0 дауыс
848 көрілді
Абайдың 40 қара сөзінде не туралы айтылған?

1 жауап

0 дауыс

Абайдың 40 (қырқыншы) қара сөзі.

Зинһар, сендерден бір сұрайын деп жүрген ісім бар.

Осы, біздің қазақтың өлген кісісінде жаманы жоқ, тірі кісісінің жамандаудан аманы жоқ болатұғыны қалай?

Қайраты қайтқан шал мен жастың бәрі бітім қылады, шалдар өзді-өзі көп құрбыдан айырылып азайып отырса да, біріменен бірінің бітім қылмайтұғыны қалай?

Бір елдің ішінде жамағайынды кісі бірге туғандай көріп, іші елжіреп жақсы көріп тұрып, елге келсе, әрі-беріден соң қайта қашқандай қылатұғыны қалай?

Жаттың бір тәуір кісісін көрсе, "жарықтық" деп жалбырап қалып, мақтай қалып, өз елінде сонан артық адам болса да танымайтұғыны қалай?

Бір жолаушы алыс жерге барса, барған еліне өз елін мақтаймын деп өтірікті сыбап-сыбап, қайтып келген соң сол барған, көрген елін, жерін мақтап, өтірікті сыбайтұғыны қалай?

Қай қазақты көрсем де, баласы жасырақ болса, оның басынан пәрмене болып жүріп, ержеткен соң суық тартатұғыны қалай?

Біреудің ағайыны торқалы той, топырақты өлімде, адалдық берекеде алысуға табылмай, барымта алалық, ұрлалық десе, табыла қоятыны қалай?

Бәйгеге ат қоссаң, атыңды тартыспайтұғын ағайын, атың келсе, бәйгесіне өкпелейтұғыны қалай?

Баяғыда біреу біреуді пален жасымда келе жатқанда пәлен жерге жеткізіп салып еді деп, соны өлгенше айта жүруші еді. Осы күнде бұл жылғы берген ендігі жылға жарамайтұғыны қалай?

Байдың баласы кедей болса, ұрлық қылуға арланбайды, байға кірісуге арланатұғыны қалай?

Екі жақсы бір елде сүйіскен достығында тұра алыспайды. Кейбір антұрғандардың тым-ақ тату бола қалатыны қалай?

Біреуді досым деп ат беріп жүрсең, оған сенің бір дұшпаның  келіп бір тай берсе, бұзыла қалатыны қалай?

Күнде тілін алатұғын достан кейде бір тіл ала қойған дұшпанға кісінің өле жаздайтұғыны калай?

Көп кісі досым жетілсе екен демейді, егерде жетілсе, бағанағы  досына бір бітімі жоқ дұшпан сол болатұғыны қалай?

Кей жұрт ақыл айтарлық кісіні іздеп таба алмайды. Қылығының  қылшығын танитұғын кісіден қашық жүретұғыны қалай?

Біреу біреудікіне келгенде үйдегі малының бәрін де айдап келіп, өз үйіне кісі барғанда бар малын далаға айдап жіберетұғыны калай?

Тыныштық іздеп таба алмай жүрген жұрт тыныштық көрсе, сәтке тұрмай, тыныштықтан жалыға қалатұғыны қалай?

Елді пысық билегені несі? Пысықтың бәрі кедей келетұғыны несі?

Тоқал қатын өр келетұғыны несі? Кеселді кісі ер келетұғыны несі? Кедей кісінің кер келетұғыны несі?

Нәпсісін тыйып, бойын тоқтатқан кісінің жаман атанып, нәпсісі билеп, мақтанға еріп, пәле шығарған кісі мықты атанатұғыны несі?

Қазақтың шын сөзге нанбай, құлақ та қоймай, тыңдауға қолы да тимей, пәлелі сөзге, өтірікке сүттей ұйып, бар шаруасы судай ақса да, соны әбден естіп ұқпай тынбайтұғыны қалай?
Әрі қарай оқу: https://sputniknews.kz/spravka/20190603/10368713/Abai-qara-sozder-31-45.html

...