0 дауыс
852 көрілді
Топырақтың мұнайдан тазару процесі физика-химиялық жолмен қалай жүреді?

1 жауап

0 дауыс

Мұнаймен ластанған топырақтарды тазарту процесі экологиялық және экономикалық жағынан тиімді, ауыл шарушылық жерлерін қалпына келтіру үшін, көмірсутектерді қарқынды жинауға бағытталған әдістерді талап етеді. Бүгінгі таңда белгілі әдістердің ішінде биоремедиация әдісінің орны ерекше. Биоремедиация — минералды тұздардан, қант, ферменттерден тұратын биогенді қоспасымен қатар, көмірсутек тотықтырушы микроорганизмдерден құралған препараттарды қолдану арқылы мұнаймен ластанған топырақ және суларды тазарту болып табылады. Дүние жүзі бойынша мұнай және мұнай өнімдерін өндіруші өнеркәсіп зауыттар мұнай көмірсутектерін жою барысында, көмірсутек тотықтырушы микроорганизмдер ассоциациясынан жасалған биологиялық препараттарды кеңінен қолдануда. Сондықтан осындай мәселелерді шешу барысында, мұнай тотықтырушы микроорганизмдерді зерттеудің маңызы өте зор, әрі бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі болып отыр. Жер бетіндегі кез келген микроорганизм биоценоз құрамында маңызды орын алады. Олар табиғи экожүйелердің сақталуы мен тепе — теңдік жағдайын ұстауға мүмкіндік береді. Бірақ кейбір микроорганизмдер топтарының биосфера тіршілігі мен эволюциясындағы рөлі ерекше [2]. Мұнайлы ластағыштардың табиғи ыдырау процестері өте ұзақ жүреді, ал механикалық және физикалық-химиялық әдістер мұнай және мұнай өнімдерінің ыдырауын тездеткенімен, табиғи экожүйелерде оларды толығымен жоюды қамтамасыз ете алмайды. Мұнайды биодеградациялауда мұнай көмірсутектерін пайдалануға қабілетті арнайы микроорганизмдер — деструкторларды қолдану тиімді деп есептеледі. Табиғи экожүйелердің мұнай және мұнай өнімдерінен тазалаудың маңызды биотехнологиялық әдістерінің бірі көмірсутектердің микроорганизмдер-деструкторларынан тұратын микробты препараттарды пайдалану болып табылады. Өйткені көмірсутек тотықтыратын микроорганизмдер топырақ, су биоценоздарының тұрақты компоненті бола тұра, мұнаймен ластанған табиғи субстраттарда катаболиттік белсенділігі жоғары екені айтылуда. Бұл процесті микроорганизмдердің метаболиттік белсенділігін арттыру үшін ортаның физикалық-химиялық жағдайын сәйкесінше өзгерту немесе мұнаймен ластанған топыраққа, суға арнайы іріктелініп алынған белсенді мұнай тотықтырушы микроорганизмдерді қосу арқылы тездетуге болады. Қоршаған ортаны қалпына келтіруде микроорганизмдердің негізінде жасалынған “Путидоил”, “Биодеструктор”, “Noggіes” секілді биопрепараттар нәтижелі қолданылуда. Қазақстандық зерттеушілермен де мұнай мен мұнай өнімдерін 31–36 % ыдырататын “Мунайбак” биопрепараты жасалынды [3]. Табиғатта көмірсутекті ассимиляциялау тек микроорганизмдерге ғана тән емес, сонымен қатар жануарлар, өсімдіктерде де қолданылады. Бірақ микроорганизмдердің белсенді зат алмасуына байланысты, микробтардың көмірсутектерді энергия көзі ретінде қолдануы қызуғышылық туғызуда. Мұнай және мұнай өнімдерімен ластанған топырақтарды микроорганизмдер көмегімен тазартудың үш жол бар: топырақ немесе су микрофлорасының метаболиттік активтілігіне сәйкес, ортаның физико-химиялық жағдайларын өзгерту арқылы. ластанған топырақ немесе суға арнайы таңдалынып алынған мұнай тотықтырушы микроорганизмдерді енгізу арқылы. аралас микроорганизмдердің активті штамдарын және олардың өсуі үшін қажет активаторларды қосу арқылы. Аталған соңғы екі әдіс, қазіргі таңда өте перспективті және тиімді болып отыр. Себебі белсенді мұнай