0 дауыс
3.1k көрілді
Осы Такырыпка "Кулагер - Еркiндiкке Умытылган Казак Елiнiн Символы" Туралы, ертенги кунг Эссе керек.

1 жауап

+1 дауыс
 
Жақсы жауап

Алты алаштың баласының бірі білсе бірі білмес, Астанадан алты шақырым жерде «Астана-Көкшетау» тас жолының бойында төрт аяқтының пырағы, мың жылда бір-ақ рет туатын тұлпар, әйгілі Ақансерінің дүлдүлі, қиянаттың сойылынан соққы жеп жығылған Құлагердің ескерткіші тұр. Жылқы малында Құлагерге дейін де аузымен құс тістеген, шашасына шаң жұқпас жүйріктер болғанымен, тасжүректердің қолынан соққыға ұшырап, қысым көргендері некен-саяқ. Қалай десек те, Құлагерге соғылған еңселі ескерткіш қара жолдың бойында, шын асылдың даңқын тарихтың тозаңы баспайтынын әлемге әйгілеп тұрғандай әсерге бөлейді. Тастұғырда бауырын жазып көсіле шапқан Құлагердің мыстан соғылған мүсіні еркіндікті аңсаған азат елдің болашаққа қарай ұмтылғанын көз алдыңызға елестетеді. Осы бір қиын да күрделі, қызығы мен шышығы мол еңбектің жанашыры, Құлагер ескерткішін салу идеясының авторы, ұйымдастырушысы һәм қаржылай демеушісі, Республикалық «Қазанат», «Құлыным» журналдарының бас редакторы, ҚР ұлттық ат спорт Федерациясының президенті Сәдібек Түгел мырза болып шықты. Ұлтжанды азаматтың бұдан басқа да ел мүддесі үшін жасап жатқан іргелі істерін көріп қуандым. Жылқы малына қатысты шабыттана айтқан әңгімелері делебемді қоздырды. «Жылқы кісінескенше, адам түсініскенше» деген рас екен. Сәдібек ағамен сөзім жарасып жүре берді.

Алты алаштың баласының бірі білсе бірі білмес, Астанадан алты шақырым жерде «Астана-Көкшетау» тас жолының бойында төрт аяқтының пырағы, мың жылда бір-ақ рет туатын тұлпар, әйгілі Ақансерінің дүлдүлі, қиянаттың сойылынан соққы жеп жығылған Құлагердің ескерткіші тұр. Жылқы малында Құлагерге дейін де аузымен құс тістеген, шашасына шаң жұқпас жүйріктер болғанымен, тасжүректердің қолынан соққыға ұшырап, қысым көргендері некен-саяқ. Қалай десек те, Құлагерге соғылған еңселі ескерткіш қара жолдың бойында, шын асылдың даңқын тарихтың тозаңы баспайтынын әлемге әйгілеп тұрғандай әсерге бөлейді. Тастұғырда бауырын жазып көсіле шапқан Құлагердің мыстан соғылған мүсіні еркіндікті аңсаған азат елдің болашаққа қарай ұмтылғанын көз алдыңызға елестетеді. Осы бір қиын да күрделі, қызығы мен шышығы мол еңбектің жанашыры, Құлагер ескерткішін салу идеясының авторы, ұйымдастырушысы һәм қаржылай демеушісі, Республикалық «Қазанат», «Құлыным» журналдарының бас редакторы, ҚР ұлттық ат спорт Федерациясының президенті Сәдібек Түгел мырза болып шықты. Ұлтжанды азаматтың бұдан басқа да ел мүддесі үшін жасап жатқан іргелі істерін көріп қуандым. Жылқы малына қатысты шабыттана айтқан әңгімелері делебемді қоздырды. «Жылқы кісінескенше, адам түсініскенше» деген рас екен. Сәдібек ағамен сөзім жарасып жүре берді. Ат жалын тартып мінгелі, жылқы малына жаны құмар, шу асаумен алысып есейген, ұлттық рухта тәрбиеленген азаматпен сұхбаттасудың өзі бір ғанибет емес пе? Орайы келген сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Құлагер ескерткіші-туризмнің дамуына жол ашпақ

- Қазақпен жылқыны бөлектеп қарау мүмкін емес, аға. Ғасырдан астам уақыт өтсе де ұлы даланың қазанаты Құлагердің даңқы барша қазаққа мәлім. Дегенмен елімізде Құлагерге арнап алғаш ескерткіш соққан азамат жайлы әңгімелерді ертеректе құлағымыз шалғанымен, ескерткіштің кейінгі тағдыры көпшілікке беймәлім. Сол жайында аз-кем айта кетсеңіз?

