“Шырағың сөнбесiн” романы “Жұлдыз” журналының 1973 жылғы 10-11 сандарында, 1980 жылғы 2-3 нөмірлерiнде қалың оқырман назарына ұсынылған Т.Ахтановтың соңғы романы. Роман тақырыбы Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарындағы кезең суреттеріне арналған. Романның бас кейіпкері қазақтың қарапайым келіншегі – Нәзира. Батыс шекарада қызмет атқаратын кеңес офицері Қасымбекке күйеуге шығып, жат елде жүргенде, кенеттен соғыс басталып кетеді. Шиеттей нәрестесін құшақтап, эвакуацияға ұшыраған жас әйел көп қасірет көріп, азап шексе де, қазақ әйеліне тән табандылық, қайсарлық танытады. Қасымбек мерт болған соң, Нәзира Абан есімді жігітпен қосылады. Алайда соғыс одан да айырады. Назира екі азаматтың да шырағын сөндірмей, екеуінің де ұрпағын жалғап, екі нәрестесімен елге оралады. Романның жалпы сюжеті Нәзираның бастан кешкен тауықыметін, кезеңнің қиындықтарын көрсетіп, бәрін мойымай көтерген қазақ әйеліне тән қасиетті көрсетуге құрылған. Романның негізгі идеясы кiтаптың алғашқы беттерiн-ақ байқалады. Нәзира анасынан ерте айырылады. Әжесi сол анасының қабiрiне шырақ жағып, бата оқып, “Шырағың сөнбесiн!” деп күбiрлейдi. Жас бала Нәзира түсiнбей, жаққан шырақтың майы таусылып, сөнiп қалмай ма дейдi. Сонда әжесi басын шайқап: «– Әй, балам-ай, әлi баласың ғой... Сенсiң ғой оның шырағы. Сенiң тiлеуiңдi тiлеп кеткен жоқ па, бейшара» - дейді. Жазушы соғыс әкелген зұлымдыққа осындай ұлттық дүниетаным мен адами құндылықтарды, адами күш-қайратты қарсы қою арқылы шығармаға терең философиялық мән дарытқан. Романның күллі оқиғасы әйелдің көзімен тізілгендіктен де, адамдардың жан-дүниесі тереңінен ашылып, роман психологиялық сипат алған. Романдағы уақыт пен кеңiстiк те зор. Жазушы қазақ елінің басынан кешкен небір оқиғаларды: ашаршылық нәубетiн, сталиндiк зобалаңды ретроспекция әдісі арқылы нанымды көрсете алған. Әйткенмен бұл роман композициясының бүтіндігіне еш нұқсан келтірмеген.
Толығырақ: https://bilimland.kz/kk/courses/audiochrestomathy/11-synyp/proza/lesson/16-taxaui-axtanov-shyrahyng-sonbesin-romany-14