Жер бетінде қанша адам болса, сонша түрлі мінез-құлық пен өздеріне ғана тән тұлғалық қасиеттер бар. Бұл бірінші кезекте адамның қандай отбасында тәрбиеленгенімен байланысты. Яғни қарсы алдыңызда тұрған адамның киім киісінен бастап, сөйлеу мәнерінен оның ата-анасының немесе тәрбиесіне араласқан жақындарының қандай адамдар екенін түсінуге болады. Адамдармен тіл табысудың ең бірінші кілті — шекара сақтау, тұлғаның жеке кеңістігіне өтпеу. Осы және өзге де тіл табысудың басты қағидалары туралы алматылық психоаналитик Айгүл Хайдарова айтып берді.
1. Өзгенің жағымсыз сезімін қабылдауға міндетті емессіз
Әрине, көбінесе көтеріңкі көңіл-күймен жүретін, сізге барынша жақсылық ойлайтын адамдармен ғана араласқаныңыз жақсы. Бірақ, өкінішке орай, мұндай мүмкіндік бұйыра бермейді. Мысалы, жүйкесі сыр беріп, үнемі өзгелерді сынап-мінеуге дайын тұратын адаммен кездестіңіз делік. Мұндайда, алдымен, терең демалып, ойша артқа бір адым жүріңіз. Кейін жәй ғана күлімсіреңіз. Осылайша өзіңізді сақтандырасыз. Ашуланып тұрған жақын адамыңызбен диалог жүргізгеніңіз дұрыс, әрине. Бірақ кездейсоқ адамның жағымсыз сезімдерін қабылдауға міндетті емессіз. Мысалы, отбасылық кикілжіңдерін шеше алмаған азаматтар жұмыста әріптестеріне тиіседі. Сондай-ақ, керісінше жұмыста бастығымен немесе әріптестерімен тіл табыса алмағандар, үйдегілердің мазасын алып жатады. Кикілжіңді тиесілі жерде шешпегені үшін сіз кінәлі емессіз.
2. Бәрі уақытша
Бұл сөздің бірде қуантып, бірде жүрекке мұң ұялататыны рас. Бақытты сәттердің ғұмыры ұзақ болсын. Ал кикілжің кезінде бұл жағдайдың аз уақытқа созылатынын ескеріңіз. Сондай-ақ, үндемеу арқылы сіз кикілжіңнің өмірін қысқартасыз. Кейін, тіпті, өзіңізге алғыс айтатын боласыз.
3. Қабылдай білу
Ғашықтарда жиі кездесетін қателік — бір-бірлерін өзгертуге тырысу және меншіктеп алу. Кез келген адам бірінші кезекте тұлға. Тіпті, сіз "қолымнан жасап алдым" деген баланың өзі. Ал тұлғаның міндетті түрде жеке кеңістігі болады. Әрине, жұп болғандықтан, ортақ дүниелер де жетерлік. Десе де, сүйіктіңіздің мәңгі жаныңызда қалғанын қаласаңыз, оның шын қалауымен санасыңыз.
Франциялық психоаналитик заңды некеде болса да, 15 жылға жуық уақыттан бері әйелімен бөлек үйде тұрады. Мұндағы басты қағидалары — "Біз бірге тұрамыз, бірақ қарым-қатынасымыз кикілжіңге толы болады немесе бөлек тұрамыз, бірақ қарым-қатынасымыз тамаша болады". Әрине, бұл нәрсе қазақ қоғамы үшін жат. Десе де, бұл дұрыс қарым-қатынас үшін кеңістікті құрметтеудің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.
4. Сырт келбет
Нарцисс типіне жататын тұлғалар өзінің де, өзгенің де сырт келбетіне қатты мән береді. Олар үшін киімнің денеге қонымды тұруы және дененің ешқандай жарақат алмауы өте маңызды. Тіпті, артық толып кетуден, белгілі бір себептермен ота жасатудан да қорқады. Мұның пайдалы да, зиян тұстары бар. Қалай десек те, өзіңіз туралы жақсы әсер қалдыру үшін талғаммен киіну маңызды. Алғашқы әсер қалдыруға бір ғана мүмкіндік берілетінін ұмытпаңыз.
5. Қарызға ақша берер кезде ойлану
Психоанализде ақша өмірге құштарлық пен күш-қуаттың символы. Қысылған сәтте, әрине, көмек берген дұрыс. Қазір болмаса да, бұл ақшаның кейін бірнеше еселеп өзгелерден қайтатыны сөзсіз. Бірақ бермес бұрын осы ақша уақытылы қайтпай қалған жағдайда қысылып қалмайтындай болғаныңыз жөн. Африкалықтарда "Өзі жалаңаш тұрып жейдесін ұсынған адамнан қорық" деген мақал бар. Яғни қысылып тұрып басқаларға қарыз берсеңіз, ертең қарым-қатынастарыңыз ұзаққа бармауы мүмкін.