- «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» дейді қазақ. 1989 жылы Ерейментау ауданына қарасты Павловка селосында Егіншілік деген совхоз болған. Совхоздың директоры ұлты неміс Риммер Андрей Андреевич деген атбегі, атқұмар жан болыпты. Өздеріңіз де білесіздер, неміс халқы тазалықты, әділдікті жақсы көреді емес пе? Олардың тағы бір кереметі жергілікті жерге салт дәстүрге деген көзқарастары мен қазақ ұлтына деген ілтипаттарының ерекшелігінде жатқандай. «Аштықта жеген құйқаның дәмін» ұмытпағандарына да сүйсінесің кейде. Әлгі неміс директоры күндердің күнінде Құлагер жайлы естіп, оның даңқына тамсанып, аламан өткен аймақты аралап, зерттеп, зерделеуге көңілі ауады. Таныса келе Құлагердің қасиетіне әбден қаныққан ол, Ерейменді Құлагердің отаны деп танып игілікті бір іске ұйытқы болады. Бастаған ісін далаға тастамайтын қажырлы азамат белсенділік көрсетіп, Құлагердің эскизін құрастырып, Ленинградта арнайы тапсырыспен қоладан құйылған үш жарым метрлік ескерткіш соқтырады. Бұл кеңес дәуіріндегі неміс баласының Қазақ халқына, Құлагерге көрсеткен құрметі, ізгі ниеті болатын. Сол заманда ескерткішке ризашылықпен қарамаған қазақ жоқ шығар тегінде. Біз де, атбегі жолдас-жоралар жиналған жерде көңілімізді демеп, Құлагерге қойылған ескерткіш барына тәуба деп мақтанышпен айтып отыратынбыз. Әлгі Павловка ауылы мен Ерейментаудың арасы жетпіс шақырым. Екі аралықтағы әйбат дөңес жерге таңдалып қойылған Құлагердің ескерткіші сонадайдан менмұндалап тұратын. Сол жылдары елдің арнайы баратын ең сүйікті жері болғанын көзіміз көрді. Жастар үйленердің алдында арнайы барып гүл шоқтарын қоятын дәстүр де кең етек жайғаны бар. Мұғалімдер оқушы балаларды апарып Ақансері мен Құлагердің, қазақтың қазан аттарының тарихынан сыр шертетін ол кезең бүгінгі ұрпаққа ертегі. Тұтас бір ұлттың жылқыға деген сүйіспеншілігін ояту арқылы тотолитарлық жүйеде тұншығып, тамырынан алшақтап бара жатқан қазақ жастарының санасында, еркіндікті сүйетін бабалар рухының қайта түлеуі сол жылдардың еншісінде қалып тұр. Көпшілік халық білетін болар, атбегілер жалпы ырымшыл халық. Қандай бір аламанға бармасын «жолымыз болсын, атымыз бәйгеден келсін» деп, Құлагердің басына соғып құрмет көрсетпей кетпейтін. Көңілімізді өсіріп, жанымызға демеу болған жылдар өтіп жатты. Әлі есімде, 1996 жылдың 1 наурызы күні Алматы қаласында Анатөлі Құлназаров, Елсияр Қанағат, Нәбидолла Кекебаев, Қилан Нұртазинов, Кеңесбай Әбішев т.б атқұмар жігіттер бірігіп қазақ атбегілерінің бірінші құрылтайын өткіздік. Сол жолы маған Құрылтайға қатысқан Ереймен, Көкше жігіттері "Секе, халық қатты жақсы көретін Құлагердің ескерткішін белгісіз біреулер ұрлап кетіпті" деп өкінішті хабарды жеткізді. Расын айтсам ішім удай ашыды. Тіршілігінде екі аяқты пенделердің қолынан «таяқ» жеп өлген тұлпардың, тым болмаса қола ескерткішіне де маза бермеген ұрыларға лағнет айттым. Шынына келсек бұл оқиға Құлагерге ғана емес, барша қазаққа жасалған қастандық еді.

