Құрсақтағы нәресте мен жаңа туған сәби, ана үшін жүктіліктің қолайсыз бастаулары арасында инфекциялық патология жетекші орында болып келеді. Құрсақішілік инфекция проблемасы жатырдағы ұрықтың дамуы мен сырқат бала дүниеге келуі қауіптілігімен, жүкті әйелдің және оның перзентінің зарарлануының жоғары деңгейімен байланысты акушерлік практикада ерекше назар аудартады.
Ана организміндегі инфекцияның созылмалы ошағы, жүктілік кезеңіндегі бастапқы зарарлану, инфекциялық процестің өршелене дамуы негізінен қауіптілік факторлары болып табылады.
Жатырішілік инфекцияның қоздырушылары аумағы мейлінше ауқымды және әрқилы болып келеді. Бұлар — бактериялар, саңырауқұлақтар, микоплазмалар хламидиялар, вирустар. Әртүрлі қоздырғыштардың өзара үйлесім табуы жиірек көрініс береді.
Медицинада урогенитальды инфекциялар ерекше қауіптілік тудырады. Аталған инфекцияға микоплазмоз, хламидиоз, цитомегаловирус, герпес, тағы басқалары жатады. Олардың кішкене ошақтарының өзі ұрықтың жатырішілік зақымдануына әкеліп соқтырады.
Цитомегаловирусты инфекция асқынуы жүрек қолқасының қабынуы, бүйрек поликистозы секілді зардаптарға соқтыруы мүмкін. Герпес (ұшық) өзінің таралымы жөнінен жүрек-қан тамырлары және онкологиялық сырқаттардан кейінгі үшінші орынға ие. Оның нәрестеге анасынан жұғуы жүйке жүйесінің дамуын тежейді, бауырдың улануы, иммунитеттің әлсіреуі орын алады. Ал токсоплазмоз үй жануарлары мен құстары паразиттерінен туындайтын сырқат.
Ана мен баланың бойында генитальды инфекцияның ауыр зардаптарының алдын алу мақсатында жүкті ана мен оның серігінің эпидемиологиялық анамнезін тиянақты тексеру, жүкті әйелдің бойында инфекция бар-жоқтығын алдын ала зерттеу, жатырішілік диагностиканы дер кезінде жасау, инфекция табылған жағдайда дереу емдеу шараларын жасау қажет.
Жүктілік кезеңінде генитальды инфекцияны емдеу кешенді түрде жүргізілуі тиіс. Дәрі-дәрмектерді тағайындау барысында оның жүктілік уақытындағы зияндылығын, жатырдағы нәрестеге теріс әсерін ескеру қажет. Мұндай кезеңде инфекциялық сырқаттар терапиясы мүмкіндігі шектеулі, сондықтан ана мен құрсақтағы нәресте үшін қауіпсіз және барынша тиімді емдеудің оңтайлы схемаларын іздестіру жалғаса түсуде.
Бұдан да өзге ақпараттарды мына жерден қарап оқи аласыз:
https://kazmedic.org/archives/3558