6. Қошемет сөз
Бүгінгі таңда көптеген кітапта "Айналаңыздағыларға жиі қошемет сөз айтыңыз" деген кеңестер жазылатынын байқаймын. Меніңше, бәріне бірдей "әдемісің, сұлусың" дей беру қате. Себебі, бұл сөзіңізді әркім түрліше қабылдайды. Бірі мұны шын қошеметке балап, алғыс айтса, екіншілері "Неге жағымпазданып жатыр? Бірнәрсе сұрамақшы ма?" деп ойлайды. Қошемет сөзді өзімізге сенімді болған кезде ғана айтқан дұрыс шығар?!
7. Күлімсіреу
Психоанализде күлкі қорғаныс механизмдерінің бірі. Яғни адам қарсы алдындағы әңгімелесушінің сөзі сүйектен өткенде қарқылдап күледі. Сондай-ақ, жүйкесі жұқармаған адамдар орынды әзіл айтып, күлімсіреп жүреді. Бір тиынның екі жағы болатыны секілді, қай жақты таңдайтыныңыз өз еркіңізде.
8. Жанашырлық таныту
Үнемі жанжал шығарып, дауыс көтеріп, айналасындағыларды сынап жүретін адамдарға жанашырлық танытқан жөн шығар. Өйткені, олардың осы мінез-құлқының астарында үлкен қорқыныш жатыр. Олар бала күнінде жылағанда ата-аналары дұрыс жұбатпағандықтан, қорқыныштарын қалай жеңуді білмейді. Яғни адам ата-анасынан жылу көрмегендіктен, осындай әрекеттерге барады.
9. Таңдау жасауға мүмкіндік беру
Белгілі психоаналитик Анна Құдиярова психоанализ салондарының бірінде клиенттің басынан өткен бір жағдайды мысал ретінде келтірген еді. Жаздың аптап ыстығында кішкене бүлдіршін анасынан үстіне қыстық тонын кигізуді сұрайды. Әйел еш қарсылық танытпастан, тонды кидіріп, бүлдіршінді әдеттегідей ойнауға аулаға алып шығады. Сонда баспалдақтан түсіп келе жатып бала "Анашым, шешінгім келеді" деп жылай бастайды. Осы секілді мейлі адамның таңдауы қате болсын, дұрыс болсын, оған еркіндік беріңіз. Өз ырқына тек балалар көндіріп алуға тырысатынын ұмытпаңыз.
10. Адалдық
Меніңше, өтіріктен түбегейлі бас тарта алмаймыз. Яғни ол зиянсыз болса және біреудің өмірін құтқарып қалуға бағытталса, айтуға болатын сияқты. Мысалы, пациент өзіне ота керегін естіп, бірден айқайға басуы мүмкін. Әсіресе, мәселе ауыр отада болса. Мұндайда науқас өзіне қол салмасын деген оймен шындықты біраз уақытқа дейін жасыра тұруға болады деп ойлаймын. Бірақ күнделікті таныс және бейтаныс адамдармен барынша адал болуға тырысқан жөн. Бұл сөзіңізден болмаса да, бейсаналы деңгейде сезіліп тұрады.
11. "Сіз" — шекара сақтай білудің алғашқы белгісі
Алғаш танысқан адамыңыз ересек болсын, бала болсын, сөздің "сізден" басталғаны ешқандай артықтық етпейді. Бұл сіздің "шекара" деген түсінікпен қаншалықты таныс екеніңізді көрсетеді. Шекара сақтай білу де — үлкен өнер. Себебі, жүйке жүйесі дұрыс, бақытты адам ғана өзгенің жеке кеңістігіне кірмейді.
12. Бұйрық райдан бас тарту
ХХІ ғасыр — жақсылық жасап жарысатын заман. Қазір адамгершілік пен мәдениет жоғары бағаланады. Өкінішке орай, басшы болуды көп жетекші дауыс көтеріп сөйлеу және қызметкерді жұрт көзінше ұялту деп түсінеді. Адам іштей өзін қаншалықты төмен сезінсе, соншалықты басқаларды ісімен де, сөзімен де төмендетуге құштар болады. Бірақ, талапшыл жетекші болудың жөні басқа.
