Біздің пайымдауымызша, шын қандас туыстық жүйе көбінесе 7 атадан басталып, 15—20 атаға дейін барады. Әдетте, мұндай туыстық жүйе ру деп аталады. Рудың ішіндегі жақын туыстар деп 7 атаға дейінгілер есептеледі. Жақын туыстар өзара қыз алыспайды. Балаға кішкентайынан жеті атасының кім екенін жаттатып өсірген. Бір атаның балалары жақындығы жағынан 7 атадан асқаннан кейін ғана өзара құдандалық қатынасқа түсуіне рұқсат етіледі. Оны ел ақсақалдары арнайы рәсімдейді. XVII—XIX ғасырларда кейбір рулар туыстығымыз, берекеміз бұзылмасын деп, 13—15 атаға дейін өзара қыз алыспаған. Жақын туыстар арасында қыз алыспау тәртібін рулық экзогамия дейді.
Әріден келе жатқан үлкен руларда қандас туыстықпен қатар жай генеалогиялық (шежірелік) туыстық қалыптасқан. Рулардың өсіп-өну үдерісінде олар әр түрлі тарихи себептермен (соғыс, жер ауып көшу) өзара араласып сіңісіп отырған.
Рудың өзінің көшіп-қонатын аумағы, рулық таңбасы, ортақ ұраны болған. Ұран ретінде сол рудың белгілі бір атақты адамының аты қабылданатын. Қазақ жөн сұрасқанда: "Қай рудансың?", "Қай елсің?" — деп сұраған. Мысалы, басқа тайпа арасына барғанда, алдымен қай жүзден, қай рудан, сол рудың ішіндегі қай тармақтан екенін, содан соң қай атадан тарайтынын айтқан. Мысалы: "Ұлы жүзбін, оның ішінде дулатпын, дулаттың ішінде жаныспын, оның ішінде жантумын, одан өтеміспін", — деп, бергі атасына дейін атап береді.
Қазақ ру-тайпалары өзара қатты араласқан. Бұл араласу, бір жағынан, бір-бірімен некелік қатынастар арқылы болса, екінші жағынан, ел басына күн туған соғыс, жұт, әр түрлі жұқпалы аурулардан қоныс аударудан болған. Сонымен қатар ру-тайпалардың араласуына тайпалар, рулардың бір саяси-этностық одақтар құруы әсер етіп отырған. Қазақтың "Қарға тамырлы қазақпыз" деген нақылы олардың бір-бірімен туыстас екендігін көрсетеді.
Қазақ қоғамының жүзге, руға бөлінушілігінің кейде келеңсіз, жағымсыз жақтары да бар. Өзінің шыққан тегін, аталарының шежіре тарихын әркім білуі керек. Онсыз адам тексіз, өнегесіз болып өседі. Бірақ өз шыққан тегін біле тұра, бүгінде сол ру-тайпалардан сан ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ деген біртұтас халықтың ұрпағы екенімізді ешқашан ұмытпауымыз керек.
Толығырақ: https://kk.wikipedia.org/wiki/