0 дауыс
908 көрілді
Күй аңызы сияқты аңыздар керек

1 жауап

0 дауыс

Қазақ халқында домбыра туралы көптеген аңыздар таралыпты. Соның бір нұсқасы былай:

«Ерте, ерте, ерте заманда, «ер етігімен су кешкен» келте заманда, елім деп егіліп, тоғыз тарау елдің тарихын жадында сақтаған қарт жыршы болыпты. Кәрілік жеңіп, дәм таусылар сәт таянғанын сезінген ол, бүкіл ел-жұртын,  үрім-бұтағын жинап: «Уа, жарандар, қазір менің көкірегімде тоғыз тараудың шежіресі қаттаулы. Ел есінде қалар шаруаны өзіммен бірге жасасып, бірге қартайған осы бір ескі домбырамның көмегімен үлкен-кішіге паш етіп келдім. Көз жұмар шақта білгенімді кімге қалдырам деп жүз ойланып, мың толғанып, шешімін таппадым. Ендігісін өздерің біліңдер», – деген екен. 

Жас-кәрісі, ерлі-зайыптысы, жарлы-жақыбайы түгелдей жиналған жұрт өзара кеңесіп, тоғыз тарауды қарт жыраудың  домбырасының шанағына құю керек деп шешкен екен. Сонда осынша байлық оның қуыс мойнынан шығып кетпесін һәм тоғыз тараудың белгісі болсын деп бүкіл ел болып домбыраға тоғыз тосқауыл перне, ал қарт жыраудың құрметіне аспаптың бетіне екінші ішек таққан екен. Осыдан барып оның шанағы кеңейіп, мойны ұзарып, шежірелі сыр шертетін халық мұрасы – алтын домбыра болып сол заманнан қалған екен». 

Бұл аңызда домбыраның екінші ішегі, тоғыз пернесінің қалай пайда болғандығы әңгімеленеді. Яғни домбыраның мойны ұзарып, қос ішекті болып жетілдірілгені таңбаланған. Бұнда домбыра бұрыннан бар, тек оның пернелері мен екінші ішегінің пайда болу тарихы айтылады.

 Сонымен бірге домбыраның қос ішегінің пайда болу тарихын кейде «Тауқұдірет» күйінің аңызымен де байланыстырады.

«Тауқұдірет деген құс жалқы қанатты болып жаралғандықтан ұша алмай, қиналып,  қор болады. Құсаланған ол келесі бір сыңар қанат тауқұдіретпен құшақтасып, екеу болып,  бірін-бірі демеп, аспанға көтеріледі. Біреуі ұрғашы, келесі бірі еркек екен. Олардан туған балапанға қос қанат біткен. Осы берекелі тірлікке қарап отырып, күйші домбыраға қос ішек тағып, «Тауқұдірет» деген күйді шығарған екен».

Ал, келесі мәтінде алғашқы домбыраның қалай пайда болғандығы аңыздалады:

«Ертеде, қылышынан қан тамған қаһарлы бір ханның жалғыз қызы бойжеткенде бір кедей жігітке ғашық болып, көңіл қосып жүреді екен. Мұны біліп қойған хан  жігітті дарға астырады. Жігіт өлгеннен кейін қыз мезгіліне жетпей, бір ұл, бір қыз табады.

Көп көзінен, ел сөзінен сескенген хан жаман атқа қалмаудың амалын іздеп, қос бүлдіршіннің көзін жоюды астыртын мыстан кемпірге тапсырады.  Мыстан кемпір өмірге жаңа келген сәбилерді көз көрмес, құлақ естімес жерге апарып, биік өскен  жап-жасыл ағаштың  басына қызды – шығысқа, ұлды – батысқа қаратып іліп кетеді. Нәрестелердің  көз жасы тамған ағаш бұтақтары суалып, қуара бастайды. Қос жүрек соғуын тоқтатқанда, бәйтерек те өсуін доғарады.

