0 дауыс
12.5k көрілді

Мәтінді толықтыру үшін Сырым батыр шығармасын білу керек

1 жауап

+1 дауыс

Сырым Датұлы – қазақ тарихында ерекше орын алатын тұлға. Ол өзі өмір сүрген заманында тек қазақ даласында ғана емес, сол кездегі қазақ даласымен көршілес өзбек, қырғыз, түрікмен елдеріне даңқы жайылған, түріктілдес елдерге де аты шыққан тарихи тұлға. Қазақтарды енді ғана бодандыққа ала бастаған ресейліктер қазақтың Сырым батыры жайлы хабар, жаңалықтарға құлақтарын ерекше түріп отырған.

Тарихшылар көп жағдайда Сырым Датұлының батырлығы мен ұлт-азаттық қозғалысқа қатысты іс-қимылдарына көбірек назар аударып, оның қазақ даласында жүргізген өзін-өзі басқаруға байланысты жаңашылдығын көлеңкеде қалдырып жүр. Ең алғашқы төменгі әкімшілік басқару құрылымы Париж коммунасы (1789-1794) деп саналып келсе, Сырым Датұлы - одан төрт жыл бұрын қазақ даласында халықтың өзін-өзі басқаруының негізін қалаған адам. Ең алғаш рет қазақ даласындағы хандық басқарудың орнына Кіші жүз аймағында халықтың өзін-өзі басқару түрі - Халық жиналысын енгізіп, осы басқару түріне көшуге патшалық Ресейді көндіріп, отар болған қазақ даласында алғаш рет Ресей заңына емес, қазақ даласының ата-баба қалдырған ережелеріне бағынатын әкімшілік аймақ құрды. Осы заңның арқасында сол кездегі мылтықпен қаруланған орыс казактарының қазақ ауылдарына шабуыл жасап, тонау мен малын айдап әкетуіне тосқауыл қойды. Қазақтар Жайық өзеніне жақындауға, жағалауына қоныстауға мүмкіндік алды. Әрине, ғасырлар бойғы қалыптасып келген қазақ даласындағы хандық басқарудың орнына Халық жиналысын енгізу ол заманда өте қиын еді. Сырым Датұлы бұл өзгерісті жасау жолында өзінің қара қылды қақ жарған билік абыройы, батырлығы, шешендігі сияқты сирек кездесетін қасиеттері мен данышпандық даналығының арқасында атқарды.

Сырым батыр Ресейдің көздегені - қазақ жерін жаулап алмақ ниеті бар империялық отарлау саясатына бірінші болып қарсы шығып, Кіші жүз қазақтарын көтеріліске шығарып, оның қолбасшысы болды. Бұған тағы бір дәлел оның Е.Пугачевтің көтерілісін қолдап, орыс мұжықтарымен бірігіп соғысуы. Орыс патшайымы II Екатеринаның Сырым Датұлының қолына қарсы А.В.Суворов бастаған сол кездегі ең мықты армиясын жіберуі орыстардың Сырым Датұлынан қатты қаймыққанын көрсетеді. Сырым батырды көпке дейін ұстай алмаған Суворов 1775 жылдың  22 маусымында әскери министр граф П.Панинге ақталып, мынадай хат жазған: «...Сырым батыр ертіп жүрген қырғыздардың тобырын («толпу» деп жазыпты. - С.Ж.), бұл қаскүнем қай жерде болмасын, кездесе қалса ұстап, сол жерде өлтіру керек. Қашқан жағдайда, мейлі қаншама ұзақ қуғын болса да тоқтамай жетіп, әскери жазасын беріп, оның басты көмекшілеріне де осы шараны қолдану керек».

Сырым Датұлының туабітті шешендігі мен ерекше  ақылдылығы, даналығы жайлы ауыз әдебиетімізде деректер өте көп. Оған тоқталып қажеті болмас. Батыр 1742 жылы қазіргі Батыс Қазақстан облысының Сарыой деген ауылында туған. Сырым батырдың өміріндегі негізгі оқиғалар тізбегін кестелейтін болсақ, олар мыналар:

1773-1775 ж.ж. Сырым батыр Емельян Пугачев бастаған шаруалар көтерілісіне қатысады.

