Қазақ есепшілері аспанның түнгі жұмбақ әлеміне көз сала жүріп, сан санақсыз жұлдыздар арасынанүркер шоқ жұлдызын да жақсы таныған. Тіпті ертеден білген. Үркер шоқ жұлдызының аууынан ауа-райы өзгереді деп қараған. Аспан айының тоғауы, тоғыс күндерінің жүруі де үркер шоқ жұлдызының аууымен тығыз байланысты деп есептеген.
Қазақ үркер шоқ жұлдызының батқан кезін жаз айындағы «қырық күн шілде» басталды деп біледі. Ал үркер шоқ жұлдызы қайтадан көкжиекке көтерілген кезде күз айының басталғанын, қыстың келе жатқанын, күздің салқын тартқанын, тары мен бидайдың піскендігінен дерек береді деп ұйғарады.
Қазақ есепшілері күзді күндері үркер шоқ жұлдызы аспанның шығыс жағында туады деп қарайды. Бұл жұлдыз шығыс жақтан туғаннан бастап мал семіреді, сорпа піседі, шөп буыны қатаяды, дәрілік қуаты толады, жайылымдар малға жұғысты бола бастайды. Мал құмалағы сары алтындай болып сарғайып түседі деп есеп жасайды. Бастау, өзен, құдық сулары тұнады. Емдік қуатқа, сусындық суатқа жарады деп тұжырым жасайды.
Қазақ үркер шоқ жұлдызы көкжиекетен көрінген күннен бастап таудың мөлдір бастау суларынан ауруларына ем-шипа іздей бастайды. Мәселен, жүрек, бауыр, өт, бүйрек және асқазан созылмалы ауруы бар адамдар тау бұлағының бастау көзінен шарт ретінде әр күні таң бозында жеті кеседен аш қарынға жалғастырып су алып ішсе, ауруынан біржола жазылады. Ал семіз және қан қысым жоғары адамдар солай ісетсе, артық майдан айырылып, қан қысымы ауруынан біржолата құтылады. Денесінде тері ауруы бар адамдар әр күні таң бозында тау бұлағының суынан жеті шелек су алып құйынса, тері ауруы қалпына келеді.
Қазақ үркер шоқ жұлдызын қыс ортасы болғанда аспанның қақ ортасынан, яғни төбемізден көреміз. «Үркер төбеге келді, қыс ортасы болды» деп есептейді. Бұл кезде күн қатты суытады, қабағат қалың қар жауады деп алыс сапарға шықпайды, ұзақ жерге жолаушы бармайды, малдарын үй маңындағы жайылымдар мен қора қалтқыларында ұстауды жөн санайды.
Көктем кезіндегі іңірде үркер шоқ жұлдызын күн батыстан көреміз, бұл кезде қазақ есепшілері көктем келді, үркер жамбасқа түсті дейді. Қыстың ызғары қайтты, көктме құстары орала бастайды. Енді малды төлдеулікке қарай көшірудің қамына кіріседі.
Жазды күні үркер шоқ жұлдызы аспан әлемінен мүлде көрінбей, ғайып болады. Бұл кезде қазақтар үркер жерге түсті, үркер жерге түспей жер қызбайды деп қарайды. Үркер аспан әлемінен көрінбей кеткен күннен бастап «қырық күн шілде» басталды, шілде айы кірді, шіліңгір ыстық басталды деп есептейді. Бұл кезде құм мен тас, жер қызады. Ойпаттардағы құмдар емдік құмға айналады. Үркер көрінбей кеткен күннен бастап құрғақтағы, қырдағы таза құмдарға барып, адамдар көміліп, емделсе, ыстығын өткізсе, әр түрлі буын аурулары және ревмотизм, сүйек, жел-құз аурулары, т.б. сол сияқты суықтан болған ауруларды пісен құм сорып, сіңіріп алады. Адамның бойына емдік және күш қуат дарытады. Үркер аспанға көтерілген күннен бастап құмға түсуге болмайды деп тыйым салады.
Расында, үркер шоқ жұлдызы жерге түсе ме?