- Бәйге десе делебесі қозбайтын қазақ бар ма? Жүйрік көрсе кім кім-кімнің де есіне Құлагер түседі алдымен. Осындай аты аңызға айналған қазанаттың ескерткішін қайта тұрғызу туралы идея қалай туындады?

-Бұл бір күнде туа қалған идея емес. Ұрланған ескерткішті ішкі істер бөлімінің қызметкерлері сарылып іздегенімен таба алмады. Сонымен «жабулы қазан жабулы күйінде» қала берген. Бірақ біз атбегілер қауымы бұл мәселені ылғи да айтып жүретінбіз. Федерация болғасын, оның ішкі-сыртқы жұмыстары да көп. Ыңғайына қарай жылына үш-төрт рет кездесеміз, сырласамыз. Артынан ақылдасу шайы болады жігіттермен. Сондай отырыстарда Құлагер ескерткіші жайлы дүркін-дүркін әңгіме болатын. Алайда, істі қолға алып бастаймын деп суырылып шығуға ешкімнің жүрегі дауаламайтын. Себебі бәрі қаржыға барып тірелетіні белгілі. Не істеу керек? Федерацияның президенті болғандықтан нар тәуекел етіп күрделі істі өзім қолға алуға шешім қабылдадым. Бұл 2008 жыл еді. Сөйтіп алғаш рет Құлагер шауып мерт болған жерге экспедиция жасадым. Ол сапардан үлкен әсермен оралдым. Келе-сала ат қадірін білетін ағалармен, ел танитын ақсақалдармен ақылдасып ойда жүрген ісімді бастауға жол аштым. Мені бұл іске итермелеген ұлттық намыс. Қазақпын деп кеудемізді ұрғанда шаңын шығарамыз. Іске келгенде кежегеміз кері тартып жататыны өтірік пе? Қазақпен еркіндікте жаны егіз Құлагердің, жалпы Қамбар атаның түліктерінің атына ескерткіш тұрғызбау азаматтығыма сын секілді көріне берді. Көшпенділердің сенімді серігі қазанат халқымызбен бірге ғасырлар бойы барлық ауыртпалықтар мен қиындықтарды өткерді. Тағдырдың тәлкегіне қарамастан исі қазақпен ұлы даланы, қасиетті жерімізді сақтап қалды. Осынау ұшы қиырсыз созылып жатқан кеңістікке ие болып қалу үшін, біздің ата-бабаларымызға тек ерлік пен шыдамдылық қана емес, төзімді, мықты, есті, ауыздығымен арпалысқан сенімді серіктері желқанатты тұлпарларға сенім артты. Міне осы қасиеттерге, табиғат ананың керемет сыйы, қазақ жылқысы - қазанат ие болды. Біздің халқымыз қазанаттарға қарыздар ендеше. Осылайша белді бекем буып Астанада атбегілердің жиналысында Құлагердің ескерткішін көтеру жайлы толғанысымды айтқанда барлығы бір ауыздан қолдады. Содан кейін 2009 жылдың 7 қаңтары күні Астанадағы «Абай» қонақ үйінің мәжіліс залында дөңгелек үстел өтті. Оған Әкім Тарази, Нұрғожа Ораз, Төлен Әбдік сияқты елге танымал азаматтар қатысты. Сол жиында Құлагердің ескерткішін тұрғызбақ ойымды айтып, ісімнің дұрыс, бұрысын біліп алғым келді. Екінші мәселе ескерткішті қайда қою жайы еді. Ерейменге бұрынғы орнына қоямыз ба, жоқ әлде мерт болған жеріне апарамыз ба? Осыны қариялардың талқысына салдым. Олар Құлагер идеясын бір ауыздан қолдап ақ баталарын берді. Ал қай жерге ескерткішті орналастыру керек дегенге келгенде біраз дау туды. Ерейментаулықтар өз жеріне салғанды қаласа, Көкшетаулықтар өздеріне тартты. Бірақ бәрін саралап, талқылай келе Құлагер тек бір ауданға емес, барша қазаққа ортақ қазанат деген пікірге тоқтадық. Сондықтан Елордамыздың маңайында болуы керек деген пәтуа көкейге қонды. Сөйтіп Астанадан алты шақырым жердегі «Астана-Көкшетау» тас жолының бойы таңдап алынды. Туризмді дамытуға, Астанаға ағылған шетелдік қонақтарға көрсетуге осы маңай қолайлы дестік. Келешекте Құлагердің басында үлкен бәйге өткізіп иподром салып жатсақ та жер көлемі жазық, аттардың еркін шабуына да мүмкіндік зор екені ескерілді.

