0 дауыс
397 көрілді
Мен бір сұраққа жауап алғым келген еді Мысалға біз кез келген кино немесе мултьфильмді ұнатамыз ия жəне біз сондай болғымыз келеді жəне сондай əлемге барғымыз келеді Егерде Құдай қаласа көз жұмғаннан киің Жұмаққа барсақ ол жер керемет қой ия? Сол Жұмақта біз өзіміз ұнатқан қалаған кез келген нəрсені істи аламызба. Мысалға мен бір мульфильмді ұнаттым Жұмақта сол ұнатқан мультфильм əлеміне бара аламынба ??? Жай ғана бұл сұрақ маған қызық болды сол үшін сұрап тұрғаным

1 жауап

0 дауыс

Жұмақ пен Тозақ – Алла Тағаланың патшалығында Қиямет күнді күтетін мекендер. Бұлар Жаратушы хикметі, адамзаттың үміті пен үрейі. Олардың хақтығын Құран Кәрім  қасиетіндегі керемет аяттар айқын дәлелдейді. Бұл мекендердің барына сенбегендер Алланы танымағандар. Бұл мекендер ғайып болмайды, ешқашан жоғалмайды, мәңгілігін тоқтатпайды. Жәннет мекені жайлы Құран: 

«Раббыларыңның құзырында олардың (мүміндердің) сыйлары – ішінде мәңгі бақи қалатын, астарынан өзендер ағатын Адын (бейішінің) бақтары. Алла оларға разы әрі олар да Одан (Алладан) разы. Осы (сый) – Раббысынан қорыққан жаны үшін» («Бәйинә» сүресі, 6 - аят) деп, баяндайды.

Тағдыр жазушы Жаратушы мекендерді адамзаттан бұрын жаратып, оның тұрғындарын белгілеп қойған. Қияметтің ұлы күнінде Жұмаққа Алланың рахымы, Тозаққа әділдігі жүреді. Адам баласы бұл өмірде Жәннеттің ғажайыптарын көре алмайды, Тозақты мекендеушілердің зарлы дауысын ести алмайды. Әркім өзіне – өзі  әзірлегенімен мекендерге өтіп, өтемін сол жақта өтейді. Алла тарапынан адамдарға зияндылық жасалынбайды. Ал, Тозақ мекені  жайлы Құранда: 

«Ақиқатында, Кітап иелері мен мүшріктерден кәпір болғандар жәһаннам отында мәңгі бақи қалады. Солар – жаратылыстың ең жаманы» («Бәйинә» сүресі, 8 - аят) делінген. Ал, жақсылық пен жамандық адамның екі қанаты, жолының қарауылдары.  

Тозақ – отты түнек. Жанды түршіктіре құлаққа түрпідей естілетін сөз. Бұдан адамға бірден от жалыны елестеуі мүмкін. Алайда, ол мүмкін бе? Жалғанда шөкімдей оттың жалаңдаған ұшқыны қандай. Ал, алапат түнектің ордасында болу, Алла одан сақтасын! Негізінде, Тозақты еске түсіру үшін, сол шөкім от Алланың салмақты ескертуі. Дегенмен, Тозақ – тағдырды ойландыратын, есті жинататын, күналарды санататын, жамандықтан тыйдыратын мекен. Керісінде, азғырғанға ергенді, сауапты ұмытқанды, жақсылық жасамағанды Алланың мейірім рахымынан айырушы мекен. Құдіреті күшті Жаратушы айтады: 

«Олардың (зиянға ұшырағандардың) үстерінен де оттан шатырлар (қабаттар),  астарынан да шатырлар  (қабаттар)  болады. Міне, Алла сол (азап) арқылы Өз құлдарын қорқытады. Уа, Менің құлдарым, Менен қорқыңдар!» («Зүмәр» сүресі, 16-аят) делінген.  

