1) Жарлай арнау — көпшілікке, белгілі бір ортаға, қауымға немесе жеке адамға да қаратылып айтылады. Ы.Алтынсариннің “Бір аллаға сыйынып” атты өлеңі жарлай арнаудың үлгісі (“Бір аллаға сыйынып, Кел, балалар, оқылық. Оқығанды көңілге, Ықыласпен тоқылық.”). Жарлай арнау - ақынның жеке адамға емес жалпы жұртқа жария кеңесуі.
Қалың елім, қазағым, қайран жұртым
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.
Жақсы менен жаманды айырмадың,
Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың.
(Абай Құнанбайұлы )
2) Сұрай арнау — көпшілікке, не жеке адамға арналып айтылады және жауап күтіледі. Сұрай арнауда кейде жауап беріледі, кейде жауап меңзеу арқылы сезіліп, білініп тұрады. “Не жазып ем, құдай-ау, мен қазаққа, Мұншама ғып салғандай бұл азапқа? Адамшылық есебіне кірісіп, Қолы жетсін дегенім бе азатқа?!”, “Бар ма, қазақ, мұнан басқа қылғаным? Неңді шаштым, неңді бұздым, былғадым? Аштан өлген аталарың бар ма еді? Тамақ үшін сатқан иттер иманын” (А.Байтұрсынов). Арнау өлеңді іштей жанрлық түрге жіктегенмен, олардың үндесіп кететін сәттері жиі кездеседі. Жоғарыдағы Арнау өлеңді сұрай арнауға жатқызғанымызбен, онда зарлай арнаудың да сарыны аңғарылады. Сұрай арнау - ақын өз ойын сан-салалы сауал арқылы айтып жеткізеді де, өзі сол сауалдарға жауап күтеді.
Ақ қағазды қаралап,
Қалам неге ойнайды?
Ақын неге қайғырып,
Терең ойға бойлайды?
(Ә.Есмамбетов)
3) Зарлай арнау — Арнау өлеңнің ең көне түрі. Мұнда халық басына түскен қиын кезең, немесе жеке адамның басына түскен қиындық, тағдыр тәлкегінің азабы ерекше ашылып көрсетіледі. Қазақ ауыз әдебиетінде “Ақтабан шұбырынды”, “Қыз Жібек” т.б. жырлардағы зарлай арнау Арнау өлеңнің бұл түрінің ерте дәуірде пайда болғанын айғақтайды. Қазақтың жазба әдебиетінде де зарлай арнау ерекше орын алады: “Сауықшыл есіл елім-ай! Сарыарқа қайран жерім-ай! Күмістей таза суы бар, Айдын шалқар көлім-ай!” (М.Жұмабаев). Арнау өлеңнің сарай ақындарының мәнеріне тән құрғақ мақтау түріндегілері де кездеседі. Мұндай Арнау өлеңдер көркемдік қуаты, ой-толғамы жағынан кем соғып жатады. Абай Арнау өлеңді жаңа сатыға көтеріп, мазмұн және түр жағынан байытты. Абайдың “Кешегі Оспан ағасы”, “Жайнаған туың жығылмай”, “Сорлы Көкбай жылайды”, “Бұралып тұрып”, т.б. отыздан астам Арнау өлеңі әлеум. мәселелерді, жеке адамның бейнесін, мінез-құлқын әр қырынан ашып көрсеткен көркем туындылар.
Зарлай арнау үлгісі:
Алатауды айналсам,
Алғадайды табам ба?
Сарыарқаны шарласам,
Саңлағымды табам ба?
(Жамбыл Жабаев)