Құлагер ескерткіші 5,5 тонна таза мыстан соғылған

- Айтуға жеңіл болғанмен ескерткіш тұрғызу оңай іс емес. Ұлттық намысы таяз, аяғының ұшынан басқаны көрмейтіндерге бұл игі іс ақшаны далаға шашу болып көрінуі де мүмкін. Дамыған шет елдерде иесіне шексіз берілген иттерге де дәріптеп ескерткіш қойып жатады. Оның қасында Құлагер қазақтың жанына жақын қазанаттың тұқымы. Аллаға сиынып ел мақтанышы Һас жүйрікті дәріптеуге белді бекем буған екенсіз. Ойыңызды жүзеге асыру үшін қомақты қаржыны қайдан алдыңыз? Әлде демеушілеріңіз болды ма?

- Құлагер ескерткішін тұрғызуға 30 млн-дай қаржы кетті. Қаншама талқыдан өтіп, сараланған істі енді бастауға келгенде қаржылай қиындықтар туындамасы бар ма? Белгілі мүсінші Сұлтан Ильяевпен шартқа отырып, мүсінді Қырғызстандағы профессор Базарбек Садықовтың шеберханасында жасауға келісіп қойғанбыз. Амал жоқ, астымдағы машинамды, барлық жиған тергенімді, жылжымайтын дүние мүлкімді бәрін ломбардтқа салудан басқа амалым қалмады. Алынған ақшаға мүсіншіге, шеберхана қожайынына, құрылысшыларға еңбек ақыларын төлеуге тиісті едім. Жол шығыны т.б мәселелер жағадан алып тұрғаны және бар. Бұл жерде қолдау көрсетпеді деп демеушілерді кінәлаудан аулақпын. Қаржы дағдарысының жаңа басталған беті. Ұлтқа жаны ашитын азаматтардың бюджеттері суы тартылған балық құсап қайраңдап қалған кез. Егер бір демеуші кезігер деп күтіп отыра берсем әлі күнге дейін жүрер ме едім кім білсін... Сол қиын күндер жайлы ашылу салтанатында мынадай сөздер айтып едім. Ұйқысыз түндер, жүрек ауыртқан күндер көп болды деп. Оны тарқатып айтсам ұзақ әңгіме.

- Тас мүсінге дүние мүлкіңізді нар тәуекел етіп салғаныңыз көзсіз ерлік екені даусыз, дегенмен жанұяңыз, туыс-туғандар тарапынан қарсылықтар кездеспеді ме?

- Бірден айтайын жеңгең «өзің білесің, бірақ кейін өкініп жүрме» деп ескертті. Жолдастарым тарапынан райымнан қайтармақ болғандар табылды. Таныс юристерде, ағайын туғандар да «сен қандай іске басыңды шатып отырғаныңды білесің бе, 30 млн ойыншық емес, ломбардқа бір күн кешіксең бәрінен айырыласың» деген сыңайда ақыл айта бастады. Жасыратыны жоқ жүрегі ауыратын жездем «ерке» қылығымды естігенде төсек тартып жатып қалды. «Ең жаман түсімде мұндай оқиғаны көрмеген шығармын. Атқа бола осыншама қаржына ломбардтан алу ақылға сиымсыз. Егер ол қаржыны дер уақытында қайтармасаң не болады» деп қорқытып ниетімнен қайтармақ та болды. Оларды да түсінуге болады. Себебі мұндай қомақты қаржыны Үкіметтен алып қана салады көзін тапқандар. Кейбір әкімдер кердең-кердең етіп, үкіметтің ақшасына салынған дүниелерді меншіктеп, қоқиланып, аяғын әрең басып, болып-толып тұрғанын көргенде ашуың келеді. Мықты болса салсын өзінің жиған тергеніне... Сонда көрер едім, батырсынған немелерді. Оның бер жағында Қазақ хандығының ірге тасын қалаған Керей мен Жәнібекке Қойшығара Салғараұлының зерттеуі бойынша 864 млн ақша бөлінген үкіметтен. Салыстырып көріңіз біздікімен. Арты не болды, түкке жарамай далада қалды. Ал біз үкіметтен бір тиын алған жоқпыз. Ескерткіштің құндылығы да, тәрбиелік мәні де осында деп ойлаймын.

