0 дауыс
390 көрілді
Бөлімнің көне күндерден жеткен жәдігерлер деп аталуы себебі неге деп ойлайсыңдар? Пікірлеріңді білдіріңдер?

1 жауап

0 дауыс

Мырза Хайдар Дулаттың «Тарих-и Рашидиі» әдеби жәдігер

Орталық Азияның XVI ғасырдағы атақты тарихшысы, әдебиет майталманы Мұхаммед Хайдар Дулаттың (1499-1551) өмірі мен шығармашылығын зерттеу мен зерделеу әдебиеттану, тарих, философия, дінтану, лингвистика ғылымдары алдындағы үлкен міндет.  
Мырза Хайдардың «Тарих-и Рашиди» еңбегінің құндылығы оның қазақ тарихы мен әдебиетін және мәдениетін өткен түркілік дәуірмен, исламдық тарихи кезеңмен сабақтастыра алуы болды.  
Тақырыптың өзектілігі. «Тарих-и Рашидидің» әдеби-көркемдік жағы әлі де болса толық зерттеу нысанына айнала қойған жоқ. Еңбекті зерттеген ғалымдардың көпшілігі оған әдеби шығарма ретінде емес, тарихи еңбек ретінде қарап, бағалады.  
Фольклортанушы, академик С.Қасқабасов: «Жыраулар өз шығармаларында идеалды әміршінің бейнесін жасады, -дей келіп, – өздерінің монолог түріндегі айтылатын толғауларында жырлаулар маңызды мемлекеттік мәселелермен қатар заман мен қоғам, адам мен заман, тұлға мен тобыр, сондай-ақ имандылық пен қайрымдылық, өмірдің өткіншілігі мен адамның опасыздығы, өлім мен өмірдің қайшылығы сияқты моральдық, этикалық, фәлсафалық проблемаларды көтеріп, қоғаммен байланыстыра жырлап отырады» деп жазған болатын [3, 8 б.]. Осы айтылған ғұлама пікірдің Мырза Хайдар шығармашылығына түгелдей қатысы бар. Өйткені, ХVІ ғасырда өмір сүрген Асан Қайғы да, Қазтұған да, Шалгез де Мырза Хайдардың замандасы, ұлысы басқа болғанымен ұлты бір қандастары. Олар да Мырза Хайдар Дулат секілді Әз Жәнібек хан, Битемір, Ораз-Мұхаммед сынды қазақ хандары мен Ноғай әмірлерінің сарайы маңында тіршілік етіп, әміршісі мен заманының күрделі де келелі мемлекеттік маңызды тақырыптарын сөз етті. 
Мырза Хайдар «Тарих-и Рашиди» еңбегінде 1346-1546 жылдар аралығындағы Орталық Азия, Тибет, Ауғанстан, Кашмир, Иран, тіпті Иракқа да қатысты көптеген тарихи оқиғаларды, сондай-ақ автор өзі өкілі болып табылатын қазақ өмірінің де бірқатар деректерін сол дәуір шындығына сай баяндайды. Ғұмырнамалық әдеби еңбегін жазу барысында Мұхаммед Хайдар қоғамдық шындықты басты принцип ретінде ұстайды, сонымен бірге өз шығармасының көркемдік-әдеби жағына мұқият назар аударады. Ислам дінін дәріптеуде мадақ, мінәжат сынды әдеби тақырыптарды молынан пайдаланады. Оқиғалардың, адамдардың психологиялық мінез-құлқын ашуда Құран-кәрімнің қағидаларын, әдеби детальдарды пайдалана отырып, психологиялық талдау жасайды. Рубаи, мүфрәд, ғазал, қита, суырып салу (фи бәдаиһ) сынды шығыстық жанрларды да тиімді пайдаланады. Еңбектің тағы бір ерекшелігі: парсы тілінде жазылғанымен араб және түркі өлеңдерін әңгімесіне арқау еткен. Бір ғажабы шығармада қазіргі уақытқа дейін сол қалпында, сол мағынада қолданылып келе жатқан көптеген қазақ сөздері де кездеседі.  
