0 дауыс
19.8k көрілді

Жүсіп Баласағұнның "Құтты білік" дастанының тарихи және көркемдік құндылығына баға бер?

Жүсіп Баласағұн (Баласағұни) — ХІ ғасырдың аса көрнекті ақыны, есімі күллі Шығыс елдеріне мəшһүр болған данышпан-ойшыл, белгілі қоғам қайраткері. Ол замандастары мен өзінен кейінгі ұрпақтарға тек дарынды ақын ғана емес, сондай-ақ Орта ғасырдың атақты ғалымы, дəлірек айтсақ, табиғаттану, риезиет (математика), фəлəкият (астрономия), тарих, араб-парсы тіл білімі, тағы басқа толып жатқан ғылым салаларын жете меңгерген ғұлама-ғалым ретінде жақсы мəлім болған.

Ал, Жүсіп Баласағұнның есімін əлемдік əдебиет тарихына мəңгілік өшпестей етіп жазып қалдырған бірден-бір əдеби мұрасы — «Құтадғу біліг» (Құтты білік») дастаны. Бұл дастан қазіргі түркі тілдес халықтардың орта ғасырдағы тарихи, қоғамдық саяси-өмірі, ғылымы, əдебиеті мен мəдени дəрежесі, əдет-ғұрпы, наным-сенімі, тағы басқа жөнінде аса қызықты əрі қыруар мол деректер беретін көркем туынды 

1 жауап

0 дауыс

«Құтты білік» дастанындағы дүниетаным

«Құтты білік» 1069–1070 жж. жазылған адамгершілік пен имандылыққа, білімділік пен біліктілікке, əділдік пен еңбекке үндеген түркі тіліндегі философиялық, дидактикалық шығармалардың көшбасшысы. Баласағұнидің бұл еңбегі кезіндегі ел билеуші хан-қаһандарға əділдік пен парасатты биліктің шешен шежіресі ретінде, ақылымен іс қыла білудің заң ережесі ретінде ұсынылған:

  1. Дастанның белгілі бір мағынада елдегі Ата Заң (Конституция) қызметін атқаруы.

Жүсіп Баласағұн шығармасы Қарахан мемлекетінің Ата Заңы қызметін атқарған. Ол үшін автор өз еңбегінде патшалар мен уəзірлердің, хан сарайы қызметкерлері мен елшілердің, əскербасылар мен нөкерлердің, тəуіптер мен аспаздардың, диқандар мен малшылардың, т.б. қоғам мүшелерінің мінез- құлқы, білім дəрежесі, ақыл-парасаты, құқықтары мен міндеттері қандай болу керектігін жеке-жеке баяндап шығады. Ақын мəселені əмірші-патшаның өзінен бастайды. Ел-жұртты басқаратын адам — ақыл-парасаты ұшан-теңіз, ниеті түзу, сөзі шырын, білім мен өнерге жетік, қолы ашық, пейілі кең, жүзі жарқын, ешкімге кек сақтамайтын жан болуы шарт екенін айтады. Ел басқарған əкімдерді күншілдік, ашкөздік, сауық-сайранға құштарлық, қатыгездік, кекшілдік сияқты жаман қылықтардан сақтандырады. Бұдан кейін ақын патшаның көрер көзі, естір құлағы «Хас Хажыб», яғни бас уəзір, міндеттерін тізбектеп, зор білгірлікпен айтып шығады. Бас уəзір халықтың талап-тілектерін патшаға, ал патшаның айтар ой-пікірін, жарлықтарын халыққа жеткізіп отыруы тиіс. «Құтты білікте» елшіге қойылатын талаптар егжей-тегжейлі сипатталып жазылған. Елші ерекше зерек, өзі көрікті, көп тіл білетін, шешен, жақсы аңшы, құсбегі, жұлдызшы (астролог), түс жори білетін, музыкант сияқты көптеген қасиеттерге ие жан болуы қажет дейді ғұлама [9].

Баласағұни ел басқаратын əміршіге, бекке мейлінше жоғары талаптар қояды. Ел басқарған адам өте зерек, іскер болса ғана мемлекет гүлденіп, қазынасы алтын-күміске толады, халқы бақытты болады деген пікір айтады [5; 213–215]:

Ақылды бар, ақымақ бар, бар ғалым,

Бай-кедей бар, надан, аңқау, бар залым.

Бəрін соның алаламай бөлектеп,

Басқаратын қандай болу керек Бек?

Елі гүлдеп, байып бектің бағына,

Даңқы тарап, өссе халық саны да!

Қазна толып, күміс судай ағылса,

Шоқтығы өсіп, күшіне əлем табынса.

Əскер толып, тұрса күші дігірлеп,

Тұрмыс, заңды тураласа іліммен,

Бектің аты бар жаһанға тараса,

Күн-күн сайын құты артса тамаша.

Бектік үшін туған олар анадан,

Бектік сүтпен, іспен бойға тараған

Бектің ісі, тек бектердің еншісі –

Бектер ісін, ұғар бекке тең кісі.

Бек халықты тек білікпен сендірер,

Барлығын да ақылына жеңдірер.