1778 жылдың күзі. Сырым батыр талай рет қазақ ауылдарын тонаған походный атаман Чагановты тұтқынға алады. Кейін оны Хиуа хандығына сатып жібереді.

1783 жылдың желтоқсаны. Сырым батырды орыс казактары ұстап алып, оны төрт ай Орал түрмесінде ұстайды.

1784 жылдың сәуір-мамыр айында батырды түрмеден 70 ат пен 350 рубль беріп босатып алады. Батыр Бөкей Ордасына келеді де қайтадан қол мен күш жинауға кіріседі. Елек (Илецк) қамалына шабуыл жасайды. Қазақтың Кіші жүз руларының арасында орыстарға қарсы наразылық күшейе береді.

1785 жылдың қаңтары. Нұралы ханның сұранысы бойынша князь Потемкин қазақ даласына Сырым батырдың көтерілісін басуға сапта тұрған армиясынан  әскери қол жібереді.

1786 жылдың ақпаны. Сырым Датұлы бастаған Кіші жүздің көтерілісшілеріне корпустық генерал Смирнов келеді. Оның құрамында 237 орыс казагі, 2435 башқұрт болды. Сонымен бірге құрамында 1250 оралдық орыс казактары бар походный атаман Колпаков келді. Бұл кезде Сырым батырдың қол астында 6200 көтерілісші болды, оның 2000-ын Барақ батыр, 1500-ін Тіленші батыр басқарып, соңғы екеуі наурыз айында Антонов және Сахарная деп аталатын қамалдарға шабуыл жасады.

Көтерілісшілердің мұндай қимылдары ІІ Екатерина патшайымды және Орынбордың губернаторы О.Игельстромды қатты қобалжытты. Патша үкіметі реформалар жасауға мәжбүр болып, Бөкей ордасының батыс бөлігінде Халық жиналысын (съезд) шақырып, хан билігі жойылды. Барон О.Игельстром Ресей үкіметінің атынан съезге Кіші Ордада бұдан былай хан билігі, оның ішінде Әбілхайыр ханның тұқымдарынан ешуақытта хан болмайды деп уәде берді. 1786 жылдың 3 маусымында Нұралы хан биліктен кетіріліп, Уфаға жер аударылады.

Осыдан кейін Нұралы ханның балалары, оның ішінде әсіресе Ералы сұлтанның Сырым батырға өштігі күшейеді. 1786 жылдың 1 қазанында батырды намаз оқып жатқан кезінде тұтқындайды. Қараша айында Екатерина патшайым О.Игельстромға Сырым батырды босатуға тапсырма береді. Батырдың дұшпандары оны көпке дейін босатпай, 1787 жылдың 23 қазанында ғана шекара ісін басқаратын Орынбор экспедициясының жарлығымен босатылады. ІІ Екатерина патшайымның атынан Орынбор басшылығы Сырым батырды Кіші жүздің Бас старшинасы етіп бекітеді, батырға Тархан деген атақ беріледі.

Батыр Сырым әрине бұл кезеңде орыс патшалығына бағынуға мәжбүр болды, бірақ негізінен алғанда сол кезеңдегі әділетті құрылым - Хан кеңесіне арқа сүйеп отырды. Хан кеңесінде сол кездегі қазақ даласындағы ең қиын, даулы мәселелер жерді пайдалану, руаралық қатынастар, орыс казактарымен жиі болатын қақтығыстарды шешу, Орынбор шекаралық, яғни билікпен байланыстар қаралатын еді. Мәселелердің барлығы әуелі рубасы ақсақалдармен, билермен алдын ала ақылдасып қойылатын. Әрине, қазақтардың орысқа түгел бағынышты болмауы, қазақтардың Сырым батыр сияқты абыройлы басқарушысының болуы патша үкіметіне ұнамады.

