3 тақырып Кәсіпкерлік қызметтің жіктелуі және түрлері
Дәрістің жоспары:
3.1. Кәсіпкерлік қызметтің жіктелуі мен түрлері
3.2. Өндірістік кәсіпкерлік
3.3. Коммерциялық кәсіпкерлік
3.4. Қаржылық кәсіпкерлік
3.5. Кеңес беру кәсіпкерлік қызметі
3.1 Кәсіпкерлік қызметтің жіктелуі мен түрлері
Отандық және шетелдік экономикалық әдебиеттерде кәсіпкерлік қызметті жіктеудің нақты жүйесі анықталған жоқ. Оны әр түрлі белгілері бойынша жіктеуге болады. Кәсіпкерлік қызметтің негізгі жіктемелік белгілерін 3.1-сурет түрінде көрсетуге болады.
Кәсіпкерлік қызметтің түрлері. Жүзеге асыратын қызмет түріне қарай кәсіпкерлік қызмет өндірістік, коммерциялық, қаржылық, кеңестер берушілік болып бөлінеді. Олар өзара ішінде тағы бірнеше топтарға бөлінуі мүмкін, оны 3.2-суреттен көруге болады.
Бүгінгі таңда біздің елімізде кәсіпкерлік қызметтің мәніне үлкен назар аударылуда. Бұл белгілі бір деңгейде Қазақстандық кәсіпкерліктің қалыптасуы мен дамуына да байланысты. Нарықтық экономика жағдайында кәсіпкерлік қызметтің мақсаты тек өнім өндіру немесе қызмет көрсету ғана емес, осы табыс алу кезіндегі кәсіпкердің мақсатына жетудегі іс-әрекеттері. Кәсіпкерлік қызметтің қозғаушы күші – мол пайда табу. Сонымен, жоғарыда аталған кәсіпкерлік қызмет түрлерінің әрқайсысының өзіне тән ерекшеліктері мен жетістіктері бар. Кәсіпкер қабылданған заңға қайшы келмейтін кәсіпкерлік қызметтің кез-келген түрімен айналыса алады.
3.2 Өндірістік кәсіпкерлік
Өндірістік кәсіпкерлік – бұл кәсіпкерліктің айтарлықтай маңызды түрлерінің бірі. Мұнда өнім өндіру немесе қызмет көрсету жүзеге асырылады және одан әрі дайын өнімді тұтынушыларға сатуды көздейді. Ол келесідей қызметтер түрін жүзеге асырады:
- өнім өндіруге бағытталған жұмыстар мен қызмет көрсетуді атқару;
- ақпараттарды өңдеу және жинау;
- рухани құндылықтарды игеру;
- тұтынуға жататын басқа да өткізілімдер.
Өндірістік кәсіпкерлік материалдық өндіріс сферасында іске асырылады. Сондықтан өндіріс функциясы кәсіпкерлер үшін ең маңызды болып саналады. Өндірісті жүзеге асыру үшін кәсіпкер ең алдымен қандай өнім өндіру және кім үшін өндіру керектігін білуі керек, яғни маркетингті жетік меңгергені жөн. Сонымен бірге өз иелігінде өндіріс факторларының болуы және оны ұтымды пайдаланудың маңыздылығы жоғары. Өндірістік кәсіпкерліктің өндірген өнімдерін өндірістік кәсіпорындар, коммерциялық сауда мекемелері, тауар-қор биржалары, банктер мен қарапайым халықтар пайдаланады. Өнімді тиімді сату шаралары делдал агенттіктер, брокер немесе кәсіпорынның өз күшімен жүзеге асырылады. Бұл кәсіпкерлік технологиясының айрықша жауапты кезеңі.
