1)Ақшыл қылқанды орман жарықсүйгіш ағаштардан (балқарағай, кәдімгі қарағай) құралады. Сондықтан олар өзара алшақ орналасып сирек орман алқабын тұзеді. Орман ағаштары сирек, күн сәулесі жеткілікті болғандықтан ағаштардың арасына әлпеншек(Rhododendron),гүлбұршақ (Cytisus), қарақат (Ribes), итмұрын (Rosa) қатарлы бірталай бұталар және шөптесін өсімдіктер өседі. Топырағының бетін жапқан әртүрлі қыналар мол кездеседі. Шұғыл континентік климат жағдайы өскен сайын сібір балқарағайының орынын даур балқарағайы басып, ақшылқылқанды орман онан сайын сирей түседі. Қылқанжапырақты орман белдемшесінің кейбір тау қойнаулары мен өзен аңғарларында қайың (Betula), терек (Populus), қандыағаш (Alnus) т.б. ұсақжапырақты орман алқаптары да кезделеді және олар тайгалық орманды мекендейтін жануарлардың алуантүрлігінің көбеюіне үлкен рөл атқарады.
2) Күңгірт қылқанды тайгалық орман шырша, самырсын, сібір қарағайы қатарлы ағаштардан құралады. Ақшыл қылқанды тайганы балқарағай құрайды. Күңгірт қылқанды орманды түзетін шырша, самырсын, сібір қарағайлар – көлеңке сүйгіштер. Сондықтан олар өте бітік өседі. Ондай бітік орманның жер бетіне күн түспейді, түссе де күн сәулесі жетіспейтіндіктен бұталар аз, бұташық пен шөптесін өсімдік мүлдем өспеуі де ықтимал. Сол себептен оның фитоценозы ағаш белдеуінен басқа шөптесін және мүк белдеуінен немесе ағаш және мүк белдеуінен ғана құралады.
3) Жапырақты орман тайгалық орманның оңтүстігінде, тайга мен дала белдемінің аралығында орналасқан. Еуропа, Азия , Солтүстік Америкада жапырақты орман біртұтас белдемше түзбей әр жерде үзіліп орналасады. Жапырақты орманның климаты оншалық қатал емес. Қыстың орташа температурасы -1-5С. Қыста қатты суық болмаса да біршама қарлы болады. Жылына 750-1500мм ылғалдылық түседі. Жаз айларының орташа температурасы 10°С -тан артық .
Қоңыржай климатты өлкенің жапырақты орман белдемшесінде өсетін ормандардың ең негізгі сипаты олар көктем мен жаз айларында жапырақ жайып өнім береді де күзде жапырағы қуарып түседі, ал қыста орман ағаштары бұйыққан тыныштық күйде өткізеді.
Жапырақты орман белдемшесінің Европалық және Қиыр Шығыстан ылғалды, жұмсақ климатты бөлігінде емен (Quercus), жөке (Tilia), үйеңкі (Aser), шаған (Fraxinus), шамшат (Fagus) қызыл қайың (Carpinus) бастаған жалпақ жапырақты орманның түрлері басым кездеседі. Сібір өлкесінде көбінесе қайыңнан құралған ұсақ жапырақты орман кең таралған. Бұл белдемшенің көптеген өлкелерінде жапырақты және қылқанды орман аралас өсіп аралас орманның түрін құрайды. Жапырақты орман соншалық бітік өспейді. Орман ағаштарының арасы сирек, күн сәулесі жеткілікті мөлшерде түсетіндіктен бұта, бұташа, шөптесін өсімдіктерге бай. Шөптесін өсімдік жамылғысының басым көпшілігін көлеңке сүйгіш көпжылдық мезофит өсімдіктер құрайды.
Жапырақты орманның топырағының бетінде қурап түскен жапырақ, ескі шөптерден құралған едәуір қалың түспе (опад) қабаты болады. Қураған өсімдіктер түспесінен құралған бұл төсенішті ұсақтап жеп, ыдыратып қара шіріндіге айналдыратын аса көп түрлі жәндіктер жапырақты орманның топырағында тіршілік етеді. Солардың ішінен жауын құрты яғни шұбалшаң (Lumbricidae), энхитрейд (Enchytracidae),жұмырқұрттың (Nematodes) көптеген түрлері, қосжұпаяқтар (Diplopoda) және есекқұрт (Isopoda), құрлық шаяны т.б. сапрофаг жануарлар басты рөл атқарады. Орманның топырағында сапрофагтармен қатар өсімдіктің тірі тамырымен қоректеніп зақымдайтын жәндіктердің дернәсілдері де көптеп кездеседі. Әсіресе шыртылдақ қоңыз (Elateridae), тақтамұрт қоңыз (Scarabaеidae), бізтұмсық қоңыз (Curсulionidae) тұқымдастарына жататын қоңыздардың тамыр жегіш (ризофаг) дернәсілдері жиі кездеседі.
