Арғысы алты ғасырға созылатын қазақ әдебиетінің бастауында тұрған жыраулардың бірі һәм бірегейі – Жиембет Бартоғашұлы. Бір қызығы, туып-өскен жері, ата-қоныс атаулары күні бүгінге дейін өзгермесе де, кіндігінен тараған ұрпақтары өсіп-өніп, «жиембет тана» атанған бір қауымға айналса да, Батыс Қазақстан өңірінде Жиембеттің насихаты мүлде жоқ деуге болады.
Қазақтың ең атақты, ең әлеуетті хандарының бірі болған Еңсегей бойлы ер Есімнің оң тізесін басқан би, қол бастаған батыр, жалындап сөйлеген жырау бүгінде тіл мамандарын даярлайтын ЖОО-ларда бірер семестр жүретін «Хандық дәуір әдебиеті» атты курстың кейіпкері ғана болып қалған. Жиембет жыраудың өмірі мен өнерін, тарихтағы орнын, күні кешегі Махамбетке дейінгі жырауларға әсер-үлгісін ден қойып зерттеген ғалым жоқ секілді. Жыраудың аты-жөнінде, өмір жолындағы тарихи даталарда бірізділіктің болмауы сондықтан болса керек.
Батыс Қазақстан өңірі – бүкіл қазақ эпосының отаны, жорық жыршыларының мекені саналады. Бірақ, біз әлі барымызбен мақтана алмай келеміз. Өткен жылы Астанада Жиембет жырау атына көше берілді. Атырау облысы Индер ауданының атауын Жиембетке өзгеруге ұсыныс жасауда. Ал жырау туып-өскен Батыс Қазақстан облысының бірде-бір елді мекенінде Жиембет жырау атында ең болмаса бір көше жоқ екен...
«DANA.kaz» журналы Жиембет жырау жөнінде бұрын-соңды жарияланған түрлі деректердің басын қосып жариялай отырып, тиісті сала мамандарының назарын аударуды жөн санап отыр.
Жиембет Бартоғашұлы 1570-1575 жылдар шамасында туып, 1643 жылы дүниеден қайтқан. Қазақтың аса талантты жырауы, биі әрі жеңімпаз батыры. Ол Кіші жүздің Байұлы тайпасының Тана руынан шыкқан. Жиембеттің жас шағы қазіргі Батыс Қазақстан аймағының Өзен, Жем, Арал аралығындағы ауылдарда өткен. 16 жасынан хандар, билер, батырлар жанында жүріп, ел билігіне араласады. Өсе келе ол Есім ханның беделді биі әрі батыры дөрежесіне көтеріледі. Талай ұрыс, шайқастарға катысып, ерлік көрсетеді. Ханның жауынгер жасағын басқарып, жеңімпаз қолбасшы болады. Ол сонымен бірге Еңсегей бойлы Ер Есімнің кіші жүз еліндегі ең бір беделді бас биі ретінде танылады. Жиембет әсіресе 1620 жылғы Есім ханның ойрат-қалмақтармен соғысы кезінде ерекше ерлік, тапқырлық көрсетіп, шапқыншы жауды ойсырата жеңіп, бетін кайтарады. Жиембет жыраудың ересен ерлігі мен әділ де алғыр билік қызметі былай жазылған: «...Ол Есім ханның кіші жүздегі ел басқарушы биі, қолбасшы батыры болған. Қалмақтарға қарсы 1620-27 жылдарғы жорықтарға қатысып ұйымдастырушылық қабілетімен, ерлігімен көзге түскен». Сөйтіп ол үлкен абырой, беделге ие болады.
Қазіргі ел назарында жүрген көпшілік еңбектерде Жиембет бидің Есім ханмен достық қарым-қатынасы ұзаққа бармағаны айтылады. Хан мен би арасында ел аралық бітімгерлік, жер дауы, жесір дауы секілді келіспеушілік өрістей берген делінеді. Бетің бар, жүзің бар демей, турасын кесіп айтатын қайсар өжет би Есім ханның кейбір іс-әрекетіне қарсы шығады. Оның бұл мінезі ханға да жаға бермейтіні түсінікті. Сөйтіп хан мен бидің арасы суи бастайды. Бұдан кейін Жиембет ханнан іргесін аулақтатып, өзінше бөлек кеткендей.
Толығырақ: http://danaqaz.kz/barlyk-nomirler/2013/1-2/item/49-zhiembet-zhyrau