Өндірістік кәсіпкерлікті жүзеге асыру бірнеше сатыдан тұрады:
1. Кәсіпкерлікпен айналысу үшін қандай тауар өндіру, қандай қызмет көрсетуді іске асырумен шұғылдану керектігін білу керек, яғни бизнес жобасы дайындалуы тиіс;
2. Содан кейін маркетингтік зерттеу жүргізу керек. Қандай тауардың немесе қызмет көрсетудің тұтыным мүмкіндігі мол, оған деген сұранымның тұрақтылығы, келешектегі даму тенденциясы, өнім өндіру мен оны өткізу процесіндегі шығындар, өткізу көлемін болжау, болашақ тұтынушылармен байланыс жасау, шикізат, материалдар, энергия және басқа да жабдықтаушылармен арақатынасты орнату, өндіріске қажетті қаражатты белгілеу, өнім өндіруді бастауға дейін әзірленген заттарды жеткізу мен банкротқа ұшыраудың алдын алуға бағытталған жұмыстарды атқаруы тиіс;
3. Келесі өндіріс факторларын есепке алу шаралары болып табылады. Біріншіден, негізгі өндірістік қорлар: ғимараттар, құрылыстар, өндірістік құрал-жабдықтарды сатып алу немесе жалға алу. Екіншіден, өндірістік айналым қорлары: еңбек заттары, шикізаттар, негізгі және қосымша материалдар, отын және энергетика ресурстары, жөндеу жұмыстарын жасауға қосалқы бөлшектер, сатып алынатын құрастыру бөлшектері, жартылай фабрикаттар, келешекке қажетті шығындарды жабу көздері;
4. Алдағы уақыттағы шығындарды есептеу, бұл бірінші кезеңдегі тауар өндіруді меңгергенше көбірек шығатын шығындар. Ол шығындар тауар өніміне тікелей қатынасады;
5. Жұмыс күшін кәсіпкер еңбек биржасы немесе хабарландыру беру арқылы жалдап алады. Жұмысқа аларда кадрлардың білімі, мамандығы, тәжірибесі, жеке қасиеттері және т.б. ескерілуі керек;
6. Қажетті ақпараттар мен ресурстарды қосымша қосуға мүмкіндіктерді ойластырып, алдын-ала есептеу;
7. Қаражат қаржыларының керек мөлшерін анықтау. Жалпы ақшаның қажетті көлемі мына формуламен есептеледі:
Аж = А1 + А2 + А3 + A4 +... + Аn. (3.1) мұндағы Аж – жалпы қажетті қаражаттар;
А1 – жалақы қоры;
А2 – айналым қоры;
А3 – құрал жабдықтар;
A4 – ақпаратқа т.б. интеллектуалды қызметке төлем;
Аn – басқа мекемелердің атқарған жұмысына төлем.
8. Бастапқы капитал: жиналған қор және несиеге ақша алу;
9. Өндірістік істің қорытындысы. Сатудан түскен түсімнен өндірістік және коммерциялық шығындардың айырмасы жалпы табыс болады. Жалпы жиынтық табыс жалпы түсімнен өндіріс және коммерциялық шығындарды алғанға тең болады, яғни:
ЖЖТ = Ж түсім – толық шығын (3.2) мұндағы ЖЖТ – жалпы жиынтық табыс;
Ж түсім – жалпы түсім.
10. Барлық салықтарды, айыппұлдарды төлегеннен кейінгі қалған табыс – таза табыс деп аталады;
11. Кәсіпкерліктің қаржы жағдайын бағалау үшін рентабельділік деңгейін шығару.
Рентабельділік деңгей = таза табыс / шығындар + төлемдер х 100%
3.3. Коммерциялық (немесе саудалық) кәсіпкерлік
Коммерция – өзінің бастапқы мағынасында сауда ұғымын білдіреді, ал коммерсант – сауда, тауар айырбастау, тауар-ақша операцияларымен айналысатын саудалық іскер адам. Коммерциялық кәсіпкерлік өндірілген өнімді сатумен және оны сатып алу келісімшарты негізінде тұтынушыларға дейін жеткізумен байланысты, яғни оның мазмұны тауар-ақша, сауда-айырбас операцияларымен сипатталады. Оның өндірістік кәсіпкерлік қызметтен айырмашылығы – мұнда өнім өндіруді өндірістік қорлармен қамтамасыз ету қажет болмайды. Мұндағы басты мәселелер: «нені сатып алу керек?», «нені сату керек?», «қайда сату керек?» деген сұрақтарға жауап іздеу керек. Кәсіпкер тауар және қызмет көрсету қозғалысына болжам жасап, алдын-ала бағалау үшін өзінің нақты іс-әрекет жоспарын (бизнес жоспар) жасайды. Мұндай қызмет нақты тұтынушылармен тікелей байланысты болатындықтан, өзгермелі қаажеттіліктерге тез бейімделеді және мобильді болады.
Коммерциялық кәсіпкерлікті дамыту үшін мынадай екі шарттың сақталуы керек: сатылатын тауарларға салыстырмалы түрде тұрақты сұраныстың болуы және өндірушіден тауарды едәуір төмен бағаға сатып алу мүмкіндігі. Ол сатушыларға сату шығындарының орнын толтыруға және қажетті табыс көлемін алуға мүмкіндік береді.
Коммерциялық кәсіпкерлік өндірістік кәсіпкерлікпен тікелей байланысты. Себебі, өндірілген өнімді өткізу негізінен осы коммерциялық кәсіпкерлікке жүктеледі. Ол өнімге деген сұранысты анықтап, өнімнің белгілі бір түрін өндіруді көбейтуге немесе керісінше шектеуге әсер етеді.