Ел ішіндегі өсек сөз, өтірік өкпеге шыдамаған патшаның қызы егізін іздеп жолға шығады. Бармаған жер, баспаған тауы қалмайды. Күлкісіз күндер, ұйқысыз түндер, арманмен айлар, жылаумен жылдар өтеді. Қатты шаршап, діңкесі қатқан қыз әбден қурап, қабығы түсіп, шіруге айналған биік ағаштың түбіне келіп қисаяды. Ұйықтап кеткен соң, оны бір сүйкімді саз, сиқырлы әуен оятады.  Құлақ түріп, тың тыңдаса «ән салып тұрған» қасындағы биік ағаш екен. Қыз күндіз қос бүлдіршінін іздеп, түнде осы «әнші» ағаштың түбіне келіп, неше түрлі әуез естіп, көңіл жұбатып, тынығып жүреді.

Бір күні айналаға көз салмақ болған  қыз ағаштың басына шығамын деп оны құлатып алады. Бірақ көп ұзамай самал соғып, «әнші» ағаш қайта зарлай жөнеледі. Қыз оның құпиясын білмек болып тексереді. Ағаш жуан түбінен басына дейін қуыс екен. Жіңішке басының екі жағында бұтақтан бұтаққа керіліп қалған ішектерді көреді. Бұл – қыздың екі баласынан қалған жұрнақ еді. Батыс жағындағы ішек бостау, ал, шығыс жағындағы ішек қатты тартылыпты. Егізінің өлімінен хабары жоқ қыз енді ағаш неге ән салатынын түсінеді де, өзі де қуыс ағаш жасап алып, манағы ішекті соған тағады. Шертіп көрсе, үні жүрегіне жақын, жанына жайлы естіледі. Қыз байғұс бостау тартылған ішекке үні мұңды шығатындықтан, «ұлым – Мұңлық» деп, ал ащы, тым зарлы шығатындықтан, қатты тартылған ішекке «қызым – Зарлық» деп ат қойып, күндіз-түні қолынан тастамай, күй шығарып, ел кезіп, егізін іздеп кеткен екен...».

Бұл аңызда  домбыраның алғаш рет қалай пайда болғандығы бейнеленген. Яғни қос нәресте рухының ағаш домбыра кейпінде «қайта тірілгендігі» туралы ишара бар.   Домбыраның үстіңгі бостау ішегі Мұңлық ұлдан, төменгі қатты ішегі Зарлық қыздан пайда болғаны аңыздалуы байырғы дуалистік танымның әсері екендігі айқын.

Домбыраның пайда болуын аңшылықпен де байланыстырады: «Баяғыда елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған Қамбархан деген бір аңшы жігіт болыпты. Қамбархан бір күні атып алған аңын сойып болып, ішегін ағаш басына қарай лақтырып жіберсе, шұбатылған күйі бір бұтақтан бір бұтаққа ілініп қалыпты.

Күндердің бір күнінде Қамбархан әлгі жерден өтіп бара жатса, құлағына ерекше бір жағымды әуен, құйқылжыған үн, үзілмейтін сарын естіледі. Жан-жағына қараса бір бұтақтан бір бұтаққа керіліп қалған қос ішекті көреді. Жел соқса ішек ызыңдап қоя береді екен. Қамбархан әлгі ағашты кесіп алып, шауып, жонып, домбыра жасапты да, күй шертіпті. Қамбарханның бұл жаңалығы бүкіл қазаққа аңыз болып таралыпты». 

Қамбархан туралы бұл әңгіме қырғызда бар. Қырғызда Қамбархан қыз бейнесінде, ол ғашығына қосыла алмай күйік тартып,  орманды кезіп жүріп, түлкінің ішегі керілген ағашты кездестіріп, содан комуз аспабын жасап, «Қамбархан» деген алғашқы  күйді шығарған деседі.

 Қорыта айтқанда, домбыраға халық  рухының,  ділінің, арман-шерінің, сағынышы мен сырының нілі әбден жұғып, алтын аңыз боп  сіңгенін, домбыра өткенді оралтып, өлгенді тірілтетін құдіретті аспап екенін   бұл алтын аңздардан анық байқауға болады.

https://daryn.online/article/568

...