- Құлагердің ескерткіші ұзақ қашалды ма?

- Жоқ. Бар болғаны 3 айда Қырғызстанда жасалып шықты. 2009 жылы 27 қараша күні ескерткіш Астананың іргесіне белгіленген орнына әкелініп қойылды. Дегенмен, күннің суытуына байланысты ашылу салтанаты кейінге шегерілді. Жаз шыға 29 май күні Көкшетаудағы «Красный яр» иподромында Құлагер ескерткішінің ашылу құрметіне үлкен аламан болды. Аламанға 370 ат қатысты. Астанада өтпеуіне иподром мәселесінің кедергісі тигенін айтпай кетуге болмайды. 6 маусымда салтанатты ашылуы Астана қаласындағы ескерткіші жанында өтті. Халық көп жиналды. Біле білгенге Құлагердің ескерткішін тұрғызу - идеология. Бізді адам санатына қоспай келгендерге «Біз қой емеспіз, біз шошқа емеспіз, біз арқыраған тұлпармыз» дегенді меңзеудің басты құралы деп түсінемін.

- Құлагердің композициялық құрылымы көңіліңізден шықты ма?

- Әрине. Мүсіннің ұзындығы 8,5 метр, биіктігі 5 метр, салмағы 5,5 тонна, жалпы биіктігі 12 метр. Құлагердің бауырын жазып көсіле шауып келе жатқаны, Қазақстанның алға қарыштап дамып келе жатқанымен байланыстырыла символикалық түрде берілген. Ескерткіш таза мыстан соғылған. Бұл жағынан «Қазақмыстағы» азаматтарға айтар алғысымыз шексіз.

Қазанат - жылқылардың төресі

- Кешегі Құлагердің заманында той-томалақ, ас көп болды. Ол кезеңмен бүгінді салыстыруға мүлдем болмас. Десек те бүгінде шын «жүйріктің» бағасын 15-20 шақырым анықтап жатады. Осы қашықтықтарды әупірімдеп шауып өткендердің өзі мәреге қалжырап әрең жеткендей әсерге бөлейді. Мұның мәнісі неде? Экологияның зардабы ма, жоқ әлде жарауы кемшін бе?

- Біздің ата-бабаларымыз аламанды ұйымдастыру барысында тура шапқан ғой. Бұл дәстүр көршіміздегі Қытай қазақтарында әлі күнге сақталып келеді. Бізде де бертінге дейін болған. Заманның ыңғайына жығылып халық тамашалап, жүйріктерге дем беріп отыруы үшін, иподромды айналып шабу жолға қойылған. Ал дана бабаларымыз аламанға тек қызық көру, көңіл көтеру деңгейінде қарамағаны белгілі. Біз осыны естен шығарып алдық. Жүйріктерді аламанға қосу арқылы қарымын тексеріп, тұқымдарын сұрыптауға қатты көңіл бөліп, олжалы оралған жүйріктерді үйірге салып тегіне қарап жіктеп отырған. «Байтал шауып бәйге алмас» деп қазақ бекер айтпағаны тағы анық. Бірақ бұл қағиданы бұзып 15-20 шақырымға шауып байталдар бәйге алып жүргені өтірік емес. Бұдан бізде алысқа шабатын қазанаттар жоқ деген ой тумасын. Бар. Өте көп. Бірақ олардың мүмкіндігі шектеулі. Енді құлашын жазып бауыры жіпсіп келе жатқанда ұшқырлардан көз жазып қалады. Сөйтіп алысқа шабар қазанаттардың обалына қалып жүрген жайымыз бар.

