0 дауыс
909 көрілді
Қыз алысып қыз беру үшін 7 атанды санаганда, әкесі саналама, әлде атасынан бастайдыма?

1 жауап

0 дауыс
 
Жақсы жауап

Жеті атаны есептеу әкеден басталады.

Бұл қағиданың шығу тарихы. Жеті атаға дейін қанша ұрпақ көргенін қалай есептейміз? Жеті атаға толғаннан кейін қандай жоралғы жасаған? Толмаса қалай жазалаған?

Қазақта жеті атасына дейін туыстық қатынасы болмаған, ана сүті араласпаған жастарға – үйленуге жол ашық. Бірақ "Жеті атаға толмай қыз алыспау" – шарт.

Тіптен, үйленетін азамат қалыңдықты жеті таудан асып, жеті өзеннен өтіп тапса, ерлік саналған. Міне бұл – ұрпақ саулығын, қан тазалығын, тектілікті сақтаудың ең ұлы әрі ең сенімді жолы ретінде әлемде мойындалды.

Жеті жарғы не дейді?

Жеті атаға толмай қыз алыспау – ата-бабамыздан бері келе жатқан қатаң құқықтық заң-ереже. Дүниеге келер ұрпақтың қанының тазалығы мен денінің саулығын сақтау мақсатында жеті атаға дейін қан араластырмау шарты – бағзы заманнан иниститут болып қалыптасты. Бұл – физологиялық және психологиялық ауытқуды және ауруды тудыратын генетикалық өзгерістердің алдын алу үшін жасалған сақтық шарасы.

"Жеті Жарғы" – қазақ халқының өмір сүру ортасы мен тарихи танымына сай жасалған дала заңы. Қазақ ханы әз Тәуке "Қасым ханның қасқа жолы" мен "Есім ханның ескі жолын" жетілдіріп, сол негізде "Жеті жарғы" заңдар жинағын жарыққа шығарды. Бұл – Тәукенің жеті жарғысы деген атпен тарихқа қалды.

Жеті жарғының некелік қатынастар туралы бабында балиғатқа толумен қатар, екінші шарт – бұл болашақ жұбайлардың жеті атаға дейін туыстық қатынаста болмауы талап етілген. Онда балиғат жасы он үш болып белгіленген.

Сонымен бірге атастыру, айттыру, құда түсу, ғашықтық және басқа да жолмен қосылудың ережелері айқындалды. Қалыңмал берудің тәртібі де ру басылары мен ақсақалдардың келісімімен халықтың әлеуметтік жағдайына қарай оңтайландырылды. Бұның қазақта "бай байға, сай сайға құяды" деген мәтеліне айналғаны белгілі.

Ақ Орда ханы Әз Жәнібектің жарлығы

Алаш ұранды күллі қазақ өздерінің және ұрпағының мінсіз бітістік болмағы шарты үшін: Ауыз (бір – автордан): жат төселмелік, жат ниет, бәт қылық бүгіннен бастап тиым болмағы – шарт жарағы. Егер көзге шалынса, қара маңғаз артынша мінгізіліп, өртелмелік қалма әлпетіне жақпаулылық, жаға жұрт көрмелік істемек шарт.

Көз (екі – автордан). Жеті атадан ілгері қыз алысқандар бүгіннен бастап болмауы шарт жарағы. Егер олай болғанына көз жеткізсе, жұбайларды тең бас қылыштамақ шарт.
Көз мұрын (үш – автордан). Беттен сүйетін жат қылық бүгіннен бастап тиым. Және Аллалық шала жаралымнан басқа науқастар әрқандай пенде баласына болса да тостағанның шетін тістетпеуі шарт. Егер айқын ұғыныстылық болса, елу қамшы дүремелек жарағы, оған сұрам жоқтығы айқындылық. Әшкере қарсыласқан адамның өзі кім болса да жер үймек. Жарманы жарлық атқартуға кетіп қалған соң, хан маған: Жарайсың, қара үзген шипагер, көзің шоқша жайнап. Ілме жауап бергің дегізді тұлғаңды дер қайнама сарқылмас жатқан қайнап. Өңгер, үлгіңді титтей де қалдырмай, жасырып жатпай, бүкпесіз, толық ашық жазып шық. Болған соң Ордаға келіп жеке өзіме оқып бер, қазынада сақтатам. Қасырқағаңа қарай сыйыңды алып, мәртебеңді иелейсің, – делінген.

