0 дауыс
1.4k көрілді
Үндістан неге отар елге айналды?

1 жауап

0 дауыс

Азиядағы отаршылдық — орта ғасырлық табиғи өндіріс тәсілінен өнеркәсіптік өндірістік қарым-қатынастарға өту кезеңінде орын алған тарихи құбылыс.[1] Экономикалық-әлеуметтік тұрғыдан неғұрлым жетілген мемлекеттер дамуы кенже қалған елдерді саяси, экономикалық және рухани құлдықта ұстады, олардың табиғи байлықтарын өтеусіз, ынсапсыз тонап, арзан шикізат көзіне айналдырды.
Азиядағы отаршылдық 1498 жылы португалдықтардың Үндістанға жол ашуынан басталған. Олар Үндістанның жағалауына орнығып, Маллук аралдарын жаулап алды. Мыңдаған адамды қырып, тұтас аймақты құлдықта ұстады. Әсіресе, алым-салықты еселей жинап, плантациялар мен елді мекендерде тұрғындарды еріксіз еңбекке жегу, алтын мен күмісті ашкөздікпен өндіріп, сыртқы және ішкі саудада монополия орнату Португалия мен Испанияның отаршылдық саясатына тән сипат болды. 16 ғасырдың соңы мен 17 ғасырдың басында экономикасы қарқынды дамып, күш-қуаты артқан Голландияның отаршылдық жорықтары басталды. Ол Шығыстағы Португалияның отар елдерін тартып алды. Тек 1652 — 54, 1665 — 1667, 1672 — 1674 жылдар аралығындағы ағылшын-голланд соғыстарынан кейін ғана Голландияның үстемдігі жойылды. 17 ғасырдың соңы мен 18 ғасырдың басында Франция отаршылдық жолына түсті. Бұл кезеңдегі отаршылдық саясат, негізінен, озбыр сауда-саттық арқылы жүзеге асты. Оны реттеудің экон-дан тысқары, әкімш. әдістері қолданылды. Тікелей тонау тәсілі отар елдердің сыртпен сауда-саттық жасау құқын шектеп, тек отарлаушыларға үстемдік құқылар беретін нормативтік актілерге ұласты. Мұндай жағдайда отарлаушы мемл-тердің компаниялары құлдарды саудаға салуға, сапасы төмен бұйымдарын аса қымбат бағаға өткізуге ерікті болды. Өндірісі қуатты өнеркәсіп салаларының өркендеуіне орай тікелей тонаумен қатар баламасыз айырбас тәсілі басталды. Отар елдер біртіндеп үстемдік құрушы мемл-тердің арзан шикізат көзіне, олардың өнімдерін өткізудің рыногына (пиасасына) айналды. Мыс., 1757 — 1812 жылы аралығында Англияның Үндістаннан жинаған тікелей алым-салығы 10 млн. фунт стерлинг құрады. Сонымен қатар 1814 — 1835 жылдары аралығында Үндістанға мақта-мата өнімдерін өткізу көрсеткіші 65 есе ұлғайды. 1860 жылы мұнда, Еуропа мен АҚШ-қа қарағанда 2 есе көп ағылшын матасы әкелінді. Арзан шикізат көзі ретінде Үндістан — мақта, кендір, апиын, Цейлон — каучук пен шай, Въетнам — күріш т.б. өндіруге “маманданды”.