Барон О.Игельстром Кіші жүз құрамында жүргізген мұндай реформаның өздері үшін қате болғанын түсініп, жоғары жаққа басқа бір реформаны ұсынды. Ол Орданың батыс бөлігін алтыға бөліп, Сырым Датұлын Бас прокурор деген жаңа қызметке ұсынды. Бірақ Ресей үкіметі оның бұл идеясын қолдамады, оның орнына бұрынғы хандық басқаруды күшейту жағын қолдады. Волга мен Жайық өзендерінің ортасындағы бұрын қалмақтар тастап кеткен аймақты қазақтардың пайдалануына қарсы болды. Бұл жаңалық қазақтарға ұнамай қайтадан текетірестерге әкеліп, Сырым батыр мен патшалық құрылымдардың арасында келіспеушілік көбейе бастады.

Сырым батыр қолына қайтадан қару алды. Батырды қолдаушылар сонау Арал жағалауы, Орал тауларының оңтүстігін жайлаған Маңғыстау қазақтарына дейін көбейді. Бұл соғыс 1794 жылдың 10 мамырына дейін жалғасты. Осы уақыттан бастап Сырым батырдың қолдаушылары екіге бөлінді. Батырды қолдаушылар негізінен алғанда кедейлер және кейбір хан төңірегіндегі би, сұлтандар және ауқаттылар болды. 1796 жылдың қысында бұл аймақта осы кезге дейін болмаған жұт болды. Қиын жағдайда ақсақалдар батыр мен хан билігі жағындағыларды бітістіруге тырысты. Бірақ батыр мен хан жағы екеуі өзара бірін-бірі ерекше жек көретін еді, олар осы жеке бастарындағы жеккөрініштілікті жеңе алмады. Есім хан бірінші болып келіссөз бастауға көнбеді, Сырым батыр оны хан деп санамайтындықтан (оны халық сайламаған болатын, генерал-губернатор тағайындаған) көнбеді. Екеуінің арасындағы жеккөрініштілік 1797 жылдың 27 сәуірінде аяқталды, Сырым батырдың сарбаздары осы күні Красноярск деген форпостқа  5 шақырым жерде Есім ханды өлтірді. Есім хан патша үкіметінің адамы болатын, оны орыс казактары қорғап тұрған еді. Есім ханның жақтаушылары мен Сырым батырдың қолдаушылары, яғни қазақтар өзара соғысуға сәл ғана қалған-ды. 1797 жылдың 29 тамызында Қобда өзенінің жағасында Кіші жүздің сұлтандары мен билері жиналды. Бұл жиынға 1000 сарбазын ертіп Сырым батыр да келді. Батыр көп алдында сөз сөйлеп, өткен жұттың ойраны қазақты күйреткенін, жағдайдың ауырлығын айтып, мұндай жағдайда азаттық үшін күресті жалғастыру дұрыс болмайтынын, хандық басқару таратылып, оның орнына Хан кеңесінің енгізілуіне байланысты билікке қарсы күресті тоқтататынын, сарбаздарын үйлеріне жіберетінін хабарлады. Мұның бәрін халықтың ынтымағы мен бірлігі үшін істеп отырғанын жеткізеді. Жиналғандар Сырым батырды Хан кеңесінің бас мүшесі етіп сайлады. Бұл шешімге Нұралы ханның балаларының бірі, Есім ханның қалмақ әйелінен туған ұлы, әкесінің орнына хан болу арманында жүрген Қаратай сұлтан көнбеді. Қаратай сұлтан әкесі мен ағасы үшін кек алуға бекінеді. Осы жиын аяқталған соң Сырым батыр руластарымен Сырдария өзенінің орта бойына, Хиуа хандығына шекаралас аймаққа көшіп кетеді. Осы жаққа көшіп келген соң 1802 жылы батырды у беріп өлтіреді, кейбір деректер бойынша Қаратай сұлтанның адамдары өлтірді деген сөз бар