Міне бұл Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының Шипагерлік баянында жазылған жағдай.

Жігіттің үш жұртының қайсысынан қыз алысуға болады?

Қазақтың үш жұрты: өз жұрты, нағашы жұрты, қайын жұрты. Міне осы үш жұрттың ішінде өз жұртынан және нағашы жұртынан ешқашан қыз алыспайды. Ал қайын жұрт сәл басқаша. Яғни, қандық туыстық байланыс болмаса немесе құда бала мен құдашаларды өзара айттырады.

Кейде нағашылы-жиенді жақ екі-үш атадан кейін, кедейліктен не соғыстан үйлене алмай қалу секілді қиын жағдайларда атастыратын болған. Бірақ бұл барынша сирек кездеседі. Немесе жұбайы қайтыс болған еркекке қайын жұртынан қыз алуға болады. Көбінесе балдыздарын алған.

Қазақ жеті атаға толып, қыз алысуға рұқсат болғанда қандай жоралғы жасаған?

Байахмет Жұмабай, этнограф, жазушы:

"Әрине, бұл жағдай екі жастың өзара махаббатынан туындайтыны белгілі. Мұндай кезде ауыл ақсақалдары мен билері ақылдасқан. Егер екі жастың туыстық байланысы жеті атаға толса, жеті рудан билер мен ақсақалдарды жинап, "Ақсарбас" айтып, мал сойып, батасын беретін болған. Сонымен бірге жаңа шыққан руға ру атын, ен-таңбасын, аруақ-ұранын белгілеп берген. Міне осы баталасудан кейін бұл екі ру бір-бірінен қыз алысатын болыпты".

Жеті атаға жетпей қосылғандарға қолданылған жазалар

Жаза әр түрлі болған. Теріс бата, тас ату, үстінен мал айдау, елден аластау, асаудың құйрығына тағу.

Жеті атаға толмай қосылған жастардың мәселесін ру басшылары мен ақсақалдарының жиналысы шешіп отырған. Алдымен 3 тен 5 ретке дейін ескерту жасаған. Егер екі жас ақсақалдардың, әке-шешенің шешіміне қарамай үйленсе, қашып кетсе ең алдымен "теріс бата" берген. Сонымен бірге қайда қашып кетсе де тауып алып, жазалап, тіпті, өлтіріп отырған.

Себебі, бұл – бүкіл рудың ар-намысына дақ түсіріп, қара бет қылатын, ата-бабаның салт-дәстүріне қиянат келтіретін ауыр қылмыстардың бірі ретінде тарихқа қалды.

Теріс бата – әке-шешесі, не қатты назары түскен ақсақал не ана алақанын теріс қаратып жайып, лағнет айтып, қарғыс дұғасын оқыған.

Мұндайдан елді шектеп, халыққа үлгі ету үшін "тас ату" арқылы да қия басқандарды жазалап отырған. Онда әр үйден бір адамнан шығып, бір кесек тасты елді қара бет еткен қылмыскерге атқан. Бұл діни жазалау түріне ұқсап кетеді.

Кейде төрт жаққа керіп, жерге жатқызып байлап қойып, үстінен қоралы қойды арлы-берлі өткізу арқылы малдың тұяғына таптатып өлтірген.

Елден аластау – кейде осындай ауыр қылмыс жасаған екі жасты байлап, елден алыс жерге апарып, тентіретіп қоя берген. Өлтірмеген.

Бұдан тыс асау жылқының құйрығына тағып, сүйретіп жіберген жағдайлар да болыпты.

Ұқсас сұрақтар

...