ҚР ұлттық ат спорт федерациясының президенті ретінде аламанды келешекте жандандыру ойыңызда бар ма?

- Ұлттық ат спорт федерациясының жыл сайын өтетін сьездерінде бұл мәселе талқыланудан кенде емес. Бір шешімге әлі күнге келе алмай отырмыз. Себебі, тәуелсіздік алғаннан кейін бәйгеге жаппай таза қанды жылқыларды әкелу кең етек алды. Америкадан, Англиядан, Ирландиядан, Франциядан, Полшадан, көршіміздегі Ресейден әкелінген жылқыларда есеп жоқ. Соларды әкеліп аламанға салады. Олар ұшқыр болғандықтан ұзақ дистанцияға жарамайды. Қысқа қашықтықтың «желаяқтары». Ал бағаларынан адам шошиды. 15 мың доллардан, 200 мың долларға дейінгі аралықта. Сөйте тұра бұлар қазақи жылқылардың ширегіне де келмейді. Қазанаттардың кереметі -төзімділігінде ғой, шіркін. Алысқа шабатын қарымдылығын айтсаңшы. Кейде маған аламанға көңілі толмағандар қарсылық білдіріп «Айналайын-ау, қазақтың жылқысына 25 шақырым деген сөз бе екен, ол бұрынғы құнандардың жарысы емес пе» деп өкпелерін айтып жатады. Келісемін. Алайда 45 шақырымды иподромда өткізуде көрермендерге өз қиыншылығын әкелері сөзсіз. Ұзақ қашықтыққа аттарды жіберу үшін бабаларымыз салған тіке шабысқа не жетсін шіркін.

- Неге аламанды жазық далада ұйымдастырмасқа?

- Қазір он жетінші, он сегізінші ғасыр емес. Кеңес заманының тигізген залалынан даламыз шұрқ тесік. Сайын далада не шашылып қалмаған дейсіз. Плугтар, сымдар, ат тұяғын зақымдайтын темір-терсектер, басқада толып жатқан кедергілер жетіп артылады. Осындай нәрселер ойға алған ісімізді алға бастырмай отыр. Дегенмен қол қусырып отырған жоқпыз. Жазық далада аламан өтпей жатыр деп айтуға да болмайды. Бекет атаның 200 жылдығында адайлықтар 25 шақырымға келіспей, дауласып жүріп 45 шақырымға өткізді бәйгені. Сонда көзіміздің жеткені мәреге ылғи қазақи қазанаттар келді ғой. Шетелдік «еркелердің» бірінің қарасын көре алмадық.

- Келешекте тіке шабысқа сайын даланың төсінен жол салынып, Құлагер-аламан ұйымдастырылды делік. Құлагердің даңқты жолын жалғастырып 60-70 шақырымға шауып өтетін жүйрік бар ма біздің елде?

- Құлагер ескерткішін саларда бұл мәселе талқыланған. 60 шақырымға ат шаптыру былайша айтқанда қазақтың қазанаттарын іріктеу деген сөз. Оған аттың аты ғана шыдайды. Егер ондай аламан ұйымдастырыла қалса бәйгеге түсетін жүйріктердің көп болатынын сеніммен айта аламын. Бір-ақ мысал. Ерлан Сатыбалдиев деген жігіттің «Сұңқар» деген аты болды. 2-3 жылдың ішінде 33 машина ұтты. Сол жүйріктің 31 шақырымдық ұлы аламанның соңғы шақырымында бауырын жаңа жазып, еркін шауып келе жатқанын көріп қайран қалдым. Мәреге келгесін де арнайы барып таңданғанымды айтпа. Әлі 15-20 шақырымға ойнақтап шабатын түр бар.

Ағылшынның таза қанды жылқысының бойында қазанаттың қаны бар

- Құлагердің тұрысы мен дене тұрқына тамсана қарап шын жүйріктің бағасын берген Күреңбай сыншыдай, аттың бағын ашып, бабын табатын атбегілер жайлы не айтасыз?