3.4 Қаржылық кәсіпкерлік
Кәсіпкерлік қызметтің ерекше түрі – қаржылық кәсіпкерлік болып табылады. Оған сату-сатып алудың ерекше тауарлары: ақша, валюта, құнды қағаздар (акция, вексель, облигация т.б.), яғни ақшаны тікелей және қосымша нысанда сату жатады. Нарықтық қатынастарға өтуге байланысты ақша нарығы, валюта және құнды қағаздар нарықтары бой көтерді, оларға қатысушылар: коммерциялық банктер, қор биржалары, жекелеген кәсіпорындар мен ұйымдар, кәсіпкерлер және жеке тұлғалар. Кәсіпкерлік немесе бизнестің осы саласына қатысты кәсіпкерлер өз іс-әрекеттерін құнды қағаз нарығы мен маркетингтік қызметті ұйымдастырудан бастайды. Сөйтіп, олар ақша, валюта мен құнды қағаздардың көздерін табады. Құнды қағаздар айналымының аса тараған нысаны:
- құнды қағаздарды кәсіпкердің өзінің сатып алуы;
- оны басқа сатып алушыларға жоғары сомада сатуы;
- екеуінің арасындағы айырма кәсіпкерге табыс әкеледі.
Егер кәсіпкердің құнды қағаздарды сатып алуға қаражаты жоқ болса, онда ол несие алады немесе несие жөнінде банктермен келісім жасасады. Қаржылық кәсіпкерлік жүйесі нақты мәліметтермен толықтыруды және жоғары дәрежеде ұйымдастыру ісі техникаларымен қамтамасыз етуді қажет етеді. Қаржы-несие жұмыстарын жүргізу кезінде кәсіпкер тұтынушыға ақшаны, валютаны және құнды қағаздарды несиеге береді, ал белгілі бір уақыттан кейін берілген соманы несие пайызымен қоса қайтарып алады. Мұндай мәміле кезінде кәсіпкер сатып алушылардың қаржылық мүмкіндіктері жөнінде хабардар болуы тиіс немесе алдын-ала кепілдік мәселесін шешіп алуы тиіс.
3.5 Кеңес беру кәсіпкерлік қызметі
«Консультант» сөзі латын сөзінен шыққан және «кеңес беруші» деген мағынаны береді, яғни өз мамандығының мәселелері бойынша кеңес беретін және белгілі бір аймақтағы білікті маман. Шетел тәжірибесінде түрлі сұрақтар (ұйымдастыру, басқару және т.б.) бойынша ақылы кеңестер беруді консалтинг деп атайды. Консалтингтік қызмет көрсетулер консалтингтік жобалар түрінде ұсынылады.
Кеңес беру (консалтингтік) кәсіпкерлігі – бұл ой нарығының бір бөлігі. Оған жалпы басқару, әкімшілік басқару, қаржылық қолдау, маркетинг, ақпараттық технология, арнайы қызметтер жатады. Онда қаржылық, инвестициялық саясаттарды жасақтау, белсенді маркетинг, тәуелсіз кеңестер бойынша жұмыстар жүргізіледі. Сонымен қатар халыққа ақылы немесе ақысыз түрде кеңестер беріліп, қызметтер көрсетіледі. Нарыққа бағытталу туралы қаржылық жағдайлар, шаруашылық талдауды жасаудағы басқару мәселелері жөнінде көмектер беру мен басқа да қызметтер көрсетіледі.
Кеңес беру әдістері:
1. Эксперттік кеңес беру – маман өз бетімен талдау жасайды, шешімдерді жасақтайды және оны енгізуге ұсыныстар жасайды;
2. Процестік кеңес беру – кәсіпорын маманы клиентпен белсенді түрде қарым-қатынаста болады, оның өз ойын айтуына ынталандырады, клиентпен бірге талдау жасайды, сонан кейін бірге ұсыныстарды әзірлейді;
3. Оқулық кеңес беру – теориялық дәрістерді оқу, іс-тәжірибе және семинарлар өткізу, оқу құралдарын жасақтау.
Ал қазіргі уақытта өмірлік тәжірибемізде жоғарыда аталған бұл үш түрі де аралас болып қолданылуы мүмкін.
Ұсынылатын әдебиеттер
1. Смирнова Г.М. Предпринимательская деятельность в образовании: учебное пособие. – Караганда: Изд-во КарГУ, 2005.
2. Бердалиев К.В. Қазақстан экономикасын басқару негіздері. Алматы; Экономика 2001
3. Кәсіпкерлік негіздері: Оқулық / М.Б.Бисенғазиев, А.Ш.Хамитов. Орал. Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті баспасы. 2001. – 242 б.
4. Исаева К.Р., Омаров С.К., Кипшаков С.А. Основы социально-экономической подготовки молодежи. – Караганда: Изд-во КарГУ, 2001. – 110 б.
5. Колпаков В.В. Курс предпринимательства в схемах. Новосибирск: Экор, 2001. – 64 б.
6. Предпринимательство в Республике Казахстан. Алматы: – Экономика, 2000. – 102 б.
7. Елшібаев Р.Қ. Кәсіпкерлік қызметті ұйымдастыру. – Алматы, 2009.