Еңбек шығыс әдебиетінің тәзмин және тәлмиһ сынды тәсілдерін пайдаланғанымен де ерекшеленеді. Сонымен қатар біз еңбекте жоғарыда аталған әдеби ерекшеліктерімен қатар шығыс әдебиетінің жұлдыздарымен де таныса аламыз. Өйткені, «Тарихи-и Рашидиде» сопылық әдебиеттің өкілдері Қожа Ахмет Иасауи, Нәжмеддин Кобра, Нәқшбәнд және қазақ топырағының перзенті Атаи және түрік халықтарының рухани өкілдері Сәккаки, Лүтпі, Әлішер Науаи, парсы тілді ақындар Әбдіраман Жәми, Фердауси, Сағди, Әнвари сынды ақындардың шығармаларын пайдаланады. Біздің аталған еңбекке әдеби шығарма тұрғысынан қарап, ғұмырнамалық-әдеби шығарма ретінде бағалауымыз да осыдан. 
Ғұмырнамалық шығармалар әлем әдебиетінде өзіндік орын алады. Мәселен, француз жазушысы Сен-Симонның (1675-1755) «Естеліктері», американдық саясаткер ғалым Б.Франклинның (1706-1790) «Менің күй-жайым», германиялық жазушы-ақын И.В.Гетенің (1742-1832) «Поэзия және ақиқат», Мырза Әлихан Әмин-әд-дауленің (қайтыс болған жылы 1909) «Саяси естеліктері», Абдолла Мостуфидің (1876-1950) қажарлар билік еткен кезеңнің қоғамдық және басқару тарихына арналған «Менің өмірбаяным», орыс жазушысы А.И. Герценнің (1812-1870) «Былое и думы», С.Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу», С.Мұқановтың (1908-1973) «Менің мектептерім», Д.Қонаевтың (1912-1993) «Өтті дәурен осылай» атты еңбектері ғұмырнамалық әдеби шығармалар қатарына жатады.  
Иран ғалымы доктор Хұсейін Рәзмжу мемуарлық әдебиетке идеологиялық, саяси және қоғамдық құны бар шығарма ретінде қарай келіп, «егер парасатты автор естеліктерінің қыр-сырын көркемдеп бере алса, ол айрықша тартымды болары анық. Сондай-ақ басқа деректерде табылмайтын тақырыптар қарапайым шынайы түрде жазылса, оның артықшылығы одан әрі арта түсері де шындық» деп жазды [4, 208 б.].  
Мырза Хайдардың «Тарих-и Рашиди» еңбегінде өзі өмір сүрген тұстағы тарихи-саяси ахуал, ислам дінінің сол дәуірде түркі халықтарының әдебиеті мен мәдениетіне жасаған ықпалы анық көрінеді. Әдебиет – заманның көркем шежіресі десек, әр дәуірдің әдебиеті өз кезіндегі тарихи оқиғалар мен сол қоғамның саяси-идеологиялық өрісінен оқшау қала алмайды. 
XV–ХVIII ғасырлардағы ақын-жыраулар поэзиясындағы дидактикалық, саяси-әлеуметтік сарынды, сондай-ақ, ХІХ-ХХ ғасыр басындағы діни-ағартушылық ағымды әдеби дәстүр жалғастығы тұрғысынан қарастыру да бүгінгі күннің қажеттілігі.  
Жұмыстың зерттелу деңгейі. Мырза Хайдардың «Тарих-и Рашиди» шығармасы тұңғыш рет тарихи дерек ретінде ирандық ғалым Әмин Ахмет Рази 1593 жылы жазған «Һәфт ықлым» еңбегінің Кашмир, Қашғар және Хотанның жағдайы, билеушілері мен тарихы туралы тарауларында пайдаланды [5]. 
Әкбар шахтың (1556-1605) тапсыруы бойынша, пайғамбардың қайтыс болған жылынан бастау алатын ислам әлемінің жалпы мың жылдық тарихын баяндаған «Әлфи тарихы» (Мың жылдық тарих) атты тарихнамасында пайдаланды [6]. Осыдан бастап Үндістан тарихына қатысты зерттеулерде Мырза Хайдардың еңбегі негізгі әдебиеттер қатарында ғылыми айналымға түсті. Солардың бірі – Мұхаммед Қасым Үндішах Истерабади Феріштенің Үндістанның жалпы тарихына арнаған «Тарих-и періште» (Гүлшән Ибраһими) атты еңбегі еді.  
Еуропада «Тарих-и Рашидиді» аударуды алғаш қолға алушылардың бірі – ағылшын ғалымы Вилиям Ерскин болды. Сондай-ақ, француз зерттеушісі Рене Гроссе, орыс ғалымдары В.В.Вельяминов-Зернов, В.В.Бартольд еңбектерінде Мырза Хайдар Дулат шығармалары жөнінде бірқатар бағалы пікірлер жазылды. 
