Көшпелілердің дәстүрлі әскери өнері – сақ, ғұн, түркі, түркі-моңғол, қазақ, т.б. халықтардың ежелден келе жатқан әскери тәсілдерінің жиынтығы. Көшпелілер қоғамындағы мифтік түсінік бойынша, хан әлем кіндігі саналып, оған бағынған ру-тайпалар оң қанат пен сол қанатқа бөлінген. Мысалы, Түрік қағандығының әскері оң қанат (телес) пен сол қанатты (тардуш), оғыздарда бұзықтар оң қанатты, үш оқтар сол қанатты құраған. Шыңғыс хан әскерлері де жоңғарлар (сол қанат) мен барұңғарлардан (оң қанат) тұрған. Қ.Жалаири еңбегінде Ресей ішіндегі Қасым хандығында да рулар осылай екі топқа бөлінгендігі айтылады. Егер мемлекеттің осы екі бөлігі жеке мемлекетке бөлініп кетсе, жаңа мемлекет өз ішінде екі қанатқа бөлінген. Айталық, Шыңғыс хан империясынан бөлініп шыққан Жошы ұлысында (Алтын Орда) халықтың оң және сол қанаттарға бөлінуі сақталып қалды. Әр қанатқа кіретін рулар әрқайсысы мың немесе түмен (он мың) әскер шығаруға міндетті болды да, ол әскерлер оң немесе сол қанат әскерлері деп аталды. Екі қанаттың әскерлерінен таңдаулы жауынгерлер іріктелініп алынып, хан жасағы құралды. Ол (кешіктер, хебтегулдер, т.б.), негізінен, әскербасылардың балаларынан тұрып, мәртебесі басқа әскерлерден жоғары болады (қ. Кешік). Әскерлер үш негізгі жікке: соғысатын әскерге, басқару қызметіне (хан, кеңесшілер, дін қызметкерлері, сот, т.б.), шаруашылықпен айналысатын бөлікке жіктелді. Әскери бөлікте – жауынгерлер, батырлар, сардарлар, басқару қызметінде – абыздар, білімпаздар, шаруашылық бөлігінде – малшылар, қолөнершілер, саудагерлер қызмет атқарды. Ұрыс алдында сап түзеуді қазақтар шеп құру деп атаған. Шеп құрғанда әскер оң және сол қанатқа бөлінген. Олардың алдында жаудың бағытын барлайтын қарауыл топ жүріп отырды. Әскердің арт жағында орналасқан ханды хан жасағы қорғады. Хан жасағын тосқауылшы бөлік деп атады. Ең артта әскердің қосалқы аттары, құрал-жабдықтар тиелген арбалар, малшы, қызметшілер, яғни әскердің шаруашылық бөлігі немесе салықшы тобы еріп жүрген. Көшпелілер әскерінің сандық құрылымы ондық жүйеге негізделген. Әскердің ең төм. бөлігі ондық, олардан жүздік, мыңдық, түмен (он мың әскер) құралған. Он түмен әскерді “ту” (лек) деп атаған. Әскердің ондық жүйесі түркі халықтарында ежелгі заманнан 19 ғасырға дейін сақталып келді. Мыңбасылар мен түменбасылар түркіше бек, моңғолша – ноян, арабша – әмір деп аталып, әкімш. билікке де (уәлаят, ұлыс басшылары) тағайындалған. Олардың ішінен бас қолбасшы бекітіліп, оған беглер бегі (араб. әмір әл-умара) лауазымы берілген. Әдетте, әскери-әкімш. билікті қатар ұстаған адамдардың саны 12 адам болған. Мыс., Шыңғыс хан, Құбылай хан және Әмір Темір тұсында 12 жоғары дәрежелі ноян басқарған. Дәрежелеріне қарай онбасы, жүзбасыларына байрақ, ал, мыңбасы мен түменбасыларына ту беріліп, әскер саны байрақпен, тумен есептелетін болған. Байраққа аттың құйрығы мен түсті мата бау жекелей не қосарланып тағылған. Белгінің қосарлануы дәреженің өскендігін білдірген. 17 – 18 ғасырларда дәреже белгілері киім арқылы көрсетіліп, байрақтар қолданыстан шығып қалды; қ. Жыға. Көшпелілер ерте заманнан бастап әскерлерін қолданатын қару түріне қарай бөлген. Әр қару түрінен тұтас мыңдық, түмендер құралған. Көшпелілердің соғыс тактикасында алыстан атысу ерекше рөл атқарғандықтан әскердің маңызды бөлігі садақшылар саналған. Садақшылардың ішіндегі ең мергендерінен “мергендер тобы” құрылған. Оларға жаудың қолбасыларын, басты батырларын жою жүктелді. Көшпелі халықтардың әскері тек қару түріне ғана емес, жарақ түріне қарай да бөлінеді. Мыс., өзі де аты да сауыт киіп, бес қаруын асынған ауыр атты әскер көшпелілерде өте ерте заманнан (сарматтарда, массагеттерде) белгілі. Көне түркілердің осындай әскерлерін қытайлар жылнамаларында “фула” (бөрілер) деп атаған. Оған қоса біркелкі кіреуке немесе берен сауыт киген, жеңіл жарақтанған әскерлер де болған. Көшпелі халықтар әскер бөліктерін мінген аттарының түсімен де айырған. Мыс., Шыңғыс ханның кешіктері кілең қара түсті арғымақтар мінген, ал Ақсақ Темірдің жеке гвардиясы да біркелкі атқа мініп, сауыттарына жолбарыс терілерін жапқан. Әскердің сырт киімінің (шапан) түсі де айыру белгісі болып, жауынгерлер біркелкі киім киген. Өмірі ат үстінде өтетіндіктен көшпелілердің басты күші – атты әскер. Бірақ жауынгерлер ат үстінде ғана емес, жаяу соғысу әдістеріне де машықтандырылған. Елді жау шапқан кезде тұрақты кәсіби әскерлермен бірге халық жасақтары да құрылған. Жорыққа шыққан кезде ұрысты алдын ала болжайтын көріпкелдер, жауырыншылар, құмалақшылар ұстаған. Шеру кезінде әскердің жауынгерлік рухын көтеру үшін керней, сырнай, дабыл, дауылпаз, шыңдауыл ойнайтын музыканттар тобы да болған. Шайқас басталарда олар бас қолбасшының маңында, ал шеру кезінде қосынның алдында жүрген.
Толығырақ: https://kk.wikipedia.org/wiki