1) Баб әл-Мандеб (араб.— қайғы қақпасы) — Африка құрлығы мен Араб түбегі арасындағы бұғаз.
Аден шығанағы арқылы Қызыл және Араб теңіздерін қосады. Ұзындығы 109 км, ені 26,5 км-ден астам, фарватерінің ең таяз жері 31 м. Бұғаз арқылы Қызыл теңіз суының тұздылық режимі реттеледі. Жылдық жауын-шашынның түсімі өте аз (50 мм). Бұғаздың халықар. кеме жолы қатынасында алатын орны ерекше. Еуропа, Оңтүстік-шығыс Азия, Австралия елдерін байланыстыратын ең қысқа су жолының бойында жатыр.
2) Басс бұғазы — Австралия мен Тасман аралы аралығындағы бұғаз. Тасман тауларын Үнді мұхитымен жалғастырады. Ұзындығы 490 км, ең енсіз жері — 213 км, тереңдігі 51 м-ге дейін. Тұрақты ағысы батыстан шығысқа қарай бағытталған. Бұғаздың батыс бөлігінде — Кинг, ал шығысында — Фюрно аралдары жатыр. Басты порты — Мельбурн қаласы Басс бұғазын 1798 жылы ағылшын зерттеушісі Дж.Басс ашқан, соның құрметіне осылай аталған.
3) Зонд бұғазы — Индонезиядағы Суматра мен Ява аралдарын бөліп тұрған бұғаз.
Ява теңізін Үнді мұхитымен жалғастырады. Бұғаздың ені оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай 105 км-ден 22 км-ге дейін кішірейеді. Осы бағытта тереңдігі де 1000 м-ден 50 – 60 м-ге дейін азаяды. Фарватерінің ең саяз жері 28 м-дей. Бұғаз төрттік кезеңде жер қыртысының жарылу нәтижесінде пайда болған. Зонд бұғазы осы күнге дейін жанартаулар ықпалында. Бұғаз аралдарының бірінде Кракатау жанартауы орналасқан. Зонд бұғазы Үнді мұхитынан Индонезия теңіздері мен Тынық мұхитқа өтетін аса маңызды теңіз жолы болып саналады
4) Мозамбик бұғазы – Үнді мұхитындағы Мадагаскар аралы мен Африка аралығындағы бұғаз. Ұзындығы 1670 км, ені 422 – 925 км. Тереңдігі орталық бөлігінде 2400 м, солтүстік мен оңтүстік жағында 3000 метрден астам. Мозамбик бұғазындағы Мозамбик жылы су ағысы солтүстіктен оңтүстікке қарай ағады. Бұғазда Еуропа аралы бар. Ірі порттары: Бейра, Накала, Келимане.
5) Торрес бұғазы (ағылш. Torres Straіt) — Жаңа Гвинея мен Кейп-Йорк (Австралия) түбегінің аралығында. Үнді (Арафур т.) және Тынық (Маржанды т.) мұхиттарды жалғастырады. Ұзындығы 74 км, ені 150 – 240 км, фарватеріндегі ең таяз жері 7,4 м. Кеме жүзуіне кедергі келтіретін аралдар, жартастар, су астындағы тау жоталары көп. Күшті толысу ағыстары өтеді. Бұғазды ашқан испан теңізшісі Л.Торрестің құрметіне аталған.
Толығырақ: https://kk.wikipedia.org/wiki/