13. Өзгелер туралы жаман сөз айтпау
Бұл бірінші кезекте сіздің мәдениетіңіздің қандай деңгейде екенін көрсетеді. Екіншіден, әңгімелесушіңізге біреуді жамандасаңыз, ол іштей "Ертең бұл адам мені де біреуге осылай жамандап отыруы мүмкін ғой" деп сезіктене бастайды. Қай жағынан алып қарасаңыз да, мұның еш пайдасы жоқ.
14. Шағымды тиісті жерде айту
Аргентинада орташа есеппен жүз мың адамды 200 психолог, психоаналитик емдейді. Бұл — әлемдегі ең жоғары көрсеткіш. Осының арқасында адамдар туған туысқандарын, құрбы-құрдастарын бос сөзбен мазаламайды. Ең бастысы, өзінде жиналып қалған жағымсыз энергиядан сақтандырады. Осының арқасында айналасындағылардың да, өзінің де дені сау болады. Кей қоғамда адам керісінше психолог, психоаналитик маманға ақшасын жұмсаудан қашып, ішіне жиналып қалған жаман ойдың бәрін отбасы мүшелеріне береді. Бірақ, заң жүзінде шағым түсіру мүлдем басқа мәселе. Оны құқығыңызды қорғап, қандай да бір нақты мәселелерді шешу мақсатында қолдануға болады.
15. Өзіңізді оның орнына қойып көріңіз
Меніңше, өзін өзгенің орнына қоя білетін адам әлемді бағындырады. Әрине, бар ашуын бізге келіп шығарған адамға түсіністікпен қарауға міндетті емеспіз. Десе де, тіл табысу қызметіңіз үшін маңызды болса, түсіністік танытуыңызға тура келеді. Ол үшін бар болғаны өзіңізді сол адамның орнына қойып көріңіз. Себебі, адамның бекерден бұлай жасамайтыны сөзсіз.
16. Өзіңізді марапаттаңыз
Қанша мән бермейміз десек те, өзгелердің жағымсыз көңіл-күйіне назар аудармау қиын. Себебі, әрқайсымызда жүрек бар. Егер белгілі бір жағдайда шыдамдылық танытып, өзгенің ашу-ызасына төзіп баққан болсаңыз, міндетті түрде өзіңізді марапаттап қойыңыз. Әдетте асқазан риза болса, адамның басқа дене мүшесі де, өзі де риза болады.
17. Сезімдер сандықшасын толтырып отырыңыз
Әр қарым-қатынастың сезімдер сандықшасы болады. Оны қошемет сөз, алғыс айту арқылы және қамқорлық таныту арқылы толықтыра аласыз.
18. Жауапкершілік
Қазіргі таңда көптеген адамның саналы өмір сүруге тырысатыны қуантады. Десе де арасында ашу, ыза сынды жағымсыз сезімдерге бой алдырып қоятын жандар да аз емес. Мұндайда өміріңіз үшін жауапкершілікті алып, ситуацияға анализ жасаудың пайдасы мол. Яғни бұл ашудың астарында не жатыр?
19. Эмпатия
Адамдардың мінез-құлықтары ғана емес, тұратын жері де әртүрлі болады. Бұл жерде мәдени және ұлттық, діни құндылықтар туралы айтамын. Мейлі мұсылман болыңыз, мейлі христиан болыңыз, өзгелерге сыйластықпен қараған абзал. Мысалы, қалада өскен қыз мешітке етек-жеңін жауып кіру керектігін білмеуі керек. Бір жерге саяхаттамас бұрын, өзге ұлт өкілдерімен кездеспес бұрын олар туралы аз-кем ақпарат алған дұрыс шығар.
20. Кешірім
Өзгелерге кек сақтау арқылы бар энергияңызды бұғаттайтыныңызды білесіз бе? Осының салдарынан материалдық жағдайыңыз да төмендеп кетуі мүмкін. Мұны өзіңіз көптен бері ренжіп жүрген адамдарды кешіру арқылы тексеріп көруіңізге болады. Бүгінде осы эмоциялардың рак сынды ауыр дертке шалдықтырып жатқаны ешкімге жасырын емес.
21. Көмектесу
Жасы үлкендер "Адамның күні адаммен" деп жиі айтып отырады. Бүгін сіз біреуге көмек қолын созсаңыз, ертең ол өзгелерден міндетті түрде қайтады. Оның үстіне адам көмектесу арқылы бойындағы ізгі қасиеттерді оятады. Өзгелерге көмектеспес бұрын, өзіңіздің көмек қабылдай білуіңіз маңызды. Жақындарыңызға қиын сәтте демеу болуға рұқсат беріңіз.
