Қараңғы түн. Ұйқы қысқан атамыз айнала төңірекке сығырая көз тігіп отырады. Кенет, анадай жерден бірнәрсе жылт-жылт етіп көзіне шалынады. Басына бір бақтың келе қойғанын сезген атамыз әлгі жылтылдаған жерге лезде келеді. Бір орыннан екінші орынға сусылдап ауысып тұрған жылтырақтың көшпелі алтын екенін ол кісі дереу біле қояды. Сөйтіп, азу тісін қанатып жіберіп, алтынның үстіне тамызғанда алтын үлкен жұдырықтай болып ұйысып тұра қалады. Алланың бұл сыйына салауат айтып, ол кісі алтынды үйіне алып келеді. Әкелген олжасынан бірінші өзінің қалтасына салып жүретін кішкентай кездігіне сап жасайды да, қалғанын сандыққа салып қояды. Ел іші болған соң біреуден біреу іліп әкетіп, бұл әңгіме жұртшылыққа тегіс тарап кетеді. Күндер зулап өте береді.
1937-1938 жылдары басталған жаппай қуғын-сүргін мен тәркілеудің залалы сол көшпелі алтын үшін атамыздың шаңырағына да әсер етпей қоймайды. Үйінде бейқам отырған атамызды тәркілеушілер келіп, алтынын өз еркімен беруін талап етеді. Келіспеске амалы жоқ атамыз алтын салынған сандықты әлгілердің алдына әкеліп ашып береді. Олар сандықты ары ақтарып, бері ақтарып, алтынды таппай кетіпті. Сонда менің анам Бүбішынар он үш жасар қыз екен. Әкесіне жүгіріп барып: «Біздің алтынымыз қайда?» деп сұрағанда, әкесі: «Ол зұлымдық жоқ жерге, өзіне жайлы жаққа көшіп кетті. Мен оны қорғай алмадым» деген екен күрсініп. Жалпы анамның айтуы бойынша көшпелі алтын кез-келген жанға көріне бермейді екен. Оның қасиетін біле алатын адамның қолына түсуді армандап, соған жылтылдап белгі беретін көрінеді.