0 дауыс
2.1k көрілді
Тісім босап жатыр алдымдағы қоян тісімнің біреуі. Не істеуге болады? Ауырады тағы. Жүктімін. 4 айдан асып жатырмыз.

1 жауап

+1 дауыс
 
Жақсы жауап

Әрбір әйел жүктілікті мерекені күткендей асыға күтеді. Алайда жүктіліктің өту барысы түрлі жағдайға байланысты. Өйткені құрсақтағы сәби ана ағзасындағы бар жақсыны өзіне алады. Соның ішінде тістегі кальцийді де алады. Тісің ауырса жаныңды қоярға жер таппай кетесің. Қазақстан ғалымдары жүктілік кезінде тіс дәрігеріне баруға болады, тіпті әрбір жүкті әйел  оған баруға міндетті деп санайды!

Зерттеу

Қазақстан дәрігерлері жай ғана теориямен емес, көмекке жүгінген алматылық 37 жүкті әйелге жасалған бақылау нәтижесінде қорытынды жасады.  Бақылауға 24-38 жас аралығындағы әйелдер алынды. Олардың басым көпшілігі (62%) екінші рет босанғалы жүрген аналар. Ғалымдар ұжымы (Г.Т.Ермуханова, А.А.Тулетаев) зерттеу нәтижесін ғылыми журналда жариялады. Біз соның қысқартылған нұсқасын ғана ұсынамыз.

Көрсеткіш сөйлейді

Бақылауға алынған жүкті әйелдердің 89,1%-ының тіс проблемасы жүктілікке байланысты пайда болмаса да, жүктілік кезінде асқынып кеткен. 21 әйелде тісжегі, 12 әйелде асқынған тісжегі анықталды. 13 әйелдің (35%) тіс қатарында ақау байқалды. Екі науқастан катаралдық гингивит табылды. 15 әйелден гипертрофты және атрофты гингивит, ал 8 әйелден – катаралдық пародонтит анықталды.

Пародонт тінінде проблемасы бар әйелдердің қызыл иегі қатты тамақты тістегенде және тісін тазалағанда қанайтын болған.

Әйелдердің аз ғана бөлігі (10,9%) денсаулығына жүктілікке дейін алдын ала қаралған. Олар стоматолог-дәрігердің толық тексеруінен өткен. Ең қызығы, олар бірінші рет жүкті болған әйелдер. Олар жүктілігіне барынша мұқият қараған әйелдер болып шықты. Тісіңізді жүктілікке дейін емдеңіз!

Бақылауға алынған әйелдердің тісіндегі ақауды олардың босану нәтижесімен және балаларының денсаулығымен салыстырды. Нәтижесінде алматылық ғалымдар мынадай қорытындыға келді: ауыз қуысының қабынуы болашақ сәбиге қауіп туғызады. Әрбір үшінші жағдай сәбидің індет жұқтыруына алып келеді. Мұндай жағдайда балалардың иммунитеті әлсірейді. Ішек-қарын жолының қызметі бұзылады. Басқа да ауруларға ұшырайды. Сонымен қатар, анасында тісжегі болған жағдайда, оның балада да болатыны байқалды. Ана мен баланың арасындағы еріксіз жақындық сәбидің ауыс қуысында инфекцияның жылдам таралуына алып келеді. Алғаш тіс жарған кезден бастап-ақ тісжегі пайда болады. Ендеше не істеу керек? Айрықша ережелерді сақтай отырып, жүктілік кезінде тісті емдеу керек.

Емдеуге болады!

Науқастың тісі ауырса, тіс дәрігерінің басы ауырары сөзсіз. Анестезия жасау арқылы қарапайым адамға да, жүкті әйелге де көмектесуге болады. Қазіргі таңда арнайы жүкті әйелдерге арналған анестезия бар. Мұндай дәрі-дәрмектер бала жолдасының тосқауылы арқылы өтпейді. Сондықтан анасына да, болашақ сәбиге де ешқандай зиянын тигізбейді. Тек толық анестезиядан аулақ болған жөн. Оны жүктіліктің қай кезеңінде болмасын пайдалануға болмайды.  

