Шынымен ойландыратын сұрақ. Адам болған соң біздің де басымызда осындай жағдайлар болып тұрады. Кейде менің де өз өзіме көңілім толмайды. Бұрынғы Ербол қайда кетті деп?
Бұрындары білекті сырып қойып, күндіз түні жұмыс істей беретін едім. Қазір мойынға жалқаулық отырып алғандай күйдемін. Бірақ барлығы уақытша екенін ескерте кетейін. Әр адамның тағдыры өз қолында. Сабыр қылып, алға жылжи беру қажет. Ертең-ақ өмірге деген құлшынысыңыз артып, барлығы жақсы болып кетеді. Жақсы кездегі өміріңіз бен қазіргі өмірді салыстыру үшін осындай қиындықтар болып тұрғаны жақсы.
Барлығы салыстырмалы...
Мүмкін ойды бөлу үшін, ұялы телефонды шұқылай бермей компьютерге ойын басып алып арасында ойды бөліп ойнап тұрған да дұрыс шығар деймін. Қазір үйге PlayStation алсам ба деген арам ойым бар. :)
p.s. Жалпы Сая Бакимованың парақшасына жазылып психологиялық кеңестерімен танысуға кеңес беремін:
https://www.instagram.com/bakimovasaya/
Ер адам жанының қиналысын, ашуын, кегін мойындау керек. Айта білуі керек. Әйтпесе ол ашу қайда бағытталады?
Біреулер оны өмір бойы бас көтерткізбейтін, мысын басып тұратын ауырлық, депрессия ретінде сезеді.
Біреулерде неше түрлі ауру ретінде көрінеді.
Біреулер ішкі параноидты ойларын сыртқа проекциялап үнемі - мыналар өзіміздікі, мыналар жау, анау жеңілген жақ,біз жеңген жақ деп бөліске салып жүреді.
Сонымен бірге көбі ашуын әйел мен баланы ұруға, басқа ер адаммен бәсекеге жұмсайды.
Практикамнан түйген ойым: ер адамдарға психология көбірек керек. Бүкіл әлемде 2-ші дүниежүзілік соғыстан соң әйелдер еркіндік талап етіп, соның арқасында эмоциялық та еркіндік алып, проблемасын айта алатындай жағдайға жетті. Ал ер адамдар әлі қоғам жынысына қарап таңып берген рөлінен шыға алмай жүр. «Еркектің міндеті - отбасының қорғаны болу, оны асырау» дегенді миға әбден бәріміз құйып алдық. Жақсы. Бірақ тұлға ретінде ер адамның одан да басқа қырлары көп. Біз үшін ер адам көп ойланбау керек сияқты, проблема бар деп қиналмау керек сияқты. Олай десе ауру деп қарап, оны есептен сызып тастағымыз келіп тұрады. Көбі ер адамды «әйелі, баласы, үйі, машинасы» болуы керек бір жүрген «жұмысшы» деп көреді. ⠀
Барлық адамға, оның ішінде ер адамға да өміріне, психикасына орасан зор әсер ететін алғашқы адам - Ана. Анасымен байланыстың көп тұсы бейсанада сақталғанымен, ер адамға сол байланыс өмір бойы әсер ететін болады.
Конфликттен қашу, әйелінің бар айтқанын істесем бақытты болам деу - анамен шешілмеген конфликттердің проекциялары болуы мүмкін.
Тағы бір әсер ететін жері - біреуге қамқор болу, жылылық таныту деген өзінің мінезіндегі «әйелдерски» қасиеттерден қатты қорқу. Соның кесірінен әдейі дөрекі, қатты болып көрінуге тырысады.
Үшіншіден, көбіне еркек былай істейді, әйел солай істейді деп айтқанмен іштей өзін жыныстық идентификациялау қиын нәрсе. Сол себепті өзіне тыйым салған нәрселерін басқа адамдарда көрсе, көзсіз ашуға беріледі. «Гейлерді өлтіру керек, найнти уан өлең айтпасын» деп бәрінен қатты айқайлайтын адамдарды мысалға келтіруге болады.
Төртіншіден, алғашқы жақсы көрген объекті - Анадан көрген әйелдік қасиетті тым қатты жоғары санағандықтан, көп ер адам үшін - отбасы тек төсек қатынасымен шектеледі, немесе оған тым қатты көңіл бөледі. Қалыпты жағдайда ол қарым-қатынастың бөлігі. Ал басқа сезім атаулы дефицит болғанда тым болмаса жыныстық қатынас арқылы символдық түрде жатырға қайта оралып, тыныштық табуға тырысады.
