XV ғасырдың ортасында Әбілхайыр хандығындағы толассыз болған қан төгіс соғыстар мен ішкі феодалдық қырқыстар барған сайын үдеп, феодалдық езгі мен қанау халық бұқарасын ауыр күйзеліске түсірді.
Аласапыран соғыстар мен феодалдық бытыранқылық салдарынан Дешті Қыпшақ даласында бұрыннан қалыптасқан мал жайылымын пайдаланудың дағдылы көшіп қону тәртіптері бұзылды, көшпенді тайпалар мезгілінде жайлау-қыстауларына бара алмайтын болды. Бұл көшпенді мал шаруашылығына ауыр зардабын тигізді. Осындай ауыр тауқымет тартқан халық бейбіт өмірді, Әбілхайырдың әділетсіз үстемдігінен құтылып, өз алдына тіршілік етуді арман етті. Ақ Орданың ақырғы ханы Ұрыс (Орыс) ханның ұрпақтары Керей мен Жәнібек бұл жағдайды өз мақсаттары үшін пайдаланды да, Әбілхайыр ханның қанаушылығына қарсы күрескен, болашақта қазақ деп аталған жұртты құраған тайпаларға басшылық жасады. Осы қазақ атанған қалың тайпаларды бастап батыс Жетісуға қоныс аударды. Ол кезде 1434-1462 жылдары Жетісуды билеген Моғолстан ханы Есенбұға бұл қазақтарды Әбілхайырға қарсы пайдалану үшін қарсы алып, қоныс берді. Бұлар батыс Жетісуды мекен ете отырып, қазақ хандығын құрды. Тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарихи-и-Рашиди» атты еңбегінде: «Ол кезде Дешті Қыпшақты Әбілхайыр хан биледі. Ол Жошы әулетінен шыққан сұлтандарға күн көрсетпеді. Нәтижесінде Керей мен Жәнібек Моғолстанға көшіп кетті. Есенбұға хан оларды қарсы алып, Моғолстанның батыс шегіндегі Шу мен Қозыбас аймақтарын берді. Ол көшіп келген өзбектерді «қазақтар» деп атады. Қазақ сұлтандары 870 жылдары (1465-1466) билей бастады...» деген мәлімет қалтырған.17
1456 жылы Керей мен Жәнібек сұлтандар, Әбілхайыр хан үстемдігіне қарсы күрескен қазақ тайпаларын бастап шығыс Дешті Қыпшақтан батыс Жетісу жеріне қоныс аударуы қазақ хандығының құрылуына мұрындық болған маңызды тарихи оқиға болатын. Ал қазақ хандығының құрылуы қазақ халқының тарихындағы төтенше маңызды оқиға болды. Ол ұлан-байтақ өңірді мекендеген түрік тектес тайпалардың басын қосып шоғырландыруда, қазақтың этникалық территориясын біріктіруге, қазақтың байырғы заманнан басталған өз алдына жеке ел болып бір жолата қалыптасуында аса маңызды және түбегейлі шешуші рөл атқарды.
Орта ғасырлық атақты тарихшы Мұхамед-Хайдар Дулатидың куәландыруы бойынша, бұл оқиға 1456 жылы болған. Осы 1456 жыл, жаратылысынан еркіндік аңсаған қазақ жұртын бастаған Керей мен Жәнібектің жаңа бір ұлыстың дербестігін жариялаған ерекше оқиға – қазақ деген атауды иемденген халқымыздың тарихындағы маңызды құбылыс, жаңғырған қазақ этносынан тұратын мемлекеттің дүниеге келген мезгіл болды.
«Кейінгі зерттеушілер 1465 жылды, тіпті, бұдан соңғы кезеңдерді атап жатады. Бұл тарихшылардың пайымдауынша, Қазақ Ордасының ту көтеріп, ірге бекітуі тек Әбілқайыр кенеттен қайтыс болған соң ғана жүзеге асқан сияқты. Осыған дейінгі ұзақ он екі жыл тепе-тең күрес үстінде өткені есепке алынбайды. 1465-1470 жылдар – хандықтың құрылған емес, нығайған уақыты, халықтың өз тәуелсіздігін емес, көрші жұрттарға біржола танылған мезгілі. Түптеп келгенде мұның бәрі қазақ тарихының бастауын мүмкін болғанынша кейіндету талабының бір көрінісі ғана»18 - деген Мағауиннің тұжырымы сол кездегі тарихи оқиғаларды зерттеген өзге де тарихшы-ғалымдардың пікірлерімен үндес.
Алғашында қазақ хандығының территориясы батыс Жетісу жері, Шу өзені мен Талас өзенінің алқабы еді. Міне нақ осы территорияға деректемелерде тұңғыш рет «Қазақтар» деген атау қолданылған (Уасифи, 16-ғасыр),19 ежелден осы алқапты мекендеген қазақтың ұлы жүз тайпалары Дешті Қыпшақтан қоныс аударған қазақ тайпаларымен етене араласып кетті. Әбілхайыр хандығындағы аласапыран соғыс салдарынан қанжілік болған қазақ халқы бұл араға келіп ес жиып, етек жауып, экономикалық тұрмысы түзеле бастады. Мұны көрген Дешті Қыпшақ көшпенділері Әбілхайыр хан қол астынан шығып, бөгеуі бұзылған судай ағылып Қазақ хандығына келіп жатты. XV ғасырдың 50 жылдарының ортасынан 70 жылдарының басына дейін Әбілхайыр ханның қарамағынан батыс Жетісуға 200 мың адам көшіп барды.20
1462 жылы Моғолстан ханы Есенбұға қайтыс болған соң, бұл мемлекетте ішкі феодалдық қырқыс күшейіп, өкіметсіздік жағдайдың өріс алуы, Амасанжы Тайшы бастаған ойрат жоңғарларының жасаған шабуылы салдарынан Моғолстан мемлекетінің шаңырағы шайқалған кезде Жетісуды мекендеген қазақ тайпаларының Қазақ хандығына келіп қосылуы үдей түсті. Бұлар жаңадан құрылған Қазақ хандығының үкімет билігін нығайтып, оның беделі мен әскери-саяси күш-қуатын арттыра түсті.
Жазушы-ғалым Мұхтар Мағауиннің осы ретте: «Көне Түрік қағандығы–біздің түп тамыр, әуелгі ұлы мемлекетіміз, Алтын Орда – одан соңғы бабаларымыз орнатқан даңқты ұлысымыз, Көк Орда – қазақ жұртының этникалық бірлігіне жол ашып, мемлекеттік жүйесін қалыптастырған кезең десек, Қазақ Ордасы біздің өз атауымызбен аталған, халқымызды этнос ретінде біржола орнықтырған құрылым болды»21-деп берген бағасы ғылыми негізделген тұжырым болып табылады. Қазақ хандығының құрылуы ежелгі түрік тайпаларының бір бөлігін ата мекенге ұлыс етіп ұйыстырумен қатар, олардың біртұтас халық-ұлт ретінде сақталуына мүмкіндік жасады. Бұл кезде өткендегі Алтын Орда қарамағындағы басқа түрік тектес тайпалар қырылып-жойылып жатқанда, қазақ туын көтерген қауым өзінің елдігін сақтады, ұлан-байтақ жерін ұрпағына мирас етіп қалдырды.
Толығырақ: https://abai.kz/post/39356