22. Сіздікі рас
Адам өзінің айтып тұрғанына сенімсіз болған кезде ғана сөз таластырады. Әрине, бұл бейсаналы процесс болғандықтан оны бірден түсіну қиын. Десе де, біреумен сөз таластырып жатқанда осы қағиданы дер кезінде еске аласыз деген үміттемін. Ал егер қарсы алдыңыздағы адам өзінікін тоқтамай дәлелдей беретін болса, басыңызды изеп немесе үнсіз қалғаныңыз дұрыс шығар.
23. Сын
Адам екі жағдайда сын айтады. Біріншісі — бойын көреалмаушылық сезімі билегенде, екіншісі — осы нәрсе өз бойында болып, оны қабылдай алмағанда. Мысалы, бірнеше жыл бұрын Ninety one тобына қатысты көп сын айтылды. Кейін ауыр сын айтқан азамат сұхбаттарының бірінде бала күнінен рэп орындағанды армандағанын айтып қалды. Яғни мұнда қызғаныш сезімі орын алып тұр.
24. Тыңдай біліңіз
"Тыңдаушысы жоқ сөз жетім" демекші, тыңдай білу өте маңызды. Бұл адамның жүзіне қарап, түсінген сыңай таныту деген сөз емес. Әңгіменің астарына үңілу, адам сізге не жеткізгісі келіп тұрғанын ұғу.
25. Ым-ишараға мән беру
Адамның сөзі алдаса да, көзі мен ым-ишаралары әрдайым шындықты айтады. Мысалы, сіздің сөзіңізді тыңдаудан жалыққан адам қолын иегіне немесе жағына тіреп отырады. Өтірік айтып тұрса, мұрнын немесе мойын тұсын ұстайды. Ақырында қашып кеткісі келсе, аяғы есік жаққа қарай бұрылып тұрады. Яғни айтып тұрған әңгімеңіздің қаншалықты қызық екенін осы белгілерге қарап анықтауыңызға болады.
26. Кінәламау
Өзіндік мені жоқ адам ғана ситуацияға басқаларды кінәлайды және осылайша жауапкершіліктен қашады. Әсіресе, кей әйел адам ер-азаматтарды кінәлауға бейім. Мейлі адам кінәлі болсын, оның өзін емес, әрекетін айыптаңыз. Мысалы, "Мен саған ренжіп тұрмын. Бәріне сен кінәлісің" деп емес, "Сен осылай жасаған кезде мен көңіліме алып қалдым" деген секілді.
27. Ортақ тақырыптарда әңгіме қозғаңыз
Кез келген адам өз саласын жақсы көреді және өзі білетін нәрсе туралы ғана сөз қозғағанды ұнатады. Себебі, сырт көзге ақылды болып көріну көп адам үшін маңызды. Мысалы, гуманитарлық салада білім алған жігіттер спортқа аса жақын емес делік. Есесіне олар "Абай жолында" қандай кейіпкерлер барын, желісі қандай екенін бүге-шүгесіне дейін айтып береді.
28. Өзіңізді дамыту
Адамдармен ортақ тақырып табылу үшін бірнеше хоббиіңіздің өзі аздық етеді. Мысалы, психоаналитик мамандар клиенттерінің шын мәнінде не туралы айтып отырғанын және ем дұрыс жүруі үшін көптеген саладан хабардар болуға "міндетті". Себебі, бұл дұрыс анализ жасауға көмектеседі. Сондай-ақ, адам өз саласын жетік меңгеру арқылы өзіне берер бағасын көтереді.
29. Дауыстың біркелкі болуы маңызды
Дауыс ырғағы көп нәрсені өзгертеді. Кейде ашуға булығып тұрған адам қол көтеріп те жіберуі мүмкін. Сол себепті, дауыс тонын өзгертпес бұрын ойлану керек шығар.
30. Тәжірибе
Сөз соңында тәжірибе жасап көруді ұсынғым келеді. Ол үшін күніне өзіңіз мүлдем танымайтын 10 адаммен сөйлесуді дағдыға айналдырып көріңіз. Арасында біреуі бұл әрекетіңізге таңғалса, екіншілері бағалап жатар. Есесіне келесіде адамдардан бетім қайтып қалады деп қорықпайтын боласыз. Фобияның "социопатия" деген түрі бар. Яғни адам көпшілік ортада өзін жайсыз сезініп, адам жоқ жерге кетіп қалғысы келіп тұрады. Шын мәнінде, бұл адам бейсаналы деңгейде айналасындағылардың бәрін жек көреді. Оларға жамандық жасап қоймас үшін өзін де, өзгелерді де осы қорқынышы арқылы сақтандырады.
Әрі қарай оқу: https://sputnik.kz/society/20181116/8109682/adamdarmen-til-tabisydin-30-kilti.html