«Атилла есімі адамзат тарихындағы ұлы адамдар — Александр Македонский мен Юлий Цезарьдың қатарынан орын алады». (Француз тарихшысы А.Тьеридың «Аттила тарихы» атты еңбегінен). Аттилаға көптеген елдердің тарихшылары өз еңбектерін арнаған. Европа тарихшылары «Аттила», «Атилла», «Атыл», «Аттылы», «Этцель», «Этли» деп атаған Аттила мен ол өмір сүрген дәуiрi тарихта өшпес iз қалдырып, адамзат тарихындағы ең ұлы қолбасшылардың бірі болды. Француздың 17 ғасырдағы ұлы драматургі Пьер Корнель «…Аттила есімі керемет әйгілі, бірақ жұрттың бәрі оның характерін толық көлемде білмейді. Ол күштен гөрі өзінің айлакерлігімен көптеген жеңістерге жеткен. Ол бәрінен-де өзінің қарсылас жауының күшін бөлшектеуге тырысқан. Алдымен әлсіз қарсыласына шабуыл жасап, басқа күшті қарсыласының үрейін ұшырған. Шабуыл жасап, қырып, жойып жіберіп отырған. Мұны көрген күшті қарсыласы соғыса алмаған. Сонымен бірге Аттила өз ордасында қатаң әскери тәртіп орнатқан. Өзінің қол астындағы тайпалардың басшылары мен корльдеріне ол: „Жақын туыстарыңды өлтір“ — деп бұйрық берсе-де, олар қорыққанынан амалсыз орындайтын болған…» деп сипаттап жазған. Қазіргі уақытта көптеген шетелдік ғалымдар Аттиланы Хун қолбасшысы деп сипаттап, жазуда. Мысалы:(Attila, King of the Huns:The Man and the Myth). Осы жердегі Хундар деп отырғанымыз кімдер? Хундар дегеніміз далалық ғұндардың төрт тармағының бірі, қазіргі Мажар елінің ағылшындық немесе шетелдік атауы. Хун елі немесе Мажарстан халқыныңы аңыз әңгімелеріне сүйене отырып, Раушангүл Заханқызы өз еңбектерінде Аттиланың жеке басы, соғыс өнері туралы былай деп сипаттайды: «Аттила қара торы өңді, қара отты көзді, кең кеуделі, паң жүрісті, аласа бойлы, барлық ғұндар сияқты сақалын өсірген адам еді. Көзсіз батыр емес, керіснше шайқаста айлакерлігімен көзге түсетін. Дене күші мен сымбаты бірдей болатын. Ақ көңілді, кең пейілді жан еді. Жарқыраған қаруы, жинақы шатыры ұқыптылығын көрсететін деген мәліметтер береді. Аттила, ақшасын сандығында сақтаған емес, бар, ақшаны қажетіне жұмсайтын. Қолы өте ашық береген еді, сондықтан да жат елдің ұлдары да оны жақсы көретін. Суықтығы мен қаталдығынан ғұн жауынгерлері қатты қорқатын. Ғұн патшасының көптеген салтанатты шатыры бар еді, оларды әр түрлі халықтың салттары бойынша дайындады. Қабырғалары алтынмен бекітілген бір ерекше бай шатыры бар еді. Тұтас шатырды бұзып қайта жинауға болатын. Шатырдың бағаналары алтыннан соғылып, іші бос, сырықтары мен қабырғалары қырланаған асыл тастармен безендірілген еді. Әскери жорықтардан соң Аттиланың қорасы әр түрлі елдерден түскен тұлпар аттарға толатын еді деп жалғастырады, өз сөзін Раушангүл Заханқызы. Соларды тамашалап, қызықтайтын. Қолының ашық болғандығы сонша, басқаларға сыйға көп жылқы беріп, кейде өзіне мінетін бір — екі жылқы ғана қалатын. Ат қорасын қара қошқыл барқытпен көмкерді. Патшаның тағы — алтын және қымбат тастардан үстелі және ас ішетін ыдыстары таза алтыннан жасалды. Төсегі-де таза алтыннан ас шебер жасалған еді. Алтын төсегін барлық жорықтарда өзімен бірге алып жүретін. Аттиланың өз жасағы өзге руларды есептемегенде он мәрте жүз мың әскерден тұратын. Бір ғұн мерт болса, бірден оның орнына басқа ғұнды қоя алатын. Атилланың таңбасында тәжі бар құс бейнеленген, ол құсты мажарша «турул»(бүркіт тектес құс — О.