Кейде өмірлік тәжірибесі мол әйелдер де жыныс мүшелерінің қызметі жайлы дұрыс біле бермейді. Сондықтан бүгінгі мақаламызда менструалды цикл жайлы сөз қозғаймыз. Ағзаңда болып жатқан өзгерістер жайлы білуге хақың бар!
Бірінші дерек: етеккір кезінде жүкті болуың мүмкін.
Кең тараған бұл түсініктің жалған екенін біреу білсе, біреу білмейді. Статистика бойынша әйелдердің 8%-ы ғана етеккір кезінде жүкті болу ықтималдылығы жайлы біледі екен. Әрине, етеккір кезінде жүкті болу ықтималдылығы өте төмен, дегенмен мұндай жағдайлар кездеседі. Етеккірдің соңғы күндерінде жыныстық қатынаспен айналысу қауіпті. Себебі, бұл күндері бөлінетін қанның көлемі азаяды да, аталық ұрықты бұғаттай алмайды.
Екінші дерек: овуляция — жүкті болуға таптырмас уақыт.
Етеккір циклының ортасында, шамамен 10-14 күннен соң, ағзадағы гормонның көрсеткіші тым жоғары болады. Жатырда аталық ұрықты ұстап қалып, ұрықтандыру процесі жүруі үшін арнайы сұйықтық бөлінеді. Бұл кезеңде өзің абай болып, жоспарланбаған жүктіліктің алдын алуыңа болады.
Үшінші дерек: етеккір кезінде жыныстық қатынасқа құмарлығың артады.
Оғаш естілгенімен, бұл шындық. Менструация кезінде гормондарыңның белсенділігі артып, жыныстық қатынасқа ынтаң пайда болады.
Төртінші дерек: менструалды цикл барлық қызда бірдей емес.
Жақын құрбыңның етеккірі 30 күнде, ал сенікі әр 3 аптада келетін болса, уайымдама. Әр адамның денсаулығы — қайталанбас жеке ағза. Сол себепті менструалды цикл барлық қызда бірдей бола бермейді. Дәрігерлердің айтуынша, қалыпты цикл 23-30 күнді құрайды. Дегенмен, цикл бір кезде 20 күн, ал екінші жағдайда 35 күнді құраса не істеу керектігін білесің ғой. Гинекологтың кеңесіне жүгін!
Бесінші дерек: етеккір басқа қыздардың циклымен сәйкестенуі мүмкін.
Әпкең, сіңілі немесе құрбыларыңның етеккірі сенің циклыңмен бірдей болатынын байқаған боларсың. Бір үйде (жатақханада) тұратын қыздардың ағзасы бір-біріне икемденеді, сондықтан етеккірдің уақыты сәйкеседі деген тұжырым бар. Алайда, бұл тұжырыммен кейбір ғалымдар келіспейді.
Алтыншы дерек: қан кету — жүктілік белгілерінің бірі.
Көп жағдайда қорғалмаған жыныстық қатынастан соң қыздар етеккірдің келуін асыға күтеді. Көптен күткен сәт келіп, жүкті еместігіне көз жеткізеді. Етеккірге қарамастан жүктілікті анықтауға арналған тест екі сызықты көрсететін жағдайлар кездеседі. Мұндай жағдайдың 80 пайызында тест қателеспейді. Себебі, жүктіліктің алғашқы кезеңдерінде, имплантационды қан бөлінуі мүмкін. Имплантационды бөлінуілер әдеттегі етеккір кезіндегі қанның мөлшерінен аз болады.
Жетінші дерек: етеккірге дейін бірнеше күн бұрын өзіңді жүкті сезінесің.
Менструацияға бірнеше күн қалғанда тәбетің ашылып, диета, пайдалы тамақ тұтыну жайлы ұмытатыныңды байқаған шығарсың. Бетіңде безеу пайда болып, ішіңнің төменгі жағы үлкейіп кетеді. Мұндай белгілерді жүктілік кезінде де байқауға болады. Себебі, әр ай сайын әйелдің ағзасы жүктілікке, яғни ұрықтануға дайындалады. Аталық ұрықты ұстамаған жағдайда цикл қайта басталады.
Сегізінші дерек: ЕАС (етеккір алды синдромы) мінезіңді уақытша өзгертеді.
Қызбалыққа салынып достарыңа, жақындарыңа дөрекі сөйлеп, олардың әр іс-әрекеті сенің ашуыңа тиеді. Оның үстіне бас ауруы мен жүрек айнуы әбден мезі қылған шығар. Жоқ, бұл сенің кінәң емес. Бойыңдағы мұндай өзгерістерге ЕАС кінәлі. Бұл синдром етеккір келместен бір апта бұрын басталады. Айтпақшы, ғалымдар бұл кезеңде әйелдер зорлыққа, ойланбай жасалған іс-әрекеттерге бейім екенін дәлелдеді.
Тоғызыншы дерек: етеккір кезінде саған жігіттер жақындауға қорқады.
Ерлердің ағзасындағы тестостеронның көлемі әйелдің бойынан шығатын иіске де байланысты екен. Менструация кезінде әйелдің иісі өзгереді, алайда мұны әйелдің өзі де, жанындағы басқа қыздар да байқамайды екен. Бірақ, бұл қызының, қарындасының немесе құрбыларынан шығатын иістің өзгергенін жігіттер байқауы мүмкін.
Оныншы дерек: өміріңде етеккір шамамен 450 рет келеді.
Бұл сан аспаннан алынған жоқ, математиктар есептеп шығарды. Орташа есеппен етеккір 13 жастан басталады (дәрігерлердің пайымдауынша 11-17 жас аралығында) Ал 45-55 жастан бастап менопауза басталады, яғни етеккір тоқтайды. Осы сандарға сүйенсек, жалпы қыз баласында 500-ге жуық менструалды цикл болады. Бұл саннан жүктілік айларын және босанғаннан кейінгі алғашқы айларды азайтсақ 450 саны шығады.
Толығырақ: http://i-sulu.kz/archives/2103