Кезінде әйгілі Мұхтар Әуезов бір ой сабақтапты: «Қазақ театр өнері біздің заманымызда басталғанына біз қуаныштымыз. Бірақ сол қуанышпен бірге, біз ірі өнердің келешегі үшін жауапты екендігімізді де ұмытпауымыз керек».
Ұлы жазушының осы аманатына адалдық танытқан Тахауи Ахтанов ұлттық драматургияның жанрлық сипатының қанат жаюына аса пейілді болып, әлемдік сахна туындыларының заңдылығына жауап бере алатындай дүниелер жазды. Әрине, бұл ретте біз Т.Ахтановтың ұлттық драматургиямыздың негізін қалаушылардың көш басында тұрған осы Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов сынды алыптар шоғырының заңды жалғасы екенін үнемі ескеріп отырамыз.
Ақиқат анықтамаға жүгінсек, Т.Ахтанов қаламынан туған дүниелердің барлығына да биіктік пен тереңдік тән екенін айтар едік. Ол өмір-өнерге әкелген жүздеген кейіпкерлер, алуан бейнелер бұл күнде ұлтымыздың асыл қазынасына айналды. Т.Ахтанов есімі бүгінгі ұрпақ үшін әдебиеттегі шыншылдық пен әділдіктің синонимі іспеттес.
Әу баста Мұхтар Әуезов: «Сен шынайы қызығарлық соныға түскенсің. Соған мейлінше құдіретің де жетеді. Ілгері тереңдеп, ірілеп, таныта түс, тарта бер», — десе, бұл лебізді беріде Әбіш Кекілбаев:«Т.Ахтанов — жиырмасыншы ғасыр әдебиетінің кезеңдік биігі», — деп қоюландыра түсуі жазушы болмысын нақты айқындап береді.
Ал Әуезов пен Кекілбаев сөздерінің арасында отыз жылдан астам ұзақ жылдар жатыр. Бірі — кеңестік, ал бірі тәуелсіздік алған шақта, яғни екі кезеңде жасалған қос тұжырым да, есімі үлкен әріппен жазылатын Суреткерге берілген ең жоғары кәсіби баға.
Тахауи Ахтановтың драматургиядағы алғашқы қадамы өткен ғасырдың алпысыншы жылдарымен тұспа-тұс келді.
Бұл кезең — сталиндік тоталитаризмнің солақай саясатының қатаң сынға алынып жатқан жылдары болатын-ды. Сонда да болса, сол кезде де, кейін де кеңестік өнер саласы кеңестік уақыттың идеологиясымен һәм саясатымен тығыз қарым-қатынасын еш үзген жоқ. Өйткені өз уысынан еш нәрсені шығармау, әр нәрсені «цензуралық» көзбен жіті бақылау идеологияның басты ұстанымы еді.
Алайда қайсар қаламгер Т.Ахтанов өз шығармаларында сол кеңестік идеология айтқызбаған дүниелерді астарлап жеткізді. Оның драмаларында ұлттық құндылықтар мен елдік рухқа қатысты толғамдар ерекше көрініс тапты. Алайда қазіргі уақытқа дейін өнертану саласында Т.Ахтанов драматургиясы ғылыми тұрғыда арнайы зерттелмегені де рас.
Тахауи Ахтанов — шебер драматург.
1962 жылы «Сәуле», 1966 жылы «Боран» пьесалары Қазақтың М.Әуезов атындағы академиялық драма театры репертуарынан орын алса, 1964 жылы Семей облыстық драма театрында «Арыстанның сыбағасы» пьесасы қойылды.
Жетпісінші жылдары қатарынан бес пьеса дүниеге келді. «Күтпеген кездесу» (1970) мен «Ант» (1973), М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында, «Махаббат мұңы» (1974) мен «Күшік күйеу» (1976) Алматы жасөспірімдер театрында, «Әке мен бала» (1975) Талдықорған облыстық драма театрында, кейін Қазақтың Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық жастар мен жасөспірімдер театрында қойылды.