Б) деп атаған. Турул бейнеленген таңбаны мажарлар Геза билік құрған уақытқа дейін барлық жорықтарда алып, жүрді. Осындай салтанаттың ортасында Аттила, ғұндар патшасы, әлемдегі басқа патшалардан даңқты еді. Раушангүл Заханқызының мәліметінше ғұн патшасы қамалдар мен бекіністердің билеушісі болғысы, оларды қол астында ұстағысы келді, халықтарын бағындырды. Өз руымен, ғұндармен бірге өмір сүрді, шатырда өмір сүрді, шатырда тұрды. Қалалар мен ауылдарға ғұндардың соңынан ілескен халықтарды орналастырды «Мажардың тарихи, аңыздары»., Раушангүл Заханқызы, «Қазақ Әдебиеті», № 51(2732). 14.12.2001]. Европалықтардың арасында аты осыншама дүрбелең туғызған Атилланың өміріне жан — жақты талдау арқылы сараптап, көрсек. Аттиланың туылған, қаза тапқан жылдары туралы болжамдар көп. Е. С. Омаров Аттиланы 400 жылы туылған дейді[4]. Ал татар ғалымы Рафаэль Безертинов Аттиланы 434 жылы 44 жасында хан тағына отырды дейді[10]. Қарапайым арифметика 434 жылдан алсақ 396 жыл өзінен — өзі шыға келеді. Шетелдік Rit Nosotro Аттиланы 406 — 403 жылдар аралығында өмір сүрген деп жазады[3]. Ал Аттиланың жеке өмірі жайлы көптеген тарихшы, жылнаиһмашылар жазып кеткен. Кейбір зерттеушілер Аттиланың есіміне-де түсіндірме беріп, жазып кеткен. Аттила есімі түрік тілінде (ata — әке, ат — илле салт атты) деген мағына береді [11]. Гот тілінде немесе гепид тілінде Аттила «atta» — әке, және жұмсартылған «ila» суффиксі жалғану арқылы Аттила есімі шыққан деген деректе бар. Г. Дерфердің «О языке гуннов» (1973, М.) деген еңбегінде Аттила есімін Волга өзенінің атауымен байланыстырады. Дерфердің зерттеуінше Волга өзенінің ескі атауы Atil/Atal болған. Осыдан келіп, қазақтың Еділ деген есім атауы шыққан. Аттила билікке 434 жылы Руғила (грекше Роувас) Феодорит Кирский Роил деп атаған қайтыс болған соң туысғаны Бледамен бірігіп, ел басқару ісіне кіріседі. Осы жерде Аттиламен Бледаның туысқандығы жайлы айта кетсек Аттила Мундзуктың ал Бледа болса Октардың ұлы болған. Мундзук пен Октар Руғиланың інілері болған[7]. Аттила Бледа мен 10 жыл ел билеген кезінде білікті қаһарман қолбасшы ретінде көзге түседі.Ағайынды екі басшы 434 — 444 жылдары ел басқарған тарихшы Д. Б. Бьюри пікірінше Бледа шығысты, Аттила батысты билеген дейді. Просперий Аквитанскидің жазған еңбектерінде Аттила 444 жылы Бледаны өлтіріп, билікке жеке дара ие болды деп жазылған. VI ғасырдағы екінші жартысында өмір мүрген жылнамашы Марцеллин Комит Бледаның өлімі 445 жыл болды десе, «Галь хроникасы» бұл оқиға 446 жылы болған деп топшылайды. 