Бек дегенің білікпенен берік тұр,

Білік кетсе, бек қалады — желік құр...

Дастанда Қара-Бураханға (Бограханға) елді басқару əдісі мен жаулап алған жерлерге тəртіп орнату тəсілдері жөнінде ақыл айтылады. Елді өз қолыңда ұстау үшін бірыңғай күш қолдану, қылыш жұмсау жеткіліксіз, қол астыңдағы халыққа ақыл-айламен айтқаныңды істете білу керек деген пікір білдіреді.

Жалпы, басқару мəселесінде Баласағұн ұстанған рухани құндылықтар — қайырымдылық, парасаттылық, ізгілік, тəрбиелі адамға тəн іс-əрекет.

  1. Дастандағы құт, бақ-дəулет, бақыт ұғымдарының мəні.

Халқымыз бұл ұғымдарға өте үлкен мəн берген. Жүсіп осы ұғымдар  туралы  былайша толғанады [5; 194–195]:

Құт-дəулетке жарық көңіл жарасар,

Дана жүрек шыққан күнмен таласар!

«Бақыт қонса, шаңырағыңа күтпеген,

Кішіктікпен, байқап, соңын күт деген.

Бақ та білсең, білікті ерге лайықты,

Өзіңе де, ісіне де байыпты.

Дəулет қона, ақымақ та «зиялы»,

Кісіліктен бөлек, əттең сияғы...

Дəулет қонса ақылдыға, ағайын,

Шуағымен нұрландырар маңайын.

Біліксіздің дəулет артын жабады,

Біліктіге құрметтеп тон жабады.

Ақымаққа қонған бақыт тоналар,

Қалай қонса, солай ұшып жоғалар!

Бұл сөздер мен төркіндес сөз бар тағы,

Асыл сөздер бірін-бірі тартады:

Ақылдыны бақ құрметке бөлейді,

Күн мен түнін кереметке теңейді.

Баласағұнның ойынша, бақ дəулет, құт оларды қадірлемеген адамның басынан тез ұшып   кетеді.

Өмірде тұрақты ештеме жоқ, бəрі өткінші. Ғұлама [5; 111–112]:

Дəулет үркек, ор киікке ұсаған,

Қонса келіп, жөні тас қып тұсап ал!

Тұта білсең, дəулет тозып, безбейді

Қолдан шықса, қайта айналып келмейді!

Сенбе құтқа: келсе, кетіп  қалады, 

Сенбе баққа: береді һəм алады, —сияқты жолдармен өмірде «болдым, толдым, бақытқа кенелдім» деген тоғышарлық психологиядан əрқашан бойды аулақ салуға шақырады.

Сөйтсе де, ақын құт пен бақыттың адамзат басынан ұшып кетпей, баянды да мəңгі қонуын аңсайды [5; 111]:

Баянды боп жаралса ғой құт деген,

Асыл бақыт сол болар-ау күтпеген.

Ұшпай бақыт, қонса алаңсыз түгелдей,

Мəңгі жайнар, күн көзі де түнермей!

«Құт дарыған елдің адамы қандай?» деген сұраққа Баласағұн былай деп жауап береді: «Құт- бақытқа кенелсем деп тор құрушылар көп. Бірақ ол қасиетті адамға ғана қонады. Құтты іздеген адам жібек мінезді, көңілі таза, тілі майда, жігерлі болып, үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге мейірін төксе, араз көңілді тыйып ұстаса, осы қасиеттер — құтты ұстаудың құлып-кісені» [10].

Ғұлама ақын баюдың жолдарын ашып айтпаса да, байлыққа деген өзінің көзқарасын білдірген.

Оның пайымдауынша, байлық, алтын-күміс дүниедегі ең қымбат нəрсе емес.

Керісінше, ең қымбат нəрсе — ол оқу-білім, ақыл-қанағат, адамгершілік. Сондықтан да Баласағұн алтын, күміске көзі тұнбаған адамды нағыз періштеге балайды [5; 278]:

Күміс көрген адам көңіл бұрмаса,

Көзі тұнып, дымы құрып тұрмаса.

(Алтын көріп, адам жолдан таймаса,

Адамдықты, адалдықты ойласа).

Ондай жанды періште деп қараңыз,

Шынында да періштеге балаңыз.

Жалпы, дастанда дəулетқұмарлық, дүниеқорлық, байлық, мансапқа құмарлық жан-жақты сыналады. Ғұламаның пайымдауынша, нағыз байлық — жан тазалығы. Өйткені рухың таза болса, сен аспандай бересің. Байлыққа құмарлық тұлғаның мінез-құлығының азып-тозуына жол ашады.

Ойшыл ақын «опасыз өткінші ғұмырда байлық қумай, білімге ұмтылыңдар» деп үндейді [5; 68]:

Кісіден кісі айырмасы — парқы көп,

Айтсам, білім — бұл парықтың нарқы дөп.

Бұл сөзімді білімдіге арнадым,

Білімсіздің тілін ұға алмадым.

Білімсізбен ешбір сөзім жоқ менің,

Ей, білікті, қызметшіңмін мен сенің.

Толығырақ: https://articlekz.com/kk/article/15463

...