Аллаға иман келтірмеген, шариғат үкіміне қарсы болған, Елшілерін  жалған санаған, адасқан қауымдар  Тозақты мекендейді. Ол ғаламаттың қай қабатында орналасқаны белгісіз. Ғалымдардың пайымдауы үш тарапта яғни бірі жер тұнығына апарады, бірі көкке шығарады. Үшінші бір ғалымдар орнын нақтыламайды. Бұл жөнінде хафиз ас-Суйутидің «Тозақ мекенінің орналасуы жайында бір тоқтамға келу мүмкін емес. Ол бір Алла ғана аян және бұл тақырыпқа байланысты сенімді бір хадис жоқ» дегенмен тоқтайды. Сол сияқты, келесі бір ғалымның «Жұмақ пен Тозақтың орнын белгілейтін нақты мәтін жоқ. Ол мекендер Алла Тағаланың қалаған жерінде. Оның әлемін және Оның мекендерін білімімізбен қамту мүмкін емес» деген пайымына «Осы сұраққа «Алланың қалауында» деген тоқтам қолайлы жауап» деген тұжырымды үшінші бір ғалым айтады. Жалпы, бұл дұрыс пікір.   

Тозақ сипаты – үрей! Қасиетті кітаптардағы деректер бойынша, Тозақ тереңдігінің көлемі ауқымды. Ара қашықтығы  үлкен, алып зор алаң, сансыз күнә көтерушілерді қамтиды. Орасандығы Жаратушының құзырында. Аллаға ғана мәлім, бұдан жер бетіндегі күнә атаулының көп болатындығы қорқыныш.

Отты алаулары күнәлардың ауырпалықтарына қарай әркелкі. Яғни Тозақ оты бәріне бірдей емес. Жазасы өте ауыр және әрқилы. Алла Тағаланың: 

«Ақиқатында, мұнафықтар тозақтың ең төменгі деңгейінде болады да, олар үшін еш медеткер таба алмайсың» деген «Ниса» сүресінің 145 – аяты бар.  Ғалымдар «Жұмақ сатылары жоғары қарай көтеріледі, Тозақ сатылары төмен қарай түседі» десе, тақуа арғы аталарымыздың «Аллаға серік қоспаған күнәһарлар тозақтың жоғарғы сатысында» дегені бар.  Кейбір жазбаларда Тозақ сатыларына атау беріледі. Яғни Жәһәннам (азынаған жел), Ләзға (күйік), Әл – Хутама (тамызық), Ас – Сағир  (жалын), Сахар (тамұқ), Әл – Джаһим (түнек), Әл – Һауиа (шыңырау).

Алла Тағала Тозақтың жеті қақпасы және олардан Аллаға иман келтірмеген, Ібіліске ерушілер енетіндігі айтылады:

«Һәм, асылында, жәһаннам – олардың (Ібіліс пен оның ізіне ергендердің) бәрінің уәделі орны!» («Хижр» сүресі, 43 - аят) немесе «Оның (жәһаннамның) жеті қақпасы бар. Әрбір қақпаға олардың (Ібіліс пен оның ізіне ергендердің) бір бөлігі бөлінген» («Хижр» сүресі, 44 - аят) дегенмен мәлімденеді.  

Қиямет күніне дейін Тозақ есіктері ашылып, жабылып тұрады. Әбу Хурайра Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарымыздың «Рамазан айы кіргенде, Жәннеттің есігі ашылып, Тозақтың есігі жабылады, шайтандар кісенделеді» деген нақты өсиетін жеткізген.

Тұрғындарының тағамы от, дәмі ащы сасық тікен. Сусыны қайнаған май тәрізді жалынды су, қанды ірің. Киімі от, төсеніштері мен жамылғылары от.   

Тозақты алапаты күшті үлкен періштелер күзетеді. Олар Алланың әмірін күтеді, саны кейбір деректер бойынша он тоғыз. Періштелерде рахымдық  сипат болмайды. Бұл жөнінде, Алла Тағала: 

«Уа, иман келтіргендер! Өздеріңді және отбасыларыңды отыны адамдар мен тастар болатын оттан (тозақтан) қорғаңдар! (Тозақтың) үстінде Алланың бұйырғанын екі етпейтін, әмір етілгенді (бұлжытпай) орындайтын сұсты да күшті періштелер болады» («Тахрим» сүресі, 6-аят) дейді.  

Құран мен сүннет деректерінде Тозақ көруші, сөйлеуші, шағымданушы. Ұлы жазбаларда өзіне алып келе жатқан күнәһарды  алыстан көре сала, оған деген жиіркеніші мен қаһарын білдіріп, Тозақ ащы үрейлі дыбыс шығарады.

