0 дауыс
3.7k көрілді
Қазақстанның тектоникалық жəне сейсмикалық карталарын қолдана отырып

Шығыс-еуропа платформасының еліміздің қай бөлігінде орналасқанын анықтаңыз

1 жауап

0 дауыс

Еліміздің Батыс бөлігінде.

Шығыс Еуропа платформасы, Орыс платформасы, Еуропа платформасы – көне (рифейге дейінгі) платформалар қатарына жататын, жер қыртысының біршама нығайған аса ірі бөліктерінің бірі. Ол Скандинавия тауларынан Оралға, Баренц теңізінен Қара және Каспий теңіздеріне дейінгі үлкен аймақты қамтиды. Платформаның шегі солтүстік-шығыс пен солтүстікте Тиман бұйратын бойлай, Кола түбегінің жағалауымен өткен, оңтүстік-батыста Орталық Еуропа жазығын Варшава төңірегінде қиған, солтүстік-батыста Балтық теңізі мен Ютландия түбегінің солтүстік бөлігі арқылы өтетін табиғи сұлбамен анықталады. Шығыс Еуропа платформасының жасы 1600 млн. жылдан астам рифейге дейінгі (карель) қатпарлы кристалдық іргетасы мен оның бетін қалыпты түрде жапқан эпикарелдік шөгінді тау жыныстарынан тұрады. Іргетас тау жыныстары платформаның тек солтүстік-батысы (Балтық қалқаны) және оңтүстік-батысында (Украина қалқаны) ғана жер бетінде байқалады. Аумағы үлкен, Орыс плитасы деп аталатын платформаның қалған бөлігі шөгінді тау жыныстарының тысымен жабылған. Орыс плитасының батыс және орталық бөліктерінде, Балтық және Украина қалқандарының арасынан орын алған іргетасы біршама көтеріңкі келген Беларусь және Воронеж антеклизаларын құраған. Ригадан оңтүстік-батысқа бағытталған Балтық синеклизасы осы екі антеклизаны Балтық қалқанынан бөлген. Құрамында Припять, Днепр грабендері бар, шығыста дон қатпарлы құрылымына тірелетін Днепр-Дон авлакогенінің грабен тәрізді ойысы алдыңғы екі антеклизаны Украина қалқанынан бөледі. Беларусь антеклизасының оңтүстік-батысы мен Украина қалқанының батысында платформаның оңтүстік-батысын бойлай Буг-Подоль шеткі депрессиясы орналасқан. Орыс плитасының шығыс бөлігінің іргетасы өте тереңде жатыр және шөгінді тау жыныстарының аса қалың қабатымен жабылған. Орыс плитасының осы бөлігінде солтүстік-шығыс бағытта Тиманға дейін созылған Мәскеу синеклизасы және оңтүстік-шығыста жарылыстармен шектелген Каспий маңы синеклизасы бар. Бұл екі синеклиза арасында Волга-Орал антеклизасы жатыр. Бұл антеклизаның көтерілімдерін (Токмов, Татар, т.б.) грабен-авлакогендер (Қазан-Сергиев, Жоғарғы Кама) бөлген. Волга-Орал антеклизасы шығысының шеткі ернеуі Кама-Уфа терең депрессиясымен қоршалған. Мәскеу синеклизасымен жалғасқан үлкен әрі терең Пачелм авлакогені Волга-Орал және Воронеж антеклизаларының аралығынан өткен. Бұл авлакогенде солтүстік-шығысқа және солтүстік-батысқа созылған грабен пішінді бірнеше ойыстар бар. Осы құрылымдар аумағында Орыс плитасының іргетасы 3 – 4 км, Каспий маңы синеклизасында 16 – 18 км тереңдікте жатыр. Шығыс Еуропа платформасының іргетасы қатпарлықтарға жиырылып, күшті метаморфтануға шалынған, көптеген орындарда гнейстер мен кристалдық тақтатастарға айналған шөгінді және магмалық тау жыныстарынан құралған. Біраз аймақтарда (Ақ теңіз маңы, Украина, Воронеж, Швецияның оңтүстік-батысы, т.б.) бұл тау жыныстарының жасы 2500 млн. жылдан асады (архей). Бұлардың аралығында төменгі және ортаңғы протерозойлық (2600 – 1600 млн. жыл) карель қатпарлы жүйесінің тау жыныстары орналасқан. Финляндия мен Швецияда бұларға свекофенн қатпарлы жүйесінің Швецияның батысы мен Норвегияның оңтүстігінде бұдан жасырақ дальсланд қатпарлы жүйесінің тау жыныстары сәйкес келеді. Платформа іргетасының тау жыныстары протерозойдың басына дейін (1600 млн. жылдан ертерек) жиылып қалыптасқан. Шөгінді тысы жоғарғы протерозойдан антропогенге дейінгі тау жыныстарынан түзілген. Буг-Подоль, Кама-Уфа депрессияларында, Финляндияда, Швецияда, Норвегияда, т.б. аймақтарда кездесетін платформа тысының ең көне тау жыныстары тығыздалған саздардан, құмды кварциттерден тұрады. Көптеген ежелгі ойыстардың, авлакогендердің шөгінді қат-қабаттарының қималары ортаңғы және жоғарғы рифей шөгінділерінен (саздар, құмтастар, диабаздық лавалар, туфтар) және Днепр-Дон авлакогенінде орталық девон тау жыныстарынан басталады. Каспий маңы синеклизасында шөгінді тыстың төменгі бөлігінің дәл жасы анықталмаған. Шөгінді қат-қабаттардың бастапқы жатысы кей орындарда жалпақ иілімдер, күмбез (көмкеріс) және ұзынша көтерілімдер (белдер), лықсулар арқылы бұзылған. Шығыс Еуропа платформасының даму тарихында екі кезең байқалады. Бүкіл архейді, төменгі және орт. протерозойды қамтыған бірінші кезеңде (3500 – 1600 млн. жыл) кристалдық іргетас қалыптасты. Платформаның өз дамуы орын алған 2-кезеңде шөгінді тыс пен қазіргі құрылымдар (жоғарғы протерозойдан антропогенге дейін) пайда болды. Платформаның іргетасы темір кентастары (Кривой Рог темір кентасты алабы, Курск магнит аномалиясы, Кируна), никель, мыс, титан кентастарының, слюдалардың, пегматиттердің, апатиттің, т.б. кендермен байланысқан. Шөгінді тысында мұнай мен газ (Волга-Орал антеклизасы, Припять ойысы, Каспий маңы синеклизасы), тас және калий тұздары (Камаға таяу Орал маңы, Припять ойысы, т.б.), көмір (Львов, Донецк, Мәскеу маңы, т.б.), фосфорит, боксит, құрылыс материалдары (әк тастар, доломиттер, саздар, т.б.), тұщы және минералды сулар бар.

https://kk.wikipedia.org/wiki/%D0%A8%D1%8B%D2%93%D1%8B%D1%81_%D0%95%D1%83%D1%80%D0%BE%D0%BF%D0%B0_%D0%BF%D0%BB%D0%B0%D1%82%D1%84%D0%BE%D1%80%D0%BC%D0%B0%D1%81%D1%8B

...