444 жылдан Аттила 453 жылға дейін ғұн империясын жеке дара билеп атын әлемге танытып кеткен. Атилла 441 — 442 жылдары Византияға жорық жасап, жеңген. Ал 447 жылғы ІІ жорығы сол кездегі Византия императоры Кіші Феодосидің ғұн елінен қашқан қашқындар мен Атилланың салығын төлемеуі себеп болады. Осы соғыста Аттила Марцеллин Комитіің жазуынша «Аттила Европа әскерлерін шаңша үйіріп, талқандайды." Византия императоры 2100фунт(952 килограмм) алтын төлеп, Дунайдың төменгі сағасындағы Дакия жерін беріп зорға құтылады[12]. Осы ІІ жорықтан соң ғұн ордасына елші ретінде Приск келеді, Аттила, ғұндар өмірі, салт — дәстүрі туралы құнды деректер қалдырған. 448 — 450 жылдары Византия мен арада бейбіт келісім орнайды. Және-де осы жылы Аттила үлкен ұлы Эллакты Қара теңіз аймағына билеуші етіп, тағайындайды. 449 жылы Византиялық елшілер Анатолио мен Номудың арқасында Аттила Дунай өзені аймаңындағы жерлерді Византия империясын қайтарып, береді. Присктің айтуынша «Аттиламен арадағы түсініспеушіліктер доғарылады». 450 жылы император Феодосий аттан құлап қаза табады. Қарындасы Пульхерия патша тағына әскер басы Маркианды патша етіп қояды. Жаңа патша бұрынғы салықты төлеуден бас тартады. 451 жылдын ерте көктемінде Аттила Галлияға жорыққа аттанады. Галлияны билеуге Рим императоры жіберген атақты қолбасшы Аэций гот, вестгот, алан ұлықтарымен тіл табысып, Еділге қарсы көп әскер шығарады. Мұның аяғы тарихта бұрын болмаған үлкен қырғын, әйгілі Каталун шайқасына әкеледі. Тарихшылар осы шайқаста майдан даласында 165 мың жауынгердің өлігі қалды дегенді айтады. 451 жылы 7 сәуірде Мец, Трир, Кельн, Реймс, Тонги, Труа қалалары алынып, Аттила Галлияның орталығы Орлеан қаласына таянады. 14 маусымда Әулие Анниана қаласы талқандалады. Алайда Орлеан қаласына Аэций мен вестгот королі Теодорих әскерлерінің біріккен күші жетіп үлгіреді. Аттила Каталун даласына қарай, Сена өзенінің оң жағалауына шегінеді. Бұл қазіргі Труа қаласы болуы бек мүмкін. Труа қаласының солтүстігінде, қазіргі Шампань провинциясының аумағында басты шайқас болады. Тарихшылардың пікірінше бүл айқас 451 жылы, маусымның аяғы мен шілденің басында болып, тарих сахнасында әйгілі «Каталун шайқасы» деген атпен орын алған. Нәтижесінде екі жақта үлкен шығынға ұшырап гот королі Теодорих қаза табады. Екі жақта тең түседі алайда Теодорихтің ұлы Торисмунд өз әскерін алып, тез арада еліне суыт аттанып, кетеді. Оның бұлайша тез қайтуына әкесінің тағына бауырларының таласуы себеп болады. Аттила осы соғыстан соң Италияның солтүстігіне жорыққа аттанады. 452 жылы жазда Аттила Италияға өз ордасы Паннония тұсынан, Альпы жоталары арқылы шабуыл жасады. Бірінщі Венетия провинциясындағы Аквилея қаласын қоршады. Бұл қала сол кездегі Адриат жағалауындағы ең ірі қала болатын. Иорданның жазуы бойынша «ұзақ әрі күшті қоршаудан кейін, Аттила ешнәрсе істей алмады, өйткені қала ішінде мықты қаруланған рим әскері тұрған еді, ал өз әскері болса кетуге ынтазар болып, тұрған еді " деп жазады. [Иордан, «Гетика», 220. Кей тарихшылар қоршау 3 айға созылған деп жазып кеткен]. Алайда Аттила