Осы орайда айта кететін бір жайт бар. Сыр бойының Қызылорда облысы аймағында қазіргі кезде жалпы отбасы саны екі жүзден асып кеткен Байбақты және Тана рулары тұрады. Көнекөз қариялардан қалған әңгімелер бойынша олар кезінде өздерінің келу тарихын терең қазбалап айтуға жоқ болған деседі. Содан болса керек, бұл ағайындардың Ақмешіт аймағына келуі, орналасуы жайлы нақты деректер жоқ. Біздің пайымдауымызша, бұл ағайындар сол кездегі Сырым батырға еріп көшіп бара жатқанда Сыр бойында қалып қойғандар болса керек деп ойлаймыз.

Сырым батыр – қазақ халқы үшін ешқашан ұмытылмайтын, барлық қазаққа бірдей тұлға. Батырдың атын ұлағаттау, құрметтеу негізінен алғанда еліміздің батыс жағында ерекше. Батыс Қазақстанда оның атында аудан бар, Орал қаласының облыстық мәслихатының үйі алдында әдемі ескерткіш қойылған, мұндай ескерткіш Жымпитыда да бар, батырдың мұражайы бар. Әттеген-ай дейтін жері, өз жерін, шекарасын жанын аямай қорғаған батырдың сүйегі өзбек жерінде қалып отыр. Оны Қожахмет Иассауидың қасына әкеліп жерлейтін күн туар деп ойлаймыз.

Біздерге жеткен деректер бойынша батырдың әкесі Дат өз ісіне мықты, салмақты, біртоға кісі болған. Даттың 12 ұлы болған, олардың біреуінің аты Шынтемір екен. Сырымның шын аты Сырлыбай болса керек, еркелетіп Сырым деп кеткен. Сырым Даттың екінші әйелі Дүрданадан туған. Сырым батырдың ұрпақтарының ішінде ел аузында аты қалғаны тұңғышы Жүсіп болыпты. Ол 1770 жылы Сарыой деген жерде батырдың бәйбішесі Торғыннан туған. Жүсіп кейініректе старшина, би, Байбақты руының болыстық правителі болыпты. Әкесі өлгеннен кейін Жүсіп Әбілғазы сұлтан екеуі Жайық пен Елек өзендерінің аралығындағы жерлерді ешкімге бермей күресіп өтіпті.

Жүсіп жүректі, батыр мінезді, әділетшіл болған. Осы қасиеттері үшін оны руластары мен қарапайым халық сыйлаған деседі. Сол кездегі жиі болып тұратын даулы мәселелерде көзге көрініп, халық арасында беделі жоғары болған. Әкесі Сырым батыр тірі кезінде-ақ Жүсіптің ел арасындағы белсенділігі бағаланыпты. Екінші Екатерина патшайым Жүсіпке тархан атағын беріпті. Сырым батырды өлтіруге ниеті бар Қаратай мен Бөкейдің Хиуа хандығымен, патша үкіметінің адамдарымен байланыс іздеп әкесін өлтіру жоспарын білген Жүсіп 1802 жылы руластарына «біз де сол жаққа көшіп барайық» деп айтқан көрінеді. Бірақ, үлгіре алмапты. Әкесінің кісі қолынан өлгенін білген Жүсіп өмір бойы қолынан қаруын тастамай бодандықтан құтылуды өмірлік мақсат еткен. Қасындағы сарбаздарымен бірге әкесінің сенімді серігі болған Жоламан Тіленшіұлының қолына қосылады. Жүсіп те әкесі сияқты жат жерде (1840 ж) өліпті. Жерленген жері белгісіз, ұрпақтары (саны аз емес) кеңес заманында әртүрлі қуғынға ұшырап, тарыдай шашырап Орынбор, Самара, Челябі асып жоғалып кеткен көрінеді.