Қазақ ғалымдары арасында «Тарих-и Рашиди» мен оның авторы туралы тұңғыш ғылыми көзқарас білдірген Шоқан Уалиханов екені мәлім. Бұдан соңғы уақытта С.Аспандияров, Ә.Марғұлан сынды ғалымдардың зерттеулерінде Мырза Хайдар қазақ халқының төл тарихшысы ретінде бағаланды. 
ХХ ғасырдың 60-жылдары Кеңес одағындағы – «Қызыл кезеңнің» идеологиялық қиын жағдайына қарамастан халқымыздың тарихын зерттеуде Қазақстан шығыстанушылары С.Ибрагимов, В.П.Юдин, М.Минегулов, Т.Султанов, К.А.Пищулиналар өздерінің еңбектерінде Мырза Хайдар Дулаттың «Тарих-и Рашиди» шығармасының қазақ халқының тарихы үшін аса құнды еңбек екендігін көрсетті. 
Кеңес дәуірінде өзбек оқымыстыларынан Р.Г.Мукминов, С.Ә.Әзімжанова, Х.Хасанованың және тағы басқалардың үлкенді-кішілі зерттеулері жарияланды. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Мырза Хайдардың «Тарих-и Рашиди» еңбегін өзбек ғалымдары А.Урунбаев, Р.П.Джалилов, Л.М.Епифанова парсы тілінен орыс тіліне аударды.  
Мырза Хайдар Дулаттың өмірі мен шығармашылығы жайында жазылған еңбектердің анықтамасы «Өмірбаяндық-библиографиялық, анықтамалық» атты құнды жинақта топтастырылып жарық көрді. Онда негізінен 1829-1999 жылдар аралығында қазақ, қырғыз, өзбек, ұйғыр, түрік, парсы, орыс тілдерімен қатар ағылшын, неміс, француз тілдерінде жарық көрген әдебиеттерді қамтыған бұл кітап Қазақстанда шығыстану ғылымының негізін қалаушы ғалым Ә.Дербісәлінің еңбегінің арқасында баспадан шыққан-ды [7].  
Сонымен қатар, Б.Қожабекұлы, Т.Омарбеков, Б.Көмеков, Б.Кәрібай, Н.Келімбетов сияқты ғалымдар мен жекелеген зерттеушілердің еңбектерінде Мырза Хайдар шығармашылығы тарихи-әдеби тұрғыдан сараланғанын көреміз. Қазақ фольклортанушылары С.Қасқабасаов, Р.Бердібайдың ғылыми-зерттеу мақалаларында осы тақырыпқа қатысты түйінді ойлар ұшырайды. 
«Тарих-и Рашиди» еңбегінен Қазақстан тарихшылары Мингулов пен Пищулина үзінділер аударды [8, 4 б.]. Ал, «Тарих-и Рашиди» парсы тілінен тікелей қазақ тіліне Өзбекстан нұсқасы бойынша тәржімаланды.  
Ғалым Ә.Дербісәлі «Қазак даласының жұлдыздары» атты еңбегінде көлемді тарау арнаған. Әрі «Жаһаннаме» атты дастанын көне түрік (шағатай) тілінен қазақ тіліне тәржімалап, оның түсініктемелік сөздігін де жазып, шығарды [36]. 
Ғалым Үндістанның Кашмир штатындағы, Сринагар қаласындағы «Мазар-и-Салатин» (Сұлтандар мазары) қабірстанынан Мырза Хайдардың мазарын тауып, оны «Ислам және Заман» атты еңбегінде егжей-тегжейлі жазып, оның зерттеу жұмысына зор үлес қосты [9]. 