Жүктілік кезінде тісті емдеуге және жұлуға қатысты қарсы көрсетілімдер бар. Алайда олар үзілді-кесілді емес. Бұл мәселені әрбір жекелеген жағдайға байланысты тіс дәрігерімен және терапевтпен кеңесіп шешу қажет. Рентгенге айрықша назар аудару қажет.

Болашақ аналар тіс рентгенін жүктіліктің бірінші және соңғы үш айында жасауға болмайтынын білуі керек.

Кейде білікті көмек көрсету үшін дәрігерге тіс ренгені қажет болады. Жүкті әйел үшін рентгеннен шығатын сәуле нәрестеге қауіп туғызуы мүмкін. Алайда қазіргі таңда шығарылатын сәулені секундқа дейін азайтатын аппарат пен микросәулеленуді тіркеуге қабілетті  радиовизиограф қолданылады.

Дегенмен, әрбір ана алдын алу шараларын сақтауы тиіс. Сәбиді қорғау үшін омырауын, ішін және жамбасын арнайы жапқышпен жауып жүру керек.

Егер жүктілік кезінде жасалған тіс рентгені жағдайдың қауіпті еместігін көрсетсе, тісті емдеу шарасының бірқатарын баланы босанғаннан кейінге қалдырған жөн.

Жүктілік кезінде тіс жұлдыру

Бұл шараны аса қажеттілік туындаған жағдайда ғана жасатқан дұрыс. Тісті жұлу кезінде стоматолог-дәрігер жүктілік мерзімін ескеруі тиіс. Мұндай шараны жасауға жүктіліктің екінші тоқсаны қолайлы. Күрделі хирургиялық ота (мысалы, ақыл тісін жұлдыру) жасауға шұғыл қажеттілік болмаса, оны жүктіліктің соңына шегіндірген дұрыс.

Тіске протез салу

Протезді жүктілікке дейін салу қажет. Алайда, болашақ ана оны салдырып үлгермесе, протезді жүктіліктің бірінші жартысында жасатқаны абзал. Өйткені осы кезеңде әйелдің жағдайы жақсырақ болады. Тіс дәрігеріне бару аса қиынға соқпайды. Бұл орайда жылдам салынатын және жансыздандыруды қажет етпейтін протез түрін таңдау керек. Жүктілік көп жағдайда протез салуға қарсы көрсеткіш емес. Сондықтан тісті қалпына келтіру қажет болса, маманға жүгініп, оңтайлы әдісті таңдау жеткілікті.

Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде.

Алматылық ғалымдар сауатты жасалған стоматологиялық шаралар жүкті әйел мен нәрестеге зиянын тигізбейтініне, керісінше оң нәтиже беретініне сенімді. Жүкті әйелдің ауыз қуысындағы созылмалы инфекция ошағын уақтылы емдеу жүктіліктің патологиясыз өтуіне көмектеседі. Дегенмен, жүкті әйел тіс дәрігерінің алдына бармауға барынша тырысуы тиіс. Ол үшін:

— тісті тұрақты және дұрыс тазалап тұру керек (тісті тазалауды әрдайым бір тіс қатарынан бастап, біреуін қалдырмай тазалау керек).

— қосымша алдын алу құралдарын пайдалану керек. Тіс қағын және тамақ қалдығын тазалау үшін тіс жібін – флоссты; тістің беткі қабатын жақсы тазартатын, тіс қағы пайда болуының алдын алатын, ауыз қуысын залалсыздандыратын тіс эликсирін пайдалану; құрамында қант алмастырғышы, әсіресе ксилиті бар сағыз шайнау.  Ксилит ауыз қуысында ұзақ уақыт тұрады да флораға оң әсерін тигізеді. Сағызды тамақтан кейін 15-20 минут қана шайнау керек.

Дұрыс тамақтану

Диета сіздің ерекшелігіңізді ескере отырып жасалуы тиіс. Ол қажетті ақуыздан, көмірсутектен және майдан, сонымен қатар қажетті дәрумен мен минералды заттардан тұруы тиіс. Әрине, газдалған тәтті сусындардан бас тартып, тісіміздің басты жауы – тәттіні шектеу қажет.

Толығырақ:https://365info.kz/2017/01/zh-ktilik-kezindegi-tis-k-timi

...