Сырым батырдың екінші әйелі Қоңырдан 1790 жылы Қазы деген ұл туған, кейін Қазы би атанған. Қоңырдың шыққан жері Әлім, оның Кете бұтағынан көрінеді. Қоңырдың әкесі Қызылқұмды жайлаған бай адам болыпты, байдың жалғыз қызы екен. Сырым батыр Хиуа, Қоқан, Қоңырат шаһарларына барған сапарларында талай рет осы отбасыда болса керек. Сондай бір сапарында Қоңырдың қант ауруының асқанған түрімен ауырып өлім халінде жатқанын көрген батыр қанжарын балтырына сұғып жіберіп қанын ағызып Қоңырға ішкізіп, көп ұзамай қыз жазылып кетеді, батырға әйел болады. Әкесі өлгеннен кейін Қазы нағашы атасының қолында тәрбиеленеді. Жеткен аңыз бойынша, нағашы атасы Қазының жәй адам болмайтынын, әкесінің ізін жалғайтын атақты болатынын болжаған деседі. Сол айтқанындай, Қазы әкесі Сырымның жолымен жүріп Байбақты руының басшысы болады, сөзге шешен, тапқыр, батыр денелі, жүректі, батыл адам, әділ би болған. Қазы орыстармен туындаған әртүрлі саяси, әкімшілік, шаруашылық мәселелерді текетіреске апармай, бейбіт жолдармен шешіп отырған. Әскери старшина, тархан атағын алған. Қазы би 1854 жылдың 16 қаңтарында аурудан өлген. Қазы Сырымұлының 6 әйелі болған дейді, олардан 40 ұл болыпты. Барлығы 40 үйді қатар тігіп «Сырым» ауылы деп атаған екен.

Сырым Датұлының өмірін зерттеген тарихшылар мен әдебиетшілердің жазуынша, Әбілхайыр ханның баласы Нұралы хан Сырым батырдың кенже қарындасы Орынға үйленген екен. Абыройы мен даңқы елді жарған, күннен күнге халық арасында ықпалы күшейіп бара жатқан батырмен бітімге бару мақсатында, өзінің де абыройын ойлаған Нұралы хан осындай қарым-қатынасқа барса керек. Нұралы хан қызының біреуін батырға беріпті. Бірақ, соған қарамай Сырым батыр мен Нұралы хан өмір бойы бір-бірімен дұшпан болып өткен.

Сырым батыр бір немересін (Жүсіптің бір қызын) Хиуа ханының інісі Аллақұлға беруінің арқасында олармен жақсы қарым-қатынаста болған.

Сырым Датұлының немерелерінің бірі Ақжәми батырдың айналасындағы беделді, ақылды кеңесшілерінің бірі болыпты. Оның күйеуі Керей руынан шыққан Естеміс қажы, оның баласы Есеней батыр 1798 жылы Қызылжар шаһарының маңындағы Бескөл деген жерде дүниеге келген. Бұл кісі де жәй адам болмапты, Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» романындағы басты кейіпкер осы кісі.

Батыр Сырымның атақты Махамбеттің әкесі Өтеміспен де жақындығы бар. Сырым батыр мен Өтеміс бір-бірімен құда болыпты. Махамбеттің анасы Алаша руынан шыққан Қосуан Жүсіп тарханның үлкен қызына (баласы Айыптың баласына) құда түсіпті. Бірақ ол жігіт тойға дейін қайтыс болыпты. Дәстүр бойынша Айыптың кенже баласы Қожахметке (кейбір деректер бойынша үлкен ұлы Бекмағамбетке деген сөз бар) үйлендірген көрінеді. Тағы бір дерек бойынша  Сырым батырдың апасы Ақлима атақты композитор, халық арасында Сегіз сері атанған ақынның анасы болып табылады.

Толығырақ: http://www.halyk-gazeti.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=4364:2015-07-30-06-00-21&catid=5:2011-11-18-09-02-24&Itemid=5

...