Т.Ахтановтың драматург ретіндегі қарым-қабілеті мен суреткерлік эстетикасын айрықша танытқан сахналық шығармалары ұлттық театрымызды көркемдік пен әлеуметшілдіктің жаңа биіктеріне жеткізді.
Бұл ретте «Ант» атты трагедиясының алатын орны ерекше. Ол ұлттық тарихымыздың әлеуметтік мән-маңызын тереңдей зерделеудің өнегесін көрсетіп берді.
«Ант» драмалық дастаны — Т.Ахтановтың кәсіби драматург ретіндегі ең шоқтығы биік сахналық шығармасы.
«Ант» үш бөлімнен тұрады. Ақ өлеңмен жазылған бұл шығарма елдік пен бірлік тақырыбын ту етіп, қазақ халқының ат үстінен түспеген екі жүз жылдық тарихының ең бір шеменді де шешуші кезендерін қамтиды.
Атап айтқанда, бірінші бөлім, негізінен, қазақ тарихына қасіретпен жазылған «Ақтабан шұбырынды» кезеңіне арналады. Екіншісі — ойраттарды ойсырата жеңген Аңырақай шайқасы. Үшіншісі бөлім Қазақ елінің Ресейге «өз еркімен» қосылу хикаясын қамтиды. Әр бөлімнің келесі бөліммен жалғасатын тараушалары бар.
Пьеса кеңестік идеология кезінде қойылғанда ұсынушылар Әбілқайыр ханды алға шығарып, «Ресейге өз еркіммен қосыламын» деген әрекетін қойылымның ең басты арқауы етіп, оны идеал қаһарманға айналдырып жіберетін. Ал еліміз тәуелсіздігін алып, дербес мемлекет ретінде тарихи ақтаңдақтарды ашқан кезде, пьеса идеясы бұрын айтқыздырмаған, жаңа қырынан ашылды. Бұл Ресей империясына өз еркімен қосылудан гөрі, елдің тұтастығы мен бірлігін ойлаудан туған ұлы мұраттар мен ұлттық мүддені баяндау еді.
Аңырақайда болған ұлы жеңісінен соң Әбілқайыр хан аузынан, жиылған жұртшылыққа мынадай үлкен мәнді сөздер айтылады.
Асқар белім Бөкенбай,
Айналайын, Саураным,
Екі бірдей беренім,
Әттең, шіркін, екеуің,
Ертерек тізе қосқанда,
Ақтабан боп шұбырған,
Алқакөлде сұлаған,
Қаралы күнді кешегі
Шыққыр көзім көрер ме ед?!
Тарихи дастанның өзекті идеясы ел, жер тұтастығын көздейді. Оны жүзеге асырушы Сауран сұлтан — пьесаның бас кейіпкері.
Сахнаға Әбілқайыр ханның өзінен де жиі шығатын Сауран — шығарманың бірлікшіл идеясын бәрінен де берік, дәйекті ұстанатын бөлек жаратылған тұлға. «Азғана елді қырқыстырып, арасынан жем іздейтін» құзғындарды иттің етінен жек көреді. Сауран образы — автордың үлкен жетістігінен туған типтік бейне. Ол атамекен мүддесін бәрінен де жоғары қоюды көксейді. Тартыс дүрбелеңі оның өз кеудесінен от алып дүрілдеп, күллі шығармаға өртке тиген дауылдай екпін бітіреді.
Сауран ел бірлігін сақтау жолында тіпті сүйген қызын басқа біреуге қияды. Әбілқайырды хан ету үшін Әлім тайпасымен сүйек шатысты болу қажеттігі туады да, ол ғашығы Бәтиманы Әбілқайырға әйелдікке беруге келіседі. Осының бәрін өз қолымен атқаратын Сауран — ердің ері. Ел тәуелсіздігінің табанды күрескері һәм құрбаны.
Пьесада Сауран бейнесін де, өз бейнесін де асқақтатып тұрған және бір кесекті бейне бар. Ол — Бәтима (Бопай) образы. Дала қыздарының ақыл мен парасат, сұлулық пен адалдық, тектілік пен даналық, адамгершілік асыл қасиеттерін бойына жинақтаған Бәтима — типтік образ. Бәтима басына түскен бар қиыншылыққа төтеп береді.