Өзіне өтірік.
Ер адамға ең қиыны - өзін бақытсызбын деп мойындау. Қанша жетістікке жетсе де, «иә, мен осы кезге дейін көп нәрсені дұрыс бағаламаппын, енді өзгертем» деп айтуға көп күш керек.
Қорқыныш.
Барлық адамның өміріне ішкі қорқыныш әсер етеді. Бірақ ер адамдар сол қорқынышты елемеуге барынша тырысады.
Көп қорқыныш бар - бәсекелестік кесірінен басқа еркектерден қорқу, әйелдерден қорқу (себебі өз анасымен қарым-қатынас оған әлі түсініксіз), әлемнен қорқу (себебі өмір ертең алдыңнан не шығарары белгісіз соғыс алаңы сияқты).
Үнемі «нағыз еркекпін бе, менің нағыз еркек екенімді бәрі көрді ме» деген ойдан шаршайды. Осыдан да істегенін көөп нәрсе қылып көрсетуге тырысу, басқаларды қорқытуға тырысу, маңызды шешімді қабылдағысы келмей ығыстыра беру деген сияқты белгілер пайда болады.
Шынайы эмоция
Барлық ер адамның есінде өзін көрсеткісі келіп, бірнәрсе істеген, бірақ кейін күлкіге қалған кезі мықтап сақталған. Әлсіз болу жанын ауыртатын сезім, енді ешкімге ештеме білдірмеймін деген шешім шығарады. Бірақ күндердің бір күнінде бұлай өмір сүру ыңғайсыз бола бастауы мүмкін. Себебі, «мен өзімді-өзім алдап жүрмін!»
Травма
Ұл бала белгілі бір уақыттан соң анасынан психологиялық түрде бөлініп, үлкен өмірге аттанады. Бұрындары баланы өзіне атаған атқа отырғызып, «енді сен жігітсің» деп, бір белестен екінші белеске өткізген. Яғни инициация жасаған.
Интернеттен оқып көрсеңіз, әр ел ұл балаларды әртүрлі жолмен «ересек» өмірге дайындаған. Ол нәрсе балаға ауыр, сол ауырлығының арқасында ішкі өзгерістерге алып келетін жол болған. (Жанға батпайтын нәрсе өзгеріске әкелмейді) Әдебиетте ер жеткен баланы алыс жолға жұмсап, «сәлем беріп қайт, батасын ал деген» эпизодтарды бекер кездестірмейміз. Оған атасы, әкесі, ауылдың ер адамдары жақсы сөздерін айтып, үйрететін жерлерін үйретіп отырған. Бізде қазір сол дәстүрлердің мазмұны кетіп, сыртқы бояуы қалды.
Әлемде онсыз да зұлымдық жетеді. Ер адамдар ашуын танып, өзіне психологиялық көмек берсе, көп нәрсені өзгерте алады.
Бала кезде қиналу ұят емес! Бала кезде ешкім өзіне көмектесе алмайды, физикалық әлсіздіктің әсерінен бәріміз бейсана деңгейінде боламыз. Бірақ есейген кезде сана арқылы көп нәрсені түсініп, өңдеуге шамамыз келеді. Жылдар бойы жиналған ашу осылайша ішкі энергияға айналады.
Мен мәлімет алған "Мужские псиxические травмы и иx исцеление" деген кітапта мынадай 7 қадам көрсетілген.
1. Әулеттегі ер адамдарды тануға, түсінуге тырысыңыз.
2. Біреумен құпияңызды бөлісіңіз.
3. Ұстаз іздеңіз, өзіңіз де біреуге үйретіңіз.
4. Басқа ер адамдарды жақсы көріңіз.
5. Өзіңізді түсініңіз.
6. Жаныңыз қалайтын нәрсені іздеңіз.
7. Революциядан қорықпаңыз.
Кітапты Юнгтің псиxоаналитикалық бағытын ұстанатын Джеймс Холлис деген автор жазған. Ішінде символ, образ көп. Автордың тілін тура мағынада қабылдамаңыз. Ретроградный сатурн деп басқа жаққа кетіп қалуыңыз мүмкін)
P.S. Псиxологқа бару әлсіздік емес, қайта білмеген нәрсені зерттеуге деген батылдығыңыз.