қоршауды жалғастыру арқылы өз әскеріндегі тас атқыш машиналарымен қала қабырғасын құлатып, жеңісті өз қолына алады. Венетия аймағының басқа қалалары да түгел ғұн патшасының қолынан жеңіліс тауып, Аттила солтүстік Италяның батыс аймағына өз әскерімен жылжиды. Ғұндар Медиоланум(Милан), Тицианум(Павия) қалаларын жаулап алған Аттила 5 ғасырда Рим императорының салтанат сарайына жайласады. Сарайда Аттила Рим императорының аяғында қанға шомып, жатқан скиф көшпенділер туралы суретті көреді. Осы суретті салған суретшіні таптырып алып, тақта отырған өзін және аяғының астында алтын салынған қаптың үстінде жатқан Рим императорының суретін салуға бұйрық береді және бұйрығы орындалады. Сол кездегі Рим папасы І Левтің хатшысы Проспердің жазуынша папа және Римдік сасаткерлер Авиена мен Тригети ғұн көсемін Дунай өзені бойна қайтуға көндіреді (Иорданның пікірінше папа мен Аттила мен папаның кездесуін Амбулей даласында, Мантуя қаласы маңында болған дейді). Италиядан жорықтан оралған соң Аттила Византия империясына қайтадан қауіп төндіріп, алым — салықты көбейтуді талап етеді. Византия императоры Маркиан түрлі қулықтарға басып, Аттилаға сыйлықтар жібереді. Алайда ғұн патшасы бұл сыйлықтардан бас тартады. Иорданның пікірінше «Аттила, ақылмен-де қарумен де Византия империясына қауіп төндірді». Аттила Галлияның орталығына аландарға рейд жасайды, алайда гот королі Торисмунд аландарға көмекке келіп үлгереді. Аттила жеңілмейді, бірақта Паннонияға шегінуге мәжбүр болады. Аттиланың осы соңғы жорығы туралы Иорданның қысқаша мәліметінен басқа еш дерек кездеспейді. Аттиланың қазасы туралы Приск деректеріне сүйене отырып, Иордан жазып кеткен. Аттила өзінің кезекті әйелі Ильдиконы алған кезде 453 жылы тойдан соң мұрнына қанап өз қанына тұншығып қаза табады. Ертесіне азанда Аттиланың шатырына келген ғұндар жылап отқан Ильдиконы көріп, өз көсемдерін жерлеуге кіріседі. Бүкіл ғұндар Аттиланың денесін ортаға қойып қоштасу рәсімін жасап, түрлі ат ойындарын көрсетіп, жоқтау Аттилаға жырын арнайды. Осы күні түнде ғұндар Аттиланы үш табытқа: бірінші алтын, екінші күміс, үшіншісі қатты темірден жасалған табытқа салып, кейбір тарихшылардың пікірінше Тиса өзенінің арнасын бұрып, жерлейді-де қайтадан, өзенді өз, ағысына салып, жерлеу рәсіміне қатысқан құлдарды түгел өлтіреді. Өйткені ол заманда өлі денені қорлау кең етек жайған еді. Аттиланың қаза табуымен әлемді дүр сілкіндірген ғұн империясы да тарап кетеді. Алдымен бөлінуді гепид королі 454 жылы герман тайпаларымен бірігіп көтерілісті бастап, Аттиланың үлкен ұлы Эллакты Недао өзені бойында өлтіріп, өзін ғұндар империясынан бөліп әкетеді. Кіші ұлы Эрнак Добруджа аймағына қоныстанып, осылайша тек Аттиланың күшімен біріккен ғұн империясы ыдырап кетеді. Аттила қаншама қысқа өмір сүрсе-де, тек өзіне тән ұлы адамдар ғана жасай алатын жорық тәсілдерімен, батырға тән мәрттігімен тарихта өшпес із қалдырып кетті.
https://e-history.kz/kz/publications/view/690© e-history.kz