«Ант» тарихи дастаны — Тахауи Ахтановтың ғана емес, бүкіл қазақ драматургиясының жетістігі. Үлкен роман-эпопеяға лайық тақырыпты еркін игерген драма. Жоңғармен шайқас, Ресейге қосылу секілді қиындығы мол тарихи тақырыптардың басын қосып, бір пьеса аумағында, сахналық кеңістікке сәйкестендіріп, философиялық биік деңгейде талдау, әрбір бейненің ішкі психологиялық иірімдерін анық ашу, кейіпкерлерінің лирикалық сезімдерін, жүрек лүпілін қанықты беру, ең бастысы, оқиғалардың эпикалық ұлы рухын жеткізе білу — бұл пьесаның үздік ерекшеліктері.
Алпысыншы жылдары Т.Ахтановтың кесекті драмалық дүниелері — «Сәуле» мен «Боран» пьесалары театрларда үлкен табыспен қойылды. Бұл қос пьеса замана дертіне дөп диагноз қойған, өз уақытынан озған шығармалар қатарына жатады деп бағалануы тиіс.
«Сәуле» жоғары бағаланғаны мәлім. Сонымен қатар талғампаз таланттың суреткерлік өнері, әсіресе, «Боран» драмасында айрықша реңк алды. Сәл шегініс жасасақ, бұл туынды алғаш рет «Дала сыры» атты повесть (1963) күйінде-ақ даңққа бөленді. 1965 жылы орыстың кеңес кезіндегі озат ойлы, ең беделді, ерек талғамды «Новый мир» журналында, бұрын-соңды еш қазақ туындысы жарық көрмеген басылымда шығуының өзі қандай абырой. Кейін повесть өңделіп, толықтырылып, романға айналды. Бірсыпыра одақтас республикалардың тіліне аударылды, неміс, түрік, парсы тілдеріне тәржімаланды. Автор 1966 жылы Абай атындағы Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Кейін бұл шығарма «Боран» драмасы болып, М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрында сахналанды, көрермен ықыласына бөленді.
Т.Ахтановтың тағы бір өміршең дүниесі — басында повесть болып туып, кейін сахналық шығарма айналған «Махаббат мұңы» драмасы. «Махаббат мұңы», атауынан көрініп тұрғандай, мәңгілік тақырыпқа бойлайды. Бойлай отырып, махаббаттың мұң шағуының бірқатар қырларына зер салады.
Еркіндікке құштар Ахтановтың азаматтық екпін мен принциптерге толы сахналық шығармаларды жазуы да заңды еді. Адамдар санасының әлеуметтік және қоғамдық бейнесін аяусыз сынай отырып, драматург өзекті шығармасы — «Арыстанның сыбағасы» трагикомедиясын жазады.
Тарихи дастаны «Ант» болсын, психологиялық бағыттағы «Әке мен бала», «Махаббат мұңы», эпикалық бағыттағы «Боран» немесе «Күшік күйеу» комедиясы секілді пьесаларының қай-қайысысы да формасы мен мазмұны жағынан болсын, қазақ драматургиясына жаңалық әкелген шоқтығы биік дүниелер.
Т.Ахтанов драматургиясы режиссер болмысының қойылымды дайындау процесі кезіндегі атқаратын функциясын айқындаумен бірге, ерекше эстетикалық идеялармен қаруланған, эпикалық драмаларды дүниеге әкелді.
Тахауи Ахтанов қаламынан туған бітімі бөлек, кез келген режиссердің оң жамбасына келе бермейтін драмалық шығармалар аз емес. «Ант», «Ана дауысы», «Боран» тәрізді жұмбақ мінезді, қатпары қалың драмалардың сахналық тағдыры туралы пайымдасақ, олардың қай-қайсысы болмасын, өз биігіне болашақта басқаша тұрғыда шығуы, режиссерлердің қолында.