ән айтатын еді ғой. Сол бір тұста «Абай бір шақта, жас сұлудың жүзінің бала қуанышын көрді. Бақыт күлкісіндей бір рақат, ырзалық елес беріп, Абайға қадала қарап, езу тартты. Келгеніне, тапқанына сүйсініп, ішінен алғыс айтқан тәрізді. Қарлығаш қанатының ұшындай боп, айдай сызылған жіп-жіңішке қастары көтеріліп-жазылып, Абайға өзгеше бір үн қатқандай болды... Нұрлы қара көздерін төмен салып, үнсіз мүлгіп тыңдады». «Қарлығаш қанатының ұшындай», «айдай сызылған жіп-жіңішке қастары» жазушы әдемі теңеумен нәзік тұсты дәл суреттей алған.
Күлбадан.
Абайдың екінші баласы. «Ділдә бейнелес, ақ сары, мазасыз қыз. Абайша, «Сары шаян». Әкесі «Сары шаян» атаған қыз Ділдәға ұқсайтынын осылай бір ауыз сөзбен суреттеп бере салған.
Қазақтың сөз өнеріндегі «Әуезов әйелдері» деп атауға болатын айрықша әсем образдар галереясы ұлы эпопеяның жан тебірентер ғажайып жаңа бейнелерімен толықты. Төрт кітапта үлкен-кіші, ірі-ұсақ образдағы жүзге тарта әйел кейіпкер бар. Романдағы әйелдерді бейнелеген сәттер оқырманның көзі мен көңілін қатар жаулап, жан-жүрегін қоса баурайды. Бұлар жүрген жерлер кейде мұхит бойын түгел жайлаған жылы ағыс секілді, кейде қиырсыз кең-байтақ құрлықтың ойы-қырын тегіс сәулелендіре шүлен шұғыласына бөлеген күн нұры тәрізді, кейде көкжиекті керіп әкеткен кербез теңіздің көз жеткісіз көк айдынына сән берген аппақ ақ шағалалар сияқты.
«Әуезов әйелдері» галереясындағы ерекше портрет – әжелердің үлгісі Зере, сарабдан, сабырлы ақыл иесі, аналар үлгісі – Ұлжан, «сылдырлаған шолпысы әлдеқандай былдырлаған», бар сыры мен назын Абайға ғана құпия баян ететін «ақ еті атқан таңдай аппақ» ару, махаббат таңының үлгісі - Тоғжан, жас жігіттің нақ сүйер сұлу жарының үлгісі – Әйгерім.
Ақпарат дереккөзі: https://massaget.kz/okushyilarga/uy_tapsyirmasyi/30321/