Бұл халық аңызы. Өте ертедегі сәбилік санадан туған балаң ой мен жорамалды қиялдың көз жетпеген бұлдыр түйіні. Амалиятта олай емес. Жұлдыздың жерге түсуі мүмкін емес. Бұл қырық күнде үркер шоқ жұлдызы күннің қолтығына кіреді де, ар жақ тасасында жасырын қалады. Содан өтіп шыққанша, қырық күн уақыт өтеді. Күн жарығына шағылысып көрінбей қалған үркерді баяғы ата-бабалаырымыз жерге түсті деп жорыған. Қырық күн өткен соң, таң жарығында күннен алыстап, батысқа қарай жылжып бара жатқан үркерді көреміз. Бұл қозғалыс жыл сайын осылай жалғасып отырады. Бірақ бір нәрсені қазақ жақсы білген. Дәл осы кезде жердің қызуы, құмның ем болуы, расында, аспандағы күннің де, жұлдыздардың да қатысы болғандығын қазақ жақсы білген.
Қазақ есепшілері әр жұлдыздың сыңары, егізі болады. Он сегіз мың ғаламдағы барлық нәрсе егізден, сыңарымен тұрады. Аспан әлеміндегі жұлдыздар да егіз жұлдыздардыңтоптасып көрінуінен қалыптафады деп қарайды. Қазақ шоқ-шоқ болып көрініп, бірыңғай, бірге аспан әлемінен ауып жүретін жұлдыздар шоғырын «шоқ жұлдыздар» немесе «жұлдыздар шоғыры» деп атаған.
Ал аспан әлеміндегі жұлдыздардың түнде жарқырап жанып, жайнап, нұрланып тұрып аяқ астынан өшкіндеп, бозғылт тарта қалуын – сол жұлдыздардың егіздерінің жарығына шағылысуынан болады деп ұйғарады. Аспан әлеміндегі жұлдыздар белгілі уақыт аясында қозғалыс жасап, тәртібімен айналып тұрады, тынымсыз әрекет жасайды деп біледі. Осындай қозғалыс салдарынан егіз жұлдыздар бір-біріне жақын келгенде бір-біріне нұрын түсіреді немесе бірінің жарық нұрына бірінің жарық нұры шағылысады. Анығырақ айтқанда бір жұлдыздың егізі екінші бір жұлдыздың ар жағында, тасасында қалады да, оның нұры жерден қарап тұрған адамға әлсіреп, өшкін тартып көрінеді. Мұны қазақ «жұлдыздың тоғысуы» немесе «жұлдыздар тоғысы», не «жұлдыздар шағылысы» деп атаған екен.
Жұлдыздардың тоғысы ұзаққа бармайды. Ұзағанда бір шай қайнатым уақытқа немесе сүт пісірім уақытқа ғана созылады. Бір жұлдыз бір жұлдызды қалқалап немесе көлеңкелеп барып өтіп кеткен соң, жұлдыздардың жарығы бұрынғы қалпына қайта келеді.
Қазақ есепшілері түнгі аспан жұлдыздарының тоғысына айрықша көз салады. Өйткені жұлдыздар тоғысы кезінде аспанда ала жаңқа бұлттар болса, қысты күні қар жауады. Күз бен көктем кезі болса, ертесәнде жауын-шашында, боранды, желді болады деп жорамал жасайды.
Қазаққа аспан әлеміндегі шоқ жұлдыздар ішіндегі ең танысы – үркер шоқ жұлдызы болып есептелінеді. Аспандағы жұлдыздар тұтылған кезде үркер шоқ жұлдызы жердегі қарап тұрған адамға жымыңдап тұрғандай сезілсе, онда бұл ай жайлы өтеді, жылы ай, жылы жұмалар болады деп қуанады. Аспандағы жарық жұлдыздар түн ортасынан ауған кезде жаық сәулесін азайта басатса, көрер көзге әлсіз көрінсе, сол жұлдыздармен бірге үркер шоқ жұлдызы да нұрын бәсеңдетсе, онда бұл ай жауын-шашынды болады, қыс айлары болса аяз қысады, қарлы боран соғады деп жорамал жасайды. Малшылар қауымына алдын ала сақтық хабарларын береді. Алыс жолға жолаушы жүрмеуге ескертулер жасайды.
Қазақ есепшілері үркер шоқ жұлдызы шығыс жақта туса, шығыс желі болады, батыс жақта туса батыс желі болады. Үркер шоқ жұлдызы шығыс-оңтүстік жақта тұрса, бұлт арасынан өтсе, оңтүстікте ауа-райы өзгереді. Солтүстікте тұрса, солтүстіктен боран соғады. Бұлттар солтүстіктен оңтүстікке қарай көшеді деп жорамал жасайды. Бұл қазақ есепшілерінің ұзақ ғасырлық қарапайым төл тәжірибелерінен қорытындылғанған және шындық көзінен өткен есептік жорамалдары болып табылады.
Толығырақ: http://kerey.kz/?p=10280