4) Қылқан жапырақты орман белдемшісі құстарға бай. Бұл белдемшеге тән негізгі құстарға сұрқұр (Bonasa bonasa), меңіреу құр (Tetrao urogallis), кәдімгі құр (Lyrurus tetrix) және ақ құр (Lagopus lagopus) қатарлы тауықтәріздес құстар жатады (26-сурет). Бұл құстардың биоэкологиялық тіршілігінде көптеген ұқсастық бар: қай қайсысы жыныстық қатынасқа түсерінде қанат-құйрығын жайып, ерекше қозғалыстар жасап қораздану жоралғысын жасайды. Қыста қардың астынан үңгір жасап сол үңгірде түнейді, күндіз тіршілігінің көбін жерде өткізеді, әредік ағаштың бұтағына шығып қайың, қандыағаш, талдардың бүрін, бүршігін, сырғагүлдерін және бұтақтардың ұшының жіңішке жұмсақ бөлігін жеп қоректенеді. Жазда өсімдіктің жапырағын, жемісін тұқымын қорек етеді. Балапандары әртүрлі жәндіктерді де теріп жейді. Бұл құстардың ұрғашысы жұмыртқа басады, ал еркегі ұясының маңайында ұрғашысын қорғаштап жүреді. Аталмыш тауықтәріздес құстар ширақ балапанды құстар тобына жатады: жұмыртқадан жаңа ғана жарылған балапаны қауырсынының суы кеуіп бола бере ұясынан шығып, енесіне еріп өздігінен тіршілік ете бастайды.
Жоғарыда аталған құрлар – отырықты құстар: жылдың барлық мезгілінде қоныс ауыстырмай бір орында ғана мекендейді.
Қыста қардың астын қуыстап үңгір жасап, сонда түнеп және суықтан қорғануға бейімделгенінің нәтижесінде бұл құстар тайга орманының табиғи жағдайына жақсы бейімделген.
Қылқан жапырақты орманға жақсы бейімделген, тұқым жегіш құстың тағы бір өкілі – самыркеш (Nucitraga caryocatactes). Бұл құстың тұмсығы ұзын, бұтақтан бұтаққа өте ептілікпен секіріп, ағаштың бүріне аспақталып тұрып аса шеберлікпен бүрді жарып, тұқымын теріп жейді. Ол көбінесе қарағай, шыршаның тұқымымен, аздап жәндіктермен қоректенеді. Тұқымнан қысқа қор жинайды. Бірақ оны қыста түгелдей пайдаланбайды.
5) Муссондық ормандар - жылдың құрғақ мезгілінде жапырақтарын тастайтын муссондық климатты ормандар өңірі. Көбінесе тропиктерде, сондай-ақ субтропиктер мен коңыржай ендіктерде кездеседі. Түр құрамы аз, көбінесе ағаш өсімдіктері бір түрден ғана тұрады. Өрмелегіш өсімдіктер мен эпифиттер коптеп өседі. Муссондық ормандар Азияның оңтүстік-шығысында, Үндістан және Үндіқытай түбектері«- де таралған.
6)
7) Қиыр Шығыстың жалпақ жапырақты орман белдемшесінің климаты жайлы, жұмсақ болғандықтан салқын қанды омыртқалы жануарлардың көптеген түрі кездеседі. Мысалы, қосмекенділерден шөпбақа (Rana temporaria), сүйіртұмсық бақа (R. arvalis), бақбақыл бақа (Hyla japonica), жасыл құрбақа (Bufo viridis), кәдімгі құрбақа (B.bufo), бауырымен жорғалаушылардан жасыл кесіртке (Lacerta agilis), ұршықсап кесіртке (Anguis fragalis), кәдімгі сұржылан (Vipera verus), кең таралған. Бұлардың барлығы құрлықта тіршілік етіп жәндіктермен қоректенетін жануарлар (27-28-сурет). Қиыр Шығыстың суында қиыршығыс тасбақасы (Trionyx chinensis) тіршілік етеді. Бұл тасбақа қатер төнген кезде суға секіріп түседі де батпаққа кіріп кетеді. Ол балықтармен, былқылдақ денелілермен, шаяндармен, жәндіктердің дернәсілімен қоректенеді. Қыста су түбінің батпағына батып, қысқы ұйқыға кетеді. Жазда 2-3 рет жұмыртқалайды. Су жағалауының күнге жақсы қызатын құмына жұмыртқаларын көмеді. Жұмыртқасы 45-60 күнде кішкене тасбақаға айналып жетіледі.