Қалдықтарды өңдеу дегеніміз “қалдықсыз экономика” деп ұғынатын кезге де жеттік. Тура осылай айтылмаса да, бұрынғы замандардан-ақ ата-бабаларымыз “ысырап” сөзіне айрықша мән бергендігін жоққа шығаруға болмайды.
Сонымен, еліміздегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасы аясында коммуналдық қалдықтарды басқару іс-шараларын жетілдіруді жүзеге асыру мақсатында биыл Қызылорда қаласының әкімдігі, «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ және «Ибрайхан және К-ЛТД» ЖШС арасында ынтымақтастық және қызметті ықпалдастыру туралы үш жақты келісім жасалыпты. Сол келісім аясында пилоттық жобаны іске асыру мақсатында қаланың халқы тығыз орналасқан, коммуналдық қалдықтарды бөлек жинау жүйесі енгізілмеген аумақтан жер учаскесі бөлініп, тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинаудың жаңа жүйесін енгізу үшін арнайы жер асты контейнерлері орнатылған.
«Қорқыт-Ата» атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне қарасты студенттер сарайында 24 мамырда «Ибрайхан және К-ЛТД» ЖШС-ның ұйымдастыруымен «Коммуналдық қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы жеке сектор мен жергілікті атқарушы органның өзара іс-қимылының Қызылорда қаласындағы жай-күйі» тақырыбында өткізілген республикалық дөңгелек үстел нысанаға осы бағытты алыпты.
Аталмыш шарада қалдықтардың пайда болуының алдын - алу мен оларды азайту, есепке алу мен бақылау, қалдықтардың жиналып қалуы, оларды тасымалдау, залалсыздандыру, өңдеу, кәдеге жарату, сақтау және жоюға байланысты қызмет түрлері кеңінен талқыланды.
Қазақстанда тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару саласындағы өзекті мәселелерді талқылау, шешу жолдарын табу, елімізде алғаш Қызылорда қаласында енгізілген жобаны талдау, әрі қарай дамытуды мақсат еткен жиынға Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігінен, «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ өкілдері және санитарлық қадағалау басқармасының мамандары, қалалық мәслихат хатшысы және облыстық Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының қызметкерлері, Қазақстанның басқа да аймақтарында осы салада жұмыс жасап жатқан кәсіпорын басшылары, Алматы және Қызылорда қаласында орналасқан бірқатар жоғары оқу орындарының ғалымдары және табиғат жанашырлары қатысты.
«Тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау жүйесін ендіру: проблемалары мен перспективалары» туралы пікірталасты модератор ретінде Қызылорда қалалық мәслихатының хатшысы И.Құттықожаев жүргізіп отырды.
Дөңгелек үстел басына жиналған кездесудің кіріспе сөзін алған Қызылорда каласы әкімінің орынбарасы Төрәлиев Ерлан Кәрімбайұлы бүгінгі таңда қала көлемінде аталған бағытта жасалып жатқан жұмыстар жөнінде кеңірек тоқталды.
“Қазақстан тұрғын-үй шаруашылығын дамыту және жаңғырту орталығының” өкілі Абілхайырова Роза Ислямқызы баяндамасында еліміздегі тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау жағдайы турасында айтып өтті.
Ал, Тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау жүйесін енгізуге жергілікті атқарушы органдар тарапынан көрсетіліп жатқан жағдайлармен Қызылорда қалалық тұрғын - үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімінің бастығы М.Молдабаев таныстырды.
“Ибрайхан и К ЛТД” серіктестігінің басшысы Ыбырайхан Мұсабайұлы «Тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау перспективалары. Кедергілер мен оны жеңу жолдары” тақырыбында қалдықтарды қайта өндеуде Қытай мемлекеті алдыңғы қатарда тұрғанын, бұл бағытта “Сатып ал да, өңде” бағдарламасы жүзеге асырылуы қажет деген ұсынысын алға тартты. Сонымен қатар, әр аймақта санитарлық - экологиялық талаптар қатайтылғаны абзал - деп ой білдірді. Және әлемдік мәселеге айналып отырған тақырыпқа жанашырлық танытқандарға шын жүректен алғысын жеткізді.
«Вайзер Групп» жеке қорының басшысы Г.Вайзер тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау тұрғысында халық мәдениетін қалыптастыру үшін сырбойылықтардың жасап жатқан тіршіліктері көңілінен шығатынына басымдық бере кетті.
«Қазақстан аумағында тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинауды ендірудің қолжетімді тұстары” жайында «Мюльсервис» ЖШС-нің директоры О.Логовский өз ойын ірікпеді.
Соңы пікірталасқа ұласқан кездесуді эколог - ғалым Ш.Мыңбаев қыздырды. Ол бүгінгі қозғалып отырған мәселе Италия сияқты алпауыт мемлекеттерде саяси дағдарыс тудырғандығын, жалпы қоғамдық қалдықтарды өңдеу азаматтардың мәдениетін, мемлекеттің өркениетін білдіретін өзектілігін “Адам атом қалдығынан жойылмайды, Өз қалдықтарына тұншығып жойылуы мүмкін” деген бір-ақ ауыз сөзге сыйғызды. Айталық, 1 адам бір пакетті 4-5 рет пайдаланғанда жылына кем дегенде 400 пакет пайдаланады екен. Ал, оның жойылуына млн-даған жылдар қажет. Мәліметтерге зер салсақ, республикада тұрмыстық қалдықтардың 2,5 пайызы ғана қайта өңделеді екен. Қалдықтарды өртегенде обыр ауруын тудыратын заттардың бөлінуі дәлелденіп отырғандығы, осылардың алдын-алу үшін ең алдымен тұрғындардың белсенділігін арттыру қажет - дей келе осы орайда біраз ақпараттар берді.
Қатысушылар тарапынан қалдықтарды түсіне қарай бөлек жинау тәжірибесі бар ма? секілді сауалдармен қатар, мектеп оқулықтарына экологиялық тәрбиені енгізу, заң талаптарын күшейту керектігі төңірегінде ұсыныстар ортаға салынды.
http://old.baq.kz/kk/news/aimaktik_bak_muragat/regmedia-11384