1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) жәбірленуші - өзіне қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықпен моральдық зардап, дене зардабы және (немесе) мүліктік зиян келтірілді деп ұйғаруға негіз бар жеке адам;
1-1) көмек көрсету жөніндегі ұйымдар – осы Заңға сәйкес жәбірленушілерге арнаулы әлеуметтік кызметтер және (немесе) көмек көрсетуді жүзеге асыратын заңды тұлғалар;
2) отбасы-тұрмыстық қатынастар – ерлі-зайыптылар, бұрынғы ерлі-зайыптылар, бірге тұратын немесе бірге тұрған адамдар, жақын туыстар, ортақ баласы (балалары) бар адамдар арасындағы қатынастар;
3) тұрмыстық зорлық-зомбылық - отбасы-тұрмыстық қатынастар аясында бір адамның басқаға (басқаларға) қатысты дене зардабын және (немесе) психикалық зардап келтіретін немесе келтіру қаупі бар құқыққа қарсы қасақана әрекеті (іс-әрекеті немесе әрекетсіздігі);
4) тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы — тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасының субъектілері жүзеге асыратын, отбасы-тұрмыстық қатынастар аясында адамның және азаматтың конституциялық құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға және жолын кесуге, сондай-ақ оларды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтауға және жоюға бағытталған құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және ұйымдастырушылық шаралар кешені;
5) тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасының субъектілері - тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасын жүзеге асыратын мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, ұйымдар және Қазақстан Республикасының азаматтары.
Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 18.02.2014 № 175-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
2-бап. Қазақстан Республикасының тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.