Әл – Бухари хадистер жинағынан Мұхаммед пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Алла Тағала, мен өзімді – өзім жалмап барамын» деген Тозаққа қыс және жаз айларында орындайтын екі амалға рұқсат берілді. Бұл сендердің қыста сезетін ызғары қатты аяз үскірігі мен жаздың аптап ыстығы» – деген Тозақ жайлы хадисін оқуға болады.  Бұл Тозақтың жер үстіне тигізер әсері. Бұрынғы аталарымыз көлеңкені тасалап, жүзін төмен түсірген күйі күбірлеп, Аллаға сиынып, Тозақты еске алатын.    

Тозақ – түңіліс пен өкініш. Бұл мекенге Алланың зұлымдығымен емес, әділдігімен өтеді. Бұл адамның өз таңдауы. Мәңгілік тұрғындарының көбісі Аллаға иман келтірмегендер, Оған серік қосқандар. Бұл хақында Құранда көптеген аяттар келтірілген. Соның бірінде: 

«Ал, аяттарымызды өтірікке шығарып, оларға менменсіне қарағандар болса, солар – тозақтықтар, онда (тозақта) мәңгі бақи қалады» («Ағраф» сүресі, 36 - аят) делінеді.  

Осы өмірде Тозаққа шақырушылар да болады. Ол өзінің соңынан ерткен халқын Тозаққа да алып барады. Бұған Перғауынның тірлігі мысал. Бұл жайында Құранда: 

«(Перғауын) Қиямет күні қауымын бастайды да, оларды тозаққа апарады. Һәм апарған жағы неткен жаман еді!» («Һуд» сүресі, 98 – аят) деп, айтылған.

Тозақтың мәңгі азабына ұшырататын ең ауыр күнә – Аллаға серік қосу. Бұл жайында жетпіс күнәні топтаған Имам Зәһабидің еңбегінде кеңінен баяндалады.   Хадистерде  ең үлкен күнә қатары Аллаға серік қосу, адам өлтіру, өз – өзін өлтіру,  ата – анаға қарсы шығу, жалғанға куә болу делінеді. Одан басқа, Алладан үміт үзу, Жаратқанның қаһарынан қорықпау, Алланың бұйрығын тәрк ету, Оның тыйымдарынан бас тарту, Елшілерді айыптау, сүннетке қайшылық тудырған ағымға еру, жихадтан бас тарту, дін ұстанған адал әйелді қаралау,  жетім дүниесін жеу,  туыс – туғаннан қарым – қатынас үзу, жаратылысқа қорлық көрсету, өтірік, ғайбат, бақытсыздықта сабырсыз болу, өсімқорлық, тәкаппарлық, сиқырлау, әділетсіздік, зинақорлық, сатқындық, опасыздық, сараңдық, көре алмаушылық тәрізді күнә игерген адамдар және дінге сенбеген жындар Тозақ тұрғындары.

Құран Кәрім мен хадистерде Тозақ тұрғындарының есімі аталынады. Мәселен, есеп беру күні Мұса  пайғамбарды (оған Алланың сәлемі болсын) мойындамаған Перғауын, оның әйелдері,  соңынан ергендер келетіндігі бар. Ал, серік қоспастан Аллаға иман келтіріп, сауапты амалы күнәларын жауып жатса, Тозаққа бір кіріп шығатыны да айтылады. Онда қанша уақыт болатындығы Аллаға мәлім.  

Жұмақ – қасиетті мекен. Құлаққа жұмсақ естілетін, жанды рахаттандыратын Жұмақ атауының өзі көңілге қонымды, жүректі қуантады. Алла Тағаланың бұл сыйына бөлену мүлдем бөлек, ерекше сезім. Алла Тағала баршаға Жәннетті нәсіп етсін!

Негізінде, Жұмақ – Алланың тақуаларға арнаған ұлы марапаты, қымбат сыйы. Бұл күмәнсіз, зиянсыз, қоспасыз, кінәратсыз, кіршіксіз, таза, пәк, мәңгілік мекен. Ол ешқашан ғайып болмайды. Орналасқан орны Аллаға мәлім! Оған Ұлы Жаратушының кеңшілігіндегі мейірімімен енеді. Жәннет тұрғындары ешқайда кетпейді, басқа мекенге өтпейді, мәңгілік тірі, мәңгілік сұлу, мәңгілік жас, мәңгілік рахатта болады.           