- Атадан балаға мирас болған қасиетті өнерді қастерлеп жүрген азаматтар жетерлік. Атап айтсам Кенелбек Игенбаев, Ерлан Сатыбалдиев, Роллан Тлеулесов, Арман Төлеуов, Жұмаш Ізбасаров, Орынтай Әмірғалиев Нәбидолла Кикебаев, Кеңес Рақышев, Серік Үмбетов, Жұмабек Жапішев, Ертілеу Сатыбалдиев, Бақыт Байдауленов, Аманқос Дербісалин, Өнербек Жанбала, Батырхан Сабуров, Серік Бекқайыров, Тлеген Маткенов, Балабек Есімов, Дархан Қыдырбаев, Ульфат Усманов, Ардақ Әмірқұлов айта берсем көп қой атбегі жігіттер біздің кең байтақ елімізде.

- «Қазанат» атты кітабыңыз үшінші рет баспадан шығып жатыр. 13 сәуірде Астанадағы ұлттық кітапханада кітаптың тұсауы кесіледі екен. Жалпы осы Қазанат сөзіне түсінік бере кетіңізші?

- Менің қазанатты айтып келе жатқаны ма жиырма жыл болды. Қуанарлығы халық арасында қазанат ұғымы қалыптысты. Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов Астананың бір көшесіне «Қазанат» атын берді жуырда. «Қазанат» деген иподромдар ашылып жатыр. Бұл да болса көңілге демеу. Бала кезімде әкем марқұм Шығыс Қазақстан болысының Ұлан ауданының «Қызылту» совхозындағы «Сатый» ауылында жылқышылардың бригадирі болған. Біздің үйде жылқышылар жиналып әңгіме дүкен құрғанда әкем ылғи «Әй жігіттер ұлы даланы бабаларымыз қазанаттармен қорғаған. Қазанат деген жылқы малының төресі. Қазақтың таза қанды, асыл тұқымды жылқысы қазанат» деп отырғанын бірнеше мәрте құлағым шалды. Оның бер жағында Асекеңнің (Сүлейменовтың) «басқа халықтың қайдан жаратылғанында менің шатағым жоқ. Біздің қазақ тұлпардан жаратылған» деп айтуында үлкен астар бар. Кейін зертей келе осы сөздердің мағынасының тереңде жатқанына көзім анық жетті. Қазанат - жылқы малының бастау бұлағы. ХІХ ғасырда Ридер қаласына келіп-кетіп жүрген ағылшын капиталистері, қайтарында состав-состав қылып тиеп, біздің айғырларымыз бен биелерімізді әкететін болған. Бүгінде ағылшындар дүние жүзінде таза қанды жылқы өсіруден алдыңғы орында. Олардың сәйгүліктерінің тұла бойында Қазақтың қазанаттарының қаны тулап жатқаны талас тудырмайтын шындық. Қазір әлемде жылқының он элитті түрі бар. 1) Ағылшын, 2) Араб, 3) Неміс 4) Ақалтеке, (Түркмен), 5) Америка, 6)Ресей, 7)Француз, 8) Испан, 9) Венгр, 10) Канада жылқысы. Осылардың ішінде қазанат жоқ. Шындығына келгенде бәрінің төресі - ҚАЗАНАТ. Сөйте тұра санатта жоқ. Тарихшыларымыздың салғырттығынан іш қазандай қайнайды. «Қазанат» сөзі - жеңімпаз, мықты жауынгердің жылқысы деген ұғымды білдіреді.

Өзіміздің жеріміздегі Ботай қорымында бірнеше жылдар қатарынан қазба жұмыстарын жүргізген немістің, француздың, ағылшынның және американың белгілі археолог ғалымдары сенсациялық жаңалық ашты. Олар жылқыны әлемде ең алғаш қолға үйреткен қазақтар деп ғылыми тұжырым жасады, қорытынды шығарды. Олар осы нәтижелерін нақты дәлелдермен ғаламтор (интернет) арқылы бүкіл дүние жүзіне қуана таратты.