Зерттеудің мақсаттары мен міндеттері. Зерттеуіміздің негізгі мақсаты Мырза Хайдар Дулаттың еңбегінің ғұмырнамалық шығарма ретінде әдеби ерекшеліктерін айқындау, исламдық шығыс әдебиетінің түркі әдебиетімен байланысын нақтылау, олардың қазақ әдебиетіндегі сабақтастығын анықтау болып табылады. Осы және басқа да мақсаттарға жетуде төмендегідей міндеттер шешімін табуы қажет: 
Мырза Хайдардың ғылыми ғұмырнамасын жасау; 
Мырза Хайдардың шығыс әдебиетімен танысуы, оның көркемдік, стильдік тәсілдерін меңгерудегі шеберлігін айқындау; 
Мырза Хайдардың исламдық дүниетанымының шығармаларындағы көрінісін анықтау; 
«Тарих-и Рашиди» еңбегінде автор тоқталған шығыстың әдеби-рухани әлемінің белгілі қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығын толықтыра зерттеу және олардың Мырза Хайдар шығармашылығына әсерін анықтау; 
1346-1546 жылдар аралығында өмір сүрген Шағатай, Әмір-Темір, Шейбани, Дулат әмірлігі, қазақ хандығы жайындағы авторлық деректер мен түпнұсқа деректерді, әлемдік зерттеу жұмыстарын және қазақ ғалымдарының зерттеулерін салыстыра отырып нақтылау; 
— Шығармадағы ислам қағидасының негізінде пайда болған шығыс әдебиетіндегі жанрлар мен әдеби тақырыптардың және исламдық әдеби стилдің ерекшеліктерін айқындау;  
— Шығармада қолданылатын түркі өлеңдерінің және қазақ сөздерінің көркемдік, философиялық, психологиялық мәнін ашу; 
Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Диссертациялық жұмыста Мырза Хайдар Дулаттың «Тарих-и Рашиди» еңбегіне стильдік, жанрлық, мазмұндық, тақырыптық және көркемдік тұрғыдан талдау жасала отырып, төмендегідей мәселелер қарастырылды:  
Мырза Хайдардың «Тарих-и Рашиди» еңбегі ғұмырнамалық әдеби шығарма екендігі анықталды; 
Қаламгер еңбегінде қамтылған тарихи кезеңдегі (1346-1546) саяси биліктегі ағымдардың және ғалымдардың түрік халықтарының мәдениеті мен әдебиетіне ықпал-әсері анықталды; 
Қаламгер еңбегіндегі рубаи, мүфрәд сынды шығыстық жанрлар және мінәжат, мадақ секілді әдеби тақырыптар зерттеле отырып, олардың қазақ әдебиетімен байланыстары анықталды; 
Мырза Хайдар шығармасында кездесетін түркі өлеңдерінің авторлары, олардың жанрлық, тақырыптық, көркемдік ерекшеліктері талданды; 
Шығармада кездесетін және қазіргі уақытқа дейін өзгеріссіз қолданылып келе жатқан қазақ сөздері анықталды; 
Мырза Хайдардың исламдық дүнеитанымы зерделенді және исламдық шығыс әдебиетінің стиліне тән әдеби тәсілдері нақтыланды; 
Мырза Хайдар еңбегіндегі сөздік қорына сүйене отырып, түрік халықтарының ежелгі тарихы мен қалаларына шолу жасалды. 
Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:  
— Мырза Хайдар шығармасы өзінің ғұмырнамалық сипатымен қатар әдеби жанрлық және стильдік қасиеттерді бойына сіңірген энциклопедиялық туынды;  
— «Тарих-и Рашидидің» лексикасы қазақ хандығы дәуіріне тән және сол кезеңдегі тарихи-саяси, мәдени, әдеби үрдістердің шынайы әрі көркем шежіресі болып табылады;  
— Мырза Хайдар еңбегінде кездесетін тарихи мәліметтер қазақ тарихы мен мәдениетінің және діни-ағартушылық әдебиетін басты қайнар көздерінің бірі;  
— «Тарих-и Рашиди» еңбегі әдеби-эстетикалық тұрғыдан Мырза Хайдардың суреткерлік шеберлігінің айқын айғағы; 
— Мінәжат пен мадақтың әдеби тақырып тұрғысынан алғанда түркілік әдебиеттің дәстүрлі үрдісі және бұл құбылыс қазақ әдебиеті тарихындағы діни-ағартушылық ағым өкілдерінің мұрасымен толық үндеседі;  
— Мырза Хайдар шығармасының поэтикалық деңгейі жоғары, ол тек қана прозашы емес, ақындық дарыны да, кемелденген қаламгер ретінде саналады; 
— Еңбектегі түркі өлеңдерінің қазақтың тілі мен әдебиетіне қатыстылығы даусыз, бұған бұлтартпас дәлелдер жетерлік;  
— Шығыстық рубаи, мүфрәд сияқты жанрлардың қазақ әдебиетіндегі көрінісі тиісті мысалдар негізінде әдеби, тарихи – салыстырмалы түрде талданады, ғылыми тұжырымдар жасалды; 
— Мырза Хайдардың «Тарих-и Рашиди» ғұмырнамалық тарихи шығармасы стильдік, жанрлық тұрғыдан алғанда өз дәуірінің озық туындысы және ол әдеби-тарихи һәм эстетикалық құнары мен маңызы жөнінде де әлемдік өркениет пен мәдениеттің алтын қорына қосылатын аса бағалы мұра.

Толығырақ: http://referatikz.ru/ancient

...