Жұмақты елестету, нақты суреттеу, қиялға берілу мүмкін емес. Жалғанда оған теңдес дүние жоқ. Жері айна тәріздес күмістен жасалған ақ мәрмәр. Онда күн де жоқ, аяз да жоқ, түсі ақ. Кейбір аңыз әңгімелерде «Жұмақ – жарқыраған әлем, саф ауа, тербелген шөп, сылдырлаған бұлақ, піскен жеміс, биік шаһарлар, сұлу әйелдер, жалт – жұлт еткен сансыз жасаулар» кейіпімен суреттеледі.  

Құран Кәрімде баяндалғандай, Жұмақтың өзендері шексіз, сулары еш бұзылмайды, дәмі өзгермейді. Балдан тәтті, сүттен ақ Кәусар өзені Құранда айтылған. Жемістері жұп – жұбымен, бір бақтарда өсімдік екі түрлі, бір түрден жеміс береді. Алла Тағаланың Құранында: 

«Жемісі қатар – қатар банан ағаштарының (ішінде)» (29), «Һәм (мәңгі) созылған көлеңкеде» (30), «және ағып жатқан судың (қасында) (31), «әрі көл – көсір жемістің (арасында) (32), «таусылмайтын әрі тыйым салынбайтын (жемістердің) (33), «сондай – ақ биік төсектерде» (34) («Уақиға» сүресі, 29 – 34  аяттары)  делінген.

Жұмақ тұрғындары жұмсақ мінезді, ашық жарқын. Тұрғындары үшін ең басты игілік – Алла Тағала уәде еткеніндей, ең бір қайырлы жұма күнінде Оның дидарын көру!        

Жұмаққа алғаш Мұхаммед пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын), сосын сахабалары енеді. Оларды бастап кіретін Әбу Бәкір Сыддық. Одан кейін Аллаға ерекше сенім білдірген, Одан айрықша қорыққан, әділ басқарған, ақиқатты адал ұстаған, ізгі амал жасағандар,  ұлы мұсылман үмметі есеп берместен мүлткісіз енеді. Олар Жұмақта сапқа тізілерде, ешбіреуі бірін – бірі  басып озбайды. Жүздері толған айдай жарық әрі нұрлы болады.  

Жұмақтың  сегіз қақпасы  болады, соның бірі Ар – Райян. Ол есіктен тек ораза тұтқандар кіреді. Басқа қақпалардан діндарлар, ғибадат құрғандар, жомарт жандар, Алла жолында барын сарп еткендер енеді. Жұмақ сатылары әркелкі. 

Жұмақ төрінің «Уәсила» деген атауы бар. Онда тек қана бір адам яғни Алланың қалауы түссе, Оның Елшісі, таңдаулысы Мұхаммед пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) отырады.  Ал, одан кейінгі жоғарғы сатыларды Алла жолында шахид болғандар иеленеді.

Жұмақ тұрғындары – иман келтіргендер, Аллаға серік қоспағандар. Нәпсіге Жұмақ жолы қиындық. Бұл жөнінде, Мұхаммед пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Жұмақ нәпсіге ауырлығымен, Тозақ нәпсіге жеңілдігімен қоршалған» деген хадисі бар. Сондығынан, Жұмаққа Тозақтан кейін және соңғы кіретін адамдар болады делінеді.

Жыл – ағаш, айлар – үлкен бұтақ, күндер – кіші бұтақ. Уақыты – жапырақ, сәттері – жеміс. Егер, адам өмірлік сәттерін Жаратушыға арнаса, онда ағаштың жемісі тәтті болғаны. Ал, егер Аллаға құлақ аспаумен сәттерін еңсерсе, жемісі ащы келеді. Қайта тірілер күні жинаған өнімнен кімнің жемісі тәтті, кімнің жемісі ащы болатыны анықталады. Ендеше,  сол ұлы есеп күні баршамызға берілер есенің тәтті болуына қам жасайық, ағайын... 

...