Англия Испаниямен соғыста, сондай-ақ Голландияның, Португалияның есебінен өз иеліктерін 18 есе ұлғайтты. 1840 — 1842 жылдары. (Франциямен бірлесіп), 1856 — 1860 жылдары. “апиын соғыстарын” ашты. Сянганды (Гонконгті) иеленіп, Ауғанстанды бағындыруға тырысты, Парсы шығанағының маңызды бөліктерін басып алды. Ал Франция Въетнамды (1850 — 1880 жылдары) бағындырып, Камбоджада (1863 жылдары), Лаоста (1893 жылы) өз билігін орнатты. Азиядағы отаршылдық жергілікті халықтардың ұлт-азаттық күресімен қатар жүріп отырды. Мысалы, 1857 — 1859 жылдары Үндістанда, 1851 — 1864 жылдары Қытайда (Тайчин), 19 ғасырдың 80 — 90 жылдары Үндіқытай елдерінде отаршылдарға қарсы көтерілістер болды. Басқыншылықпен қатар көптеген елдерді билеп-төстеп, жартылай отарға айналдыру саясаты кеңінен жүргізіле бастады. 19 ғ-дың 40 — 50 жылдары АҚШ Қытай мен Жапонияға әділетсіз келісімшартын еріксіз таңды. 1-дүние жүзілік соғыс қарсаңында Қытай, Иран, Түркия, Сиам жартылай отар ел халіне душар болды. 19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басында Германия, АҚШ пен Жапония басқыншылық жорыққа шықты. 1898 жылы АҚШ Филиппин, Гуам аралдарын басып алды. Қытайда “ашық есік” саясаты белсенді жүргізілді. Германия Түркияға, Таяу және Орта Азияға, Қиыр Шығысқа экспания жасады. 1905 жылы Жапония Ляо-дун жартыаралын, Маньчжур темір жолының оңтүстік тармағын, Оңтүстік Сахалинді иеленді. Сондай-ақ, 1910 жылы ол Кореяға қарсы соғыс ашып, Оңтүсітік Маньчжурияға (Солтүстік-Шығыс Қытай) толық бақылау жасады. Бұл кезеңдердегі отаршылық саясат әскери-саяси қысым жасау арқылы қамтамасыз етіліп, әкімшілік тәсілдер экономикалық айла-шарғылармен ұштастырылып отырды. 1-дүние жүзілік соғыстан кейін Германия өзінің отар елдерінен айырылды, Осман империясының бірқатар аудандары Англия мен Францияның қол астында қалды. Отар елдерде жаппай азаттық күресі басталды. Мыс., Қытайдағы “4 мамыр” (1919 жылы) қозғалысы, Кореядағы жапондарға қарсы көтеріліс (1919 жылы), Үндістандағы, Индонезиядағы, Сириядағы, Ирактағы, Палестинадағы, Түркиядағы және т.б. елдердегі бұқаралық қозғалыстар. “Мандатпен басқарылатын” деп аталған терр-лар рәсімделген 20-30 жылдарда да отаршылдық саясат жалғаса берді. Жапония 1931 ж. Қытайға басып кірді, 1937 жылы бүкіл елді жаулап алу үшін соғыс ашты. 2-дүие жүзілік соғыс кезінде көптеген елде (Индонезияда, Малайяда, Бирмада, Вьетнамда, Филиппинде) азаттық үшін күрес басталды, әсіресе, Үндістандағы, Қытайдағы, Таяу Шығыстағы тәуелсіздік жолындағы шайқас бұқаралық сипат алды. 1943 жылы Сирия мен Ливан, 1945 жылы Индонезия мен Вьетнам, 1947 жылы Үндістан мен Пәкістан тәуелсіздігін жариялады. Трансиордания (1946 жылы), Филиппин (1946 жылы), Бирма (1948жылы), Цейлон (1948 жылы), Камбоджа (1953), Лаос (1954) егемен мемлекет ретінде танылды, 1961 жылы португалдықтардың езгісіндегі Боа, Даман мен Диу Үндістанға қосылды. Қытай да егемендігін жариялап (1949 жылы), Сянганды өзіне қосты (1997 жылы). Корея 1945 жылы тәуелсіздікке ие болды.

Ресейдің азияны отарлау басқыншылығы Қазан (1552 жылы) және Астрахань хандықтарын (1555 жылы) жаулап алғаннан кейін басталды. 16 ғ-да башқұрттарды, 17 ғ-да Солт. Азия халықтарын біржола бағындырып, 16-18 ғ-ларда Қазақстанды иеленуге әрекеттенді. 19 ғ-да Орталық Азия халықтары отарлық тәуелділікке ұшырады. Азия елдерінде Ресей империясының үстемдік иелену үрдісі 300 жылдан астам мерзімге созылды; оған казактардың мекендерін, бекіністері мен далалық қамалдарын салу арқылы әскери басқыншылық жасау; тұрақты әскери бөлімшелерді орналастыру; тартып алған терр-ларға шаруаларды қоныстандыру; баламасыз сауда айырбасын жасау; тікелей тонау; өзінің басқару жүйесі мен әкімш.-терр. құрылымын енгізу сипаттары тән болды. 1731 жылы Әбілқайыр хан бодандыққа қабылданған кезден Қазақстанда Ресейдің отаршылдық жүйесі орныға бастады. Мемлекеттіліктің жекелеген нышандары 1822 жылғы “Сібір қазақтары туралы жарғы” шыққанға дейін сақталды. 1867 — 1868 жылдардағы қазақтарды басқару жөнінде “Уақытша ереже” қабылданып, мемл-тіліктің жұрнақтары түгелдей жойылды. Ал, 1886, 1891 жылдардағы “Ережелер” қабылданғаннан кейін Қазақстан Ресей империясының толық отар еліне айналды. Осы кезеңде қазақ халқын орыстандыру, дала тұрмысына кап. қатынастарды енгізе отырып, оны жалпы империялық жүйеге кіріктіру саясаты кеңінен жүргізілді. Қазақстан “Ерікті социалистік республика” деп жариялағанымен, тоталитарлық Кеңес үкіметінің кезінде де отаршылдық саясат жалғаса берді. 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігінің жариялануымен қазақ халқын езгіде жаншыған отаршылдықтың жойылуына саяси-экономикалық алғы шарттар жасалды.

Толығырақ: https://stud.kz/referat/show/4064

...