тотықтырушы микроорганизмдер негізінде жасалған биопрепараттар көмегімен мұнаймен ластанған топырағы бар аумақтарды кең көлемде тазалауға мүмкіндік береді. Көмірсутек тотықтыратын микроорганизмдер бір ғана систематикалық топқа жатпайды. Көмірсутек пайдаланатын микроорганизмдер табиғатта кең таралған, олар кез келген егістік, орман топырағынан, “белсенді тұнбадан” немесе батпақтанған су қоймаларынан бөлініп алынуы мүмкін. Әсіресе мұндай микроорганизмдер мұнай өнімдерімен ластанған субстраттарда көп болады. Қоршаған ортада мұнай көмірсутектерін деструкциялау үшін микроорганизмдердің көптеген түрлері қолданылады, солардың қатарында: Pseudomonas, Bacillus, Micrococcus, Arthrobacter, Flavobacterium, Rhodacoccus, Acinetobacter, Alcaligenes, Mycobacterium, Nocardia, Candida ашытқы туыстары және т. б. [4]. Мұнай өнімдерінің көп компоненттен тұруы микроорганизмдер көмегімен биодеструкциялау қиындығын тудырады. Сондықтан әртүрлі деградацияға қабілеті бар микроорганизмдер ассоциациясын құру ластанған экожүйелер биоремедиациясында перспективалы бағыт болып табылады. Соңғы он жыл ішінде бірнеше препараттар — “Путидойл”, “Олеворин”, “Нафтокс”, “Микромицет”, “Родобел” секілді препараттар өндіріске енді. Бұл препараттар құрамына жиырмадан аса түрлі мұнай тотықтырушы микроорганизмдер, бактериялар, саңырауқұлақтар, ашытқылардан тұратын монокультуралар немесе ассоциациялар кіреді. Табиғатта барлық мұнай тотықтырушы микроорганизмдер арасында кең таралғандары Pseudomonas туысының бактериялары. Олар әлемдік мұхиттың, су қоймаларының, топырақтың әдеттегі микрофлорасының бірі. Бұл туыстың 50-ден астам түрлері қоршаған ортадағы мұнайды ыдырату процесіне белсенді қатысады. Олар: Pseudomonas aerugenoza, Ps. putida, Ps. fluorescens және т. б. Ps. fluorescens штамын топырақтан, су қоймаларынан бөлініп алынған. Ең қызықтысы, осы түрдің 66 штамының “Трускавецкая” минералды суынан бөлініп алынуы. Псевдомонадалардың аэробты және оттегінің аз жағдайында да жоғары көмірсутек тотықтырушы қабілетінің болуы мұнаймен ластанған топырақ және суларды тазалауда қолдануға көп мүмкіндік береді. Біздің зерттеулерімізде Атырау облысының Тереңөзек кен орыны аймағынан алынған, мұнаймен ластанған топырақ үлгілері және осы топырақтардан бөлініп алынған көмірсутек тотықтыратын микроорганизмдер пайдаланылды. Көміртегі көздері ретінде мұнай және мұнай өнімдері: дизельді отын, бензин, мазут, толуол қолданылды. Жүргізілген тәжірибелер көрсеткендей мұнай топырақ микроорганизмдеріне кері әсер етеді, бұл олардың санының төмен болуымен айқын байқалады (1-сурет).

image

Сурет 1. Мұнаймен ластанған топырақтағы микроорганизмдер саны Микроорганизмдер әртүрлілігі гетеротрофтылар мен споралы бактериялар түрімен шектеледі. Суретте көрсетілгендей, алынған топырақ үлгісінде гетеротрофты бактериялардың саны 19,2х104 кл/г, споратүзуші бактериялар 4х104 кл/г құрайды. Споралы бактериялар санының жоғары болуы, мұнай көмірсутектерінің улы әсері жағдайында спора түзу қабілеттіліктеріне байланысты. Олар спора түзбейтін бактериялар сіңіре алмайтын заттарды тотықтыра алады және қозғалыстағы күрделі қосылыстары бар субстраттарда өсе бастайды. Ал көптеген бациллалар мен актиномицеттер күшті деструктивті әсерге ие. Топырақтың мұнаймен ластануы микроорганизмдер қауымдастығының маңызды бөлігін құрайтын гетеротрофты микроорганизмдерге де әсерін тигізеді. Зерттеу нәтижелері органикалық заттардың ұлғаюынан гетеротрофтылар санының 37 % төмендегенін көрсетті.

 

...