Шартты түрде тоқырау жылдары деп аталып жүрген кезең 1960 жылдардың ортасынан 1980 жылдардың ортасына дейінгі мерзімді қамтиды. Бұл кезеңде Кеңес Одағының ықпалы бұрынғыға қарағанда әлсіреп кетті. КОКП-ның халықаралық аренадағы беделі түсіп, дүниежүзілік арандатушы фактор түрінде көріне бастады. КСРО-дан іргесін аулақтатып əкеткен мемлекеттер: Югославия, Египет, КХДР, ҚХР. Дамудың жаңа бағытына құлшыныс 1968 жылғы Чехословакияда болған оқиғалардан айқын көрініс берді. 1970 жылдардың 2-жартысында социализмнің кеңестік нұсқасынан бас тарту, демократиялық қоғам орнату жолындағы күрес Польшада революциялық қайта құрулар жүргізуге ұласты. “Ынтымақ” қоғамдық ұйымы Польшаның 1980 жылдардағы дамуына ықпал етті.
1970 жылдардың соңында Қытай экономикасында түбегейлі өзгерістер басталып, ел экономикасының тұтастай оңды дамуына алып келді. Ал КСРО-да Ішкі істер министрлігінің, МҚК-нің және әскердің күшіне сүйенген компартия кез келген бөгде пікірге жол бермеуді қатты қадағалап отырды. Новочеркассскідегі, Грузиядағы, Балтық республикаларындағы оқиғаларға қатысқандар қатал жазаланды. Қалыптасқан режімге наразылық түрі – диссиденттік етек ала бастады.
1960 жылдардың 2-жартысында КСРО-да коммунизм құрудың негіз үш мақсаты орындалмайтыны белгілі болды. Социализм жүйесі елдерінде социализмді бірте-бірте жетілдіру идеясы туындады. 1967 жылы Қазан төңкерісінің 50 жылдығына арналған салтанатты мəжілісте Л.И.Брежнев “кеңес халқының өткен тарихи даму жолының басты қорытындысы кемелденген социалистік қоғам орнату болып табылады” деп мəлімдеді. Бұл партия теорияшыларына коммунистік болашақты белгісіз мерзімге сырғыта салу мүмкіндігін ашып берді.
Кеңес қоғамының даму үдерісіндегі бітіспес қайшылықтардың бірі КСРО-ның 1977 жылғы 7 қазанда қабылданған Конституциясынан көрініс тапты. “Кеңес қоғамының басты жəне бағыт беруші күші, оның саяси жүйесінің ұйытқысы КОКП” екендігі айтылды. Компартия билігі конституциялық күшке ие болды.
1978 жылғы наурызда Қазақ КСР Конституциясының жаңа жобасы бүкілхалықтық талқылауға түсті. Небәрі бір жарым ай ішінде талқылау жүргізілген болды. 1978 жылғы 20 сəуірде Қазақстан Компартиясының мақұлдауымен Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің кезектен тыс сессиясында қабылдану рәсімінен өтті. Республикадағы ең жоғарғы заңды билік органы – Жоғарғы Кеңес те, атқарушы билік – Министрлер Кеңесі де толық партиялық бақылау аясында жұмыс істеді.
Республика партия ұйымының басшысы – мемлекеттің басшысы міндетін атқарды. Республика партия ұйымының бірінші хатшысы болып 1960 жылдан Д.А.Қонаев сайланды. 1962 жылдан бастап екі жыл Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы қызметін атқарды. 1964 жылдан бастап қайтадан бірінші хатшы болып, 1986 жылдың желтоқсанына дейін қызмет атқарды.
Толығырақ: https://itest.kz/kz/ent/qazaqstan-tarihy/9-synyp/lecture/viii-tarau-toqyrau-zhyldaryndahy-qazaqstan-qohamdyq-sayasi-damudyng-qajshylyqtary