Жетісудағы Тиграхауда-сақтар жерін мұра етіп алған үйсін тайпалары Орталық Азияның түпкірінен келген еді. Б.з.д. 160 жыл шамасында үйсіндердің бір бөлігі Жетісуға көшіп келіп, сақ тайпаларын бағындырды, сөйтіп қолбасшы "гуньмо" (Күн баг-Күн бегі) деп аталатын иеліктің негізін салды.
Үйсіндердің негізгі территориясы Іле алқабында болды, олардың батыс шекарасы Шу мен Талас арқылы өтеді, Қаңлылармен шектеседі. Шығысында ғұндармен ортақ шекара болды, ал оңтүстігіне олардың иелігі Ферғанамен ұштасып жатты. Үйсіндердің астанасы Чигучен (Қызылалқап қаласы) Ыстық көлдің жағасына орналасты. Ол жағалай қыстақтары бар бекіністі қала еді.
Үйсіндердің этникалық тегі әлі де ақырына дейін анықталмаған. Зерттеушілердің біразы үйсіндер шығыс иран тайпаларынан шыққан десе, екінші біреулері үйсіндер- түріктердің арғы аталары, олар түрікше сөйлеген деп есептейді.
Қытай императоры Удидің 138 ж. батысқа жіберілген елшісі князь Чжанцянь Үйсіндер иелігінде 630 мың адам бар және айқасқа 188 мың жауынгер шығара алады деп жазады. Жазба деректер үйсін билеушілерінің сараланған 30 мың атты нөкері және оларға бағынатын 10 мың садақшы туралы мәлімет қалдырған.
Үйсіндер мыс, қорғасын, қалайы, алтын кен орындарын пайдаланған. Темірді балқытып пышақ, қанжар, семсер, жебе ұштарын жасаған. Зергерлік өнердің жоғары деңгейде болғандығын археологиялық қазба жұмыстар айқындайды.
Үйсіндер қоғамы біртекті болмаған. Ол байларға, ру және тайпа ақсүйектеріне, әскери және діни адамдар, сондай-ақ қарапайым мал шаруашылығы және егіншілікпен айналысатын қарапайым топтарға бөлінген. Үйсіндердің тапқа бөлінуін олардың қалдырып кеткен қорғандары көрсетеді. Үйсіндер ерте топтық мемлекет болып, артынан өшпес тарих қалдырған.
Қаңлы халқының этникалық сипаты жөніндегі мәселе күрделі де қиын. Қаңлылардың қай тілде сөйлегені жөнінде де бірыңғай пікір жоқ. А.М.Бернштамның пікірінше, қаңлылар түрік тілді халық болған. Басқа зерттеушілер қаңлылар Солтүстік Иранның мал өсіруші тайпалары қатарына жатады, б.з. 1 мыңжылдығы ортасында Сырдария бойына түрік тайпаларының қоныс аударуына байланысты өзінің этникалық бейнесі мен тілін өзгерткен деп болжам жасайды. Б.А.Литвинский қаңлылар иран тілді сақтардың ұрпағы деп есептейді. Оның пікірінше, Қаңлы атын мақ тайпаларының бірі "былғары киімді әлде (мауытты) адамдар" деп айтуға болады.
Соңғы жылдардағы археологиялық зерттеулерге жүгінсек, қаңлы замандастары салған суреттер қаңлылардың сыртқы бет бейнесін көз алдымызға елестетуге мүмкіндік береді. Олар бізге бір кездегі былғарыға тігілген сүйек пластинкаларға салынған гравюра бейнелері күйінде жеткен.
Қару-жарақтардан: ұшы үшкілденіп келетін ұзын найзалар, қынабы белдікке қос таспамен бекітілетін екі жүзді ұзын семсерлер, жебесі үш қырлы оқтары бар құрама садақтар, кең бөлігі садақтың өзіне, екі бөлігі оқтарға арналған үш бөлімді қорамсақтары болған. Сопақ қалқан сырты пластиндармен қапталған. Бір жауынгердің айбалтасы бар. Сауытты жауынгерлер сауытсыз аттарға мінген. Аттардың жалы күзелген, құлақтарының арасындағы кекілін күлтелендіріп жинап қойған.
Б.з. алғашқы ғасырынан бастап қаңлылар егісті суаратын каналдар мен арықтар қазып, тоғандар мен бөгеттер салған. Олардың егін дақылдары: арпа, тары, бидай, ал бақшаларында қауын, қарбыз, жемістердің түрлері: алма, жүзім, өрік және басқалары өсірілді. Астықты үлкен қыштан жасалған көзелер мен ыдыстарда сақтаған, еден астынан ұра-шұңқырлар қазылған. Билеушінің титулы - хан. Билік ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан.
Қаңлы ірі мемлекеттік бірлестікке айналып, Қытай, Рим, Кушан, Парфия, Кавказ мемлекеттерімен жан-жақты байланыс жасады.
Толығырақ: http://www.kstu.kz/wp-content/uploads/docs/ik_kz/teor/teor2.htm