Ең өкініштісі біздің тарихшыларымыздың осы жаңалықты іліп әкетпей, немқұрайдылық көрсетулерінде болып тұр. Біздің ұсынысымыз тарихшылар бастап, зиялы қауым қостап, биылғы жылы Ботай қорымына арналған үлкен халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізілуі тиіс. Онда осы жаңалықты ашқан мәртебелі шетелдік археологтар баяндамалар жасаса, оның негізінде қазақтардың дүние жүзінде ең бірінші болып жылқыларды үйреткендері туралы құнды құжат дүниеге келсе қандай керемет болар еді. Өркениетті әлем жұртшылығы тағы да бір мәрте, бөріктерін алып, қазақ тарихын мойындар еді. Бұл дегеніңіз біздің үлкен жеңісіміз емес пе?! Осыны түсінетін уақыт келді. Әлі де кеш емес... Егер де тарихшылар осы ұсынысты қолдаса, біздер атбегілер көмектесуге дайынбыз.

Жылқының киесі оңдырмайды

- Аға, Құлагерге қайта оралайықшы. Сағынайдың асында 700 ат шапты дегенге айтар уәжіңіз бар сияқты?

- Ия. 700 ат қисынға келмейді. Паң Нұрмағамбет нағашы атасы Сағынайға ас бергенде 322 ат шапқан дейді дерек көздері. 500-дей кигіз үй тігілген. Әрісі Ресей, берісі Қырғыз, Өзбектерге сауын айтылған. Сағынайдың асына дайындық бір жылға созылған.

- Құлагерді айуандықпен ұрып өлтірді деген не сөз?

- Сағынайдың асына дейін Құлагер он екі аламанда олжа салған. Ол кездің тәртібіне сай есептесек 60-70 шақырымға созылған додаларда алдына қара салмаған ғой жануар. Сондай қазанатқа 1876 жылы күз айында Ерейменнің Қосақкөл маңында Қазақтың тарихында бұрын соңды болмаған қастандық жасалған. Жеке дара қара үзіп келе жатқан Құлагерді Барақбайдың (Батыраштың шын аты) жендеттері көре алмаушылықтың, күншілдіктің, қызғаныштың негізінде Шырпылы биік Талдысай деген жерде мәреге 2,5 шақырым қалғанда күтіп алып ұрып өлтіреді. Кинода суреттегендей атып, болмаса әдеби шығармалардағыдай айбалтамен шаппайды. Кәдімгідей шоқпармен, сойылмен сабап қатыгездікпен, жабайылықпен ұрып өлтірген. Оны дәлелдейтін тарихи нақты деректерім бар. Тілсіз Құлагер жанұшыра шыңғырып құлаған жерді әдейі экспедициямен барып көрдік, зерттедік.

- Батырашты осындай тарихи қылмысқа итермелеген не болды екен сонда. Әлде Ақан серімен екеуінің арасында кикілжің, келіспеушіліктің сызы жатыр ма?

- Ол да бар. Сағынайдың асына дейін бір аламанда дара келе жатқан Құлагердің алдын орап бір бүйірден Батыраштың жандайшаптары ат қосып жіберген деседі көне көздер. Жалғандыққа жаны қас сері осы мәселе жайында ашына айтып Батырашпен тілге келіп қалған тәрізді.

- Айтулы аста аламанның бас бәйгесін кім олжалаған?

- Қиянатқа көзі әбден жеткен паң Нұрмағамбет бас бәйгенің жүлдесін Ақан серіге бергізген.

- Батыраштың кейінгі тағдыры туралы мәлімет кездестірдіңіз бе?

- «Малды ұрма» деп қазақ бекер айтпаған. «Атпен ойнағанша, атаңмен ойна» дейді ғой. Тұлпардың киесі бар деп қорыққан. «Тұлпарға қиянат қылғанның тұқымы құриды». Бірде Алматыда сақалы беліне түскен қариямен датархандас болдым. Көкшетау жақтан екен. Сексеннің сегізіне келген әңгімешіл қарт Құлагер жайында майын тамызып жырлап отырып, сөз арасында Қотыраш (Батыраштың інісі) Қарағандының түрмесінде жатып (жиырмасыншы ғасырдың бас кезі болса керек) «жылқының киесі бар деген рас екен, тұқым-тұяғымыздан тірі жан қалмады, бірі обадан шетінесе, бірі айдауда жүріп өлді, менің де келешегім бұлыңғыр » деп өкіне айтқанын естігенін жеткізді. Қиянаттың иесін қайтседе табатынына осы сөздің өзі жеткілікті шығар.

Ұқсас сұрақтар

...